ЖАҢАӨЗЕН ЖЕНДЕТІ қылмысы үшін жазаға тартылуы тиіс!

Өткен сенбі – 14 желтоқсан күні Алматының төрінде Желтоқсан мен Жаңаөзен құрбандарына арналып ас беріліп, құран оқылды. Жүрекке қонымды иманды шараны белгілі жас қайраткер Жанболат Мамайдың жетекшілігімен Демократиялық партия құрушы бастамашыл топ ұйымдастырды. Екі жүзге жуық адам қатысқан жиынға алматылық зиялы қауым өкілдері, оппозиция ардагерлері мен азаматтық белсенділердің жас буынынан бөлек, Жаңаөзен оқиғасына тікелей қатысы бар мұнайшылар мен Қазақстанның бірқатар аймақтарынан келген өкілдер қатысты. Демократиялық партияның құрылуын қолдаған Қазақстанның халық жазушысы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Қабдеш Жұмаділов, «Алаш» халықаралық сыйлығының лауреаты, белгілі қайраткер-жазушы Софы Сматай және қазақ оппозициясының оғыланы Рысбек Сәрсенбайұлы жиынның төралқасында отырды.

Астың алдындағы «Жаңаөзен қанды қырғынына – 8 жыл» атты құрылу үстіндегі Демократиялық партия жиынының ресми отырыс барысында Қазақстанның жаңа тарихында қанды ізін қалдырған Жаңаөзен қырғынына байланысты батыл бастамалар көтеріліп, сырт елдердегі қазақтардың тағдыры, оларды елге көшіру мәселесіндегі түйткілдер жайлы сөз өрбіді. Партия құру жөніндегі бастамашылардың Алматы қалалық штабы құрылды.

Бұдан бөлек, жас жазушы Рысбек Дәбейдің Жаңаөзен қасіретін сипаттайтын туындысы – «Қоңыз» романының тұсаукесері өтті. Осы алқа-қотан отырыста ашына айтылған тақырыптардың ықшамдалған нұсқасын оқырман назарына ұсынып отырмыз. (Сөйлеушілер қатары көп болғандықтан, барлығын тегіс жариялаудың мүмкіндігі болмады).

Жиынды Демократиялық партия құру бастамашыл тобының жетекшісі Жанболат Мамай ашып, Желтоқсан мен Жаңаөзен құрбандарына тағзым етіп, бір минуттық үнсіздік жариялады.

Жанболат МАМАЙ: Билік біздің бірлігімізден ҚАТТЫ ҚОРҚАДЫ

«Бүгінгі жиынымызға еліміздің түпкір-түпкірінен келген біраз азаматарымыз қатысып отыр. Түрмеде жазықсыз отырған Макс Боқаевтың ең жақын серігі Талғат Аян бауырымыз да Атыраудан арнайы келді. Қазақтың жері сатылмасын деп, ең алғашқы болып алаңға шыққан Макс пен Талғат екені баршамызға белгілі. Оралдан, Ақтөбеден, Қызылордадан, Тараздан, Шымкенттен, орталық және солтүстік өңірлерден келген азаматтарымыз да біздің бастамамызға қолдау білдіруде.

Жаңаөзен қасіретіне 8 жыл өтсе де, оның шындығы әлі ашылған жоқ. Шындықты ашуға бүгінгі биліктегі ең жоғарғы лауазымды адамдар мүдделі емес. Керісінше, қолдарындағы мүмкіндіктерін пайдаланып, барынша тосқауыл жасауда. Бірақ мына заманда шындықтан ешкім қашып құтыла алмайды. Кеше ғана Ұлыбритания, АҚШ пен Еуроодақта жаһандық «Магнитский тізімі» қабылданды. Ол тізімге адам құқығын бұзған, адамзатқа қарсы қорлық жасаған шенеуніктер кіреді. Сондықтан Жаңаөзен трагедиясына жауапты адамдар да сол тізімде міндетті түрде болуы керек. Кінәлілер бүкіл әлемге танылып, жазалануы тиіс.

Өздеріңіз білетіндей, еліміздің Жазушылар одағында жеті жүзден астам ақын-жазушы тіркелген. Бірақ солардың арасынан Жаңаөзен мәселесін көтерген, қазақтың мүддесін қорғап, шындықты айтқан жеті адам әрең табылады. Қалғаны шындықты айтудан қашады, Жаңаөзен туралы кітап жазбақ түгілі, бір ауыз сөз айтуға қорқады. Дегенмен, заман өзгеріп келе жатыр. Жаңаөзен туралы айтып қана қоймай, осы трагедияға арнап әдеби шығарма жазған тұңғыш жазушы шықты. Ол – бүгін ортамызда отырған Рысбек Дәбей деген бауырымыз. Бүгін Рысбек жазған «Қоңыз» романының тұсаукесері қатар өтеді.

Өздеріңіз білетіндей, біздер демократиялық партия құру бастамасын қолға алдық. Ондағы мақсатымыз – қоғамды, қазақты, белсенді адамдарды біріктіру. Бүгінгі авторитарлы жүйеге өзіміздің наразылығымызды білдіріп, ресми түрде саяси талаптарымызды қою үшін жаңадан саяси партия құрамыз деп жасаған мәлімдемемізден кейін, жер-жерден қысым көре бастадық. Барлық өңірлерде бізге қарсы арандатулар, біздің жиындарды өткізбеу үшін түрлі қитұрқылықтар жасалды. Соған қарамастан, алған бетімізден қайтпай, кездесулерімізді өткізіп, штабтарымызды құрдық. Сол штабтарымыздың біраз жетекшілерін осы бүгінгі жиынымзға қатыстырмас үшін, билік өкілдері әртүрлі себептерді сылтау етіп, поездардан түсіріп, Алматыға жібермей алып қалды. Белсенді азаматтарды біздің осы жиынымызға қатыстырмаудың барлық әрекетін істеді.

Яғни, билік адамдардың бас қосуынан, халықтың бірігіп, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, бүгінгі авторитарлы жүйеге өзінің наразылығын білдіруінен қатты қорқып отыр деген сөз. Бұл біздің дұрыс жолда, қажетті бағытта екеніміздің айғағы.

Қабдеш ЖҰМАДІЛОВ: Біздің іш-майымызды СОРҒАН – АСТАНА

Бүгінгі жиынымызда Желтоқсан мен Жаңаөзен құрбандарын еске алуымыз дұрыс, иманды мәселе. Партия құрайық деген бастама көтерілгенде, оның да ішінде болайын дедім. Бірақ бүгін бұдан бөлек – көші-қон туралы да айтуымыз қажет. Қазір қазақтар үшін өткір мәселелердің бірі осы. Иә, өз еліміздегі қазақты жарылқағанымыз жоқ. Десек те, шетелдегі сорлап отырған қазақты не істейміз?! Көк туымыз көтерілгенде, шеттегі қазақтар: «Апырай, елімізге, жерімізге барамыз ғой, басымыз қосылатын болды ғой!» деп, бізден де артық қуанып еді. Өзім 1962 жылдың көктемінде Қытайдың Тарбағатай уәлиатынан 200 мың қазақты бастап келген адаммын. Елге ел қосылу деген – жақсы дүние. Бір мысал келтірейін. Кеше ғана Секен Тұрысбековтың шығармашылық кеші өтті. Сол 1962 жылғы көште Секен қырқынан енді ғана шыққан жөргектегі бала еді. Енді, міне, кешегі кішкентай босқын баланы елі төріне шығарды.

Мен әрқашан көші-қон мәселесінің басы-қасында жүрген адамдардың бірімін. Алғаш рет астанамыз Ақмолаға көшетін болды дегенді ести салысымен: «Алдымен қала салу керек па, әлде шеттегі қазақты көшіріп алу керек пе, біз үшін қайсысы маңыздырақ?» деген сұрақты тігінен қойдым. Өйткені шетелдегі қазақтар күн санап ассимиляцияға ұшырап бара жатыр. Енді бір 20 жылдан кейін елге оралайық дейтін қазақ та қалмауы мүмкін. Аман-сау кезінде сол қазақты елге көшіріп алайық деген пікірді ұстанғандардың бірі мен едім. Осы туралы талай мақала жаздық та, айттық та. Бірақ бізді тыңдаған құлақ болмады.

Турасына келгенде, біздің іш-майымызды сорып жатқан – Астана. Соған жұмсалып отырған жарты ақшаны көші-қонға бұрса, жылына 100 мың отбасын көшіріп алуға болады екен. Бұл айтқанымызға келіспей, жылына 20 мың отбасын көшіріп алатын квота бөлді. Оған да шүкір дедік. Бірақ екі-үш жылдан соң ол да жоқ болды.

Енді, міне, елін іздеп келген қандастарымызды қарсы алмақ түгілі, оларды жазықты қыла бастадық. Шекарадан қашып өткен қазаққа қылмыстық іс қозғайтын жағдайға жеттік. Бұл – біздің тәуелсіздікке жеткен шағымызда істеліп жатқан қиянат. Қазақстан дүние жүзіндегі бар қазақтың жалғыз мемлекеті екенін ұмытпаған жөн.

Қазақ неге шашырап жүр? Қазақ шетке ешқашан өз еркімен кетпеген: шекара сызығын бөлгенде, еріксіз сол сызықтың сыртында қалып қойғаны бар; 1932 жылғы аштықта жан сауғалап кеткендер бар; репрессияға ұшырағандар бар. Қысқасы, бәрі мәжбүрлікпен кеткендер. Шеттегі қазақтар күні кеше жоңғарға қарсы соғыста бізбен бірге болған, жерімізді азат етіскен ағайындар. Олардың да осы жерге жасаған үлесі мен киесі бар. Солар елге келем десе, неге болмайды?! Бір қазаққа шарапатымыз тимесе, шеттегі қазақты өзімізге тартып ала алмасақ, тәуелсіздігіміз кімге керек?! Тәуелсіздігімізді ақшаның астында қалған миллиардерлерді немесе шетелдік кірмелерді байыту үшін алдық па?!

Сондықтан Жанболат бастаған бастамашыл топ партия құратын болса, оның үлкен тармағының бірі шетелдегі қазақты қайтаруға бағытталуы тиіс. Бас сауғалап, араша іздеп келген қазаққа неге бірден қылмыстық іс қозғаймыз?! Сайрагүл деген келіншек екі баласымен ұлан байтақ Қазақстаннан орын таппай, ақыры сонау Швециядан баспана тапты. Бұл ұят қой! Швецияның жері біздің бір облысымыздай-ақ. Осыдан екі ай бұрын мен өскен Тарбағатай уәлиатынан Қастер мен Мұрагер деген екі қазақ қашып келді. Бастарына бұлт үйіліп, сотталып кететін болған соң келіп отыр. Жайдан-жай шекараны ешкім де бұзып өтпейді. Шетте қорлық пен зорлық көріп, қашып келген қандастарымыз үшін неге пана бола алмай отырмыз?!

1962 жылы қызыл империя заманында мен өз қолыммен Мәскеуге, Хрущевқа, Ворошиловке хат жазып отырдым. Таң қалатыным – сол кездегі империя басшылары қазақтың мұңын ұғып, түсінді ғой: бірден 200 мың қазақты көшіріп, елге орналастырды. Мен соның бәріне куәмін. Сонда империя қол үшін берген қазаққа өзіміздің тәуелсіз мемлекеттің «сүйікті» билігі қылмыстық іс қозғап отыр. Еліне келем дегені үшін, келгені үшін, шекараны аттағаны үшін олар қылмыскер болып отыр!

Сондықтан да мен Жанболаттың бастамасын қолдаймын. Оппозициялық партия құру керек! Бір адамдар «оппозиция» десе, селк ете қалады. Қарап тұрсаң, оппозициясыз мемлекет жоқ. Бүкіл демократияның негізін салған Ұлыбритания, Франция, Германияға қараңыз, бәрінде оппозиция бар. Оппозиция – биліктің әр қадамын қарап, бағып отырады, қия бастырмайды!

Мағжан айтпақшы, мен жастарға сенемін. Үлкендердің ішінде бірен-сараны болмаса, көбі бұғып қалды. Ыза болғанда, оларды кәрі құлдар дейтінім бар. Құлдық сана етінен өтіп, сүйегіне жетті. Кәрі құлдар сол кеткен бетімен кетеді, қайтпайды. Сондықтан елді тек жастар ғана өзгерте алады!

Рысбек ДӘБЕЙ: ЖАҢАӨЗЕН ОҚИҒАСЫ – өзімізге жасалған зұлмат

Жаңаөзен қасіретіне арналған «Қоңыз» туындысы – жанры бойынша көркем шығарма. Қарпайым екі мұнайшы отбасының бастан өткерген оқиғасы, тұрмысы мен өмірі жайлы трагедиялық ахуалы суреттелген. Шығарманың бағасын оқырман бере жатар. Осы кішкене дүниеміздің таныстырылымын жасап, тұсауын кесіп жатқан Жанболатқа алғысымды айтамын!

Әлемдік тәжірибеге қарасақ, тек өткен тарихты жаза беру дұрыс емес. Өзіміз өмір сүріп отырған қоғам жайлы да жазу керек. Күні кеше орын алған трагедиялар неге үнсіз қалады деген сұрақ мазалап, осы кітаптың жарық көруіне түрткі болды. Жаңаөзен оқиғасы – XXI ғасырда жасалған зұлмат. Өз-өзімізге жасалған зұлымдық. Бұдан кейін ондай трагедия болмасын, бауыр – бауырға қанжар сілтемесін және сондай трагедияны жазатын нәсіп болмасын, бұндай тақырыпқа енді бармайық дегім келеді.

Ғалым АҒЕЛЕУОВ: Бізде басқа ел, ӨЗГЕ ОТАН ЖОҚ!

Біз үшін ең басты мәселе – адам құқығы. Біздің елде осы құқық сақтала ма? Біздің елде әділдік бар ма? Қазақстанды еркін мемлекет деп айтуға бола ма? Желтоқсан мен Жаңаөзенге қатысты әділдік орнады ма? Бәрінің жауабы – жоқ! Біздің елде сөз бостандығы да жоқ. Болған қасірет жайлы ашып айтуға адамдар әлі күнге дейін қорқады.

Сондықтан еңсемізді көтеріп, ешкімнен қаймықпай, бар білетінімізді айтатын кез келді. Қанша адам өлгенін, олардың ішінде балалардың да болғанын неге біле алмай отырмыз?! Осы ақпаратты билік неге жасырып, шындықтан қорқып отыр?! 16 адам өлді деген ресми мәлімет – жалған. Бұл – моргтағы орынның саны. Шындық пен әділдік үшін аяғына дейін бармасақ, бұл жағдайдың қайталанбауына кім кепіл?!

Жаңаөзен оқиғасына дейін бір күн бұрын уақытша қамау изоляторының коменданты болып тағайындалған Теміров деген жас лейтенант 5 жылға сотталып, мұнайшыларды азаптап, ұрып соққандар үшін жалғыз өзі жауап берді. Осы әділет пе?! Көмусіз қалған құрбандардың аты-жөндерін білмей отырғанымыз әділ ме? Өлген құрбандардың отбасына берген 1 млн теңге өтемақы әділ ме?! Елімізде адам құқықтары сақталуы үшін, осы мәселелерді ашық айта білуіміз қажет! Ол үшін жүз жүзге бөлінбей, бәріміз бір күш болып, азаматтық қоғам құруымыз қажет. Өйткені бізде өзге ел, басқа Отан жоқ!

Рысбек СӘРСЕНБАЙ: АТУҒА БҰЙРЫҚ БЕРГЕН – НҰРСҰЛТАН НАЗАРБАЕВ!

Жаңаөзенді айтсақ, көздің ғана жасы тамшылап қоймай, жүректің қаны сорғалайды. Оқиғаның ортасында болмасақ та, шет жағасын көріп, іле-шала Жаңаөзенге бардық. Ұлынан, әкесінен, жарынан айырылған адамдарды көрдік. Қансырап жатқан жаңаөзендіктермен ауруханада тілдесіп, оқиғаның мән-жайын сұрап білдік. Өлгендерге көңіл айттық. Солармен бірге жыладық. Еске түссе, әлі де қиналамыз.

Рысбек Дәбейдің «Қоңыз» романын оқып, қатты қиналдым. Бұл кітапты оқу мен үшін өте ауыр болды. Кітап мені сол күндерге қайта оралтты. Өмірдің шындығы жазылған шығарма. Сөз құдіреті арқылы әрбір жүрекке жетіп, сананы оятатын дүние. Осындай шығарманы жазғаны үшін өзіммен аттас Рысбек бауырыма алғысымды білдіремін!

Қоңыздың Жаңаөзенге не қатысы бар деп ойлайтын шығарсыздар. Қоңыздың не екені жөнінде кітаптың 64-бетінде жазылған. Бір әулие адам тілеу тілесе, соның айтқаны болады екен. Осыны естіген бір пенде мен үшін дұға қылшы деп, сол әулиеге барып жалынады. «Қашанғы жоқшылықта өмір сүрем, жағдайымды жақсартқым келеді…» деп сұрайды. Сонда әлгі әулие: «Оның екі шарты бар, қайсысын қалайсың, соны алуың керек. Біріншісі – білім, екіншісі – байлық деп жауап қайырады». Жаңағы адам байлықты таңдайды. Тілегі қабыл болып, бай болардың алдында әулие: «Адамдардың еңбегін жеме, езбе, адал және таза бол!» – дейді. Бірақ әлгі адам байып кеткен соң, айналасындағыларын танымай қалады. Тіпті өзіне дұға жасап, байытқан әулиені мазақтап, қарғысқа қалып, қоңызға айналып кетеді. Ол қоңыз тезек домалатып кетеді.

Ойлап қарасаң – ешқандай қатысы жоқ. Бірақ мен осы қоңыздан бір адамды көріп отырмын. Ол – шал! Кәрі қоңыз.

Жаңаөзеннен қайтқанда, бізді шығарып салған таксиші жігіттерден естідік. ОМОН-ның қызметкерлері Жаңаөзеннен қайтар кезде әуежайдағы металл детекторынан өткенде, әрқайсысының қалтасынан он-жиырма шақты ұялы телефондар шыққан. Оны талай адам көрген. Сол телефондар кімдікі? Жаңаөзенде полиция қолына түскен адамдардыкі!

Жаңаөзенде жүргенде подвалда қамауда отырған адамдармен кездестіруді сұрадық. Подвалдан қан мен хлордың иісі шығып тұрды. Сол подвалда талай адам азапталды. Соның бірі – әкесін іздеп барған Әсем қарындасымыз. Ол да әкесі сияқты марқұм болды. Қаншама әулет осындай қасіретке ұшырады. Соның бәрін жасаған кім? Осы сұрақтың жауабын іздесек, мұнайға ие болып отырғандардың мүддесі үшін жасалғанын көреміз.

Көтеріліп кеткен халықтың бетін қайтару үшін, оқ атудан бұрын қолданатын басқа да құрал-жабдықтар болды ма деп сұрағанымызда, резеңке оқ пен су шашқыштың да, газдың да болғанын білдік. Бірақ оның ешқайсысын қолданбаған. Неге бірден оқ атты? Өйткені сондай бұйрық берілген. Ондай бұйрықты берген кім? Оны берген – Нұрсұлтан Назарбаев! Оны жасырып-жабатын түгі жоқ. Оның бұйрығынсыз ешкім бір оқ шығара алмас еді. Адамдарды тапаншамен тарсылдатып, автоматпен бытырлатып, қуалап жүріп атты. Өйткені итше қырып салыңдар деген тапсырмалары болды.

Бүгінгі күні Жаңаөзен оқиғасының қайталануы әбден мүмкін. Өйткені халық наразы, халық ашулы. Мына шіріген биліктің өзгеруін талап етіп отыр. Соған келе жатырмыз. Кешегі Назарбаев пен Қасымов (Қалмұханбет Қасымов – ішкі істердің экс-министрі) Жаңаөзен мен Шетпеде жасаған жауыздықтарын тағы да жасауы мүмкін. Сондықтан бейбіт адамдарға оқ атып, адамзатқа қарсы жасаған қылмыстары үшін Назарбаев пен Қасымовтан бастап, қолына тапанша ұстағандарға дейін жазалануы керек!

Жарияланымды дайындаған – Азамат ШОРМАНХАНҰЛЫ, «D»

ҚЫРҒЫН қайталанбасын ДЕСЕК…

  • «Жаңаөзен қанды қырғынына — 8 жыл» атты құрылу үстіндегі Демократиялық партия жиынының Қарары

Қадірлі Отандастар!

Биліктің қолымен жасалған қанды қырғын – Жаңаөзен қасіретіне биыл 8 жыл болды. Ресми деректерге сүйенсек, бұл оқиға кезінде 16 адам Жаңаөзен қаласында, 1 адам Шетпеде қаза болған. Ал бейресми деректер бұдан да көп адам полиция оғынан жан тапсырды деген ақпаратты ұсынады. Осы уақыттың ішінде билік Жаңаөзен қасіретіне шынайы кінәлілерді жазалаған жоқ, оны ұйымдастырған, атуға бұйрық берген, бейбіт халыққа оқ атқан жендеттерді сотқа тартпады. Бұл қасіреттің ақиқаты ашылмас үшін амалдың барлығын жасап келеді. Сонымен бірге бейбіт мұнайшылар тек атыс кезінде ғана емес, 16 желтоқсандағы оқиғадан кейін де көз жұмды. Демек, неше жыл өтсе де, Жаңаөзен құпиясы әлі де толық ашылмауда.

Алайда Жаңаөзен оқиғасына кім кінәлі деген сұраққа жауапты халық ашық айтуда. «Егер Ақтау мұнайшылары бас көтерсе, тағы да оқ атуға бұйрық беремін!» деген сыңайда мәлімдеме жасаған сол кездегі ішкі істер минстрі Қалмұханбет Қасымов еді. Ол бұл әрекеті мен сөздері үшін жауапкершілікке тартылмақ түгілі, одан кейін де бірнеше жыл министр қызметінде отырды. Ал қазір Қауіпсіздік кеңесі хатшысы орнында отыр. Маңғыстаудағы қанды қырғынға тікелей жауапты адам ретінде халық жадында қалған Қасымов ел арасында «Жаңаөзен қасапшысы» деген атқа қалды. Осыған байланысты біз Жаңаөзен қанды қырғынын қайта тергеп, оған қызметтік құзіретіне сәйкес жауапты болуы мүмкін лауазымдылар – Қалмұханбет Қасымовты, Қырымбек Көшербаевты, Аслан Мусинді және Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевты тексеруге шақырамыз! Қызметіне, мансабына қарамастан, Жаңаөзен қырғынына жауаптылар жазаға тартылуы тиіс!

Сонымен бірге біз Қазақстанда дереу саяси, демократиялық реформаларды жүзеге асыруды талап етеміз! Біріншіден, «Саяси партиялар туралы» жаңа заң қабылданып, партияларды тіркеу жеңілдетілуі тиіс. Елдегі барлық саяси күштерге тең деңгейде партия құруға, тіркеуге мүмкіндік ашылуы тиіс!

Екіншіден, «Бейбіт жиындар туралы» жаңа заң қабылдап, митингі өткізудің тәртібін рұқсат сұраудан – ескерту формасына ауыстыруды талап етеміз. Бейбіт митингілерге шығатын азаматтық белсенділерді қудалауды тоқтатуды талап етеміз!

Үшіншіден, «Сайлау туралы» заңға өзгерістер енгізіліп, президенттік додаға есі дұрыс, жасы 30-дан асқан әрбір азамат түсуге құқылы деген бапты енгізуді талап етеміз! Сонымен бірге парламент сайлауына тек қана партиялық тізіммен емес, мажоритарлы жүйе бойынша азаматтарға қатысуға мүмкіндік ашылуы керек.

Төртіншіден, Арон Атабек, Мұхтар Жәкішев, Макс Боқаев, Алмат Жұмағұлов, Кенжебек Әбішев және басқа да саяси тұтқындар дереу босатылсын! Олар босатылып қана қоймай, толық ақталып, бұл азаматтарға заңсыз қудаланғаны үшін мемлекеттен өтемақы төленуі тиіс! Бұл азаматтардың ешқайсысы да қылмыскер емес. Олар елдің, халықтың патриоттары.

Бесіншіден, «елбасы», «Тұңғыш президент» және Қауіпсіздік кеңесі төрағасы туралы заңдардың барлығы өз күшін жоюы қажет. Бұлар ойдан құрастырылған, жасанды заңдар. Бірде-бір заң халық талқысына түсіп, жалпыұлттық референдумда қабылданған жоқ. Сол себепті Назарбаевқа берілген жасанды лауазымдардың барлығы алынып тасталуы тиіс!

Алтыншыдан, ҰҚК төрағасының орынбасары – Шекара қызметінің басшысы Ділманов мырза Қытайдағы азаптаудан бас сауғалап, тарихи Отанына келген Қастер мен Мұрагерді ресми Бейжіңге қайтарамыз деген мәліметті ашық айтты. Біз бұған үзілді-кесілді қарсымыз! Себебі Қытай лагерьлеріндегі азаптаулар туралы ашық айтқан Қастер мен Мұрагер, сөзсіз, Қытайда қатерлі жағдайға ұшырайды. Тіпті оларды Қытай билігі өлім жазасына кесуі де мүмкін. Сондықтан біз, Қазақстан азаматтары, Қастер мен Мұрагерді Қытайға бермеуді талап етеміз. Сонымен бірге Қытайда ұлт ретінде жойылудың алдында тұрған 2 миллионға тарта қазақты Қазақстанға көшіру мәселесін көтеруді қажет деп санаймыз. Президент Тоқаевтың Қытайда этникалық қазақтарды жаппай қудалау жоқ деген өтірікке негізделген мәлімдемесін айыптаймыз! 

Сонымен бірге Қазақстанда жақын уақытта парламент сайлауы өтеді деген ақпарат тарауда. Егер дәл қазіргі жағдайда сайлау өтсе, онда халықтың тағы да таңдауы болмайды. «Нұр Отан» да, одан басқа 5 тіркелген партия да – биліктің саяси ұйымдары. Осы себепті біз нағыз оппозициялық, демократиялық бағыттағы жаңа саяси партиялар тіркеуден өтпей, жоғарыда айтылған нақты демократиялық талаптар орындалмай, Қазақстанда сайлау өткізілмесін деген мәселені ашық көтереміз!

Біз, Қазақстан азаматтары, Демократиялық партияны құру бастамашыл тобына қарсы жасалып отырған барлық арандатуды тоқтатып, жаңа оппозициялық, тәуелсіз саяси күштің шығуына кедергі жасамауын талап етеміз!

Алматы қаласы,

14 желтоқсан 2019 жыл

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн