Шейхтардың атына МЕКТЕП БЕРУ – Назарбаевтың нұсқауы

Өткен айдың соңында жарияланғандай, ел астанасындағы екі мектепке араб шейхтарының атын беру жөніндегі шешім қазақстандық қоғамда қағажу қалған ақпарат болды. Оның себебі белгілі жәйт: №84 және 85-мектептерді Араб Әмірлігінің президенті шейх Халифа бен Заид аль-Нахаян мен Катар әмірі шейх Тамина бен Хамада аль-Танидың атымен атау – Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей өзінен түскен нұсқау; ал бүгінде «бас кітапханашы» атанған елбасының бұйрығын бұра тарту – байлаудағы БАҚ біткенге тыйым салынған тақырып.

Нұр-Сұлтан қаласының Тілдерді дамыту және мұрағат ісі басқармасының басшысы Тілеуғали Қышқашбаевтың атымен ресми ретте таратылған ақпарат бойынша, Халифа бен Заид аль-Нахаян атындағы гуманитарлық қор №84 мектеп-лицейінің құрылысын толықтай қаржыландырған, ал №85 мектептің құрылысын Катар мемлекетінің даму қоры қаржылай қамтамасыз еткен.

Әлбетте, араб шейхтарының аты басқа, мәселен, қоғамдық мекемелер немесе өндірістік нысандарға беріліп жатса, алабөтен сөз болмас еді. Ал ел ішіне етек жайған уаһабизм мен салафизмнің бір отаны саналатын Әмірлік шейхтарының атын мектептерге беру – жас ұрпақтың бетін бесігінде дүдәмәл дін ағымына бұратын әпербақан әрекет болса керек.

Тағы сол Қышқашбаевтың айтуына қарағанда, бұл ұсыныс көпшіліктің сұранысы бойынша, аталған мектептердің басшылығынан келіп түскен екен. Оған «көпшіліктің» жапатармағай қол қойған құжаты қайсы? Ол «көпшілік» Ақмола өлкесінде құрылып, Екінші дүниежүзілік соғыстың майдан даласына аттанып, «Харьков қазандығы» қоршауында тегіс қырылған 106-шы атты әскер бригадасының атына мектеп беруді неге ұмытты екен?

Ал осы хабарға қайран қалып отырған қазаққа бұл шейхтар не берді? Олар мұндай құрметті шаш етектен шашылған ақшасымен сатып алғаннан басқа Қазақстанға қандай үлес қосты?

«Кітапхананың» тілімен сөйлеген Қышқашбаев осы сұрақтарға дәйекті әрі дәлелді жауап бергенде, бәлкім, шейхтарда шатағымыз болмас па еді? Ал біздің білетініміз – шейх Халифа бен Заида аль-Нахаяна астанадағы «Абу-Даби плаза» кешенін қаржыландыруға үлес қосқан. Бірақ Мойынқұмда мал бағып жүрген немесе темір жолдың төңірегінде «тәшкі» сүйреп жүрген қазаққа ол «плазаның» пайдасы шамалы. Есесіне интернеттегі инсайдерлік хабарларға қарағанда, бұл кешеннің келешегі – «кітапхананың» бірінші келіншегіне тиесілі…

Ермұрат БАПИ

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн