Босқа өткен бір күніңе өкпелеудің қажеті жоқ. Дұрысы – сол күнді текке өткізген өзіңе өкпеле. Бұл – менің күнде болмаса да, күнара, кейде апта аралатып, ай өткізіп, өзіме-өзім ескертіп отыратын сөзім.
Бір күндер болады: ешнәрсеге зауқың соқпайды, құлшынысың кемиді, сондайда сарысүйек соққан адамдай жамбастап жатасың да қоясың, телефон шұқылайсың, әлеуметтік желілерді шарлайсың. Таң атқан еді, енді қарасаң кеш батыпты. Әлемжеліге байланғанда, не оқыдың – есіңде жоқ, кімдермен сөйлестің немесе хат-хабар алыстың – маңызды емес. Сондайда мен құрылысшы жігіттерге қарап қызығамын.
Тәйірі, олар бір кірпіш болса да қалап, бой тіктеп келе жатқан үйдің қабырғасын бір белдеуге болса да көтеріп қайтты ғой үйлеріне. Ал сен шалқаңнан түсіп жатырсың… сонда жазу-сызудың адамы күнделікті не істеуі керек? Жазу үстеліне отыра алмаған жағдайдың өзінде оқуы керек. Оқуға ерінсең, жақсы кино көр, тіпті таза ауада серуендеп қайт.
Айтпаңыз, біз сияқты жалқау адамдар осының бірін де істемей, есіл күнді еріккеннің ермегіне береді. Бірақ ертеңінде ызаланып оқисың. Кешегі ұрланып өткен күннен есе қайырып оқисың. Сондай «ызамен» өткен аптаның соңында ғана Толстой пірәдардың «Мысли на каждый день» кітабын бас алмай оқып тастап едім, енді, міне, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті қоғамға – шыншыл сөз» кітабын оқуға кірісіп кетіппін (таңдаулы сөздерінің жинағы).
21 тақырыптан жинақталып жарық көрген кітап «Ұлт сапасы» деген тақырыппен басталып, Мемлекет басшысының «Өзі туралы» айтқандарымен аяқталады екен. Мен кітаптың соңынан басына қарай парақтадым. Өйткені маған Президенттің оқырманға өзі туралы айтқандары қызықты әрі тартымды көрінді.
«Әкем менің мамандық таңдауда үлкен қолдау көрсетті және менің қажетім мен сұраныстарыма әрқашан қамқорлықпен қарады. Ол менің қытайтану жолына шығуымды үлкен жігермен қабылдады», – деп жазады кітап авторы.
Президент кітаптарында ата-анасын, ынтымағы жарасқан отбасын үнемі еске алып отырады. Иә, «ұяда не көрсең – ұшқанда соны ілесің» және ата-ана тарапынан балаға берілген жақсы тәрбие оны еңбек пен ізгілік жолында жетелеп отырады.
«Мен кәсіби тарихшы емеспін. Сондықтан көптің алдында өткен дәуірлерге қатысты тақырыптарға бара бермеймін. Бірақ тарихқа қызығамын, кітаптар мен мақалалар оқимын».
Пәленбай тіл білетін, көп оқитыны әр сөзінен байқалып тұратын адамның ағынан ақтарылған шын сөзі бұл. «Мен бәрін білемін деген пенде түптеп келгенде ештеңе білмейді» депті жоғарыда мен атын атаған кітабында Толстой қария.
«…көптің алдында өткен дәуірлерге қатысты тақырыптарға бара бермеймін» деген сөзімен Президент арғы заман, тарихи қаһармандар туралы жазуға жүрексінетін қаламгерге жақындай түсетін сияқты. Мен, мысалы, жас Темужин батыр мен Жамуха ноян туралы өзімбілемдікке салынып, роман жазуға отырсам, бірдеңе жазған болар ма едім… Бірақ ол – «мен бара бермейтін» тақырып екенін ішім сезеді. Алайда «тарихқа қызығамын, кітаптар мен мақалалар оқимын». Президент те сөйтеді екен. Тарихқа қызығатын Мемлекет басшысы бұрын-соңды қолымыз жетпеген тың деректермен толыққан 7 томдық қазақ тарихының академиялық басылымының жарық көруіне пәрмен еткені бәрімізге белгілі.
Президент Адалдық пен Адал еңбекті, Әділдікті қазақ қоғамының бұлжымас қағидасына айналса екен деп тілейді.
Біз қазір ғаламдық жаһанданумен жалғасқан үлкен трансформацияны бастан кешіп отырмыз. Мұндай аласапыран кезде дәстүрлі отбасылық құндылықтарды сақтап, заманға икемделу оңай болмайтынға ұқсайды.
Көпшілік мәдениеті, діни ағымдардың уағыздары, жат идеялар, өмір сүрудің өзгеше салты қазақтың дүниетанымын лайлап, жанын жаныштап, ұлттың тұтас болмысын өзгертіп жіберуге ұмтылуда. Осындай кезде «Әр үйде отбасы құндылықтары орнығуы қажет. Ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру осындай қарапайым дүниеден басталады», – деп ескертеді кітап авторы.
Ал Адалдық пен Адал еңбекті, Әділдікті біз ширек ғасырдан бері ұмыт қалдырдық. Адалдық, Адал еңбек, Әділдік шибөрілер қаптаған мына сұрқай заманда қорғансыз әрі момын жандардың ғана өмір сүретін ареалы болып қалғанын несіне жасырамыз?.. Кітап авторы болса, «Ізгі құндылықтар – қоғамның иммунитеті» дейді де, «Әділеттілік – қоғамды өркениетке жетелейтін, оның бет-бейнесін айқындайтын басты құндылық» деп бір-ақ қайырады.
«Жемқорлық – мемлекеттің дамуын тежейтін кесел» болса, «Еңбек адамдары – еліміз бен мелекетіміздің тірегі». «Адал еңбекпен тапқан табыс қана берекелі болады», содан соң «Жеке адамның қасиеті тұтас ұлттың қасиетіне айналады» («Ұлт сапасы»).
Кәсіби дипломаттың тілінде ҚР Президентінің жазақұмар, соғысқұмар елдердің саясатына қарсы сөйлеп тастайтынын да біз осы күні әбден біліп қалдық.
«Россия 24» арнасына сұхбат беріп отырып, Сталин туралы сұрақ қойылғанда, ол: «Меня обвинили в том, что я являюсь поклонником этого персонажа. На самом деле я не являюсь его поклонником», – дейді. Сталин культін қайта тірілткісі келетін көршілеріміздің көңіліне жақпайтын-ақ сөз. Бірақ саясат тақырыбында салқын қанды Тоқаев міз бақпай отырып осыны айтады.
Қоғамды цифрландыру саласында Қазақстанның ілгерілеп кеткенін шетелдерде оқып жүрген студенттеріміз бен шетелдерге жиі шығып тұратын кәсіпкерлеріміз желпіне сөз қылады. Солайы солай сияқты. Оның үстіне сандық жүйе мен жасанды интеллект ел дамуының жетекшісі болатынына Президент Тоқаев та үлкен мән береді.
«Біз барлық салада цифрлы номадтар өркениетінің озық стандарттарына сай болуымыз керек», өйткені ол – «біздің өміріміздің шындығына айналды» («Цифрландыру және жасанды интеллект»).
Кітаптың алғысөзінде «Автордың әр сөзі – оның Мемлекетшіл болмысының айнасы. Ал тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні – оның қазақты озық ойлы ұлтқа айналдырып, Әділетті Қазақстанды құру арманы» деп жазылыпты.
Иә, дәл осылай жазылған: қазақты озық ойлы ұлтқа айналдыру арманы. Бұл кітаптың жалпы мазмұны да осы арманға жетудің жолдарын баян етеді.
Бұл кітапты оқу керек. Ал «кітап оқитын ел зиялы ұлтқа айналады».
Дәурен ҚУАТ