ЕРТЕК ТЫҢДАУ

От ішінде ботаң жанып жатса да,

 От ішінде Отан жанып жатса да,

 Ешкім келіп сөндірмейді өртіңді!

 (Ескі өлеңнен).

Отыз жыл оттағаның – «ғажап ертек»,

«Ертекші», қараң батсын!

Маза бер!!

Кет!!!

Жасаған, «ертекшіге» жаза бер тек!

…Қыс болса-ақ Қазақстан жылынады,

Бес-бестен сәби өртеп!

ҚАЗАҚ ӨРТЕП!

Үнінен бес сәбидің көк теңселіп,

Барады шыңдар шөжіп, кенттер шөгіп…

Жатқанда пеш түбінде «ертек» тыңдап,

Құдай-ау, қанша сәби кетті өртеніп?!.

Сол жалын теңізді «әрлеп», түзді «көркеп»,

Барады жүзді шарпып, ізді де өртеп.

Күллі ертек жақсылықпен аяқталад,

Тек қана олай емес – біздің «ертек»!..

Улейді аузымды ашсам зарық кәлам,

Өртейді тағы кімді табыт-қалаң?

Өзге жұрт алса азаттық – бейішке енед,

Мен неге қадам бассам – тамұқтанам?..

Лаулайды қара табыт жалыны ұшқан,

Ұшқыны мұз көздерге шағылысқан.

Шайтанның шаласынан от шашады,

Тығылған тақ-табытқа кәрі мыстан!

Көрермін кімді жақын, кімді дұшпан,

Мен неге құр қаламын күллі ырыстан?..

Көз салсам түнгі аспанға,

Қол созады

Сәбилер ӨРТ ІШІНДЕ шыңғырысқан!

Қол созар, ал оларға отаны жоқ,

Отаны кетті әркімнің тоқалы боп!

…Бөрі жүр Бозжырада, білемісің,

Боздаған Ай астында, бота-жүрек?.. 

Құзында Ай мөлиген тұл даладан,

Шығады сәби үні іңгәлаған.

Қарашы –

бес сәбиді көремісің,

Шынысын ӨРТТІ АСПАННЫҢ тырналаған!

Сол үннен бетін басып қашты керең,

Соқырдың кірпігінде жас түтеген!

Жылаған қазақ үнін естімеске,

Құлағын тоқал отыр – тас бітеген!

Әнеки, жұлдыз бықсып, кеш кіруде,

Шапшиды өрт! –

Үнін, қарғам, естідің бе?

…Ей, сәби-қазақстан, жатырмысың,

Тағы да «ертек» тыңдап пеш түбінде?..

\Светқали НҰРЖАН

Маңғыстау

ЖОҚТАУ!

Айналайын, ақ бөпем…

Ақ бөпем-ау, ақ көкем!

Кебініңе жылынып,

Қара жерде жат бөпем.

Әлди-әлди, сүйгенім…

Қызыл отқа күйгенім.

Тойып тамақ ішпедің…

Бүтін киім кимедің.

Кешір мені, кеш, күнім…

Не сұмдықты естідім!

Тар бөлмеге тығылып,

Күл боп кеткен бес гүлім.

Әлди-әлди, құлыным…

Лап етті ме бұрымың?!

Көк түтінге тұншығып,

Шыр-шыр еткен шыбыным.

Өлім неге оп-оңай,

Неткен қайғы, о тоба-ай?!

Жоқшылықтың отына,

Күйіп кеткен ботам-ай!

Кешіре алсаң, кеш, ботам,

Еге болмай есті Отан!

Бес күн жалған дүниеге

Сыймай кеткен бес ботам!

Әлди-әлди, ақ бөпем

Жер бесікке жат, бөпем!

Айнұр ТҰРСЫНБАЕВАb ӨРТЕНГЕН БЕС ӨРІМ: ОБАЛ-САУАБЫ КІМГЕ?

Ендігі елге белгілі болғандай, ақпанның 19-ында Жамбыл облысындағы Жаңатас кентіндегі бес қабатты тұрғын үйдің үшінші қабатындағы өртенген пәтердегі Әбдімәліковтер отбасының өрімдей бес баласы – екі ұл мен үш қызы: Әйгерім (2015 жылы туған), Әбілмансұр (2016 ж.), Нұрислам (2017 ж.), Айару (2019 ж.) және Айсана (2020 ж.) мерт болды. Облыстық төтенше жағдай қызметі өкілінің хабарлауынша, балалардың әкесі – жұмыста, ал анасы есікті сыртынан құлыптап, азық-түлік алуға кеткен кезде өрт шыққан. Анасы дүкеннен қайтып келгенде, үйінің өртеніп жатқанын көріп, есігін кілтпен ашып кірген. Көршілері болысып, пәтерден төрт баланы сыртқа көтеріп шығарған. Бесінші баланы дабыл бойынша жеткен өрт сөндіру қызметкерлері алып шыққан.

Әлеуметтік желінің қазақстандық сегментінде Жаңатас қаласында өрттен қаза болған бес бүлдіршіннің өліміне қатысты әртүрлі пікірлер айтылуда:

бірі – көп балалы отбасыларға қатысты мемлекеттік тұрғыда әлеуметтік-тұрмыстық бағдарлама қабылдамаған мейірімсіз билікті;

екіншілері – тұрмыстың тауқыметімен жүріп, отбасының қауіпсіздігін қамтамасыз ете алмаған ата-анасын;

үшінші топ – балалар құқығын қорғау жөніндегі омбудсмен Аружан Саинды жазғырады.

Тәуелсіз құқыққорғаушылармен хабарласып, аталмыш үш пікірдің қайсысын қолдайтынын немесе бұл қайғылы оқиғаға байланысты басқа тұжырым жасауға бола ма деген ойдың жетегімен сауалнама жүргіздік. Жауабын оқырман талқысына ұсынып отырмыз.

Маржан АСПАНДИЯРОВА, құқыққорғаушы: Наразылық ӨРТІНІҢ қаупі қатты

Жаңатастағы қасірет бүкіл еліміздің қабырғасын қайыстырды. Бұл жөнінде айту да, жазу да өте қиын. Бес сәби өртенген 16 шаршы метр пәтер ғана емес, бүкіл Қазақстан үлкен крематорийға айналғандай. Кедейшіліктен көз ашпаған мыңдаған отбасы уақытша баспана жалдап, бала-шағасын асырай алмай қиналуда. Халық биліктің бос уәдесінен, жалған сөзінен шаршады. Жан айқайын жеткізе алмай, көрген әділетсіздігінен қорланып отыр. Әр саладағы наразылық оты тұтанып, қас пен көздің арасында үлкен лапылдаған өртке айналуы мүмкін.

        Кез келген мемлекеттің ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары. Еліміздің «черновикке» айналған (кезінде тұңғыш ғарышкер Тоқтар Әубәкіров айтқандай) Конституциясында да осылай жазылған. Бірақ қазіргі сәтте мемлекет өз азаматының алдындағы міндетін орындамақ түгілі, керісінше, адам өміріне қауіп төндіріп тұр. Көп балалы отбасылар мемлекет тарапынан көмек емес, қорлық көріп отыр.

Қысқа құрақ көрпені жамылған адам оны жоғары тартса – аяғы тоңады, төменгі жағын жапса – кеудесі ашық қалады. Өкіметтен тамшылап бөлінген «жәрдемақылары» сол ескі көрпенің жыртығын жамағанмен бірдей. Бұл жағдайды түзеу үшін түбегейлі, ұғынықты, кешенді мемлекеттік бағдарлама қажет. Ең алдымен үкіметтегілер дүниеге ұрпақ әкелген ананы құрметтесін. «Бала таппас бұрын бізбен ақылдасып па?!» дейтін ақымақ ойдан арылсын. Оларды ашықтырып, ашындырып, көшеге шығуға мәжбүрлеген екен, енді тыңдай білсін. Бірінші кезекте – жұмыссыздықты азайту, сонымен қатар әрбір жас үйленгендерге баспаналы болуына жағдай жасау мәселесін шешсін. Мүмкіндіктер жеткілікті. Мысалы, баспана ипотека арқылы бірден беріліп, дүниеге бала келген сайын 25 % қысқартылуы, ал 4 балалы отбасының несиесі толық жабылуы керек. Бюджеттің ақшасын халыққа жеткізу жолындағы делдал-жемқор компаниялардан құтылсақ, миллиардтаған қаражат үнемделеді. Бұл бір ғана мысал. Әр азаматқа өзіне тиесілі 10 сотық жері берілсе, адамдар баспаналы болады, құрылыс саласы, өндіріс ошақтары дамиды. Айдалада қаңырап босқа тұрған спорт сарайлары мен ЭКСПО сияқты құрылыстардың орнына қарапайым жобамен ықшамаудандар салуға болады. Әуелі науқаншылықты қысқартып, тұрақты, заңмен бекітілген бағдарлама жасап, оны іске асыру қажет. Назарбаевтың және оның отбасы мүшелерінің ұрлаған байлықтары елге қайтарылса, көп жағдай шешіледі. Жер байлығынан өзіне тиесілі үлесін әр азамат талап етуге құқылы.

 Әрине, билік ауыспаса, ештеңе жүзеге аспайды. Ал билікті ауыстыру үшін, қоғамдағы әрбір азаматтың саяси белсенділігі, өзіне және өзгелерге жанашырлығы жоғары болуы тиіс. Жас сәбилердің өмірін қиған қасіреттің – өрттің техникалық себептерін ғана емес, оның әлеуметтік, құқықтық, мемлекеттік сипаттарын зерделейік. Қайталанып жатқан қайғылы оқиғалардың алдын алудың жолы, меніңше, осы.

Ринат РАФХАТ, қоғам белсендісі: ҚАЙҒЫЛЫ АНА – мұқтаждықтың құрбаны

Алдымен тілсіз жаудың салдарынан бес бүлдіршіннен бірдей айырылған отбасының қайғысына ортақтасып, қайғырып көңіл айтамын. Өте ауыр қаза болды. Жүрегім езілді.

Үлкені 6 жаста, кенжесі 7 айлық бес бала түтінге тұншығып көз жұмған деген суық хабарды естіген сәтте отыз жыл бойы саусақпен санарлық халқын (18 миллион) сергелдеңге салып, пәтерден-пәтерге сандалтып қойған саяси жүйе мен оның қабілетсіз үкіметіне лағынетімді айттым. Осыдан екі жыл бұрын қабырғамызды қайыстырған осыған ұқсас оқиға болған.

Ауыр қазаның да жай-жапсары осыған ұқсас. Балалар үйде өздері қалады. Осы тұрғыда кінәні анасына аударуға себеп іздеп кететіндер де бар. Астана іргесінде өрттен қаза болған бүлдіршіндердің ата-анасы қайғылы жағдай орын алғанда жұмыстарында болды. Әлеуметтік қысым болмаса, көп балалы аналарға жағдай дұрыс жасалса, кім баласын тастап, далаға қарай шабады?
Жаңатастағы жағдайда да әкесі жұмыста, анасы дүкенге шығып кеткенде,балалар үйде қалған деп, анасына қарай аударуға әустеніп жатқандарды көрдік. Күйбің тірлік емес пе? Омыраудағы баланы да тастап, мұқтаж аналар зырылдап барып, керек-жарағын алып келеді. Әлде көп балалы жас аналарға керек-жарағын әкеліп беретін сервистік орталық бар ма? Керек-жарағын әкеліп бермей-ақ қойсын, әлеуметтік қиыншылықтарды жеңілдетуге болады ғой.

Аналардың ашынған жан айқайларына «екі сиыр» алып бақ демей, ұрылардың көмейіне кетіп жатқан қыруар қаржыны әр балаға 40 000-нан берсе, мұқтаждық тумас еді. Аналар нан іздеп дүкенге кетпесе, бүлдіршіндер де аман болады ғой.
Жамбыл облысы әкімінің баспасөз хатшысы Олжас Сайлаубекұлы деген былай депті: «Өңірдегі мемлекеттік қызметкерлер бір күндік жалақысын жолдайтын болды. Ата-анасына демеушілер есебінен үш бөлмелі пәтер берілді. Сарысу ауданының кәсіпкерлері баспанаға қажет жиһаз бен техниканы алып берді. Түрлі мемлекеттік емес қорлар мен 3 млн. теңгеден астам қаржы жиналып, материалдық көмек көрсетілді». Сонда үш бөлмелі пәтерге қол жеткізу үшін, міндетті түрде сәбилермен қоштасу керек пе? Осындай «жанашырлықты» кейде ұқпай қалам.


Инга ИМАНБАЙ, журналист: ЖЕМҚОРЛАР жүйесі ЖАЗЫҚТЫ

Әрине, барлығына жүйе кінәлі. Яғни, мейірімсіз биліктің, халықтың несібесін 30 жылдан бері тонап келген опасыз биліктің ісінің нәтижесі. Егер Ақорда маңайындағылардың бәрінің, оның ішінде жеке Назарбаев әулетінің осы уақыт ішінде елден тонағанын қайтарып, ортаға салса, көп балалы әр отбасын қауіпсіз жеке үймен қамтудан өзге, олардың ата-анасының бала күтімі үшін жәрдемақысын да лайықты жасауға болар еді. Қазір көп балалы отбасындағы әр балаға 10 000 теңге шамасындағы жәрдемақы береді. Бұл сұмдық қой? Олардың өздерінің балалары бір айда он мың теңгеге өмір сүруі түгілі, бір данасы он мың теңге тұратын бәлішті де жемейді! Сондықтан тұрмыстың тауқіметінен қажыған қара халықты, өздері қайғы жұтып отырған сәбилердің ата-анасын жазғырудың қажеті жоқ.

Керісінше, енді мұндай жағдай қайталанбас үшін, қоғам болып, ұлт болып қамдануымыз керек. Яғни, бұл жемқор, опасыз жүйені өзгерту үшін, барлық күшімізді салуға тиіспіз. Мәселен, 28 ақпан күні Алматыда шеру өтеді, сағат түскі 12- де Балуан Шолақ атындағы Спорт сарайынан бастап, Республика алаңына дейін. Сол шерудің көтеретін тақырыптарының бірі осы: әр көп балалы отбасына лайықты баспана. Мен азамат ретінде, ана ретінде сол наразылыққа барамын, қатысамын. Солай өзіміз белсенділік танытпасақ, біздің болашағымыз бұлыңғыр.

«Бала бақыты индексі» деген әлемдік рейтинг бар. Яғни, халықаралық сарапшылар білім алу, дұрыс тамақтану, құқығының сақталуы бойынша мемлекеттердің балаға қатысты қарым-қатынасын сараптайды. Міне,сол рейтингтің 2020 жылғы есебі бойынша, Қазақстан ең соңғы орындардың бірінде. Яғни, біздің балаларымыз әлемдегі ең бақытсыз балалардың қатарында. Ұрпағымыз, болашағымыз бақытсыз болса, онда несіне өмір сүріп, өзімізді азаматпыз деп жүрміз? Сондықтан солардың болашағы үшін талап ету, үнсіздікті үзу – өз қолымызда. Қашанғы қол қусырып отырып, жазықсыз сәбилерді жоқтаумен өмір сүреміз?!

Сауалнаманы дайындаған –

Бақытгүл МӘКІМБАЙ,

«D»

ҚАСІРЕТ ХРОНОЛОГИЯСЫ: бұған дейін болған қайғылы оқиғалар

  • Биыл 18 ақпанда Қызылорда қаласындағы уақытша баспанадан өрт шығып, бесіктегі сәби мерт болды. Үйде тағы төрт бала болған, оларды анасы аман алып қалған.
  • Тараз қаласында 2020 жылғы 1 қазанда жер үйден өрт шығып, 2-3 жасар екі сәби қаза болған. Биліктің мәліметінше, балалардың әкесі – жұмыста, шешесі ауруханаға кеткен кезде үй өртенген.
  • Былтыр 5 наурызда Алматы облысы Есік қаласында жер үй өртеніп, үш бала мерт болды. Облыстық Төтенше жағдай департаменті өрт шыққан кезде балалардың ата-анасы үйде болмаған, олардың қасында болған қарт әжесі қатты зардап шегіп, ауруханаға түскен деп хабарлады.
  • 2020 жылғы 3 ақпанда Алматы қаласынан 50 шақырым жердегі Өстемір ауылында жер үйде шыққан өрттен екі бала қаза тапты. Әкесі қалаға жұмыс іздеуге, ал анасы ұлы мен қызын сыртынан жауып, дүкенге кеткен кезде өрт шыққан.
  • 2019 жылғы 4 ақпанға қараған түні астананың шетіндегі Көктал-1 елді мекеніндегі шағын үйден өрт шығып, бір отбасының кәмелетке толмаған бес қызы қазаға ұшырады. Осы оқиғадан кейін елде көп балалы аналардың, мүмкіндігі шектеулі баласы бар әйелдердің және баласын жалғыз өзі асырап отырған әйелдердің наразылығы күшейді. Олар әлі күнге дейін оқта-текте наразылық білдіреді. Бұл адамдар үкіметтен әлеуметтік көмекті күшейтуді, тұрғын-үй мәселесін шешуді талап етіп жүр.

Azattyq.org

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн