БАРЫМТА жалғасып жатыр

«Елтұтқа» деп аталған, қалыңдығы кірпіштей кітап шыққан. 2001 жылы. Оны тараздық қарт журналшы Сағат Арынұлының «Аруақтарды алалаған зиянды кітап» («Азат» газеті) және «…Күлдір-күлдір кісінеткен Ақтамберді жырау найманнан ошақтыға қалай ауды?» («Жұма-таймс» газеті) деген сын мақалаларынан білдім (Сәкең былтыр қараша айында көз жұмды – топырағы торқа болсын!).

Бұл кітапта небір қитұрқы бар дегенді бұрын да естігенмін, бірақ мән бермегенмін. Сәкең сол қитұрқыларды тізіп атап, дәлелді наразылық айтқан екен. Кітапты жазғандар ескерер, ағаттықтарын мойындар деп ойладым. Жазғандар: Мырзатай Жолдасбеков, Ақселеу Сейдімбеков, Қойшығара Салғараұлы. «Көштің» жетекшісі Сәкең айтқан ошақты Мырзатай екені өзінен-өзі түсінікті. «Білімі бір басынан асып жүр» делінуші бұл үштіктің «тарихи жаңалықтарына» еріксіз таңқалдым. Орта жүз найманның Қаракерей руының сыбан тармағынан шыққан, аты аңызға айналған батыр, қолбасы, дипломат, қазақтың көне жыраулар мектебінің көрнекті өкілі Ақтамберді Сарыұлының әйгілі ақын-жырау Дулат Бабатайұлының «Ер Еспембет» дастанында сипатталғанын, Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Бейсенбай Кенжебаев, Ханғали Сүйіншәлиев, Мұхтар Мағауин, Өтеген Күмісбаев сынды үлкен-кіші білімдарлардың еңбектерінде дерек тілімен айтылғанын мынау үштік білмеді емес, бірақ «білмеген» бола салу оп-оңай ғой.

Шыңғыс ханның да, ақын қытай Ли Байдың да руын дулат деп «дәлелдеп» жүрген ағайындар «Ақтамберді – үйсіннің ошақтысы» дегенді әлі де оқтын-оқтын қайталап қояды. «Ошақты етпей, қоймайық!» деп серттескен сияқты. «Бәрінбілгіш» Мырзатай бастап ашқан «жаңалық», сірә, кезінде президенттің жарлығы шықпай, заңдастырылмай қалған сияқты.

Қолыма кешірек түскен дәу кітаптағы бетсіздікті «Елтұтқа» мен ерікті ауыз» атты мақаламда мінедім («Жас Қазақ», 2008 ж.). Авторлары үн қатар деп сендім. Иә, сенімім «ақталды»: М.Жолдасбеков «ұстаған жерде қолым қалсын, тістеген жерімде тісім қалсынның» өзі екен, «Ақтамберді өзінің аталасы, ошақты болғанын» шірене айтып, шылп етпей жаза берді.

Мырзатай мырзаның меңзеуінше, оның марқұм бабаларының бірі ағайын арасындағы әлдебір келіспеушіліктен соң, Семейдің Аягөз маңына ауып кетіп, сонда тұрақтап қалыпты («Қалқаман–Мамыр» хиссасының желісі дерсің!). Қазақтың содан бергі үш ғасыр шамасындағы ауызша тарихында, ауыз әдебиетінде жоқ дерек Мырзатайдың ми қатпарларының біреуінен табылса керек.

«Елтұтқадағы» шылғи өтірік аягөздіктерді – Ақтамбердінің бүгінгі ұрпақтарын ашынтыпты. Олардың бір тобы Алматыға келіп, газеттерге шағым-мақала ұсынған. Астана қаласына барып, Бұқаралық ақпарат және мәдениет министрлігіндегі, өкімет пен үкіметтегі тиісті шенеуніктерде болып, бабалары Ақтамбердінің аруағынан аттап кеткендерге шара қолдануды талап еткен, бірақ бізде орынды талаптың ескерілуі сирек емес пе, ешқандай оң өзгеріс естілмеді. Содан кейін мен де ақиқатты іздеп, «Жас Алаш», «Жас Қазақ», «Қазақстан» газеттеріне мақала жаздым (2008–2009 ж.). Наразылық көпшілікке жетсін, құзырлы орындағы шенеуніктердің бірі болмаса бірі селт етер: «Бұл қалай?!. Тарихты тәлкек етуге болмайды ғой?!» дер деп білдім. Жоқ, қазанның қақпағы мықтап жабылса керек, бу шықпады.

«Ақсақалды ауыл азбасқа» жүгініп, үйсін ағайындарымыздың бүгінгі жөн айтар екі ақсақалы ғой деп біліп, Сейдәлім Тәнекеев пен Шерхан Мұртаза ағаларыма «Қазақстан» газеті бетінде (2009 ж.) «Өтірік өшер емес» деп атап ашық хат жаздым. Содан бір үзінді:

«…Ақтамберді бабамыздың сүйегін «жаңалауды» көксеушілерге нендей дауа бар? Егер мен көне тарихты өздеріне иіп, қайта жазуға тыраштанып жүргендерге ілесіп, мысалы, Мырзатайдың тәсілімен: Сүйінбай ақынның әкесі Арон – пәленбайыншы ғасырда Жетісуға келіп орнығып, қазаққа сіңіп кеткен саяхатшы еврейдің тұқымы. Қазақта «Арон» деген ат оған дейін болмаған. «Арон» – еврейлерге тән есім! – деп, өзге де нешетүрлі «тарихи деректерді» ойымнан шығарып сапырып жазсам, не болады? Менің кім болғаным?!. Шынында, Арон жарықтықтың жамбасын ары-бері аудара бергіштер табылса (әлбетте, ондай көргенсіздіктен құдай сақтасын!), не бетімізді айтар едік?!. («Қазақстан» газеті, 2009 ж.).

Хатымды жолдағаннан кейін, арада екі ай өткенде, Сейдәлім ағаны кездестіріп, сәлем беріп, хал-ахуал білісу барысында Шерхан екеуіне арнаған хатымды алған-алмағанын сұрадым. «Иә, кейін естіп, өзімнің оқуым қиындап кетті, денсаулық болыңқырамай жүр, балама оқыттым, бірақ мен сол Мырзатай Жолдасбеков дегенді білмеймін, ал Шерханмен сөйлесейін, жауап жазатын шығар» деді. Ләм-мим болмады. Сахнаның мырзатайлар жапқан шымылдығы ашылмады. Мен: қытай мен монголдан дулат жасағыштар, егер Ақтамберді жақсы атақ-даңқы исі қазаққа тараған жырау, шешен, батыр болмай, үш жүзге белгілі жаманатты барымташы болса, Мырзатай Жолдасбеков оның аруағына өлердей жабыспас еді… Иә, солай… өтірік керек екен, деп мақала жазумен тындым.

«Табанды» Мырзатай Жолдасбеков, әрине, тынбай, елден естуімше, бір жолы 3-4 атқосшысымен Аягөзге жетіп барып, «Ақтамберді атасының сүйегін алып қайтуға, не болмаса қабірін жаңалап, құлпытас орнатып қайтуға» келгендерін сыздана айтыпты. Ызалары іште жатқан аягөздіктер: «Олай болса, сенің сүйегің де осында қалсын!» деп, дүр көтерілгенде, мырзекеңдер мәшіндеріне міне қашып, әрең құтылыпты.

Менің қолыма қалам алып, осы оқиғаларды айтуыма мына жәйт себеп болды: осыдан екі апта бұрын жобалы мақалама Ақтамберді жыраудың бір өлеңі керек болып, бүгінде көпшіліктің кітапханасына да айналған интернет шіркінге иек артып едім, қажетімді еселеп тауып бере қойды. Жыраудың өмірбаяны жеке берілген, өмірбаяны мен шығармашылығы қоса өрілген де материалдар жеткілікті екен. Есіме «елтұтқалықтар» түсе қалып, Ақаңның өмірбаяндары туралыларға үңіліп едім: тарихи шындық айтылғаны бірен-саран да, М.Жолдасбековтің: «Ақтамберді Сарыұлы үйсіннің ошақтысынан» деген мақау тұжырымынан алынғаны сөзсіз мәліметі нөпір. Авторлары белгісіз: 1-2 әріп, немесе 1-2 цифр жазулы. Демек, сонау барымта астыртын жалғасып жатыр.

Тарихыңды сыйламау – еліңді, халқыңды сыйламау. Ақиқатты адастыруды көксеу – арамтерлік. Интернет желілерімен, сайттармен байланысты ағайындар, әсіресе жастар, осыны ескергей!

Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн