Жасындай жарқыраған «ЛЕНИНШІЛ ЖАС» ЕДІ

Бұрынғы «Лениншіл жас» – қазіргі «Жас Алаш» газетінің шыға бастағанына 100 жыл толғалы отыр. Ал мен осы газетпен 60 жылдан бері ыстық қарым-қатынаста, яғни үзбей жазылып оқудамын, ішін-ара өзім де мақала жазып тұрамын. Аты жастарды атаса да, заты әр жастардағы оқырманға арналған. Әсіресе өткен ғасырдың 60–90-жылдары оқырмандардың рухани жансерігі болды деп айтуға болады.

Әлі есімде, 1961 жыл болуы керек. Газетте жазылған « Жанұзақ, Нағима және Махаббат» деген мақала оқырмандарға ой салып, үлкен пікірталас тудырған еді. Осы мақалаға орай өз ойларын білдірген газет оқырмандарының үн қосулары газетте 6 ай бойы жарияланып тұрды.

Жанұзақ пен Нағима біздің ауылдың тұрғындары еді. Жанұзақ – ауылдағы кәсіптік училищеде оқытушы-мастер, Нағима – «МТС»-та токарь болып еңбек етті. Екеуі көп кешікпей шаңырақ көтеріп, жас отау тікті. Өкініштісі – Нағима апамыз ертерек өмірден өтті. Ал Жанұзақ ағамыздың көзі тірі, әлі бар. «Білім беру ісінің үздігі», ауданға танымал азамат. Бірнеше кітаптың авторы.

Сол сияқты, газетте өзекті мәселелер, әдебиет пен өнер, спорт, саясат, т.б материалдар үнемі көрініс тауып отырды. Соның нәтижесінде газеттің таралымы 300 000 ( үш жүз мың!) данаға жетті. Газетте танымал журналистер, кейіннен әдебиеттің марқасқалары атанған: Оралхан Бөкей, Фариза Оңғарсынова, Ақселеу Сейдімбек сияқты атақты тұлғалар жұмыс істеді.

Жалпы, газеттің беделі мен бейнесі редакторға байланысты екені белгілі. Сейдахмет Бердіқұлов, Шерхан Мұртаза сияқты әдебиеттің адамдары редактор болғанда, «Лениншіл жастың» жұлдызы жасындай жарқырады. Және ол кезде газет аптасына 4 рет шығатын еді.

Кейінгі кезде газет тәуелсіз басылым статусын алды ма, әлде берді ме – білмеймін. «Жас Алаш» бұрынғы беделінен, оқырмандардың ыстық ықыласынан айырылып қалғандай. Оған дәлел – газеттің қазіргі таралымы 12 мыңнан сәл ғана асады. Материалдар да бір сарынды. Жарияланатын мақалалардың тақырыбы дүдәмал сұраққа қойылады. Материалдарда көп сөзділік көзге ұрып тұрады.

Газеттің беделін көтеріп, таралымын арттыру үшін ұсыныстарым:

  • «Ырғақ», «Мыңнан бір мезет» тақырыбына бұрынғыдай арнайы бет беруді жалғастыру;
  • «Оқырман хаттары» айдарымен де аптаның бір санында арнайы бет беру;
  • Мүмкін болса, газетті аптасына үш рет шығару;
  • Республиканың батыс облыстарында да меншікті тілші ұстау.
  • Газеттің материалдық жағдайын жақсарту үшін, бизнесмендер мен кәсіпкерлердің қолдауына қол жеткізу;
  • Сөйтіп, газеттің таралымын ең болмағанда 50 мыңға жеткізу.
  • Танымал, қаламы жүйрік журналистерді редакцияға жұмысқа алу.

         Бұл ұсыныс-пікірлерім оқырмандар арасында газет бұрынғы бедел биігінен көрініп, жұртшылықтың рухани жан серігіне айналса екен деген үкілі үміттің нәтижесінде туындап отыр.

         Бедел биігінен көрініп, оқырмандардың жан дүниесін «жаулаған» басылымға айнал, «Жас Алаш»!
P.S. Осы мақаланы өткен 26 желтоқсанда электронды поштамен «Жас Алаш» газетінің редакциясына жолдаған едім. Осы уақытқа дейін газетте жарияланған жоқ. Газеттің 21 қантар (№6-16605) санында тараздық дәрігер, танымал автор Сағындық Ордабековтің «Жас Алаш» – әділдіктің трибунасы» деген мақаласы шықты. Автордың бұл пікірімен қазіргі кезде келісе алмаймын.

Газеттің оқырмандар арасындағы беделі таралымнан көрініс табады деп ойлаймын. «Лениншіл жас» кезеңін айтпай-ақ, «Жас Алаш» аталған кезінен бері Нұртөре Жүсіп пен Жүсіпбек Қорғасбек редактор болған тұста оқырмандардың ыстық ықыласына айналып, іздеп жүріп оқитын газеті болғаны анық. Таралымы да 60–80 мың данаға жетті. Редакциядағы журналистер де сайдың тасындай, қаламы ұшқыр, өз мамандығының шеберлері болды.

Ал қазір бұрынғы беделінен айырылып қалды. «Сын түзелмей, мін түзелмейді». Олай болса, өз атына айтылып, жазылған сынға «Жас Алаштың» редакциясы түсіністікпен қарауы керек.

Ибатолла СӘТЕНҰЛЫ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,

Атырау облысы, Исатай ауданы

ШАЛДАР ШЕГІНБЕЙТІН қоғамда өмір сүріп жатырмыз… 

Жақында екі ірі универдің, екі ірі газеттің басшысы тағайындалды. Бәрі алпысты алқымдағандар. Қарияға қастығым жоқ, бірақ 62 жастағы Түймебаев, 64-тегі Сыдықов өз потенциалдарын көрсетіп болды емес пе? КазГУ-ды – КазГУ қылған Өмірбек Жолдасбеков 39 жасында ректор болған екен (!).

Сол жолдасбековтердің жолын жалғасын деп, қаншама жасты мемлекет «Болашақпен» оқытпады ма? Қырықтың ар жақ, бер жағындағы, білімі мен білігі толысқан, бабында жүрген қаншама азамат бар! Олардың обалы, олар беруге тиіс нәтиженің обалы кімге?

Ал екі газет ше? «Ана тіліне» Жанарбектің орнына келген, 62- дегі Қали Сәрсенбай ағамыз не істей алады? Рас, жақсы адам, еңбекторы журналист, кісілігі зор. Алайда көрсетерін – көрсетті, берерін – берді ғой. Қалекеңнің орнына «Алматы ақшамына» Данияр Төрехан деген алпысты алқымдаған ағамыз келіпті. Не істейді, нені өзгертеді, түсіне алмаймын… Журналистикада жиырмасы мен отызында өздерін дәлелдеп тастаған Сәкен Сыбанбай, Жұлдыз Әбділда, Кәмшат Тасболат, Есей Жеңісұлы, Руслан Ерботалар ше? Мүмкіндік берілместен, бауырын жазып шаппастан қартаятын болды ма?.. Аты аталған-аталмаған қанша мықты профилер бар.

Бір кезде Алтынбек (Сәрсенбайұлы – Ред.) министр болғанда, отызға енді ілінген курстастары мен достары — Нұртөре, Шәмшиддин, Серғазы, Жүсіпбек, т.б. қаншама азаматты редактор, замредактор етті. Олар шынымен мықты жұмыс атқарды. Өз кезеңінде.

Енді сәл шегінуге, жол беруге мәрттігі жетпейтініне таң қаламын. Медиа саласының кураторы болып отырған Абаев, Балаева, Уәлилердің қазақ журналистикасы, өз замандастары жайлы түсініктеріне қайранмын…

Қасым АМАНЖОЛ

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн