Мал дәрігері маман ба, БАРЫМТАШЫ МА?

  • Соңғы кездері «малың ауруға шалдыққан» деген желеумен ауыл тұрғындарының малын қорасынан алып кету оқиғалары тым көбейіп кетті. Бірден айта кетейік, біз ветеринария саласында адал қызмет жасап жүрген мал дәрігерлері қауымына күйе жағудан аулақпыз. Өйткені біздің елде мал дәрігері болсын, адам дәрігері болсын, екеуінің де жағдайлары мәз емес. Дегенмен, жанайқайымен редакциямызға келіп, араша мен әділет іздеген қарапайым ауыл қазағының жағдайына немқұрайлық таныта алмағандықтан, осы тақырыпқа қайта оралдық.

Мал дәрігерлері малын ауруға шығарған Шу ауданының тұрғыны Таңатар Егізбаев редакциямызға келіп, өзі де, малы да бастан кешкен мұңын шақты:

«Шу ауданынынң ветеринария басшылығымен дауласқаныма бір жылдан асты. 2018 жылдың 29 тамызында ауданымыздың мал дәрігерлері қорадағы қойымды тексереміз деп, қан алып кеткен еді. Кетіп бара жатып, «тексеру нәтижесінде малыңыздан ауру шығып жатса, сол малыңызды алып кетеді» деп ескертті. Арада бір апта өткенде, Сырымбетов деген маман келіп: «Бір қойыңыз ауру екен, бруцеллез болып шықты», – деді.

Осыған дейін халық ішінде «мал дәрігерлері жүз бастан бір бас семіз малды алып кетеді екен» деген сөзді жиі еститінмін. Менің жағдайым да соған келіп тұрғанын сездім. Өйткені қорадағы тоқсан қойымның ішінен бір қойды алып отыр. Құлағындағы сырғасы бойынша қарап едік, ел айтқандай-ақ, қойымның ішіндегі ең семізі болып шықты. Сондықтан бірден күдік келтірдім де, жағдайдың ендігі жолын сұрадым.

Маған түсіндіргені бойынша, ауру мал үшін өтемақы төленеді екен. Бірақ, өздерінің ережелеріне сәйкес, мал шұжық цехына өткізіліп, жойылуы тиіс. Қалай болса да, төленетін ақша, малдың шын құнынан әлдеқайда аз.

Енді қараңыз, бір қорада, бір өрісте, бір жем-шөп, бір су ішіп жүрген тоқсан қойдың ішінен неге бір ғана семіз қой бруцеллез болып шығады?! Сондықтан өзіміздің ауданның ветеринария саласының басшысы Ниязбековке кірдім. Мал дәрігерінің «қойың ауру» деп беріп кеткен құжаты қолымда. Оған: «Қазақ қой бағуды кеше бастаған жоқ, бруцеллезге шалдыққан қой қозы тастайды», – деп айттым.

Ал менің қойымның қозысы еміп жүр. Қойдың өзі дәу, семіз деген дәлелдерімді айтып едім, ол лабораторияның нәтижесіне жүгініп, қан алған мал дәрігерлері мен оған сараптама жасаған лаборатория бір-біріне қатысы жоқ мекемелер деп ақталды. Сондықтан малыңыз ауру деген сараптама нәтижесі дұрыс деп, бой бермеді. Мен оған келіспедім. Сол қойдан қайтадан қан алып, екінші рет тексерулерін талап етіп едім, заң бойынша біз сараптаманы қайталап жасамаймыз, ереже солай деді. Мен айтып отырған ережесін көрсетуін сұрадым. Маған көрсеткені 2002–2014 жыл аралығында пайдаланылған ереже екен. Онымен мұқият танысып шыққан соң, әлгіге қанды қайта алуға болмайды деген жерін таба алмадым дедім де, қойымды бермей қойдым. Олар маған қойыңды бермесең, айыппұл саламыз деп қорқытты. Сонымен арамыздағы дау-дамай бір айға созылды.

Ақыр соңында өзіміздің жергілікті ветеринария саласына сенбегендіктен, қажетті шығынды өз қалтамнан шығарып, әлгі қойдың екінші сараптамасын Алматыда жасатқыздым. Қойдан қан алған кезде жергілікті мал дәрігерлері кәдімгідей комиссия құрып, қан алып, оны жауып, «пешаттап» берген-ді. Басында қанды Алматыға поштамен жіберейік деді. Мен көнбедім. Өйткені поштада қанды ауыстырып жібере ме деп ойладым. «Мөрлерің тұр ғой, неге қорқасыңдар, менімен бірге сендердің қызметкерлерің де ілесіп барады», – дедім.

Сонымен, Алматыға келіп, сараптама жасайтын орталыққа әлгі «ауру» қойымның қанын өткіздік. Өздерінің белгіленген тиесілі ақшалары бар екен, оның бәрін өзім төлеп шықтым. Өйткені өз болжамым дұрыс екеніне сенімді болдым. Орталықтың жасаған сараптамасының қорытындысы да менің күдігімнің орынды болғанын дәлелдеп берді. «Ауру» қойым сап-сау болып шықты.

Осыдан кейін өзіміздің ауданның ветеринария басшылығына келіп, «әу баста, мен сұрағандай, сараптаманы өздерің Шуда жасағандарыңда, сендерден ешнәрсе талап етпес едім. Ал енді Алматыда жасаған сараптаманың шығынын төлеңдер» деген талап қойдым. Олар көнбеген соң, әділдік іздеп, сотқа жүгіндім. Оның үстіне, кейін белгілі болғандай, малға сараптаманы екінші рет жасауға болмайды деп айтқандары да өтірік болып шықты.

Әлі күнге дейін маған шығынымды ешкім өтеген жоқ. Мәселе тіпті менің шығынымда да емес. Мәселе осындай жағдайдың орын алып, кең етек жаюында болып тұр. Ауыл халқы сенгіш болып келеді. Оның үстіне өз құқықтарын қорғауға осал. Осыны пайдаланып, кәсібіне адал емес ветеринария мамандары ауылдағы қара халықтың есебінен пайда тауып отырғанға ұқсайды».

Pедакциядан:

«Адамды ұры десең, оның ұры екенін дәлелдеуге міндеттісің» демекші, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров пен ҚР Ветеринариялық бақылау комитетінің төрағасы Арман Өтеғұловтан: егер сіздердің қарамағыңыздағы қызметкерлер малды ауру десе, оның ауру екенін дәлелдеп беруін сұраймыз. Теріс жағдайда қарапайым адамдарды алдап, қорадағы малын алып кету – барымташылықтан ешбір кем емес ұрлықтың «заңмен рәсімделген» түрі деп білеміз.

Азамат ШОРМАНХНҰЛЫ,         

«D»

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн