ТЕҢГЕ ҚҰЛАДЫ – қайыршы халыққа ҚАЙТПЕК КЕРЕК?

  • Сонымен, бұған дейін онсыз да қайыршының күнін кешкен халық үшін мұнай-теңге-қаржы дағдарысы басталды. Бұл дағдарыс қайдан пайда болды? Ендігі елге қайтпек керек? Осы және басқа да сұрқия сұрақтарға жауапты әлеуметтік желіден іріктеп алдық

Сауд Арабиясы (СА) мен Ресей арасындағы мұнай жанжалы тегіннен-тегін емес екен. Ресей басшылығы мұндай қадамға өз еріктерімен барған. ОПЕК келісіміне 2016 жылы қол қойылған, алайда РФ бірде жасырып, бірде әртүрлі сылтаулар айтып, өз міндеттемелерін орындамай келген. Соңғы 1,5 жылда тіпті ашық кеткен, келісімді көпе-көрінеу бұзған. (Ал кеше белгілі болғандай, Ресей ОПЕК келісімінен шыққанын мәлімдеді – Ред).

Ресейдің ондағы ойы – америкалықтар сланец мұнайымен нарықтағы үлесті алып қоятын болды, оған жол бермеу керек, ол үшін ОПЕК келісімінен шығып, америкалықтарға мұнай шабуылын жасау керек деп шешкен. 

Алғаш рет РФ-ның ОПЕК-тегі өкілі 6.03 күні келісімнен шығатынын айтқанда, бұған ешкім сенгісі келмеген. СА мұнай министрі Путинге телефон соққысы келген, алайда оның пресс-хатшысы: «Путин мұндай іске араласпайды», – деп жауап берген. 

Сол күні кешке, мәлімдемеден кейін 3 сағат өткенде, Brent бағасы небәрі $2,1/баррельге төмендеген. Катастрофа демалыс күні, СА жауап ретінде бірден $6-8/баррельге түсіреміз дегенде басталған.

Сөйтіп алғаш рет РФ өз әрекетіне қатаң жауап алған. Ол «Грузиямен, Украинамен соғыспай-ақ қойсаңшы», – деп мәймөңкелеген Еуропа емес, Сирияда марионеткаларын қырып салып, артынан өзі Мәскеуге жетіп баратын Түркия да емес, бірақ қолында мықты қаруы бар елден күтпеген соққы алды. 

Ендігі болжам: 

1) Кремль тездетіп, ОПЕК-пен келісім столына қайта отыруы керек. Бірақ, әрине, енді бұрынғыдай күніге 500 мың баррельге қысқартуға емес, оған күніге өз өндірісін 1-1,5 млн баррельге қысқартуға келісуге тура келеді.

2) РФ басшылығы ешқашан да өз қателігін мойындаған емес, істеген ісіне өкінген емес. Ол үнемі қандай да бір арандатуларға барады да, сол жағдай біртіндеп, жаңа «қалыптағы жағдайға» айналады.

Бірақ қазіргі жағдайда ол РФ-ның қолынан келе қоймас. Өйткені бұл экономикалық соғыс. Бұл соғыста РФ өзінен күші анағұрлым басым, кезінде СССР-дің өзін тізе бүктірген қарсыласпен кездесіп қалды. 

Бұдан 75 жыл бұрынғы соғысты талқылауды қоя тұрып, қазіргі (9.03.2020 жылы) басталған соғысты талқылаған дұрыс, өйткені ол жақынырақ, қызықтырақ және драмасы бұрынғы соғыстан еш кем емес жазады OBOZREVATEL сайты.

Қуаныш ЕДІЛХАНТЕГІ

ҮКІМЕТ кімді алдап ОТЫР?

Мынау қалай болғаны, ә? Бұл жерде төніп келе жатқан дағдарыс жағдайында экономикамызға СЕРПІН БЕРУ үшін, қандай іс-шара қолға алу керектігін ойластырумыз керек еді. Ал үкімет не істеп жатыр?

Мен мәжілісте өткен Салық кодексіне енгізілетін жаңа өзгерістердің таныстырылымынан жаңа келдім. Үкімет экономикалық блок – шағын бизнес үшін қосымша құн салығын (ҚҚС) төлеу табалдырығын төмендетуді шешті. Бұл нені білдіреді? Егер бұрын шағын бизнес кәсіпорнының айналымы бір жылда 80 млн теңгеден (30 мың АЕК) асқанда – 12% ҚҚС төлей бастайтын болса, енді жылына 53 млн теңге айналымы бар фирмалар (20 мың АЕК) 12% ҚҚС төлей бастайды!

Үкімет бұл қадамнан бюджетке қандай сома түседі деп күтіп отыр екен? Бар болғаны – 150 млрд теңге! Ал үкіметтің «Самұрық-Қазынадан», өзіне тиесілі болса да, алмайтын заңды дивиденді – 1 трлн теңге! Яғни, «Самұрыққа» жүрегі дауламай, шағын бизнесті сауғанды тәуір көріп отыр! Ал шағын бизнес деген – ешкімнің көмегінсіз жұмыртқа тауып отырған тауық қой, бұндай тауықтың түбіне жеткеннен не табамыз? Сіз адамдарға басқаша қалай жұмыс тауып бермекшісіздер, қалай жұмыссыздықты жоймақшысыздар? Назар аударыңыздаршы, президент шағын және микробизнесті табыстан түсетін салықтан босатуды тапсырады, үкімет осыны орындаудың орнына шағын бизнеске жаңа салық – ҚҚС енгізеді! 

Бұл шағын бизнеске салық салуға қатысты мүлде басқаша амал ғой! Президент пен үкіметтің тәсілдемелерінің бір-біріне қатысты ала-құлалығын байқап отырғаным бірінші рет емес.

Бұған қоса:

  • Ұлттық банк пайыздық мөлшерлемені бірден үштен бірге – 9-дан 12 пайызға көтергенін ескерсек, бұл бизнес үшін бүкіл кредиттің, жоқ дегенде, үштен бірге қымбаттауына әкеледі, 
  • интервенция жасау арқылы теңгені қолдан жасанды түрде (яғни, ресейлік тауармен салыстырғанда, бүкіл біздің тауарды) қымбат қылу алтын-валюта қорының сарқылуына әкеледі. 

Демек, біздің өндірушілер тағы да бәсекеге қабілетсіз болып қалады, шекара ашық қой. Сонда үкіметтің экономикалық блогы мен Ұлттық банк төніп келе жатқан бүкіләлемдік дағдарыстан шығудың сценарийі бұдан да қатаң болуы үшін тағы не істей алады деген сұрақ туындайды. 

Бұл жерде тағы бірдеңе ойлап табу қиын, өйткені бұл дағдарыс біз үшін мейлінше қатаң өтуі үшін бәрі істелді. 

Олай болса, жұмыссыздықтың, балалар мен ерлер суицидінің бұрынғыдан бетер артуына, жас отбасылардың ажырасуының көбеюіне таң қалмаңыз! Бұлардың обалы – сіздерде (үкіметте).

Мұхтар ТАЙЖАН

Comments

  • Министрлер кабинеті мен Ұлттық банктің бірлескен мәлімдемесіне менің түсініктемем.

«Үкімет және жергілікті атқарушы органдар бағаның, әсіресе әлеуметтік маңызы бар тауарлар мен қызметтер бағасының негізсіз өсуінің алдын алуға ерекше назар аударатын болады» депті.

Қалайша? Өндірушілер тауарларының өзіндік құны да өседі ғой. Олай болса, мүмкін, сіздер олардың шикізатының бағасын өсіруді болдыртпайсыз? Неткен қолдан жасаушылық!

«Азаматтардың еңбек құқықтарының сақталуы, соның ішінде жұмысшылар санының қысқартылуы қатаң бақылауға алынады» деген екен.

Сонда өндірушілер өз шығындарын қалай реттеуі қажет? Егер олар қызметкерлер санын, өз шығындарын қысқартпаса, тікелей банкротқа ұшырайды. Үкіметте жеке сектор қалай жұмыс жасайтынын білетін біреу бар ма осы?

Реформалар қайда? Мемлекеттік аппараттағы қысқартулар қайда? Экономиканы дамытуға арналған іс-шаралар қайда?

Осындай сәтте Ұлттық банк өз ставкасын көтеру емес, төмендетуі тиіс.

Қысқасы, олар бұл жолы да «ауырдың үстімен, жеңілдің астымен» өтіп кетеміз, терең реформаларсыз құтыламыз деп сеніп отыр.

Марғұлан СЕЙСЕМБАЙ

Мақсат Халық: БАҒАНЫ БАҚЫЛАУҒА үкіметтің күші жетпейді

  • Қазақстан үкіметі мен Ұлттық банк теңге тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін жедел шара қабылдайтыны туралы мәлімдеме жасады. «GSB» бизнесті талдау орталығының сарапшысы, экономист Мақсат Халық «Азаттыққа» теңге құнсыздануының салдары, үкіметтің бағаны бақылау мүмкіндігі, Ұлттық банк қабылдаған шараның пайдасы мен зияны туралы айтып берді.

Мұнай бағасының күрт құлдырауының әсері теңгені құнсыздандырды. Бұл жағдайдың Қазақстан экономикасына қандай ықпалы бар?

Біздің халық тұтыну, өндіріс және техникалық тауарларды шетелден сатып алады. Ол тауарлар шетел валютасымен келгендіктен, сөзсіз қымбаттайды. Бұл жағдай халықтың төлем қабілеттігіне соққы болып тиеді. Себебі елдің қолындағы қаражат құнсызданады. Оның арты инфляцияға айналуы мүмкін. Бүгін енді-енді өсіп келе жатқан елдің жалақысы қайта құнсызданады дегенге саяды. Халық үшін бұл оңайға соқпайды. Бұған дейін ел ішінде «девальвация долларға қатысты, біз нанды теңгеге сатып аламыз» деген пікір болған. Бірақ біз қарапайым тұрмыстық химия заттарынан бастап, тіршілікке қажетті тауардың көбін шетелден әкелеміз. Олардың да бағасы қымбаттайды деген сөз.

Қазақстан үкіметі мен Ұлттық банк бағаны қадағалаймыз дейді. Бірақ нарықты бақылау қаншалықты мүмкін нәрсе?

Әрине, үкімет бағаны қадағалауға әрекет жасайды. Бірақ бағаны тұрақтандыруға күш салу – өте әлсіз тәсіл. Мәселен, шенеуніктер базарды бір айналып шыққанда, тұрақтылық байқалар. Алайда келесі күні-ақ баға өседі. Бағаны тұрақтандырудың негізгі жолы – елде қосымша зауыт, фабрикалар, тауар өндірісі іске қосылуы тиіс. Мұны қарапайым заттар экономикасы дейміз. Шеттен келіп жатқан тауарлардың орнын басатын өндіріс жасау ғана теңгені нығайтады. Сонда ғана инфляция жоғары болмайды. Қазақстанда кешегі мұнай бағасының құлдырап, доллардың қымбаттауына дейін де инфляция жүріп жатты. Сондықтан үкіметтің «бағаны қадағалап, бақылауда ұстаймыз» дегені ештеңені шешпейді. Оған күші жетпейді.

Ұлттық банк валюта нарығындағы жағдайды реттеуге әрекет жасайды. Оның қолында екі маңызды «инструмент» бар. Біріншісі, пайыздық мөлшерлеме (БПМ) арқылы ықпал ету. Екіншісі, валюта резервтері, Ұлттық қордан қаражат бөлу арқылы теңгені нығайту, яғни интервенция жасау. Ұлттық банк соның біріншісін таңдап, пайыздық мөлшерлемені 12 пайызға көтерді. Бұл бұған дейінгілермен салыстырғанда өте көп. Бұрын 0,25 немесе 0,5 пайыз ғана қосып келсе, осы жолы бірден 3 пайыз қосты. Теңгенің өзге шетел валюталарына қарағанда құнын арттыру деген сөз. Ұлттық валютаның АҚШ долларына шаққандағы құны 400 теңгеден асып кетпеуі үшін, Ұлттық банктің жасағаны. 400 теңге деген Қазақстан халқы үшін психологиялық тұрғыда шек болып тұр. Егер одан асса, ел арасында наразылық көбейетіні белгілі. Екінші қадам – Ұлттық қор қаражатын бөлу. Бірінші, БПМ-ны көтеріп, одан нәтиже шықпай жатса, Ұлттық қорға жүгіну дұрыс тактикалық шешім.

Мұнайдан бөлек, Батыс санкциясында отырған Ресей рублі құнсызданса да, теңгеге осылай әсер етеді. Теңгенің алдағы уақытта нығаюына негіз бар ма?

Теңгенің рубльге байлануы, біріншіден, одақтық (Еуразия экономикалық одағы – Ред.) саясаттың салдары. Жалпы Ұлттық банк теңге бағамын реттеуде қажетсіз әрекет жасайды. Ресейдің валюта нарығы қатты дамыған. Олардың Орталық банкі қандай әрекет жасамасын, алдымен рубльдің бүкіл әлем валюталарына қатысты курсын бағамдайды. Қазақстан Ұлттық банкі бұл процесті дербес жүргізбейді. Бірден рубльді есепке алып, соның ізімен өзгеріс жасайды. Рубль құнсызданып жатқанда, теңге нығаяды деп айта алмаймыз.

Azattyq.org

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн