ТАЙЖАН ТАНЫМЫ

Қазақ елінің тәуелсіздігіне адал қызмет еткен, қазақ азаматтарының арасынан нағыз кәсіби деңгейде дипломатиялық қызмет еткен бірегей тұлға Болатхан Тайжанның туғанына наурыздың 8-күні 80 жыл толды. Өмірінің ақырғы күніне дейін өз ұлтына шексіз берілгендігімен, туған жер мен туған тілдің тәуелді күйін ашық айтып, ешкімнің алдына бас имей, өмірден өтті. «DАТ» жобасындағы газет беттерінде қазақ ұлтының мүшкіл халіне қатысты ащы шындыққа толы сараптамалық мақалалары, берген сұхбаттары жиі жарияланып тұрды.

Болатхан Тайжан дипломатиялық қызмет еткен әр жылдарда Қазақ КСР Сыртқы істер министрлігінің бас хатшысы, Қазақстанның сыртқы экономикалық байланыстар министрінің бірінші орынбасары, Қазақстанның Малайзиядағы, Мысырдағы және қосымша Алжир, Иордания, Ливия, Марокко, Сирия, Тунис елдеріндегі Төтенше және Өкілетті елшісі, Қазақстанның Ислам конференциясы ұйымындағы өкілі болғанын кейінгі жас ұрпақтың назарына саламыз.

2007 жылы «Тасжарған-ДАТ»-қа «Ұлтым деген ұл қайда?» деп сұхбат бергеннен кейін, аз уақыт өтпей жатып, сол ұлды іздеп, өмірден өткен еді. Асыл азаматтың атымен құрылған Қордың да кейінгі 14 жыл ішінде еткен еңбектері ерен. Болатхан ағаның ұлы Мұхтар Тайжан әкесінің қолжазбаларын, күнделігін, үш томдық кітаптар жинағын, көзі тірісінде өзі қатысқан телебағдарламалардың бейнетаспасын жарыққа шығарды. Қайырымдылық жасау шараларының өзі бір бөлек әңгіме.

Кәсіби дипломат, елші, арабшы-маман, экономист Болатхан Құлжанұлы Тайжанның 80 жылдығына орай наурыздың 4-і күні Болатхан Тайжан атындағы қор Алматы қалалық әкімдігінің қолдауымен ҚР Ұлттық кітапханасында абзал азаматты еске алуға арналған конференция өткізді.

ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, заңгер-ғалым Майдан Сүлейменов, тарих ғылымдарының кандидаты Рүстем Құрманғожин, өткен ғасырдың 60-жылдары Мәскеуде құрылған «Жас тұлпар» ұйымы жетекшілерінің бірі Аймұхан Таужанов, ғалым-журналист Досан Баймолда және т.б. ғалымдар мен замандастары Болатхан Тайжанның өмірі мен кәсіби еңбек жолы отандық дипломаттардың қазіргі буынына, елді алға жетелейтін жастарға үлгі болатынын атап өтті, ол туралы естеліктер айтып, ой бөлісті.

Болатхан Тайжанның жақын досы, заң ғылымдарының докторы Майдан Сүлейменов өз кезегінде: «Болатхан – идея адамы, өз халқына адал азамат еді. Кадрлық дипломат ретінде өз ісін жақсы білетін. Ол дипломатияның дамуына өте күрделі кезеңде – Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында, бәрі енді ғана тәй-тәй басып жатқан қиын шақта келді. Оған дипломатиялық қатынастар орнатып, сыртқы саясатқа тыңнан түрен салу керек болды және ол мұны керемет абыроймен орындады. Өз елінің азаматтарының мүдделері Болатхан Тайжан үшін әрқашан бірінші орында тұрды», – деді.

Наурыздың 8-і күні Алматы қаласының Сейфуллин даңғылы мен Сәтбаев көшесінің қиылысындағы Болатхан Тайжан тұрған үйдің қабырғасына орнатылған мемориалдық тақтаның ашылу салтанатында қала басшылығы, Сыртқы істер министрлігінің өкілдері, белгілі қоғам қайраткерлері, дипломатиялық қызмет ардагерлері мен Б.Тайжанның отбасы өкілдері сөз сөйледі. Осы шарада Болатхан ағамен әріптес болған достары, СІМ өкілдері мерекелік медальмен марапатталды. Бұл медаль «ДАТ» жобасындағы басылымға да бұйырды. Сондай-ақ шахмат пен дойбы ойындарынан еске алу турнирі өткізіліп, жеңімпаздар арнайы сыйлықтармен марапатталды.

Ғалымның өлмейтін хатын сақтап, әке мұрасын азаматтық абыроймен жалғастырып келе жатқан белгілі экономист, қоғам қайраткері Мұхтар Тайжан «ДАТ»-қа арнайы сұхбат берді. Алдын ала еске сала кетейік, бұл сұхбатта түйіні түйткіл жер мәселесіне қатысты да тұжырымды сөз болды.

Мұхтар ТАЙЖАН: ЖЕРДІҢ КЕҢДІГІМЕН ЕМЕС, оның игілігін көрумен мақтануымыз керек

– Мұхтар мырза, туғанына 80 жыл болған әкеңіз Болатхан Тайжанның сіздің өміріңізге қатты әсер еткен қандай қасиеті мен өсиетін ел-жұртқа өнеге етер едіңіз?

Әкемнің өз ұлтына дегенадалдығы, сүйіспеншілігі, қазақтың өз жерінде бай болып, бақытты өмір сүрсін деген арманы – маған үлкен үлгі. Әкемнің сол арманын жүзеге асыру үшін мен де қоғамдық жұмысқа белсене кірістім. Бизнесмен болдым, әрі қарай да кәсібімді жалғастыруыма болар еді, бірақ саясат алаңына келгендіктен, қоғамдық қызметке араласу мақсатымен үлкен бизнестен кеттім.

– Дегенмен, сіздің осы қоғамдық қызметіңізге кінәрат тағатындар да бар.

– Иә, «Мұхтар жерді, ұлт мүддесін сатып кетеді» деп жала жабатындар бар. Олар қарапайым мәселені түсінбейді, қай қазақ әке арманын сатып кетеді? Әке мұрасын мансұқ ететін қазақтың ұлы жоқ шығар. Әкемнің арманы анық та айқын болды, ол – қазақтың бақытты өмір сүруі. Ата-бабамыздың басынан небір қасіретке толы, нәубетті тағдыр өтті, өз жерінде қазақ қашан лайықты өмір сүреді? Тәуелсіздікті алғанымызбен, қазағымыз толық азаттыққа жеткен жоқ. Өз елінде азат өмір сүрмесе, қай жерге барып бақытты болмақ? Сондықтан қазақ өз елінде бақуатты, өркениет көшінің алдына шыққан, денсаулығы мықты, білімді ұрпақ өсіруі керек. Сондай қоғамда өмір сүруге қазақтың мүмкіндігі мол. Әкемнің де мақсат-мұраты осы еді, мен де сол ісін ары қарай жалғастыруға үлесімді қосудамын.

– 90-жылдардағы жекешелендіру саясаты кезінде ел мүддесін көздеп, өз ұлтының байлығына араша түскен біраз еселі еңбегін білеміз. Дегенмен, кейінгі туған ұрпақ біле жүрсін деп, АҚШ-тың «Шеврон» компаниясымен арада болған тартыстың жай-жапсарын айтып берсеңіз.

– Ол кезеңде әкем сыртқы экономикалық байланыс министрінің бірінші орынбасары қызметінде болған. Экспортқа шығаратын металлургия және т.б. кен байлықтарына лицензия берілетін кезде жекешелендіру науқаны жүргізілген еді. Бірақ біздің отбасымызға ешқандай жылжымайтын мүлікті: балабақшаны, кәсіпорынды, жер телімін жекешелендіріп алған жоқ. Әкем осы науқан кезінде ешқандай мүлік түріне көзінің қырын да салған жоқ.

«Шевронмен» болған келіссөз кезінде әкем коммуналдық пәтерде тұрды. Бүгінгі күні вице-министрлердің коммуналдық пәтерде тұратынын естіген емеспіз. 90-жылдардың басында Қазақстандағы ең алғашқы ірі инвестициялық жоба – Теңіз мұнай кенішін игеруге американдық «Шеврон» компаниясы (кейіннен – «Теңізшевройл») келді. Сондағы ұзаққа созылған әрі тартысты өткен келіссөздер барысында әкем президентке мынадай жазба жолдаған екен: «Ұсынылатын роялти деңгейі құбырмен кеткен мұнайдың әр тоннасына шаққанда 40 жылдық уақыт ішінде орташа 20 пайыз болуы керек… Біз ұсынған роялти мөлшері шетелдік әріптесіміз салған шығынның үстінен 18–20 пайыз табыс көруге мүмкіндік беретінін есептедік. Бұл әлемдегі мұнай бизнесіндегі кез келген көрсеткіштерден жоғары. «Шеврон» компаниясы ел басшылығымен көмірсутек шикізатын ұқыпты пайдалануға және қосымша өнімдерді де өңдеуді қалыптастыруға міндеттеме алуы тиіс…» – депті.

«Шевронмен» келіссөз бірнеше миллиардтаған қаржымен өлшенді. Сол комиссиядағы жұмысшы тобының басшысы – вице-премьер Халық Абдуллаев, орынбасары – менің әкем болған. Жұмысшы топ сол кездегі жасалған келісімшартқа қол қоймағаны жаңа тарихқа жазылатынына сенімдімін. Өйткені ол келісімшарт Қазақстан үшін тиімсіз болған. Бірақ жұмысшы топ таратылып, келісімшарт оларсыз жасалған. Бұл әлемдік тәжірибеде бұрын-соңды болмаған жағдай. Қазақстан да ұтылып тынды: бүгінгі ақпарат көрсетіп отырғандай, Теңіз кенішінің мұнайы толығымен «ТШО»-ның үлесінде қалды, ал компания тек салық төлеп, жұмыс берушінің рөлін ғана атқарады.

Кезінде марқұм Розлана Таукина осы мәселеге қатысты әкемнен сұхбат алып, «ДАТ» газетінде жариялаған еді, ол өздеріңіздің архивтеріңізде сақталған болуы керек.
– Бүгінде сіз де ел азаматы болдыңыз, соңғы кезде қазақтың жері үшін алысып жүрген жайыңыз бар. Тоқаев мырзаның нұсқауымен Жер комиссиясының жұмысы қайтадан жанданатын болды. Наурыздың соңына дейін комиссияның құрамы бекитін көрінеді. Сіз осы комиссияда билік өкілдері басым болып кетпес үшін, оның құрамында қандай азаматтар болғанын қалар едіңіз?

– Қазақ халқының алдында ары таза, ұстанымына берік, сауатты азаматтар комиссия құрамына кіруі керек деп санаймын. Шынымды айтайын, алдын ала өзімнің ұсыныстарымды комиссияға ұсындым. Оған құлақ асып, қаперге ала ма, ол жағын білмеймін. Комиссия құрамына жер мәселесімен тікелей айналысып жүрген: алматылық құқыққорғаушы Ерлан Қалиев, Маңғыстау өңіріне белгілі Жәнібек Қожық, қарағандылық – Жексен Әбдірахманов пен Болат Сыздықов, Атыраудан – Жер үшін алаңға шығып, абақтыға түскен Макс Боқаев пен Талғат Аян, белгілі заңгер Бақытжан Базарбекті ұсындым.

Маған оппонент болып жүргендерді ұмыт қалдырған жоқпын: Нұрлыбек Қуанбаев, Геройхан Қыстаубаев, Еркін Рақышев, Мақсат Ілиясов, Айдын Егеубаевты комиссия құрамына енгізу жөнінде ұсыныс жасадым. Сондай-ақ 2016 жылдан бері Жер мәселесі көтерілген күннен бастап белсенділік танытып жүрген журналист Лұқпан Ахмедияров, Мейрамбек Қапанов, Рүстем Әшетаев, Нұрлан Сәдір секілді азаматтарды да ұсындым.

– Айтпақшы, комиссия құрамына кіру жөнінде өзіңізге өтініш болған жоқ па?

– Жасыратыны жоқ, келіссөз болды, маған қарсы күштер мен билік өкілдеріне де ұсыныс жасалыпты. Бірақ комиссияға мені кіргізе ме, жоқ па – ол жағы белгісіз. Оған ешқандай кепілдік жоқ.
– Ал енді бұл комиссияға қазақтың жүктейтін талабы айқын: жер сатылмасын және шетелдіктерге жалға берілмесін! Дегенмен, осы талапқа сіздің алып-қосар қандай ұсыныс-пікіріңіз бар?

– Шетелдіктергежер сатылмайды да, жалға да берілмейді, сондай-ақ кез келген шетелдік заңды тұлғаның үлесі бар болса да, осындай заң баптары қолданылатыны жөнінде президент Тоқаевтың Жарлығы шығатыны мәлімделді. Бірақ кейбір күштер қарсы шығып жатыр. Мәселен, Алмасбек Садырбаев деген жігіттің әлеуметтік желідегі жазуына қарағанда, артында тұрған ықпалды күштер «Қазақстан азаматтарына жерді жеке меншікке берейік» дегенді айтқызуда. Бұл – латифундистердің мүддесіне қарайлас мәселе. Олар 15-20 жыл бұрын жерді жалға тегін алған, енді жекешелендірмек ниеттері бар. Сондықтан «мен – малшымын, қойшымын, қарапайым шаруамын» дегізіп, Алмасбек Садырбаев сияқтыларды алға шығарып, солардың аузымен латифундистердің мүддесі қорғалып жатыр. Мен Қазақстан азаматтарына да жерді жеке меншікке беру мәселесіне қарсымын.

2016 жылы халық алаңға шыққан кезде «Жерді шетелдіктерге жеке меншікке бермейміз!» деген ұранды көтерген едік. Жер комисссиясының алғашқы отырыстарында өзіміздің азаматтарға жер телімін меншікке беру жөнінде мәселеге аса қарсы шықпаған едім. Өйткені олар өз еліміздің азаматтары ғой деген ойда болғанмын. Кейіннен бұл мәселені саралап, зерттей келе түсінгенім – Қазақстан азаматтарына жерді жеке меншікке беретін болсақ, онда жеріміз санаулы ғана отбасының меншігіне айналып шыға келеді де, қарапайым қазақтың қолы жетпейді.

Сондықтан 2016 жылғы Жер комиссиясының үшінші отырысында «Жерді ешкімге, тіпті Қазақстан азаматтарына, қазаққа да жеке меншікке беруге болмайды. Ауыл шаруашылығына арналған жерді тек жалға алып, игерсін» деген нық ұстанымда екенімді мәлімдедім. Қазақстанның 80 пайызынан астамы – ауыл шаруашылығына арналған жерлер. Бірінші кезекте осы жердің мәселесін реттеп алуымыз керек. Жерді шетелдіктерге, Қазақстан азаматтарына жеке меншікке бермейміз деген мәселе орынды. Бұл алғашқы қадам десек, келесі талабымыз да осы ретпен жалғасуы тиіс.

– Сол талаптардың жалғасы ретінде комиссия отырыстарында көтерілген жерге космомониторинг жасау жөніндегі мәселенің соңы не болғанынан хабарыңыз бар ма?

– Жерімізді қорғап алып, ары қарай игілігін көруіміз керек. Бос жатқан жерлерді мемлекеттік меншікке қайтарып алып, ашық түрде жасалған сандық мониторинг арқылы жермен айналысқысы келетін шаруаға беруіміз керек. Осы тұрғыда космомониторинг жасау өте маңызды. Бұл технологияда адами фактор болмауы керек. Бұған ешқандай жергілікті комиссия, жер комитеті шешім қабылдауға ықпал ете алмайды. Себебі жайылым ба, игерілмей жатқан жер ме – ол жағын алгоритм шешеді. Сандық мониторинг немесе космомониторинг барлығын қолмен қойғандай етіп, дәлелдеп береді.

Өткен жылдары Ұлттық келісім кеңесі құрамына кіргенімнің арқасында президентке космомониторингтің керек екенін дәлелдеп бердім. Президент Тоқаев қолдап, нақты тапсырма беріп, былтырғы қаңтар айында космомониторинг заңдастырылды. Сынап-мінейтіндер де табылды. Жер мәселесінде билікпен ортақ келісімге келу қажет пе, жоқ па деушілерге айтарым – қажет! Бұндай мүмкіндіктің есігі ашылатын болса, келіссөз жүргізетін кеңсеге кіруіміз керек. Биліктің бетін халыққа бұрудың бар амалын жасауға ықпал етуге тиіспіз. Әлеуметтік желіде ұран тастап немесе қарсылық көрсетіп, тағы да бірнеше жыл отыруға болады. Одан халыққа келер пайда қайсы?

Ал космомониторингті енгізсек, халыққа пайдасы мол. Былтыр осы әдісті заңдастырғаннан кейін Қазақстанның төрт-ақ облысында: Ақмола, Қостанай, Шығыс Қазақстан, Маңғыстауда 3-8 миллион гектар жердің игерілмей бос жатқаны анықталды. Оның ішінде 3-4 миллион гектар жер бір жылдың ішінде мемлекеттің меншігіне қайтарылды. Тәуелсіз Қазақстанның тарихында мұндай нәтиже болған жоқ. Биыл қаңтардың 1-інен бастап космомониторинг басқа облыстарға да енгізілуге дайын тұр. Бірақ ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров мырза сол жүйеге қатысты елдегі мал басының саны туралы ақпаратты бермей жатыр. Ол мәселе жөнінде жазып та, айтып та жатырмын. Ақпарат жеткіліксіз, сондықтан жайылым жерлерге қатысты космомониторинг дерегі соқыр күйде тұр, одан ештеңе көрінбейді.

– Жер мәселесіне тікелей қатысты ауыл шаруашылық министрінің бұл әрекетін қалай түсінуге болады?

Өкінішке қарай, министрлік латифундистерден тұратын жекелеген фермерлердің мүддесін көздейтін шешімдерді тықпалауды жалғастырып отыр. Бұл жерде ешқандай мемлекеттік көзқарас жоқ.

АШМ электронды картограммалардың ақпараттық жүйесіне жердің агрохимиялық жағдайы туралы мәліметтерді тіркеуді 2 жылға шегеруді ұсынып отыр. Фермерлерден уақытша пайдалануға, яғни арендаға алған жерді қалай пайдаланып жатқаны туралы автоматты электронды режимде есеп беру міндеттемесін және оны қадағалау мүмкіндігін жоққа шығарады.

Соңғы жылдарда жерді «керемет» басқару салдарынан жердің сапасы төмендеп, тақырлануы, ауыл шаруашылығы жерлерінде бонитет баллының төмендеу процесі жүріп жатқаны жасырын емес. Мұның барлығы осындай солақай шешімдердің салдарынан, бақылаудың төмендеуінен болып отыр. Министрлік жер қатынастарындағы ашықтыққа саботаж жасап отырғаны айдан анық. Космомониторингке кедергі жасады, енді қоғам назарынан жердің сапалық жағдайын жасырмақ. Бұл жерде мүдделер қақтығысы анық көрініп отыр. АШМ фермерлерге субсидия береді (әрине, ешқандай «откатсыз»), сөйте отырып, фермерлердің жерге қатысты жұмысын тиісті деңгейде бақылай алмайды. Себебі латифундистерге тиімді жағын көздеп отыр деген күдіктен басқа айтарым жоқ. Өйткені космомониоринг жайылым жерді көрмесе, ол жерде қанша малдың бар екенін білмесе, онда ол жерді босата алмаймыз. Бұл – латифундистерге тиімді жайт. Ал қарапайым шаруа үшін залалы көп. Космомониторингке малдың санына қатысты ақпарат та ашық түрде берілуі тиіс. Жердің кадастрына қатысты, жер кімнің қолында, кім пайдаланып отырғаны жөніндегі ақпарат та ашық көрсетілуі керек.

Сонымен қатар бірыңғай аграрлық салық жүйесі де енгізілуі тиіс. Латифундист жерді жалға алып, оны игермей, бос қалдырса, салықтың мөлшері өте төмен болады, тіпті төлемейді де. Ал еңбекқор фермер азын-аулақ жерін алып, игергені үшін салық төлей бастайды. Демек, экономикалық тұрғыда жермен айналысу тиімсіз, салығын төлеп отыра береді. Ал игерілмеген жерге төленетін салық мүлдем аз, гектарына не бары 37 теңге. Егер егін егіп, оны кәдеңізге жаратсаңыз, түрлі салық төлейсіз. Латифундистер жерді игермей, өзінің иелігінде қалдыруды көздеп отыр. Не елге бермейді, не өздері игермейді. Мұны болдырмау үшін, бірыңғай тиімді салық жүйесін енгізу қажет. Жерді жалға алған соң, онда жұмыс істеп, салық төлеуге міндеттелуі керек.

Сондықтан жерге төленетін 7-8 түрлі салықтың басын қосып, бірыңғай аграрлық салық төлеуді енгізуіміз керек. Алған жердің көлемі бойынша, игерілсе де, бос жатса да, тұрақты салық төленеді. Сонда латифундистер үшін жерді бос қалдыру тиімсіз болады, олар бірыңғай салықтан босатылмайды. Сол кезде жермен айналысуына немесе мемлекеттің меншігіне қайтаруына тура келеді. Оларға экономикалық ықпал етудің бір амалы осы.

– Қытай Қазақстанға 56 завод салатын болды деген дүрмек туды ғой – осы дабыраның анық-қанығы турасында дерегіңіз бар ма?

– Менде осы мәселеге қатысты нақты дерек жоқ. Өйткені зауыт салынатын жерлер ауыл шаруашылығына арналған жер емес. Егер комиссия құрамына кірсем, ол зауыттарға қатысты ақпаратты нақты іздестіру жолдарын қарастырып, бұл мәселені көтерер едім. Менің естуімше, бір зауыт үшін 1-10 гектар жер керек болуы мүмкін, мыңдаған гектар жердің қажеті жоқ. Ал ауыл шаруашылығына арналған жер мың-миллиондаған аумақты алып жатыр. Ең алдымен ұлттың қауіпсіздігіне қатер төндіріп тұрған жердің мәселесін реттеп алуымыз керек.

Кейбір азаматтар әскери полигондарға қатысты жердің мәселесін көтеріп жатыр. Полигон – біздің ішкі заң нормаларымен реттелетін мәселе емес. Ол халықаралық келісімшарт бойынша жалға берілген жерлер. Комиссия арқылы үкіметте біржақты шешім қабылдасақ та, мәселе біржақты шешілмейді. Халықаралық келіссөздер арқылы ғана осы жерлерді қайтарып алуға болады, әзірше ахуал осы. Капустин Яр, Байқоңыр, Азғыр, Сарышаған, Сарыөзек, Тайсойғандағы полигондардың бәрін араладым. Мәселені жақсы білемін, бұл Жер комиссиясының құзырында шешілетін шаруа емес.
– Қоғамдағы патриот азаматтар ортақ елдік мүдде жолында бас біріктіре алмауының басты себебі неде деп ойлайсыз?

– Біріншіден, қызғаныш, іштарлық. Соның кесірінен бірі бастама көтерсе, екіншісі аяқтан шалады. Менің өзіме қатысты «пияз өсірушілерді алдап кетті» деген жала жабылған еді, сот ақ-қарасын анықтап берді. Азаматтардың атын атап, түсін түстемей-ақ қояйын. Екі жыл бойы үш ауылдағы 50-60 диханшымен жұмыс істедік, ешкім де алданған жоқ. Маған және менің әріптестеріме ауа райының қолайсыздығынан бүгінге дейін қарыз болғандары бар. Себебі белгілі болғандықтан, ол қарыздар кешірілді.
– Осы сұхбатта ұлт, қоғам және мемлекетке қатысты тағы қандай мәселенің айтылғаны жөн деп ойлайсыз?

– Айта берсек, ұлтқа қатысты шешімін таппаған мәселе көп, ең алдымен денсаулыққа мән берілуі тиіс. Болашағымыз балаларымыздың тәрбиесіне, оқуына мұқият көңіл бөлінуі керек. Тұрмыс тауқыметімен несиеге кіріптар болған азаматтар баласын оқыту үшін, басқа да материалдық жағдайын түзету үшін қарызға белшесінен батады. Несиге бату – қоғамдағы кедейліктің көрсеткіші.

Ең сорақысы – елде өндіріс орындарының жоқтығынан кедейлік пен жұмыссыздықтан көз аша алмаудамыз. Кедейшілік халықты намысынан айырып жатыр. Аш адамда намыс бола ма? Өкінішке қарай, кедей адам құлға айналады, себебі несие алуға мәжбүр болады. Ал несиесі бар адам еркін тыныстай алмайды, намысынан айырылып қалады.

Еуразиялық одақтың құрамынан шықпасақ, бұл мәселе шешімін таппасы анық. Ресей экономикалық тұрғыдан тәуелділікке мәжбүрлеуде, өзімізде өндіріс ошақтары ашылмайды, ашылса, банкрот болады. Екіншіден, тәуелсіз сот жүйесінің болмауы. Соның салдарынан экономикамызға ешкім инвестиция құя алмайды, қорқады. Инвестиция болмаса, жаңа кәсіпорын ашылмайды, ел ішін жұмыссыздық жайлайды. Экономика дамуы үшін, тәуелсіз сот жүйесі керек.

Бір сұхбаттың аясында барлық мәселені айтып, тауыса алмаймыз. Кедейліктің астында қалдық, білім беру нашарлады, жастар Әлихан атасын, Бауыржан батырды танымайды. Үшінші әлемдегі кедей елге айналмай, дамыған өркениетке ұмтылуға мүмкіндігіміз бар, жеріміз бай, қазақ еңбекқор халық, болашақ өз қолымызда. Дарынды жастар өсіп келеді. Жер тағдыры – халық тағдыры. Қазақстан жерінің кеңдігімен емес, оны игеріп, игілігін көруімен мақтануы тиіс.

– Сол күнге тезірейік жетейік. Қазаққа қызмет ету жолындағы еңбегіңіз жансын!

Бақытгүл МӘКІМБАЙ,

«D»

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн