«РЕСПУБЛИКА» атты алаңдағы «ҚИНАУ КҮНІ»

2021 жылдың шымылдығын ашқан ҚР парламенті мен жергілікті мәслихаттар сайлауы – халық үшін таңдауы мен қалауы жоқ сайлау болды деп есептеген алматылық қоғамдық белсенділер 10 қаңтар күні сайлауға дауыс беруге емес, Республика алаңында наразылық шарасын өткізуге барған еді. Жанболат Мамайдың Демократиялық партиясы мен «Оян, Қазақстан!» жастар қозғалысы ұйымдастырған сол митингтің ортасында «ДАТ»-тың арнаулы тілшісі де болған еді.

Заңсыз сайлауға бойкот жариялаған ұйымдар межелеген мерзімге Республика алаңына біз де келдік. Күндізгі сағат 12-нің шамасында алаңға енді ғана келген Демпартия мен «Ояншыл» жастар қозғалысының өкілдерін бетперде киген полицияның арнайы жасағы қоршауға алып үлгеріпті. Жасақ сұсты, тұрпаттарынан міз бақпас бетсіздіктің белгісі сезіледі.

Бұған дейін наразыларды қоршауға алудың осы әдісі өткен 16 желтоқсанда алғаш рет қолданылған еді. Бұл полициялық-жазалаушылық әдістің халықаралық атауы – кетллинг. Бұндай тактика тұңғыш рет 1986 жылы Германияда, ал 1991 жылы Ұлыбританияда шерушілерге қарсы қолданылған екен. Арада отыз жыл өте бұл әдістің Қазақстанға келгеніне қарағанда, біздің білім беру мен денсаулық саласы ғана емес, полициямыз да «көштің соңында» қалған екен деген ой туындады.

Полициямыздың енді меңгерген «ноу-хау» әдісіне қарамастан, қоршауда қалған белсенділер алған беттерінен қайтпайтындарын көрсетті. Демпартияның белсенді мүшесі Ырысбек Тоқтасын:

  • «Біз Назарбаевтық жүйенің ұйымдастырып отырған сайқымазақ сайлауын мойындамаймыз! Бұл сайлауға бойкот білдіреміз! Бұл сайлау халықты кезекті рет алдау! Бізге бұндай әділетсіз сайлау мен парламентте ұйықтап отыратын шал-шауқан депутаттар керек емес! Ешнәрсе мәңгілік емес, тарих жаңаланады! Бұл дүние де өтеді, сонда сендермен есеп айырысамыз», –

деп, озбыр «ОПОН»-ға қарата сөз ызғарын сездіріп, наразылық шарасына жиналған жастарды да біраз жігерлендіріп қойды.

Сол арада алдын ала дайындалған бір топ «титушкалар» пайда болды. Араларында Алматы қалалық қоғамдық кеңесінің төрағасы Рахман Алшанов пен бокстан олимпиада чемпионы Ермахан Ыбырайымов бар. Қос бірдей танымал адамның «титушкалық» рөл атқарып, биліктің қолшоқпары болып келгені ерсі көрінді.

Кейіннен белгілі болғандай, бұл екеуі «титушкаларды» бастаған «теке-серкелер» екен. Оларға ерген «титушкалар» тобырында белгілі ақын, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Есенғали Раушанов пен «Алматы ақшамы» газетінің редакторы Қали Сәрсенбайдың төбесі көрінді. «Праймериз» деп аталған парықсыз дабыраның қалың ортасында белсенді болып танылған Қалекеңнің жөні белгілі: ол «Нұр Отанның» нөкері, Алматы қалалық мәслихатының депутаты.

Ал ел арасына есімі етене таныс Есенғали ағаның бұл тобырға қалай қосылғаны бізге жұмбақ болып қалды. Шамасы, жеке баспа кәсіпорыны тендерге тәуелді Есен-ақынға биліктің қолқалауы солай болған шығар, тәуменді тірлігі мәжбүр еткен болар деп түйдік.

Осы төртеудің соңынан шұбырған қатардағы «титушкалар» полиция қоршауында қалған наразылардың сөзін бұзып: «Арандатушылар! Сайлау!» деп ұрандата бастады. Қоршаудағы белсенділер болса: «Бойкот! Қарабеттер!» – деп, өз кезегінде титиған «титушкаларға» жауап қайырып тұрды.

Қоршаудың сыртындағы дарақы тобырдың далбаса дабырасына «Оян, Қазақстан!» қозғалысының жетекшісі Әсем Жапишева жетелі жауап қайырды:

  • «Ертең сендерді Назарбаев, Тоқаевтар, СОБРлар өздерімен бірге алып кетпейді. Сендер бізбен бірге қаласыңдар! Болашақтарыңды ойлаңдар, бізге қосылыңдар!» ­– деп, қаршадай ғана қыз қарсы топқа үндеу тастады.
  • Осы сәтте танымал боксер Ермахан Ыбырайымов (суретте) қоршау сыртынан айқайлап, қазақша айтқанда, «қатын тірлікпен» салғыласып, жастармен сөз таластыра бастады. Артынша бір белсендінің қолындағы плакатты жұлып алып, оны табанда дал-дұл жыртып тынды. Онысы нағыз долының әрекеті болып шықты. Ал қоршаудағылар болса: «Ермахан – қарабет!» – деп ұрандатып, оның алаңнан табан жалтыратуын талап етті.

Жанболат Мамай: «Жаңа ғана өздеріңіз көрдіңіздер, олимпиада чемпионы Ермахан Ыбырайымов бізге қарсы арандату жасады. Ол бұл әрекетін биліктің тапсырмасымен жасап отыр»,деп айтқаны сол еді, «титушкалар» тобыры оның сөзін бөліп, әйгілі «Маугли» мультигіндегі шибөрілердей шулай жөнелді.

Бет-жүзін медициналық маскамен жасырмақ болған Рахман Алшанов (суретте): «Мына жағдайды арандатушылық, ел арасына іріткі салу деп білемін. Осының бәрінің заңды жолдары бар. Неге бұлар осы заңдарымызды орындамайды?!» ­­– деп, БАҚ өкілдеріне сұхбат бере бастады. Микрофон ұстаған бір журналистің: «Осында Жанболатқа қарсы сөйлеп жатқан топ сіздер арнайы әкелінген адамдар ма?» деген сұрағына абдыраған Алшанов: «Провокацияға бармаңдар! Көрдіңіз ғой, балалар жүр ішінде, ертең олар ұрынып қалатын болса, не болады?!» – деп, тура жауаптан қашқақтап, журналистің ыңғайсыз сұрақтарынан құтылуға тырысты.

Қазақтың «тілеуін тілеп, мұңын мұңдап жүрген» Рахман Алшанов мырзаға біздің де көкейде жүрген бір сұрақты қоюдың сәті түсті. «Сіз бүгін осы жерге патриот ретінде келіп тұрсыз ба, өзіңізді патриотпын деп санайсыз ба?» деген сұраққа Алшанов мырза: «Мен қала тұрғыны ретінде келіп тұрмын. Өзім патриотпын!» – деп жауап қайырды. «Олай болса, сіздің ұлыңыз, саясаттанушы Данияр Әшімбаев неге қазақ тілін білмейді, сіз қазақтың патриоты болсаңыз, ұлыңызға ана тілін неге үйретпедіңіз?» деген сұрағымызға «титушкалар» тобырын бастап келген Алшанов: «Енді заман солай болды, мектеп пен университетті орысша оқыдық. Қазір Қазақстанда қазақша білетін адамдардың саны өсіп келе жатыр. Ұлыма да үйрен деп айтып жүрмін»деген шолақ жауаппен құтылуға тырысты. Осындайда алаңға жиналған жастарға айтқан бұл ақылын Алшанов өз баласына неге айтпайды екен деген ой санамыздан сырғып өтті…

Бір кезде «аттандаудың» айғайшысы Амантай қажыны алаң ортасынан байқадық. «Алла тағалам! Қазақстан жасасын! Қайраты, қуаты зор бейбітшілік сақтаған ел болайық! Долой мафию и коррупцию!» – деп, дәстүрлі жаттанды ұрандарын ұрғылап, қажы қалш-қалш ете қалды.

Бір сәтте «титушкалар» тобының арасынан: «Жанболат сатқын!» – деп ұрандатқан бір жас қыз шыға келді. Бұл бойжеткен осы митингке келуінің мән-жайын түсіндіруін сұраған журналистерге: «Мен өзімнің жерімді, елімді жақсы көретін адаммын. Сол үшін келдім осында» десе де, өзінің аты-жөнін айтудан үзілді-кесілді бас тартып, алды-артына қарамай қаша жөнелді. Артынан осы қыздың «Нұрлы жолға түсіңдер!» деп ұрандатып жүргенін бірнеше мәрте байқадық.

Бір кезде бетін тұмшалаған жас жігіт қоршауда тұрған шерушілерге сырттан жақындап келіп, плакаттардың бірін жұлып алып қаша жөнелді. «Қырағы» полиция қызметкерлері болса, дым болмағандай кейіп танытты.

Митингке қатысуға келіп, бірақ қоршаудан тыс қалып қойған бірнеше белсенді азамат: «Жер сатылмасын және жалға берілмесін! Бір реттік несиелік кешірім жасалсын! Халықтың жағдайы қиын!» деп дауыстап жүрді.

  • «Мына сайлаудан ешқандай өзгеріс күтпеймін. Мен қарапайым күзетшімін. Мен айтайын – «Нұр Отан» бүгін өтсе, 6 айдан кейін президент сайлауын өткізіп, оған Дариғаны әкеледі. Содан кейін қайтадан құл боламыз! Менің ешқандай партияға қатысым жоқ. Бүгін осында немерелерім үшін келіп отырмын», – деп, қарапайым қала тұрғыны Нұрлан Айлаушиев (суретте) өзінің алаңға келу себебін нақты және батыл сөзімен түсіндірді.

Өзін Айдархан Боранбаев деп таныстырған азамат: «Біз мұнда келіп, саяси тұтқындарға бостандық берілсін, жер сатылмасын деп отырмыз. Қазір Қазақстанның жағдайы қиын. Көпшіліктің үйі-күйі, нанғаақшалары жоқ шынын айтқанда», – деп, митингке не үшін келгенін айтты.

Жағдай барған сайын қыза бастады. Ереуілшілер «Бойкот! Бойкот!» деп ұрандатса, оларға кедергі жасаған топ әндете бастады, арасында гимн де айтылды. Бір сәтте қоршау ішіндегілер топтасып, полиция шеңберін ығыстыра бастады. Белсенділік танытқан 50 жас шамасындағы бір азаматты полиция қызметкерлері аяқ-қолынан қапсыра ұстап, әкете беріп еді, жиналғандар жапа-тармағай жабылып, оны СОБР-дың қақпайлауына бермеді. Полиция кері шегініп, ұстағандарды босатуға мәжбүр болды. Дәл сол сәтте талай адамдар көпшілік күш екенін аңғарып қалды. Оны полиция қызметкерлері де түсінгендей болды. Осыдан соң полиция жасағы қосымша күш шақырып, қоршауды екі шеңбер етіп күшейтті.

Жаңа ғана полиция қолынан босап шыққан, әлі ентігін баса алмай тұрған ағамызды журналистер қоршап алып, митингке қандай мақсатпен келгенін білгілері келді. «Мен Алматы қаласының тұрғынымын. Аты-жөнім – Теңгел Жұманов (суретте), Демпартияның мүшесі, белсенді бойкотчикпін! Мен сайқымазақ сайлауға қатыспаймын! Соны айтқаным үшін мені ұстап алмақшы болды. Одан өзге ешқандай арандатушы ойым жоқ. Мен ел-жұртыма қарсы емеспін, мен әділетсіз сайлауға қарсымын! Мені полиция қолынан алып қалған осы жердегі адамдарға рақметімді айтамын», – деп алғысын білдіріп жатты.

Қоршау сыртында қалған адамдардың арасынан танымал желтоқсаншы Халелхан Әділхан ағамызды да байқадық. Ол кісі тоқтау айтып келген әкімшілік өкілімен қызу айтысып жатты. Әкімдік қызметкерінің «іс-әрекеттің бәрін заң аясында жүргізу керек» деген ұстанымына желтоқсаншы ағамыз:

  • «Бізде өзі заң бар ма? Заң бойынша президент неше мерзім отыру керек? О баста 4 жыл деген мерзімді Нұрсұлтан Назарбаев 7 жылға ауыстырды. Бұл сайлауды заңсыз деп білемін. Былтыр Тоқаев та заңсыз сайланды. Енді бұлар парламентке Дариға Назарбаеваны кіргізіп, оны сенаттың төрайымы ретінде сайлап, Тоқаевтың орнына Дариғаны әкелуді көздеп отыр. Бұндай заңсыз сайлауды мойындамаймыз…» – деп, Халелхан аға өзінің дәйектерін келтіріп жатты.

Бір кезде қоршау ішінен «Оян, қазақ, көтер басты!» деген ұрандар естілді. Сол мезетте «титушкаларға» көмекке келген автономды колонка іске қосылып, қатты дауыспен музыка ойнатыла бастады.

Осындай текетірес жағдайында бірнеше сағат та өте шықты. Аяздан тоңа бастаған СОБР қызметкерлері жол бойында тұрған автобустарға кіріп, оларды жылы жерден шыққан әріптестері ауыстыра бастады. Кейбірі жақын жерде орналасқан дәретханаға барып келіп жүрді. Алайда қоршауда тұрған азаматтық белсенділерге ондай мүмкіндік берілмеді.

Қаңтардың кешкі ызғарынан тоңа бастаған журналистер де жақын маңнан ыстық тамақ сататын дүкен тауып алып, сол жерде жылынып, өздерімен бірге әкелген ыстық шайын қоршаудағылармен бөлісті. Жолдың арғы бетінде дәл осындай полиция қоршауында «Оян, Қазақстан!» қозғалысының жас қыз-жігіттері де қалды. Қыстың аязды күні Назарбаев көшесінің екі жағында да полиция жасағының қоршауында қалған азаматтық белсенділердің жағдайы Қазақстанның полицейлік мемлекет екендігін айқын көрсетіп тұрды. Осының бәріне бас-көз болып, полицияға кімді ұстау, кімді өткізбеу керектігіне бұйрық беріп, Алматы қаласы Полиция департаментінің басшысы Қанат Таймерденовтің өзі басқарып жүрді.

Осы күні наразылық митингісі өтіп жатқан Республика алаңында интернет пен әлеуметтік желілер бұғатталды. Кей кездері тіпті ұялы байланыс желісі де ақау беріп тұрды. Оның бәрін жақын маңда тұрған техникалық құрылғылармен жабдықталған арнайы автокөліктер қамтамасыз етті.

Суыққа тоңған жастарға ыстық шай әкеп берген адамдар туралы естіген полиция басшылығы рация арқылы: «Шәй, кофе бергізбеңдер!» деп қатаң бұйрық бергенін құлағымыз шалды. Осыдан кейін қоршауда тұрған белсенділер тоңази бастады. Оның екі-үшеуін жедел жәрдем алып кетті.

Арада тағы бірнеше сағат өтіп, қараңғы да түсті. Күн тіптен суып кетті. Осы кезде журналистер жасырын түрде сырттан ыстық шәй әкеліп, оны қоршаудағы қыз-келіншектерге бермекші болып еді, маска киген түсі суық сарбаз бөгет жасауға тырысты. Журналистер болса: «Қару беріп жатқанымыз жоқ, олар сендер сияқты ауысып, автобусқа кіріп жылынып жүрген жоқ, ең болмасаәйелдер ыстықшәй ішсін!» – деген сөздерін сол жердегі СОБР-дың орта буын басшыларының бірі естіп, әлгіні ымдап тоқтатып, ыстық шәйді өткізіп жіберуге рұқсат етті. Соны көріп тұрған бір кісі әлгі жігітке: «Иманың бар екен…» – деп арқасынан қағып, алғысын білдірді.

Сөйтіп кешкі сағат сегіз болды. Алаңда жүргеннің де, тұрғанның да мазасы қашты. «Титушкалар» баяғыда тайып тұрған. Музыка колонкасының да «тамағы» қарлығып, қуаты біте бастады. Осы жерде Демпартия белсендісі Абзал Достияровтың:

  • «Көрдіңдер ме?! «Титушкаларың» да суыққа шыдамай қашып кетті. Өйткені олар ақша үшін жүргендер. Мына Назарбаев режимінің колонкасының да қуаты бітті. Сол секілді бүгінгі шіріген режимнің де қуаты бітеді. Ал біз аяғына дейін тұрамыз! Сендер бізді суықта ұстап, рухымызды сындырамыз деп ойласаңдар қателесесіңдер! Бізді ұстап тұрғандарыңа 9 сағаттан асты. Азаматтық құқығымызды жерге таптадыңдар! Арамызда тұрған қыз-келіншектер, апаларымыз көз алдарыңда дәрет сындыруға мәжбүр болды! Бұл сендерге жазылатын күнә!» – деп айтқаны естіген адамның көкейінде қалды.

Сол сәтте Алматы қаласы әкімшілігінің Ішкі саясат басқармасының жетекшісі Айдар Есенбеков қоршаудағылардың жанына келіп, олар үйлеріне таралатын болса, полиция жасағы ешкімге бөгет жасамайтынын айтты. Бұндай сөздер ашынған белсенділердің ызасына тиіп, өздерінің қайда және қай кезде баратынын тек өздері ғана шешетіндерін көлденең тартты.

Кешкі сағат 9-дан кете арнайы жасақ қоршауды ашып, азаматтық белсенділердің шығуына мүмкіндік берді. Қаңтардың суығында тоғыз сағаттан астам алаңда тұрған демпартия мүшелері Назарбаев көшесімен бойлай, Абай даңғылына беттеді. Алдыңғы қатарды бастаған Жанболат Мамай:

  • «Бізді он сағаттан астам қоршауда ұстады. Бұл нағыз фашистік биліктің әрекеті! Адамның құқығы да, Конституциямыз да сақталған жоқ! Қоршауда тұрып дәретке отыруға мәжбүр болдық! Бұндайды адамды азаптау деп айтады. Бүгінгі сайлаудың нәтижесін мойындамаймыз! Бұл сайлау легитимді емес, заңсыз сайлау! Бүгін билік өзін масқара етті. Әлемдік ақпарат құралдары, халықаралық ұйымдар бүгінгі жағдайды өз көздерімен көрді. Бүгінгі сайлау заңсыз! Оған бәріміз куә болдық!…» – деген-ді.

 Өзі бастаған азаматтарды Жанболат қала көшелерімен алып өтті. Осылайша наразы жастардың Республика алаңында қоршауда қалған, «сайлау» деген сайқымазақ аты бар ҚИНАУ КҮНІ тамам болған еді. Бірақ тәуелсіз бақылаушылардың учаскелік комиссиялардағы айқасы жалғасып жатты…

Азамат ШОРМАНХАНҰЛЫ,

«D»

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн