Бақауовқа байланған ҮШ СХЕМА

Павлодар облысының әкімі Болат Бақауовтың кенет қамауға алынуында қандай қисын бар? Ол нақ қылмыскер ме, жоқ әлде нақақ қиянаттың құрбаны ма? Оны қамау кімге қажет болды? «КНБ» оның ұсталу себебін неге бірер тәуліктен кейін ғана хабарлады? Карим-ака Мәсімовтың «конторы» Бақауовты қамауға желеу болған жағдайды неге бүгежектеп, бүрістіріп атады?

Әлбетте, Бақауовта бес – бересі, алты – аласымыз жоқ. Біздікі – лауазымгерді қамауға алу лақабынан қисын іздеу ғана. Оның үстіне Болат мырзаны «сүттен – ақ, судан – таза» дей алмаймыз. Мәселен, жуықта павлодарлық «мини-президенттің» портреті әлдебір аукционда 32 млн теңгеге (~$85 мың) сатылуы да тегін емес: тұқиянын тінтер болсаң, бұны параны астыртын берудің бір амалы деуге болады. Кезінде Назарбаевтың сваров тасынан жасалған портреті оның 75 жасқа толу тойында $100 мыңға ғана сатылғанын ескерсек, Бақауовтың бағасы ой-ой-ой болғаны!
Иә, бүгінде билікте жүргендер былғануға «міндетті»: таза тұлға биліктің биігінде тұрақтап қала алмайды; олардың кез келгенін Назарбаев «қолынан жетектеп апарып, сотқа өткізе салады». 30 жылдық сірескен жүйенің назарбаевтық нұсқасы осындай: қожайынға жақсаң – барсың, жақпасаң – тарсың.

Дегенмен, облыстың жоянын жемқорлық желеуімен жауып тастау – баланың ойыны емес. Бұл – жоғарғы жақтан нұқып тұрып, санкция берілген қамау. Ал ондай ишараға ым қаққан – әлбетте, Назарбаев. Біздің пайымда президент Тоқаевтың бұған ешқандай қатысы жоқ. Тіпті дәл осы арада оның «КНБ»-ға қарсы келер қайласы да болмаған. 

Ендеше саяси истеблишменттегі соңғы бір аптаның схемасына қараңыз: жаңа президент сайланғаннан кейін, қалыптасқан тәртіп бойынша отставкаға кетуі тиіс болған үкіметтің премьер-министрі Маминді «бас кітапханашы» қабылдайды; бұдан соң Мамин Назарбаевтың «Самкасындағы» («Самұрық-Қазына») директорлар кеңесінің төрағалығынан кетеді; президенттің өкімімен Кеңес мүшелігіне Тоқаевтың кеңесшісі Қанат Бозымбаев кіреді; сол күні-ақ Бозымбаев «Самұрық-Қазына» қоры директорлар кеңесінің төрағасы болуы мүмкін деген инсайдерлік ақпарат тарайды (ҚазТАГ); ал арада бір күн өткенде Каримнің «конторы» Бақауовты қамайды.

Енді келесі схемаға үңіліңіз: 2013 жылдың желтоқсанында Бозымбаев Павлодар облысының әкімі болып тағайындалады; арада ай өтпей (2014), Бақауов Ақсу ауданының әкімдігінен Павлодар қаласы әкімінің креслосына ауысады; 2016 жылы Бозымбаев энергоминге министр болып кетеді; облыс әкімінің постына ол Бақауовты ұсынады; Назарбаев оны тағайындайды. 

Ал енді мынау схемаға зейін қойыңыз: Қазақстан экономикасындағы ақша мен негізгі активтердің иесі – назарбаевтық «Самка»; үкіметтің үлесі бар өндірістердің барлық акциясы – осы қордың қолында; қордың атқарушы органы – басқарманың төрағасы – Назарбаевтың туысқаны Ахметжан Есімов; басқарма – директорлар кеңесіне (ДК) бағынышты; ал оның төрағасы болып Бозымбаев тағайындалуы мүмкін; ондай жағдайда Есімов «Самканың» есеп-қисабын ДК-ның төрағасы Бозымбаевтың алдында беруге мәжбүр болады; мұндайда егер Тоқаев мүдделі болса, Қазақстанның активтері мен қаржысын судай сапырған «Самұрық-Қазына» ұлттық қорының былығы ашылып қалуы ықтимал; ал бұл былықтың авторлары – премьерліктің «пайдасын» екі мәрте – он жылға жуық татқан Карим-ака Масимов пен әрине, оның көке-қожайыны Назарбаев. 

Енді осы былықтың ашылуы бұл екеуіне керек пе? Әлбетте – жоқ!

Бұл екеуі үшін бел мен белбеудің бірі кетуі тиіс бұл ерегестің ерені – Қанат Бозымбаевтың премьер-министр болып кетуі. «Самұрық-Қазынаның» Жарғысы мен бұл компанияға қатысты мемлекеттік заңнамалар негізінде, бұл ұлттық қордың Директорлар кеңесін елдің премьер-министрі басқаруы керек. Егер ДК-дан Мамин кетсе, оның орнын Бозымбаев басуы мүмкін бе? Әлбетте!

Президент Тоқаев өз адамы – Бозымбаевты осы мақсатпен «Самкаға» сіңіруі мүмкін еді ғой! Тоқаевтың бұл есебін «жыланның артқы аяғын көріп жүрген», интриганы итше иіретін Назарбаевтың сезбеуі мүмкін емес. Содан елдің есесінен бұрын, өзінің есебіне ерен елбасы қамау-жамаумен қам жасауға кіріскен сыңайлы…

Ендеше не етпек керек? Бақауовты абақтыға жауып, оның тергеуге беретін (бергізеді) жауаптары арқылы Бозымбаевты былғау керек. Әрине, былғануға күні бұрын «міндетті» болған Қанат шырақ та тап-таза дей алмаймыз. Оның қызметтік қамыты тазалықты талап етпейді… Бақауовты тергеу кезінде «жаңадан ашылған жағдайлар» (вновь открывшиеся обстоятельства) пайда бола қалуы тағы мүмкін…

Қысқасы, Ақорда мен «Кітапхана» арасындағы алыстан атыстың арақашықтығы қысқарып, ол қоян-қолтық айқасқа ұласты. Енді кім епті – найзаласу шайқасын сол жеңеді. Бұл арада, сөз жоқ, қитұрқының ғаламдық ғаламаты Назарбаевқа Тоқаев теңдес бола алмайды: алыспақтың айдаһары бұған дейінгі 30 жылда ешкімге дес беріп көрмеген. 

Ал кімнің қолында құзірет – негізі, түбегейлі жеңіс соның үлесінде болуы тиіс еді. Әрине, барлық заңи құзірет – президент Тоқаевта. Бірақ ол өз құзіретін пайдалана ала ма, айдаһарды түйреп түсіруге әлі жете ме – ол енді Қасекеңнің қасқырлығына қатысты мәселе. Анығы – Боқаев пен Бозымбаевты қоя тұрғанда, ең алдымен және дәл қазір Қасекеңнің қасқыр болуы халыққа қажет-ақ болып тұр. 

Міне, біздің пайымның пошымы осындай. Бұл, әрине, біздің болжамның бағдары. Ал сіз не дейсіз – өз еркіңіз!

Ермұрат БАПИ

Айтпақшы

ТАЛАП КІМДІКІ?

  • Кеше Бас прокуратура Павлодар облысының экс-әкімі Болат Бақауовтың қамауға алынғанына қатысты пікір білдірді.

ҚР Бас прокурорының орынбасары Марат Ахметжанов экс-әкім Бақауовты қамау мен тергеу Конституция мен елдің заңнамасына сәйкес жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. Прокурор сотқа Бақауовты қамау туралы талап түсірген. Соның негізінде сот Павлодар облысының бұрынғы әкімін екі айға қамау туралы шешім қабылдаған.

Марат Ахметжановтың айтуынша, Бақауовтың ісі бақылауға алынған. «Толығырақ ақпаратты сіздерге тергеу органдары бере аладыу, – депті Ахметжанов мырза журналистерге.

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн