Жасампаз партияны БІРГЕ ҚҰРАЙЫҚ!

Қазақстанда құрылу үстіндегі Демократиялық партияның алғашқы съезі Алматы қаласында 22 ақпан күні сағат 11.00-де «Almaty Hall» (Абылай хан мен Жамбыл көшелерінің қиылысы) мейрамханасында өтетінін бұған дейін хабарладық. Қызығушылығы бар бірқатар азаматтардан саяси партияның бағыты мен бағдарламасы қандай болады, жаңадан ұйым құрудағы мақсат қандай деген сыңайлы сұрақтар естілуде. Осыған қатысты өз пікірімді білдіруді жөн көрдім.

Егер посткеңестік елдердегі, араб мемлекеттеріндегі революцияларға қарап отырсақ, бұл жағдайдың тектен-тек пайда болмағанын түсінуге болады. Мысалы, Украинада Қазақстандағыдай ешуақытта монолитті билік болған емес. Саяси, экономикалық биліктің тұтқалары бір ғана басшыда емес, бірнеше топтың қолында болды. Сәйкесінше, ол топтардың өзінің саяси партиялары, ақпарат құралдары мен билікке ықпал ете алатын күштері болды. Көрші Қырғызстанда да, Никол Пашинянді билікке әкелген Арменияда да солай. Яғни, Қазақстанда саяси өзгерістердің тез арада жүзеге аспауы – халықтың енжарлығынан, не болмаса қоғамның саяси белсенділігінің төмендігінен емес, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Назарбаевтың бар билікті өз қолына шоғырландырып, жалғыз билеп-төстеуші күшке айнала білуінде.

Қазір қарап отырсақ, елде бірде-бір мықты саяси күш жоқ. Соңғы оппозициялық партиялар 2012–2013 жылдары талқандалды. ЖСДП партиясында Тұяқбай кеткен соң бір өзгерістер бола ма деген үміт жылт етті де, лезде сөнді. Ол да өзінің үйреншікті орнына – биліктің «қорасына» барып тығылды. Бірді-екілі басылымдар болмаса, тәуелсіз ақпарат құралдары тағы қалған жоқ. Яғни, халықты біріктіретін, жұмылған жұдырық етіп, бүгінгі авторитарлы жүйеге қарсы бастайтын күш қалған жоқ. Біздің құрғалы отырған Демократиялық партияның мақсаты осы – елді, азаматтарды біріктіріп, саяси ұйым ретінде әділдікті талап ету, демократиялық реформаларды жүзеге асыру.

Партия, саяси ұйым құру – бірігудің, қоғам белсенділерін біріктірудің негізгі формасы. Саяси күрестің, қоғамдық қызметтің институционалды қалыптасуы деуге де болады. Митингілер, саяси іс-шаралар өткізудің де бастаушысы – партия болатыны анық. Санаулы адамның көшеге бытыраңқы шыққаны қалай, тұтас саяси партияның халықты ұйымдастырып, талап қойғаны қандай?

Сонымен бірге бұл жерде тағы бір маңызды мәселе бар. Айталық, Қазақстанда тектоникалық саяси өзгерістер басталды делік: революция тарихын, оның шығу себептерін зерттеген бірқатар Батыс ғалымдары бар; соның ішінде Кеңес Одағының ыдырауын 80-жылдары нақты тарихи, саяси, басқарушылық себептерге байланысты болжаған ғалымдардың еңбектері жазылған. Олардың айтуынша, революция жоспарлы түрде, алдын ала дайындалып, бір ұйымның я бір адамның ұйымдастыруымен жүзеге аспайды. Революция – жер сілкінісі сияқты процесс. Оны болжау, осы күні болады, мынадай күштер ұйымдастырады деп айту мүмкін емес. Революциялық процесс – біршама уақытқа созылатын және күтпеген жерден басталатын әрекет.

Ал ғайыптан тайып, сондай төңкеріс жағдайлар орын алғанда не болады? Мемлекеттілігімізден айырылып қалмаудың кепілі бар ма? Билікті кім ұстап қалады дегендей, уайымға толы мәселелер жоқ емес.

Мысалы, Украинаны алыңыз. Бірінші майдан тұсында да, «Евромайдан» кезінде де билікке келген дайын күштер: оппозициялық партиялар, тіпті парламент депутаттары болды. 2014 жылғы революция тұсында негізгі үш күш: «Батьковщина», «Удар», «Свобода» сияқты күштер болды. Олардың Радада депутаттары, ақпарат құралдары болды. Арменияда да солай. Никол Пашинян көшеде жүріп, жалғызілікті саясаткер болмады. Ол 2015 жылы «Гражданский договор» атты партияның құрылтайшыларының бірі болып, «Елк» атты блок арқылы 2017 жылы парламент депутаты атанды. Сол парламентте отырып, елде өзгерістер жасады. Яғни, билік далада қалған жоқ, дайын тұрған оппозициялық күштердің қолына өтті. Араб елдерінде жағдай сәл басқаша: оларда оппозициялық партиялар болмағанымен, әскерилердің рөлі қашан да күшті болды. Түптеп келгенде, «араб көктемінен» соң, билік әскери күштердің қолына өтті деуге болады.

Ал Қазақстанда шұғыл өзгерістер туа қалған жағдайда не болады? Не партиясы жоқ, не ауыз толтырып айтарлық қоғамдық қозғалысы жоқ, оның үстіне геосаяси қиын жағдайда орналасқан мемлекетіміздің тағдыры не болмақ? Міне, сол үшін де елімізде қалыптасқан, халық арасында беделі бар, абыройлы саяси партияның болуы ауадай қажет. Оның үстіне постназарбаевтық кезеңде бір ғана партия не саяси ұйым болмауы керек. Демократиялық қоғам орнатуға, саяси партиялардың көптеп шығып, плюрализмнің қалыптасуына, БАҚ-тың еркіндігін қамтамасыз етуге және әділетті, ашық парламенттік, президенттік сайлау өтуіне мүмкіндік болуы тиіс. Біздің мақсатымыз – қазіргі авторитарлы биліктің орнына тағы бір диктатураны алып келу емес, демократиялық жүйе қалыптастыру.

Ондай партияны құру процесі қазір қызу жүзеге асып жатыр. Біздің саяси бағдарламамызда мынадай мәселелер көзделген: парламенттің рөлін күшейтіп, президенттік билікті шектеу; елбасы, тұңғыш президент және қауіпсіздік кеңесінің төрағасы сияқты «соқырішек» лауазымдарға жол берген заңдарды жою; сайлау туралы, саяси партиялар туралы, бейбіт жиындар туралы, БАҚ туралы жаңа заңдар қабылдау; бүгінгі бір адамның мүддесін қорғайтын конституцияның орнына адам құқығы мен демократиялық құндылықтарды қорғайтын жаңа Конституция қабылдау. Сонымен бірге Демпартияның бастамашыл тобы саяси тұтқындарды босату мәселесін де күн тәртібіндегі негізгі проблема ретінде көтеруді көздеуде.

Саяси реформаларды атауымыздың себебі де бар. «Алдымен – экономика, сосын – саясат» деген Назарбаевтың тезисі жалған екенін өмірдің өзі, басқа дамыған елдердің мысалы көрсетті. Қайсыбір экономикасы дамыған, ауқатты елді алсақ та, оларда экономикалық даму демократиялық реформамен қатар жүзеге асты. Онсыз экономиканың дамымайтынын, өсімнің болмайтынын дәлелдеген мысалдар аз емес.

Бір ғана мысал келтірейік. АҚШ пен Мексиканы бөліп тұрған Ногалес қаласы бар. АҚШ-тың Ногалесі дамыған, жарқыраған ғимараттары бар заманауи қала. Мексиканың Ногалесі бұдан көп артта қалып қойған. Қарасаңыз, екеуі бір қала. Бірақ екі саяси жүйеде орналасқан: бірі демократиялық АҚШ-та, екіншісі – көп жылдар бойы диктатурада болған Мексикада.

Елдердің мысалына келсек, Оңтүстік Корея мен Солтүстік Кореяны алыңыз. Бір ұлт, екі саяси жүйе. Қайсысы алда, қайсысы артта қалғанын жұрттың бәрі жақсы біледі. Оның себебі географияда, менталитетте немесе басқада емес, қалыптасқан саяси жүйеде. Сондықтан демократиялы Қазақстан орнаған тұста экономикалық даму басталатыны анық.

Қазір Демократиялық партияны құрушылар тобы алғашқы съезд өткізу жұмысына белсенді кірісті. «Саяси партиялар туралы» заң бойынша, бұл жиынға ең кемінде 1 мың адам жиналуы тиіс. Осы себепті қазір съезге қатысамын деген азаматтардың тізімін дайындап, бастамашыл топтың қатарын одан әрі толықтырып жатырмыз. Алғашқы съезге қатысамын деген азаматтардың 15 ақпанға дейін тіркелуіне мүмкіндігі бар. Алдын ала тіркейтін себебіміз екі мәселеге байланысты. Біріншіден, заңның талабы. Алғашқы съезге тек қана бастамашыл топ өкілдері қатыса алады. Ал ол үшін тіркеліп, бастамашыл топқа қосылу керек.

Екіншіден, билік түрлі арандатулар ұйымдастырмас үшін, азаматтар съезге алдын ала тіркелген тізім бойынша ғана қатыса алады. Сондықтан біздің қатарымызға қосылып, партияны бірге құруға шақырамыз! Егер Алматы қаласында болсаңыз, 8-ықшамаудан, 4а үй, 405-кабинетке келуге болады. Барлық сұрақтар, соның ішінде басқа қалаларда тіркелу мәселесі бойынша мына телефонға хабарласуға болады: +7 747 644 2979.

Демократиялық партияны ұйымдастыру

комитетінің атынан –

Жанболат МАМАЙ

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн