Зайсандағы сотта БИЛІКТІҢ БЕТІ бері бұрылды ма?

Қаңтардың 21-і күні Зайсан аудандық (ШҚО) сотында «мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өтті» деп айыпталған екі қазақ Қастер Мұсаханұлы мен Мұрагер Әлімұлына сот шешімі шықты. Судья Оспанова екі жігіттің әрқайсысын бір жылға бас бостандығынан айырып, жазасын қауіпсіздігі төмен мекемеде өтеуге үкім етті. Бұған қоса, олардың әрқайсысына 25 250 теңге көлемінде айыппұл салды.

Бүкіл ел-жұртты елеңдеткен соттың жазасы жеңіл болуына «қос қашқынның» тиісті миграциялық мекемеге өз еріктерімен келіп, шекарадан заңсыз өткендерін мәлімдеуі, қылмыстың ашылуына белсенді қатысуы, өз кінәларын мойындағаны себеп болған. Сонымен бірге, сөз жоқ, екі жігіттің Қытайдағы қысымнан қашып шығуға мәжбүр болғаны да есепке алынса керек. Бұл тұрғыдан алғанда, асыра айтқандық емес, билік те, сот та Қытайдағы «қазақ мәселесіне» түсіністікпен қарады деуге болады. Оның үстіне тағылған айыптарды мойындаған Қастер мен Мұрагер өздерін Қытайға қайтармауды сұрады.

Сот үкімін түсіндірген судья олардың «тергеу абақтысында отырған бір күні екі күнге есептелетінін және қамау мерзімі 2019 жылдың 18 қазанынан бастап саналатынын» айтып, олардың «қамауда қалу мерзімі – 5 ай 24 күн» – деп, кесімді сөзін айтты. Бірақ тараптардың келесі сот инстанциясына шағымдану мүмкіндіктерін ескерсек, сот үкімі әлі күшіне енген жоқ.

Қос шекараны «бұзып өткен» қос мұңлықты қолдау үшін, сотқа республиканың түкпір-түкпірінен біраз адам жиналды. Қолдаушылар сот ісіне қатысқысы келгенмен, залға туыстары мен қоғам белсенділері, журналистердің кіруіне ғана рұқсат етілді. Залға сыймай қалған көпшілік: «Жігіттерді Қытайға бермейміз!» деп ұрандатып, сырттан қолдау көрсетті. Үкім көңілдерінен шыққан соң, олар сот пен прокурорға, полицияға ризашылықтарын білдіріп, алғыстарын айтып тарасқан.

Бірақ залға сыймай қалған жұртшылықтың арасында полицияға қысым көрсетіп, балағат сөздер айтушы адамдар болғанына «Уатсап» желісі арқылы тараған видео куә. Содан да болар, Зайсан полициясы жан-жақтан Зайсанға келген 12 белсенді қолдаушыны қаладан шыға берісте ұстап, Зайсан аудандық полиция басқармасына жеткізген. Сол жерде олардың үстінен Әкімшілік кодекстің 443-бабы (полицияға бағынбау) бойынша сот өтіп, белсенді Бағдат Құрмантайды 36 сағатқа қамап, он шақты белсендіге 5-10 айлық есептік көрсеткіш (12500–25000 теңге) көлемінде айыппұл салды. Түнделетіп өткен сот отырысына адвокат жіберілмеген.

«Азаттықтың» хабарлауына қарағанда, әкімшілік сот Бағдат Құрмантайды «Мұсаханұлы мен Әлімұлының сотында полицейлерді балағаттап, сот залында ысқырғаны үшін» қамаған. Айыппұл алғандардың қатарында Ерлан Файзуллаев, Серік Асқаров, Ерлан Есхожин, Нұржан Мұхаммедов, Руслан Нұрханов, Ермек Байғулин, Марат Қасымбеков есімді белсенділер бар.

Сот шешіміне шағым түсірілді ме, жоқ әлде адвокаттың болмауы себепті әкімшілік іс бойынша сотталушылардың ондай мүмкіндігі болмады ма – ол жағы әзірге беймағлұм. Біз бұл жөнінде газет оқырмандарын хабардар ететін боламыз.

Бақытгүл МӘКІМБАЙ,

«D»

Бұл екі арада

Қытай қазағы: ҚАСІРЕТ таусылған жоқ

  • Қытайдан күйеуін қайтаруды талап еткен Фарида Қабылбек қаңтардың 20-сы күні Нұр-Сұлтан қаласындағы Қытай елшілігіне барды, деп хабарлайды «Азаттық». Ол үстіне күйеуі туралы мәліметтер жазылған плакат іліп, жалғыз өзі пикетке шықты.

Қытайдан келген Қазақстан азаматы Фарида Қабылбек күйеуін босатуды талап етіп, бұдан бұрын Қытайдың Алматыдағы консулдығына да барған екен. Бірақ консулдықтан оның талабын тыңдауға ешкім шықпаған.

Фарида Қабылбектің айтуынша, күйеуі Рахымжан Зейнолла Қытайда 13 жыл түрмеде отырып шыққан соң, бір жарым жыл саяси лагерьге жіберілген. Қазақстан Сыртқы істер министрлігі Рахымжан Зейнолла ісіне байланысты Қытай елшілігіне ресми хат жолдағанын хабарлаған.

«Оны жазықсыз ұстап, «тыңшы» деген айыппен 2004 жылы 13 жылға соттап, түрмеге қамады. Одан соң бір жарым жыл саяси лагерьде ұстады, ал содан кейін үйқамақта отырғанына бір жылдан асты. Менің күйеуім Қазақстанда оқығысы келген жиырмаға жуық баланың құжаттарын жөндеуге, олардың шекарадан өтуіне көмектесті. Оның бар «қылмысы» – сол ғана», – дейді Фарида Қабылбек.

Оның айтуынша, Рақымжан Зейноллаға 2003 жылы Қазақстан азаматтығы берілген, бірақ ол құжатын алып үлгермеген. Фарида Қабылбектің 2013 жылы маусымның 22-інде жазған шағымына Алматы облысының ішкі істер департаменті Көші-қон полициясы басқармасының қарашада берген жазбаша жауабында: «1963 жылы ҚХР туылған Зейнолла Рахымжан ҚР президентінің 2004 жылғы 12 наурыздағы №1302 жарлығымен Қазақстан Республикасының азаматы болып саналады» деп жазылған.

Сол сияқты, Шыңжаңдағы туыстарынан үш жылдан бері хабар ала алмай отырғанын айтқан Алматы тұрғыны Марат Құрбанов та 22 қаңтарда Қытайдың Алматыдағы консулдығы алдында жалғыз адамдық пикет өткізді. Оның қолында «Қытайда жоғалды» делінген бірнеше туысының суреттері мен аты-жөндері, телефон нөмірлері жазылған плакат болды.

«Олармен байланыс ешқашан үзілген емес. Қазір мен оларға хабарлассам, алмайды. Бір ретте қарындасыма хабарласқан кезде телефонын басқа адам алып, «ол жоқ» деп жауап берді. Қазір Қытай консулдығының өкілдері туыстарымның біріне хабарласып, олардың аман екеніне менің көзімді жеткізсін», – деді Марат Құрбанов «Азаттық» тілшісіне.

Azattyq.org

Президентке ашық хат

ӨЗ ҰЛТЫҢЫЗҒА араша түсіңіз, ТОҚАЕВ МЫРЗА!

  • Босқындар статусы туралы БҰҰ конвенциясы – 1950 жылғы 14 желтоқсандағы БҰҰ Бас ассамблеясының 429 (V) резолюциясына сәйкес шақырылған уәкілетті өкілдер конференциясында 1951 жылы 28 шілдеде Женевада қабылданған. Конвенция «босқындар» түсінігіне анықтама береді және босқын статусы берілетін жалпы негіздерді белгілейді. Конвенция мемлекеттік қауіпсіздік мүддесіне орай босқындарды қайтаруға жол береді, бірақ оларды қудалаудан қауіптеніп, оларды қашып келген елдеріне қайтаруға тыйым да салады. Қазақстан Конвенцияға 1998 жылы қосылған.

Әлемдік қауымдастық босқын мәртебесіне қатысты заңдылықты шегедей етіп белгілесе де, Қазақстан әлі күнге дейін өз қазағына босқын мәртебесін беруге дәрменсіз күйде. Екі азамат жарты жылдық жазасын өтегеннен кейін, босқын мәртебесі берілетініне қоғам өкілдері алаңдап отыр. Осыған орай президент Тоқаевқа араша түсуін сұрап, бір топ қоғам қайраткерлері Ашық хат жариялады.

 Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы!

 Сізден Қытайдағы аз ұлттарға жасалған қысымшылық пен қуғындаудан басына қатер төнгенде шекараны амалсыздан кесіп өтуге мәжбүр болған қандастарымыз Қастер Мұсаханұлы мен Мұрагер Әлімұлына босқын мәртебесін беріп, араша түсуіңізді сұраймыз. Бұтаны паналаған торғайдай шырылдап келген екі бауырымызды Қытайға қайтарып, айдаһардың аузына салып беруді жөн санамаймыз.

Қытайдың Шыңжаңындағы соңғы жылдардағы күрт нашарлаған адам құқығы мәселесіне, соның ішінде бір жарым миллионнан астам қандастарымыздың түрлі себептермен қысым көріп жатқанына біз бей-жай қарай алмаймыз. Қытай шенеуніктері «Қытай билігі қазақтарға тиіскен жоқ, үйрену орталықтарындағы қазақтар түгел босатылды» деп, Сізге өтірік мәлімет бергенімен, толып жатқан айғақтар мен дәлелдер ол жақтағы қандастарымыздың тағдыры өте қиын жағдайда екенін ашық көрсетіп берді. Шыңжаңдағы жағдай шиеленіскеннен бастап, «өлсем, сүйегім атажұртта қалсын» деп, үлкен тәуекелшілдікпен шекараны кесіп өтіп, қашып келген қандастарымыздың саны қазір 6 адамға жетті. Оның бірі Сайрагүл Сауытбай еді, ол Қазақстаннан пана таба алмай, амалсыз шетелге кеткені көпке мәлім.

Құрметті Президент мырза, жоғарыдағы жағдайлардың өзі Қытайдағы қазақтардың қысым көріп жатқандығының айқын айғағы емес пе?! Ондағы аз ұлттарға, соның ішінде діні мұсылман, түбі түрік халықтарға жасалған қиянат күшейгелі бері, босқан қазақтың саны көбейіп келеді. Бұл жағдай билікті ойландыруы тиіс. Біз «Ол Қытайдың ішкі ісі, Қытайдағы аз ұлттардың қудаланғаны шындыққа үйлеспейді» деп жауырды жаба тоқығанымызбен, бүкіл әлем қазір Қытайдың аз ұлттарға жасаған жауыздығына алаңдаушылық білдіре бастады. БҰҰ мен Еуропа парламентінде бұл мәселе арнайы қаралды. Ал Қазақстанның Қытайдағы бір жарым миллион қазақтың тағдырына бей-жай қарауы – елдігімізге сын, мемлекеттілігімізге мін.

Құрметті Президент мырза!

Жақында Шыңжаңның Көктоғай, Шіңгіл аудандарында «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігін» атап өткені үшін Қайрат, Мұрат және Ынтымақ есімді азаматтарға қасындағы серіктерімен бірге «Отан сатқыны» деген айыппен 3 жылдан 5 жылға дейін жаза кесті. Этникалық қазақтарға жасалған осындай озбырлық мысалдары көп. Сондықтан ондайды болдырмау үшін, Қазақ мемлекеті әрбір қандасымызды және барша қазақты қорғай алатындығын іс жүзінде көрсетуі тиіс. Мұндай табандылық өз халқымыздан да, әлем елдерінен де қолдау табатындығы сөзсіз. Тәуелсіз мемлекет екендігіміз осындайда танылады. Қытайдан шекараны кесіп өтіп келген бауырларымызға қылмыскер ретінде қарамауымыз керек. Оларға өмірлерін сақтау үшін босқындыққа ұшыраған, отанын-панасын іздегендер деп қарайық. Халық тілегін қабыл алуыңызды сұраймыз!

  • Ашық хатқа халық жазушысы Қабдеш Жұмаділов пен мемлекет және қоғам қайраткері Балташ Тұрсымбаев бастаған азаматтар қол қойған: Марат Тоқашбаев, Рысбек Сәрсенбайұлы, Ермұрат Бапи, Еркін Рақышев, Жанболат Мамай, Ырысбек Тоқтасын, Ербол Дәулетбекұлы, Әлімхан Жұмабек және басқалар.

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн