НАЗАРБАЕВ ҚАЙТЫП КЕЛЕ МЕ?

«Уатсап» желісі арқылы төмендегідей хабар тарап жатыр

(қаз-қалпында):

Говорят, 5 марта на политсовете партии «Нур-Отан» Нурсултана Назарбаева всерьёз попросят вернуться на пост президента, и он великодушно согласится во имя нации. 

Именно поэтому сейчас некими силами активно нагнетаются конфликты в Казахстане. События в Кордае, Тенгизе, Зайсане активно транслируются, чтобы очернить Касым-Жомарта Токаева. Мол, Токаев не справился и только Назарбаев может навести порядок в стране. Говорят, что всё идёт к тому, что елбасы снова возглавит официально страну.

Осы ақпаратта айтылған мәселеге байланысты қоғам өкілдерінің арасында сауалнама жүргізіп, жауабын оқырман қауымға ұсынып отырмыз.

  1. Сіз Нұрсұлтан Назарбаевтың президенттік постқа қайтып келу мүмкіндігін қалай бағалайсыз?
  • Егер «Нұр Отанның» саяси кеңесінде осы мәселе қозғалып, бұл жағдай саяси науқанға айналатын болса, Қазақстан халқы жаппай қарсылық қозғалысына шығуы мүмкін бе?

Мұхтар ТАЙЖАН, қоғам қайраткері:

1.Нұрсұлтан Назарбаев президенттік лауазымға қайта оралады деген өсекке сенбеймін, мүмкін емес. Биыл 80 жасқа келетін адам. Президенттік лауазым бір кетіп, қайтып келетін ойыншық лауазым емес қой.

2.Екіншіден егер Назарбаев қайтадан президенттікке келсе, халық наразы болып, көшеге шығатыны – фантастика. Келсе шығады деп, сенімді түрде айта алмаймын. Халық мұхит сияқты, тып-тыныш қалыпта тұрғанымен, ертеңгі күні алас ұрғандай толқымасына кім кепіл?

Қуаныш ЕДІЛХАНТЕГІ, әлеуметтік желі белсендісі:

1. Нұрсұлтан Назарбаевтың президенттік постқа қайтып келуі мүмкін емес сияқты, өйткені егер сондай жағдай бола қалса, ол мемлекеттілікке деген сенімнің мүлдем жоғалып, оның құрып кетуіне әкелер еді. Қазір сырт көзге болса да, халық екі басқару орталығына көндіккендей болып отыр, алайда мұндай жағдайдың тым ұзақ мерзімге сақталып тұра алмасы да айқын. Елде бір басшы болмай, тәртіп болмайтыны көзге көрініп тұр – ірі дәрежедегі шенеуніктер кімге бағынарын білмей, сасқалақтаушылық бар сияқты болып көрінеді. Тоқаевтың көптеген жақсы бастамаларының орындалмай, аяқсыз қалып келе жатқаны – осы жағдайдың анық көрінісі. Назарбаевтың премьер-министр болу мүмкіндігі түгелдей Конституцияны қайта қарауға алып келеді. Онсыз да мыңдаған түзетулер енгізілген Конституция Назарбаевтан кейін қайта қабылданатыны айқын.

2. Дегенмен де, Назарбаев президенттік постқа қайта келетін болса, бұл халық арасында, сондай-ақ ірі шенеуніктер арасында да қолдау таппайтыны анық. Ал халық жаппай көшеге шыға ма, шықпай ма – оны тап қазір дәл болжау қиын. Халық мұны үнсіз іштен тына қабылдауы да мүмкін немесе бұрқ етіп, бірден көшеге шығып кетуі де мүмкін. Бірақ үнсіз іштен тына қабылдау деген – халық сол шешімге көнеді, қарсы емес деген сөз емес. Басқарудың 30 жылғы нәтижесін көзбен көріп отырған халықтың мұндай рокировкаға наразылығы күрт өсетіндігі жай көзге көрініп-ақ тұр.

Мирболат МЫРЗАТАЙҰЛЫ, журналист:

1. Нұрсұлтан Назарбаев де-юре Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы, тұңғыш президент, елбасы. Одан артық оған қандай атақ-даңқ қажет? Де-факто ол қазіргі қуыршақ президенттің үстінен қарап, қажет жерінде жіптен тартып, ойнап отыр. 30 жыл бойы қалыптасқан саяси жүйеде «қосылғыштардың орнын өзгерткенімен, қосынды өзгермейді» деген темірқазықтай қағида қалыптасқан. Оны жемқорлыққа әбден малынған биліктегілер өлсе де өзгерткісі келмейді. Жемқорлықтың тамыры тым терең жайылғаны соншалық, кез келген мемлекеттік қызмет жағалағандар үшін ол «кәсіптің» бір көзіне айналды. Ал мұндай сатқын жүйенің ғұмыры ұзаққа бармайды. Тіпті мемлекеттің жойылып кету қауіпі бар. Қазір қара қытайдың қазақ жерін біртіндеп жаулап жатуы – соның бір көрінісі ғана. Ресейдің үстемдік құру саясаты астарында да сол жемқорлық жатыр. Әйтпесе ары таза адам «әрі жүр» деп өз халқының мүддесі үшін әлдеқашан ашық айта алар еді. Сатқын биліктің көмекейіне көк қағаз тығылып, жақша ішінде «инвесторларға» үні шықпай қалғаны қашан. Ал өзінің құқығын талап еткен қара халықты қамап-жаншудан алдарына жан салмайды. Менің ойымша, Назарбайдың қайтып келуі екіталай. Қазіргі жағдай Назарбай үшін өте қолайлы. Соңғы уақытта қазақ қоғамында орын алған түрлі келеңсіздіктерге оның «еш қатысы жоқ». Бәріне Тоқаев кінәлі.

2. Егер қайтып келсе, бар жағдайға өзі жауап беруіне тура келеді. Оның үстіне селкілдеп сексен жас та келе жатыр. Сондықтан халықтың көптен бергі арманы парламенттік республика құрамыз деп билік басына Дариғасын әкелуі де мүмкін. Әзірге ҰҚК-нде отырған Самат Әбіштің де ертең жарқ етіп шығуы ғажап емес. Қалай десек те, «президенттікке әркімнің бар таласы» демекші, түрлі қаржылық топтар да бұл тартысты таласта қарап қалмасы анық. 30 жыл бойы әбден басып-жаншылып, шүкір, тәубеге уланған қазақ билікке қарсы жаппай көтеріліске шығады деп ойламаймын. Қазақ жерінен айырылып, сырттан жау шапса ғана бұрқ ете қалуы мүмкін. Бірақ ол кезде бәрі кеш болады…

Жанат ЕСЕНТАЙ, қоғам белсендісі:

  1. Менің болжауым бойынша, осы жылы 9 наурызга дейін Назарбаев өз отбасынан Дариғаны президенттікке отырғызуы мүмкін. Өзі қайтып келеді дегенге сенбеймін. Сол Қауіпсіздік кеңесінде төраға болып отырады, онсыз да бар билік өз қолында емес пе?!
  2. Егер Назарбаев президенттікке қайтып келетін болса, халық бас көтеріп, наразылыққа шығады. Украинаның астрологы болжағандай, Назарбаев билігі 2020 жылдың аяғы 2021 жылдың көктеміне дейін елден қашады деген еді. Сол болжамның бір шындығы бар сияқты.

Арайлым НАЗАРОВА, қоғам белсендісі:

1. Бұл хабарламаны оқығанда, бірінші ауызға келген сөз: «Құдай сақтасын!». Қазақстандық әр азамат осылай деді-ау. «Нұр Отанның» съезінде бұл жағдай көтерілмейді деп ойлаймын. Біріншіден, «Нұр Отан» президентті тағайындайтын, халық атынан сұрайтындай кім?! Екіншіден, бізде президент тағайындалмайды, сайланады. Еліміздің проблемасын шешу үшін, Назарбаевтың қайтып келуі емес, мүлдем кетуі керек. «Нұр Отан» одан да еліміздің əлеуметтік, саяси, экономикалық, ұлтаралық, тіл сияқты мəселелеріне көңіл аударсын. Ал таралып жатқан ақпарат елдің құлағын қағу деп ойлаймын. Бұл – ешбір логикаға сыймайтын нəрсе.

Сөзсіз солай болады деп ойлаймын. Бұл жағдайда ешкім үндемей қалмас. Соңғы уақытта Қазақстанда азаматтық белсенділік көтеріліп келе жатыр. Қазір көпшілік қоғамдағы жағдайға бейжай қарамай, өз пікірін, ойын жеткізуге тырысады. Егер бұл мəселе көтерілсе, барлық қоғам белсенділері, ешқашан қарсылығын ашық білдірмей жүргендер де қарсылық акцияларына шығады деп ойлаймын.

Ринат РАФХАТ, құқыққорғаушы, қоғам белсендісі:

  1. Құқығы тапталған Қазақты – әлі де қазақтың құқығын таптайтындар басқарып отыр ғой…

Бұл «Уатсаппен» таралған сауалнама болса да, халықтың көкейінде жүрген сауалдар екен. Иә, «Нұр Отан» партиясының 26–27 ақпанда болатын кезекті XIX съезін не себептен наурыз айының 18-не созды? Алаңдатқаны осы болды. Бұған себеп – елдегі азды-көпті наразылықтар және соңғысы Қордай ауданындағы қақтығыс түрткі болды деп ойлаймын. Осы оқиға съезді кері шегеріп, наурыздың 5-не саяси кеңес бюросын өткізуге шешім қабылдатқан секілді. Бұл тағы да мен үшін жаңалық емес. Әдеттегідей, кеңейтілген отырыста күн тәртібіне сәйкес осы уақытқа дейін партияның съездерде қабылданған шешімдерінің орындалу барысы, партия жұмысын жаңғырту, т.с.с мәселелер талқыланады деп ойлаймын. Бұл үйреншікті, халықтың жадында сақталған көне тәсілдері ғой. Сонымен қатар алда өтетін парламент сайлауына партияның қатысуы туралы бір сарындағы сайлау алды бағдарламасы талқыланып, саяси кеңес бюросының мүшелері жаңартылатын болар. Сосын 18 наурызда өтетін съезде партиялық тізім бойынша жаңа құрам жасақталып, сайлауға дайындықты бастайды деп ойлаймын. Сондықтан бұл формальды түрде өтетін партияның «кезекті» жиыны. Себебі қазіргі парламентте жетекші партия – «Нұр Отан» ғой.

Назарбаев кеткен жоқ. Сондықтан ол «келе ме, отыра ма?» деген сауалдар маған маңызды емес. Қазір президент болмаса да, Назарбаев барлық билік тізгінін қолына жинап алды емес пе? Өзі құрған билік жүйесімен отыз жылда Қазақстанды табысты және өркендеген елге айналдыруға қабілетсіз екендігіне бұл күнде саясаттан тыс адамдардың көзі әбден жетті. Айналасында әлі де ескі жүйенің өкілдері басым. Анығында – ол отыр. Сондықтан «Назарбаев келе ме?» деген сұрақ менің ақылыма сыймайды. Ол отыр және бар! Бір жағынан, қоғамдағы қазіргі жағдай ушығып жатыр. Саясат та, тәрбие де, ұлттық идеология да көлеңкеде қалды. Ал ұлттық құндылықтарды жаңғырту ісі әлі күнге қолға алынған жоқ. Ескірген компрадорлық, жемқорлыққа батқан саяси жүйе тоқырау кезеңіне әкелді. Кім кінәлі осыған? Жауабы: Назарбаев құрған саяси жүйе!

  • Бұл тұрғыда көп іс қоғамның өзіне байланысты болады. Дәл қазіргі уақытта қоғамның бұл жүйеге деген наразылығы күн санап артуда. Сондықтан де-факто қарсылық болады деп есептеймін. Күні кеше қазақтың апталдай азаматы, 6 баланың әкесі, елі мен жері үшін шырылдап, түрлі қысымды көрген азаматтық белсенді Дулат Ағаділ бауырымыз өмірден өтті. Сонда көріңіз, ашынған, Дулатты жоқтаған жанашыр халық Назарбаевтан бастап төменге қарай сыбады. Себебі айдың-күннің аманында уақытша ұстау изоляторынан о дүниеге аттануы қабырғамызды қайыстырды. Бұны неге айтып отырмын? Ішкі Істер министрлігі, ҰҚК секілді құзырлы органдардың бәрі-бәрі қазір Назарбаевтың қолында. Адам өліп, қайғы жұтып жатқаннан кейін, еш реформасыз кәкір-шүкір «басшыларын» тауып, ауыстыра салады. Міне, елдің титығына тиіп, ашындыратын осындай жағдай.

Ол парламенттік республика жағдайында сайлауда басым дауысқа ие болған партияның жетекшісі ретінде премьер-министр болу мүмкіндігі де жоқ. Ол үшін ең алдымен бірнеше рет өзгерген Конституцияның (жаман болса да Ата заңымыз ғой) 2-бап 1-тармағында: «Қазақстан Республикасы – президенттік басқару нысанындағы біртұтас мемлекет» дегенді алып тастағанда ғана іске асады. Ал дәл қазіргі уақытта Конституцияның бірде-бір бабын өзгертуге олардың жүректері дауалар емес. Қоғам күн сайын, тіпті сағат сайын толықтай демократиялық режимге көшуді қалап, соны талап етіп отыр.

Ақмарал ҚАМБАРҚЫЗЫ, қоғам белсендісі:

  1. Негізі өсек, лақап дегенге ешқашан көңіл аудармайтын адаммын. Негізсіз болжауларды да ұната бермеймін. Парықтап қарайтын болсақ, елбасының қайтып «тәж» тағынуына мүдде жоқ және заң тұрғысында бұндай мәселе президенттік сайлауда ғана шешіледі. Дәл қазіргі қалыптасқан жағдайда елбасы «тәжге» мүдделі емес, қайта «тәж» елбасыға мүдделі екенін білеміз. Өйткені жаңа президент өз саясатын тек ескі президенттің үйлестіруімен, оның қатаң бақылауымен, соның келісімімен, соның мақсатында ғана жүргізе алады. Елбасы «тәжден» бас тартқанымен, оның тылсым күшін өзімен ала кетті. Ол беделін пайдаланып, елеулі шектен тыс ықпал ету үстемдігін сақтап қалды. 2017 жылы президент Н. Назарбаев конституциялық реформа туралы, парламент рөлін көтеру жөнінде ұсыныс тастағаны есімізде. Жаңа президенттің мемлекеттегі мансапты орындарға тағайындау шешімін ескі президентпен келісіп тағайындауы нағыз орталықтың қайда екенін көрсетеді. Демек, Тоқаев өз өкіметінің мансапты тұлғаларын меңгере алмайды деген сөз. Қазіргі жағдай осыған дәлел. Тоқаев елді «демократияландырамын», – дейді. Ал «Митинг туралы» заң жобасы оның сөздеріне күмән туғызады, Ішкі істер министрлігі оның саясатына қарама-қайшы іс-әрекеттер жасайды. Елде «қос биліктік» орын алды деп сарапшылар баға бере бастады. Бірақ елімізде дәл қазіргі болып жатқан жағдай елде тағы бір үшінші күштің пайда болғанын меңзейтін сияқты. Жаңа президентіміз Тоқаевтың абыройын кеміту, ел алдында беделіне нұқсан келтіру осы күштің іс-әрекетіне меңзейді. Біз парламенттік республикаға жеткенше қай заман? Сондықтан «өлмес Кащей» ертегілерде ғана болатынын жадымызда ұстайық.
  2. Біздің Қазақстан халқы «түйе таптап кетсе де», жаппай қарсылық қозғалысына шықпайтын шығар… Дегенмен, қоғамда «тәжге» ханшайым таласса, жаппай қарсылық туындайды деген сенім де бар.

Дайындаған – Айман ОСПАНОВА,

«D»

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн