Алакөлден кеткің келмейді-ақ! Жыл сайын асығамыз! Қайтар кезде қимай, қобалжып жүресің. Келгенше, одан кейін жеткенше асығасың. Бұл жолы Астанадан шыққан туристік пойыз жеделдете жетіп келді! Таңқалдық! Үкімет өзгерді ме немене деп. Қарағанды, Балқаш, Ақтоғайға тоқтап, Көктұма, Ақши дегенше, айдынды Алакөл де көрінді.
Бір түн пойызда, ертесіне күндізгі 2‑де келдік. Шілденің соңы салқындайын деген бе, терлеп-тепшімей жақсы жеттік. Пойыз бағыты «Астана – Жалаңашкөл» аталады. Кейбіреулер: «Жалаңашкөл? Ол қай жер? Ал Алакөлге қалай барамыз?» – деп әлі күнге дейін сұрап жатады.
Жалаңашкөл – ол бір тарих. Айналасындағы көлдерімен бірге Алакөл көл жүйесін құрайды. Ерекше қорғалатын табиғи аумақ, ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік биосфералық резерваттар желісіне қосылған деп білеміз.
Алакөлдегі Ақши ауылынан 60 шақырымдай жерде біз секілді демалушыларды «қарсы алатын» шағын теміржол вокзалы бар. Дәл осы жерден елімізді көрші елмен байланыстыратын Ақтоғай–Достық–Үрімжі теміржолы өтеді. Тәулік бойы сартылдап арлы-берлі жүк вагондары өтіп жатады. Ұйықтай алмай жатып ойлайсың, осы туристік пойыз бағыты «Астана – Алакөл» деп аталса, жақсы жарасым тауып тұрғандай.
Негізі, алғашқы тікелей пойыз бағыты «Астана – Достық» деп аталды. Осы маусымдық туристік «Тальго» пойызы 2023 жылдың 15 маусымында жолға шықты. Біз осы алғашқы бағыттың алғашқы жолаушылары болғанымызға қуандық. Пойыздың сыртында «Туған елге саяхат» деген көрнекі жазу жазылған еді.
Бұл жолы «Тальгодан» түскенде байқағаным, ҚТЖ-ның Алматы бөлімшесі, Ақши стансасы вокзалы басында сәл өзгеріс бар екен. Былтыр біртүрлі жүдеулеу еді. Жай ғана сырлап, ағартып жөндеген секілді. Бір шетіне «Айдынды Алакөлге қош келдіңіздер!» деген көрнекі тақта ілініпті. «Айдынды Алакөл – Айбынды Алакөлге айналсын!» деп ырымдадық. Демалыс үйі жіберген көлікке отырып, лезде «Марсельге» жеттік.
Ақши аумағында демалыс үйлері көп. Пойыздан түскен демалушыларға арналған жарқыраған арнайы шағын автобустар күтіп тұрғай! Бір күні бұл арман да орындалар.
Ал «Марсель» демалыс үйі демалуға өте жақсы. Көлге жақын. Дәретхана үшін бөлмеге жүгіріп кіресіз. Іші-сырты, ауласы, тамағы да жақсы – барлығы да демалушылар үшін жасалған. Қасында «Мандаринка», «Комфорт», «Алакөл резорт» секілді басқа да демалыс үйлері орналасқан. Бірақ айналасында (суретте) «заңсыз» деп «баға» берілген жартылай қалқиған құрылыстар тұр. Көлдің де, демалыс үйлерінің де сәнін кетіреді, демалушыларға да ыңғайсыз. Экс-депутат Бақытжан Базарбек көл жағалауындағы бос тұрған осындай жерлерді санап шығып еді, «су қорғау аумағына құрылыс салуға болмайды» деген заң талаптары бұл жақта орындалмайтын секілді.
Демалыс үйіміз көлге жақын болғанымен (суретте), бір ойық аралыққа баспалдақ жасалмай тұр. Төменге қарай тасты топырақты тепкілеп, аяқтарың құмға сіңіп, көлге бір-ақ келіп түсесің. Айналасы бір 10–15 қатар баспалдақ жасаудан бұрын Астананың ЛРТ-сы қайта жылдам бітті.
Ал Алакөлдің ауасы, таңғы салқын тыныштығы бәрін ұмыттырады. Жұлдызды түнгі көрінісі бір тылсым. Аңыздардың шығуы да тегін емес. Тылсым күштің барын сезесің бәрібір! Ұйқың келмейді!.. Көл жағасына ертеңгілік және кешкілік уақыттарда барсаңыз да, судан шыққыңыз келмейді-ау! Жаныңыз жадырайды. Мөлдір суы сылдырап, толқындары асыға жарыса жағалауды соғады. Бала күндеріңіз еске түседі. Баспалдақсыз-ақ тас үстінде жүгіріп жүре бересіз! Бізді қойшы дейсің, тастан тайып құлап қалар деп балаларға алаңдайсың. Алакөлде кәдімгі торғай ше, суық торғай деуші ме еді, сол торғайларды көріп қуанасың. Астанада торғай көрмейтінім тіпті қызық. Қарлығаштар ертеңгілік шықылықтап кеп ән салады-ай! Қарлығаш көрмегелі қашан? Немерелер де көбелек қуып, көл бетінен құстардың түр-түрін көріп қызықтайды.
Алакөлдің аспаны толы жұлдыз! Шөміш пішінді Жеті қарақшы көрінеді, жетеуі де тұр ма деп бала кездегідей санап, тілек тілейсің. Бұрын ауылда үлкендер солай дейтін. Алакөлдің теңіз толқындарымен жарысқан желі қандай!
Шоқан Уәлиханов жазбаларында кездесетін Қара ебі, Ақ ебі деп аталатын желі Жоңғар Алатауы жағынан жететін дауылды, қатты жел. Ебінің желі соқпасын де, соқса Алакөлге көз қырын да салмай, отырғандарды буып-түйіп, бір-ақ ұшырып әкетер долы қара күші бар. Қара ебі жазда, Ақ ебі қыста соғады екен.
Теңіз дедім бе, теңізге теңейтін болдық! Демалыс үйінен, көл жағасынан «теңізге жиналып жатырмыз», «теңізге кеттік», «теңіздің суы бүгін жылы» деген сөздерді жиі естіп қуанасың. Халқы теңізге балап, бағалап, сағынып жететін Алакөлдің қадірін, шіркін, Үкімет пен әкімдіктер, туризм басшылары қашан түсінер екен!
Алакөлге келетін бүкіл демалушылар, журналистер жыл сайын кіжініп, осы мәселелерді ұзақ термелеп, «Фейсбукке» жазады. Селт етер ешкім жоқ!
Мен де қазір кәдімгідей кіжіне бастайын енді. Өткенде «Ақши ауылындағы барлық демалыс орындары мен бос жерлерді түгел түріктерге жалға бере салу керек. Сервистің қалай болатынын, дәмді тамақ дайындауды, туристің көңілін аулауды тек солар білетін сияқты» деп жазған журналист ініміздің айтқаны өте дұрыс. Жазып-жазып әбден қажыған соң, «өздерің жасамасаңдар, онда қолынан іс келетіндерге берейік» деген жанашырлық мақсат бұл. «Туризмді дамытамыз десек, Алакөл жағалауына арнайы экономикалық аймақ деген мәртебе беріп, салықтық жеңілдіктер ұсыну керек» дегені де дұрыс. Өйткені Алакөлге жыл сайын келеміз. Өзгеріс жоқ. Алдыңғы бір жылдары Семей жағын да көрдік.
Бұған дейін Президент «Алакөл айналасындағы танымал туристік аймақтың демалушыларды қабылдауға дайын еместігін» айтып, Үкіметтің есіне салған-ды. Мемлекет басшысы бұл аймақта қажет туристік инфрақұрылымның, сапалы қызмет пен қауіпсіздіктің жоқ екенін айтып, курорттарда шұғыл түрде тәртіп орнатуды және кінәлілерді жауапқа тартуды тапсырды.
Бір жыл өтті. Өзгерген не бар? Былтыр Алакөлдің қос жағында да тексеру жүргізіліп, әкімдік және бизнес өкілдерімен кездесулер өтті. Туристер көбейсе де, курорттық аймақта қызмет көрсету деңгейі қазіргі талаптарға сай келмейтіні де айтылды. Алакөл жағалауы қауіпсіз болуы қажет. Кейбір жағажайларда санитарлық тораптар, душ кабиналары, қоқыс жәшіктері, қалтқылар мен қоршаулар жоқ. Біз демалған жеке жағажайы бар жағалауда сондай жағдай. Су көліктеріне деген бақылауды көрген жоқпыз, құтқару мұнаралары, арнайы жазылған ақпараттық ескерту белгілер деген мүлде жоқ.
Былтыр сол кездегі премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшербаев барып қайтқан соң, өзгерген, жасалған бірдеңе бар ма, жоқ па? Бүкіл өңірлерді аралап жүрген жаңа орынбасар Нұрлыбек Нәлібаев Алакөлге әлі келе қойған жоқ. Келгенде не дейді?!.
Алакөл бойы әлі сол қалпы. Үкіметтің өзі де біліп отыр. Әкімдіктер сайтында: Жағажай аумағын санитарлық жабдықтармен күшейту, қоқыс жәшіктерін сатып алу, қалтқылар желісін ұзарту, шағын кемелерге арналған қауіпсіз аймақтарды белгілеу, киім ауыстыратын, душ қабылдайтын орындар, қосымша абаттандыру мүмкіндігін қарастыру, құтқару мұнаралары, суға қауіпсіз түсуге арналған баспалдақтардың санын арттыру, ақпараттық тақталар, жағажай аймағының сызба-карталарын орнату деген сияқты ұзын сонар орындалмас «мақсаттар» тізбесі жазылған.
Мысалы, осы жылғы 7 шілдеде Жетісу облысы әкімдігінің сайтында былай деп жазылған: «Ақши, Көктұма көл жағалауларының тазалық жұмыстарымен айналысатын «Алакөл Тазалық» коммуналдық кәсіпорны құрылған. Жағажайға 720 қоқыс контейнері қойылған. 44 киім ауыстыратын кабина, 24 модульдік дәретхана, 45 биодәретхана орнатылған» дейді!
Ал керек болса! Бұл сонда шынымен Жерде ме, әлде Марста ма? Осыны жазып отырған маман, шіркін, жағалауға барып, көріп келіп жазса ғой.
«Қайықтар мен паромдарға қатысты Алакөлдегі шағын жүзу құралдарының қозғалысын реттеу мақсатында су айдындарындағы қауіпсіздік қағидалары бекітілді. Жағалау аумағында тәулік бойы кезекшілік, 14 құтқарушы, 11 моторлы қайық, қоғамдық тәртіпті сақтау үшін 50 полиция қызметкері, 16 қызметтік автокөлік және 5 ұшқышсыз дрон тартылған», – дейді. Әрі қарай «жағалау бойында 40 құтқару мұнарасы орнатылып, 13 шақырымға буй сызықтары тартылған. 39 бейнебақылау камерасы жұмыс істейді және 7 пирс пайдалануға берілген. Күнделікті суда да, жағажайда да мамандар тарапынан тұрақты түрде рейд жүргізіледі» деп жазылған.
«Бұл керемет енді! Жасасын Алакөл!» – деп айғайлағың келеді!
«Жағалау аумағын бақылау, экологиялық мәдениеттің талаптарының сақталуы бейнебақылау жүйесі арқылы бақыланады. Бейнекамералар жергілікті полицияның Жедел басқару орталығының жүйесіне қосылған. Қоқыс тастайтын, көлік құралдарын рұқсат етілмеген орындарға қоятын және өзге де құқық бұзушылықтарға жол беретіндер бейнежазбалар арқылы анықталып, жауапкершілікке тартылады» деп жазылған. Шынымен де, қағаз жүзінде емес, өңімізде бәрі де осылай болса ғой!
«Жағалауды бекіту, жағалау жиегінің шайылуын болдырмауға бағытталған жоба басталды», – дейді. Бұл жоба біз айтқан ойық жерге керек-ақ.
Ал Туризм және спорт министрлігінің жазғанын қараңыз: «Алакөлде жаңа нысандар салынып, қауіпсіздік шаралары күшейтіліп, туристер саны артты, қоғамдық тәртіпті полиция қызметкерлері бақылайды, суда құтқарушылар тәулік бойы кезекшілік атқарады. Маусым басталғалы бері 150-ден астам профилактикалық рейд өткізілген» деген үйреншікті хабарламаларын ары қарай жазбай-ақ қояйын. Пай-пай дерсің! Тіпті «Семей және Жетісу өңірлеріндегі туристік инфрақұрылымды дамытуға 2026 жылы бөлінетін қаржының көлемі 30 млрд теңгені құрайды», – дейді.
Бірақ жылда келсек те, еш өзгеріс жоқ- ау! Кіжінбей қайтесің! Жағалауда қаптаған тапшандар – «жалға алыңыз» дейді. Бұлар кімдер? Тапшандарда жатқандар қайда дәретханаға барады? Жағалауда қызу сауда… қоқыс, шашылған бөтелке, қағаз дейсіз бе… ағылған қайық, скутерлер суға түсетін орын қалдырмай барады. Моншасы тағы бар! Айналаға қарап қоясың, не полиция өкілдері, не ТЖ өкілдері жүр ме екен деп… әлде жағалау «иелерінен» сескене ме екен? Тым құрығанда бір-екі полиция қызметкері арнайы орында жағалауға келіп отырса – тәртіп болар еді.
Иә, Алакөл жағалауының Бас жоспары болмағаны, жағалаудағы демалыс нысандарының стихиялы түрде бейберекет салынғаны бәрімізге де белгілі. Сондықтан балмұздақ, қытырлақ картоп, қауын-қарбыз, кәуап, сусын сататын дүңгіршектер жағалауға орналасып алды. Жағажай белгілі бір иелікте болса ғана тәртіп болады деген сөз.
Жағалауды тәртіпке келтірудің заңды түрде шешімі қажет. Тыйым салынбаса, ары қарай да Алакөлдің «құлпыруы» жалғаса бермек. Тіпті екі айлық демалыс маусымында Алакөлдің маңайындағы ауылдардан, өзге өңірлерден келетін «саудагерлер» көбейген. Жағалауда ұсақ сауда дегеніңіз қызып тұр. Суда жүзетін қайықтың түр-түрі, судағы батуттар зәреңді ұшырып, жан-жақтан атойлап шыға келеді. Жағалауды аралап жүріп, қуырылған балық, жүгері, құрт-ірімшік, қымыз, нешетүрлі тәтті сатушылар қаптап жүр.
Қайтарда Ақшидің шағын вокзалының ішіне кірсек, ол да сол қалпы екен. Екі айлық туристік мерзімге сай ештеңе жазылмаған, ілінбеген. Көңілсіз. Жүдеу. Сұп-суық темір орындықтар. Кіреберістегі «Қылмыскерлерді іздейміз» деп суреттерімен ілініп түрған тақтаға қарауға қорқасың.
Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев Үкіметтегі жиында: «Алакөлге Алматы, Астана бағыттары бойынша 8 бағыт ашылады», – деді. Ашылсын, ашылғанымен пойыздар да сол баяғы қалпы. Тағы да туалет, жуғыш жоқ! Бір бітпейтін ахуал. Пойыздардың «қожайындарының» тәртібі де қызық екен. Біз отырған № 254 пойызда жолаушылар ыстық шәй ішеміз деп, 5‑вагондағы ресторанға 15, кейбіреуі 20 вагон аралап жүріп барды. Вагон-ресторан пойыздың дәл ортасында тепе-теңдікте болуы керек екенін ескерсеңіздер!
Жуырда «Инстаграмнан» Үкіметтің бір отырысын көріп қалдым. Біреуі «адам көп пе?» деді, екіншісі «Алакөлге 2 миллион адам келеді деп отырмыз», – деді. Мәселе келетін адамның көптігінде емес, керісінше, дұрыс қарсы алып, өзге елдердегідей демалу жағдайын жасау керек деп ойлаймын. Емдік, туристік әлеуеті жоғары десек те, көлдің экологиялық маңыздылығын да ескерейік. Экожүйе барын біліп жүрейік. Көлді сақтау керек. Қоқыс, лас су көлге құйылмасын! Алакөлмен мақтанайық, суымен мақтанайық! Желімен, жаңбырымен мақтанайық!
Айтпақшы, 9 күн демалыстан соң, қайтар кезімізде жаңбыр жауды. Алакөлдің жаңбыры! Жылда сөйтеді, жаңбырын жаудырып қоштасады. Тылсымның сыры осы. Бәрін біліп, көріп жатады.
Біз де солай көл басына барып, суға түсіп жүріп, алғыс, рахметімізді айтып, қоштасамыз. Жағалауға жеткеніміз сол еді, бір кезде Ебінің желі кеп қалғандай болды. Көлдің ақкөбік толқындарын будалап, жанталасып әп-сәтте аласұрды. Ашулы толқындар! Бір-біріне дес бермей, буырқана жарыса, жабыла жағалауға жетіп, өкпесін айтып жатқандай. Еркін тыныс алғандай. Теңіз ашуланып, буырқанып, журналистер ғана емес, су да кіжініп жатыр!
Теңізге қарап, «Таза Қазақстан» да, тәртіп те, өрлеу-өркендеу де Алакөл жағалауына жетсе екен» деп ырымдап, тілек тіледік.
Фарида БЫҚАЙ, ардагер журналист