Инга ИМАНБАЙ: Жанболат биліктің жобасы болғанда, МЕН ОҒАН ҚАРСЫ ШЫҒАР ЕДІМ

– Бұл сұхбатымызды Жанболатты «пробацияға» шақырған мәселеден бастайық: ол шақыртудың соңы не болды? Биліктің шабармандары Жанболатқа не қылмадың, не бүлдірдің деп жатыр?

– Жанболат түрмеден шыққан екі жылдан бергі уақытта тұрғылықты мекен-жайы бойынша Қарасай аудандық пробация қызметінде есепте тұр. Заң бойынша, ол сағат түнгі 10-нан таңғы 6:00 аралығында үйде болуы керек. Қаланың сыртына рұқсатсыз шығып кетуіне болмайды. Шетелге баруға мүлдем тыйым салынған. Айына бір рет пробация қызметіне барып, тіркеуден өтіп тұруы қажет. Міне, негізгі талаптар осындай. Айына 2-3 рет келіп, түнде тексеріп кететіні тағы бар.

Бірақ, екі жыл екі айдан бері оны бірде-бір рет күндіз тексермеген еді. 10 қарашада – сенбі күні сағат түскі 2-де пробация қызметінің басшысы, орынбасары, инспектор келіп, оны тексеруге келді.

– Жау қуып келе жатқандай, үшеуі бірден келді ме?

– Иә! Сол жерде Жанболат үйде жоқ деп қағаз жаздырды. Ал ол кезде Жанболат Алматыда өтіп жатқан митингіде еді. Жастарды қолдайын, оқиғаны өз көзіммен көрейін, азаматтардың құқығы бұзылмауына септігімді тигізейін деген еді. Содан кешкі сағат сегіздерде пробацияның қызметкерлері қайта келді. Жанболаттың қолына шақырту (повестка) ұстатып, дүйсенбі күні сағат 10-ға келуді талап етті.

Заң бойынша, олардың «повестка» тапсыруға құқы да жоқ еді: ондай құзірет тек тергеушілер мен сотта ғана. Оның үстіне, Жанболат әлде бір іске күдікті не болмаса куәгер емес. Пробация қызметі телефонмен шақырса да жеткілікті, Жанболаттың оған бару – міндет. Міне, осыған байланысты, Жанболатты қамап тастай ма деген күдік туындады. Дүйсенбі күні бір топ азаматтар Қарасай аудандық пробация қызметіне бардық. Сүйтсек, Жанболатты «күткен» полиция сол күні «жабық есік» күнін жариялап, одан басқа ешкімді қабылдамайтын етіпті. Жанболат ол жерге қорғаушысы Жанар Балғабаевамен бірге барды. Олардың алдына Қарасай ауданының пробация қызметкерлері емес, Талдықорғаннан Алматы облыстық пробациясының басшысы, подполковник Ержігітов шығып, Жанболатқа олардың артатын кінәсі жоқ екенін, оның заң бұзбағанын, ешкім де қамайын деп жатпағанын айтқан. Демалыс күндері үйде отыруға міндетті еместігі де айтылған.

– Олай болса, пробация қызметкерлері сенбіде күндіз неге үйге келгенін айтпады ма?

– Бұған Ержігітов мырза: «Олар сіздің үйіңіздің жанынан өтіп бара жатқан болар…» деп жауап қайырған екен. Осылайша, қоғамдық пікірдің, халықтың қолдауының арқасында биліктің Жанболатты қамамақ ниеті жүзеге аспады. Бірақ, тынышталатын пробация жоқ: олар келесі күні жұмысқа келіп, Жанболаттың жұмыс кестесін тексеріп, қай уақытта қызметте болатынын көрсететін анықтама сұрап отыр. Яғни, жұмыстан тыс уақытта ол үйде отыруы керек дегенді айтқысы келеді. Қолдарынан келсе, полиция Жанболатты үйден шығармай, «үйқамаққа» алудан кетәрі емес. Әрине, бұл биліктің тапсырмасымен, саяси себептермен жасалып отырған әрекет. 

Инга бике, әлеуметтік желілерде сіздің шыр-пыр болып жүргеніңізге қарап отырғанда, ең алдымен мынадай сұрақ туады: күйеуі оппозициялық саясатпен айналысқан басқа әйелдер баласын бағып, тып-тыныш үйінде отыр ғой – сіздің жанталасып жүруіңізде не мән-мақсат бар?

– Бастапқыда мен партиялық жұмысқа араласпаймын, адам құқығы Бюросындағы қызметіммен шұғылданамын деп ойладым. Жанболат та мені партиялық жұмыстан гөрі, өз шаруаммен айналысуымды сұрады. Бұл жоспарды билік бұзды. Мысалы, облыстарда өтетін кездесулерге Жанболаттың өзі шығуы керек еді. Алдымен батыс облыстарынан бастайық деп шештік.

Бірақ, біздің ісімізге тағы да билік араласты. Жанболат Орал, Ақтөбе, Атырау мен Маңғыстауға бару үшін пробацияға ескертіп, Алматыда бірнеше күн болмайтыны туралы арыз жазды. Осыған дейін басқа қалаға барғысы келсе, арыз жазатын да, сол жердің пробациясына тіркеліп, емін-еркін барып келетін. Бұл жолы пробациядағылар оны Алматыдан шығарудан бас тартты. «Қазір қауіпсіздік шаралары күшейтілді, шығара алмаймыз, қаласаңыз сотқа арыз жазыңыз» деумен шектелді. Яғни, бұдан саяси шешімнің иісі аңқиды. Себебі, биліктегілер протестік жігері басым батыстағы азаматтармен Жанболаттың кездесуінен сескенді. Адам да көп жиналар еді бұл кездесулерге. Осыны сезсе керек, билік бұл жоспарымызға тосқауыл қойды.

Енді амал қандай? Әрине, Жанболаттан басқа да елді аралауға дайын азаматтар бар арамызда. Сондықтан, батыстағы азаматтардан сұрадық: «Жанболат шыға алмайды, тікелей эфир арқылы қосылады, сіздер кімнің келгенін қалайсыздар?» деп. Олар мені және Ғалым Агелеуовты атады. Себебі, Ғалым баяғыдан Жаңаөзен мәселесімен айналысып, олар туралы фильм түсіріп, Маңғыстау мұнайшыларының жағында жүрген азамат. Осы себепті, Жанболаттың саяси шаруасына менің араласуыма тура келді. Үйде «тып-тыныш отырып, бала бағуды» қоя тұруым осыдан туды…

Ғалым екеуіміз алдымен Оралға бардық. Ол жерде өткен жиында азаматтар белгілі бард-жырау Жанат Есентаевты штаб төрағасы етіп сайлап, ол бізбен ары қарай батысты аралауға қосылды.

– Бұл енді, партия құрудың ұйымдастырушылық жағы. Ал енді сіздің әлеуметтік желідегі белсенділігіңізге келейік…

– Негізінен менің үйде отыра алмай, саяси іске араласуыма Жанболатқа жабылып жатқан жала да себепкер болды. Облыстарды аралап, халықтың қолдауына ие бола бастап едік, Мұхтар Әблязов бастаған топ бізге қарсы шығып, нақақ жала жапты. Ешқандай дәлелсіз, негізсіз, жаптым – жала, жақтым – күйе болуда. Бір таңданғаным – бір кездері не болса да бірге болайын, ағамды қиындыққа қалдырмайын деп, түрмеге бірге түсіп, қасында болған Болат Атабаев Жанболатқа тас лақтырғанда, үндемей отыра алмадым. Сондықтан, белсенді түрде шындық үшін дауға араласуға тура келді.

Ал негізінен бізде партияны ұйымдастыру жұмысын атқаратын адамдар аз емес: әзірге көпшілігі көзге көріне бермейтін «қара жұмысты» атқаруда. Күнделікті келіп жатқан азаматтармен сөйлесудің өзі оңай жұмыс емес. Адамдармен тіл табысып, ортақ мәселені қозғап, тынымсыз жұмыс істеу керек. Осы істі адал атқарып отырған азаматтар бар ортамызда. Бұл орайда «ДАТ» газетіне алғыс айтқым келеді: газеттегі біздің хабарламаны оқып, бізге келіп жатқан белсенді адам аз емес! Ол да сіздердің тәуелсіз басылымның танымалдылығын әрі абыройының жоғары екенін көрсетеді.

– Алғысыңызға рахмет!… Ал «бір жастықта» жата-жастана партия құру туралы өз ойын Жанболат талай айтқан шығар – бұл идея оған қалай пайда болды?

– Өзінің жұмысы, саяси күресі туралы Жанболат барлығын айта бермейді. Саясат, қоғамдық қызмет – бір бөлек, отбасы – бір бөлек деп ойлайды. Мен де қазбалап, ештеңе сұрамаймын: ондайды Жанболаттың жақтырмайтынын жақсы білемін.

Ал партияға қатысты идея Жанболаттың айналасында баяғыдан айтылып келе жатқанын білемін. Ортақ таныстарымыз сөз арасында болсын — қашан жастар болып, партия ашамыз, қашан саяси күреске көшеміз дегенді талай айтып жүрді. Одан кейін білесіздер, ЖСДП-ға қатысты мәселе көтерілді. Ермұрат Бапи ағамыз ЖСДП төрағалығына Жанболатты ұсынғысы келгенін, бірақ биліктің араласуымен бұл жоспардың жүзеге аспағаны белгілі. Содан кейін-ақ Жанболат, Сергей Дуванов және басқа да азаматтар ашық күреске шығып, жаңа партия ашу қажеттігін түсінді. Өкінішке қарай, Сергей Владимирович қазір АҚШ-та, сондықтан саяси процеске ашық араласа алмай жүр. Дегенмен, ол да келіп, Жанболатпен бірге партия құру ісінде бірге болады. Қысқасы, идея — бүгінгі өмірден, елдегі жағдайдан туындады. Халықты біріктіретін, басын қосатын, бүгінгі жүйеге ашық қарсылық білдіре алатын күш керек екені айқын. Міне, Жанболат сол идеяны көтеріп, жаңа саяси партия құру қажеттігін ашық жариялады.

– Тағы да сол әлемжеліде «Жанболат – биліктің жобасы» деген долбарды дабыра еткендер туралы не айтар едіңіз? Бұл жалбаса жаныңызға бата ма?

– Әрине, батады! Сол үшін де күйіп-пісіп жүрмін. Егер Жанболат биліктің жобасы болып, оны Ақордаға жақын топтар қаржыландырса, бұл туралы бірінші мен білер едім. Ол өзі айтпас, бірақ мен ашық айтайын: оның басында бір емес, бірнеше несиесі бар қарапайым адам. Егер биліктен қаржы келіп, партия ашу ісі биліктің жобасы болса, бірінші сол қарыздан құтылмас па еді? Мініп жүрген көлігіне дейін несиеге алынған. Жанболат партия ашамыз дегелі біздің отбасылық тұрмысымызда да өзгеріс жоқ. Сол баяғы қалпымызда өмір сүріп жатырмыз.

Егер Жанболат биліктің жобасы болып, халықты алдамақ ниеті болса, мен бұған бірінші болып қарсы тұрар едім. Себебі, Қосановтың жағдайы көз алдымызда: 20 жыл жинаған абыройын бір түннің ішінде құртты. Қаншама қарғыс айтылды, халықтың оған жазбағаны жоқ. Осының бәрін көріп тұрып, биліктің кезекті жобасы болса, мен Жанболатқа өзім-ақ қарсы шығар едім. Оның абыройы мен беделі үшін. Оның болашақ өмірі үшін. Біз отбасымызбен айға не аспанға ұшып кетпейміз. Шетелде күтіп тұрған ешкім жоқ. Қазақстанда өмір сүреміз. Балаларымыз бар. Ертең олар ержеткенде, біреулер «әкең сатқын» деп тұрса, Жанболат қайтер еді? Жерге кірерге тесік таппайды!

Сондықтан, ондай опасыздықтың исі сезілсе, мен-ақ оны тоқтатар едім. Осыны біле тұра, біреудің Жанболатты қаралағаны, әрине жанға батады. Жанболаттың өзі де Әблязовтан, Атабаевтан мұндай опасыздықты күткен жоқ. «Мұхтарға қатысың бар деген күдікпен бір емес, екі рет қамалдым, мұның айтып отырғаны несі?!» деп, Жанболат жанын жеп жүр. Атабаевтың жапқан жаласы да ауыр тиді: ол кісі біздің үйімізден талай дәм татып, дастархандас болған адам. Тіпті көрші де тұрды. Түрменің кермек дәмін бірге татты. Бір үзім нанды бөлісіп жеген адамы. Мәселенің ақ-қарасына бармай, Болат ағаның тарпа бас салғаны Жанболатқа түсініксіз болды.

Бірақ, Жанболаттың «жоба» деген далбасаға бола күйзеліп жүретін уақыты жоқ. Алда атқаратын көп ісі көп, қазір оның бір минут артық уақыты жоқ. Күнде кездесулер, телефонына тыным жоқ, интернет конференциялар. Хабарласып, келіп, қолдап жатқан кісілер көп. Жанболат күреске, жеңіске жетуге сақадай сай тұр. 

– Партияны ұйымдастырушы топтың батыс облыстарға сапары туралы айтқанда, әдетте халықтық бастамалардың бір ошағы саналатын, билікке қарсы наразылық шаралары жиі өтетін Маңғыстау өңірі сіздерді «жұмыртқамен қарсы алуы» қызық болған екен…

– «Жұмыртқашылар» қарапайым халықтың ішінен шыққан адамдар емес, биліктің арандатушылары. Жағдай былай болды. Бір келіншек орнына тұрып: «Жаңаөзен оқиғасы кезінде қайда болдыңыз?» деді. Біз оңан: «Жаңаөзен халқының қасында болдық» деп жауап бердік.

Расында да солай еді. Жеті ай бойы мұнайшылар наразылықта тұрғанда мен «Жас Алаш» газетінің журналисі ретінде, Жанболат – қоғам белсендісі ретінде халықтың ортасында болдық. Жаңаөзен қырғынынан кейін біз мұнайшыларға гуманитарлық көмек беру қорын құрдық. Шамамен 2 миллион теңгедей ақша жинап, атыс кезінде жардап шеккен мұнайшыларға көмек көрсеттік. Қиналған, көмек сұраған отбасыларға жәрдем жасадық, қолымыздан келгенше. Әрине, ол халықтың ақшасы. Бірақ, сол мәселені көтеріп, біз жұмыс ұйымдастырдық. Жаңаөзенді қолдау үшін арнайы сайт аштық. Жаңаөзен фотокөрмесін Алматыда өткіздік. Халықаралық қауымдастық алдында бұл мәселені көтердік. Мұны мұнайшылар біледі. Сол үшін жиналғандар бізді жақтап: «Қолдаймыз, біз сіздер жасаған көмекті білеміз!» деп, шулап кетті. Осы кезде жаңағы қыз…

– Қыз емес, әумесір әйел сияқты ғой…

– Кім екенін ит білсін?! Содан ол кикілжіңге «арнаған» жұмыртқасын бізге қарай лақтырды. Мұнайшылар оны залдан шығарып жіберді. Артынша тағы бір жігіт қашып бара жатып, жұмыртқа лақтырды. Жиналғандар оларды біліп отыр: «бұлар биліктің «титушкалары» дейді. Арнайы ұйымдастырылған арандату болды. Алдағы уақытта осындай арандатулар көбейетіні анық. 

– Жалпы, батыс аймаққа сапар барысында көзіңіз жеткен не бар: елді тақырға отырғызып кеткен президенттік сайлаудан кейін, халықтың партия құруға, елді өзгертуге деген құлшынысы қалай екен?

– Қолдау өте күшті болды. Оны Фейсбуктағы тікелей эфирден, сурттерден де көрген боларсыз. Егер Жанболаттың өзі тікелей барғанда, бұдан да көп адам жиналар еді деп отыр жергілікті азаматтар. Біздің партияны ұйымдастыру комитетіне батыс облыстардағы оппозициялық белсенділердің барлығы дерлік қосылды. Оралдан – Жанат Есентаев, Исатай Өтепов, Асқар Шайғұмаров, Мақсат Айсауытов, Атыраудан – Талғат Аян, Әсел Нұрғазиева, Әлібек Мұсаұлы, Ақтөбеден – Бақыт Жаншаева және басқалары, Жаңаөзеннен – Нұрлыбек Нұрғалиев бастаған азаматтар Жанболаттың идеясын қолдап шықты. Ақтауда 30 шақты адам келіп, бізге қосылуы керек еді, олардың көбін қорқытып, жиын өтетін орынды полицияға толтырып тастапты. Бірақ, Ақтауда да қосылғандар бар. Азаматтар бізді ашық қолдап отыр. Қатарыңызда боламыз, бірге жұмыс атқарайық деген адамдар жер-жерден хабарласып жатыр. Қолдау өте күшті.

– Фейсбукта жариялаған жазбаларыңыз бен фотосуреттерден байқалғаны – облыстардағы партия ошақтары (штабтары) негізінен кілең жастардан құрылған екен: бұл елді өзгертуге құлшынысы мол жаңа ұрпақ бой көтергенін білдірмей ме?

– Дұрыс байқапсыз! Алматыдағы штабқа да жастар көп келіп жатыр, қосылғысы келетін, елді өзгерткісі келетін ұрпақ өсті елімізде. Қарап отырсақ, мен 1989 жылы дүниеге келіппін. Сол кезден бастап, Назарбаев тақта отыр. «Президенттіктен кеттім» дегенімен, билік тағын әлі босатқан жоқ. Менің замандастарым өмірге келген күнінен бастап, Назарбаевтан басқа басшы көрмеді.

Ал оның режимі не істеп отырғаны белгілі: жемқорлық, ұрлық-қарлық, репрессия. Бұдан шаршадық па? Әрине, шаршадық! Бұдан құтылатын заман келді. Қашанғы Назарбаевтың билігіне қарап отырамыз?! Билікті өзгертіп, оны қолға алатын уақыт жетті ғой. 30 жас — ел басқаруға лайықты кез деп ойлаймын. Алтынбек Сәрсенбайұлы ағамыз 30 жасында министр болды. Ғалымжан Жақиянов сол жасында облыс әкімі болған жоқ па? Австрияда Курц 31 жасында канцлер болып сайланды. Неге Қазақстанда сондай өзгерістер болмайды?

– Ел ішінде соңғы пайда болған протестік күштер – «Оян, Қазақстан», тәуелсіз бақылаушылар, «Республика» деген қозғалыстар туралы сөз бар ма? Әлде бұның бәрі әлеуметтік желінің ғана әңгімесі ме?

– Олардың да қоғамда алатын орындары бар екені анық. Біз тәуелсіз бақылаушылармен тығыз қарым-қатынастамыз. Олардың белсенді мүшесі Арайлым Назарова біздің қатарымызға келіп қосылды. Арайлымды біз 10-12 жылдан бері білеміз: «Рух пен тіл» клубында бірге жұмыс атқардық. «Оян»-мен  де, «Республикамен» де қарым-қатынасымыз жақсы. Әсем Жапишевамен араласамын, елде өзгеріс болсын деген жастардың бірі. Егер олардың қолынан партия құру келіп жатса, біз оған қуанар едік. Түптің-түбінде оппозициялық көзқарастағы барлық азаматтармен көзқарасымыз бір: елде демократиялық реформалар болуы тиіс. Бүгінгі іріп-шіріген жүйенің орнына әділетті, таза билік келуі керек!

– Айтпақшы, бұл партияда «ескі оппозицияның» рөлі қандай болмақ? Бұл жөнінде сіздерде қандай ұстаным бар?

– Өз басым «ескі» не «жаңа» оппозиция деп бөлуге қарсымын. «Ескісі» қай кезден басталады, «жаңа» толқын дегені кімдер? Бұл биліктің саяси технологтары ойлап тапқан, қоғамды жік-жікке бөлудің әдісі ме деп ойлаймын.

Сосын, біздің елде «жаңа оппозиция» шықты, жоқ жерден пайда болды деп айта алмаймын. Мұхтар Әблязов, мысалы. Ол «жаңа» оппозиция емес, баяғыдан бері жүрген адам ғой. Рысбек аға Сәрсенбай, Ермұрат аға Бапи, Төлеген Жүкеев ағамыз, Балташ Тұрсымбаев ағамыз — бәрі баяғыдан келе жатқан оппозиция қайраткерлері.

Ал «жаңа» оппозиция деген кімдер? Әрине, қарсылық танытып, билікке наразылар көптеп шығып жатыр. Бірақ, олар да сол «ескі» оппозиция еккен дәннен өсіп шығып жатқан азаматтар! Қарап отырсақ, құрамында Сергей Дуванов болған «РНПК» партиясы «Казахстан без Назарбаева!» деген тезисті осыдан 20 жыл бұрын көтеріпті. Серікболсын Әбділдин ағамыз Назарбаевқа 25 жылдан бері қарсы шығуда. «ДАТ» газеті 98-ден бастап, Назарбаев кетсін деп жүр. Ал сол ұран дәл қазір де өзекті. Жастар оның атауын «Шал, кет!» деп өзгерткені болмаса, формасы сол баяғы күйі. Бұл ұранды көпшілік қолдап отыр. Осының өзі-ақ «ескі» мен «жаңа» оппозиция арасында айырмашылық жоғын дәлелдейді.

Ал оппозиция ардагерлерінің партиядағы рөліне қатысты біздің ұстаным былай: билікке наразы барлық азаматтарды бірге болуға шақырамыз! Солай ғана жеңіске жете аламыз.

– Әрине сіз тағы да сол басқа әйелдер сияқты өз күйеуіңіз турасында алабөтен сөз айта алмассыз… Дегенмен Жанболаттың қоғамдық-саяси өмірі, журналистикалық жолы біраз жұртқа мәлім болса да, оның тұрмыстағы тірлігі беймағұлым: Жанболат отбасында қандай қожайын?

– Ол балаларды өте жақсы көреді. Оларға бар көңілін, назарын аударады. Әке-шешесін қатты ойлайды. Мінезі ауыр, сыр сақтауға берік. Жалпы, өте қарапайым, ашық адам дер едім. Қандай жетістікке жетсе де, ешқашан асып-тасымайды. Мақтану деген бойында жоқ. Жанболат байлыққа, дүниеге қызықпайды. «Елдің көзіне тік қарап, халықтың ортасында өз сыйыммен, абыройыммен жүрсем» деп отырады.

Сосын өзіне үнемі сын көзбен қарайды. Бірдеңе үйреніп, білімін толықтыруға ұмтылысы жақсы. Соңғы жылдары спортпен белсенді шұғылданады, бірақ партиялық жұмыс басталғалы уақыты тапшы. Біздің үйде соңғы сөз қашан да Жанболатта. Мәселені ортаға салады, ақылдасады, бірақ, негізгі шешімді өзі қабылдайды.

– Айтпақшы, сөз соңында бір әзіл аралас сұрақ: партия құрылып, ол тіркеуден өтіп жатса, сіз партияның «бірінші ханымы» боласыз ғой?

– Бұл сұраққа жауап беру қажет емес шығар… Себебі, барлық мәселені шешетін съезд: халық Жанболатты сайласа, ол төраға болады. Ал партияның «ханымы» болу маған мәнсап емес. Ең үлкен орным – Жанболаттың жары, балаларымыздың анасы болу!

– Ендеше, іске сәт, Инга бике! Ниет түзу болса, халықтан қолдау болары нақ.

Бақытгүл МӘКІМБАЙ,

«D»

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн