Ғани ҚАЛИЕВ, академик: АУЫЛДЫҢ ЖАҒДАЙЫ ТҮЗЕЛМЕЙ, жалпы қазақтың жағдайы түзелмейді

Елімізде 90-шы жылдардан кейінгі екінші жекешелендіру науқаны жүріп жатыр. Оның жай-жапсары қарапайым халыққа беймағұлым: себебі – бұл жекешелендіруге биліктің төңірегіндегі жақыбайлар мен капитал билеген елдің олигархтары ғана қатыса алады.

Бүгінгі жүріп жатқан екінші жекешелендіру – мемлекеттің иелігіндегі немесе квазимемлекеттік үлесті халықтың қатысуынан тыс, билікке жақын тұлғалар арасында бөлісуге саяды. 90-жылдарғы бірінші жекешелендірудің нәтижесінде билік басындағы біраз шенді-шекпенді шексіз байыды, әлдеқандай қатерлі заман туа ма деген күдікпен, байлығын мемлекет пен ел мүддесіне жаратпай, шетелдік банкілер мен офшорлық шоттарға тықты. «Қазаншының еркі бар, қайдан құлақ шығарса» демекші, билік ұрлықпен былғанған капиталын жуып-шаю үшін, ара-тұра тыққан-мыққан мүліктерін заңдастырып (легализация) отырды.

Алайда тәуелсіздік жылдары Қазақстаннан тыс жерлерге шығарылған (ресми дерек бойынша) 200 млрд., ал қаржыгер сарапшылардың есептеуінде 300 миллиард доллардан астам қаржы әлі де сыртта қалған. Біріншіден, сол сырттағы капиталды елге енгізудің қарабайыр қамы жасалуда. Ол үшін мемлекеттік компаниялардың үдесіндегі жіліктің майлы басын жеке меншікке немесе жекенің басқаруына беру жөніндегі экономикалық саясат ойластырылуда.

Екіншіден, әлемдік нарықта шикізат арзандап, мемлекет қазынасына түсім азайып, бюджет тақырға отырған соң, сырттағы ақшаны елге қайтару үшін екінші жекешелендіру науқаны жарияланды. Бірақ сатылымға шығарылатын ірі өндірістік үлестер жоқ: барлығы баяғыда бөліске түсіп кеткен. Енді не істемек керек?

Ендігі жекешелендірудің кезегі жер мен жерге тікелей қатысты шаруашылық басқару компанияларына жеткен сияқты. Жердің жағдайы белгілі болды – халық одан тірідей айырылмайтынын елді жаппай жайлаған митингілермен дәлелдеді. Ал сол жерді ұқсатуға, оны қаржыландыруға тікелей қатысы бар «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингі және оның «дочкалары» әлі де мемлекеттің қолында. Бірнеше сатыдан тұратын бұл компаниялар тізбегі аграрлық саланы дамыту стратегиясын жүзеге асыра алмады. Мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруға арналған бюджеттің қаржысын несиелік тәртіппен бөліп берумен ғана шектелген бірнеше сатылы компаниялар арамтамаққа айналды.

Мәселен, «ҚазАгро» холингінің өзі бірнеше еншілес құрылымдардан тұрады: «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы», «Ауыл шаруашылығын қолдау қоры», «Аграрлық несие корпорациясы», «ҚазАгроӨнім», «ҚазАгроКепіл», «ҚазАгроМаркетинг» және «ҚазАгроҚаржы». Байқасаңыз, ауыл шаруашылығын алға жылжытатын осыншама корпорациясы бар Қазақстанның ауыл шаруашылығы саласы Австралия, Канада және Жаңа Зеландия секелді аграрлық мемлекеттерді жолда қалдыру керек еді. Бірақ олай болмады. Ауыл шаруашылығына құйылып жатқан қыруар қаржы құмға (әлде құлқындарға) сіңіп жатыр.

Содан, қазақстандық билік балалап кеткен «ҚазАгро» аналық компаниясын қалай реформалау қажет деген сұрақпен дал болып жатыр. Алғашында холдингтің «дочкаларын» жекешелендіру базарына шығарып, сауда-саттыққа салмақ болды. Бірақ ішкі-сыртқы қарсылықтың салдарынан бұл жоспар кейінге сырылып қойды. Соңғы мәліметтерге қарағанда, мәселен ҚатТАГ-тың хабарлауына қарағанда, «Аграрлық несие корпорациясысын» «ҚазАгроӨнімге» қосып, біріктіру арқылы жою жоспарланып отырған сияқты. Инвестициялық қызығушылығы мен әлеуеті төмен деген негізбен «ҚазАгро Маркетингтің» жұмысы тоқтайтын сыңайлы.

Осыдан бірер апта бұрын «ҚазАгроҚаржы» қорпорациясын бәсекелестік ортаға беру деген желеумен оны жекешелендіру мәселесі қарастырылған болатын. Бізді алаңдатқан да осы хабарлама еді. Неге?
Себебі, елдегі халықтың тең жартысынан астамы ауылды жерлерде тұрады. Ол халықтың 90 пайызы – қазақтар. Ал түптеп келгенде, «ҚазАгроҚаржы» – сол қазақтардың несиелік қаржыға байланған қайнар көзі. Яғни, елдегі 5 миллионнан астам қазақтың ауыл мен ауыл шаруашылығындағы күнкөрісі осы корпорацияға байланысты. Егер «ҚазАгроҚаржы» жекенің қолында кетер болса, қыруар халықтың қазіргі ілдебайланған тірлігі не болмақ?

Иә, Қазақстанда қай мекеме қай жекеге өтпей жатыр деп, қолды сілтей салуға болар еді. Бірақ, қол сілтеуге келмейтін бір жайт: «ҚазАгроҚаржы» шаруа-фермерлерге ауылшаруашылық техникасын лизингке сатқан кезінде, олардың жерлерін кепілге алып отырған. Ол жердің көлемі 1,5 млн. гектар шамасында болады екен. Егер, «ҚазАгроҚаржы» жекешелендіруге өтсе, жоғарыда аталған кепілдегі жерлердің тағдыры не болмақ, ол жерлер кімнің кепілдік иелігінде қалады?

Айтпақшы, биресми ақпарат көздерінен түскен хабарларға қарағанда, агросалаға құйылып жатқан қаржы есепсіз шашылмауы үшін, «ҚазАгроның» еншілес компанияларын билік басындағы тұлғалардың туған-туыстарының бақылауына бермек екен-мыс. Мәселен, былтырдан бері «ҚазАгроӨнім» бірлестігін Болат Назарбаевтың бақылауындағы компания жекешелендіріп алады деген сыбыс фермерлер қауымы арасында желдей ескенін ескерсек, бұл қауесетті жоққа шығаруға болмайды…

Ал ең бастысы – «аналық» холдингтің осы жылғы мәліметі бойынша, оның активтері 1,4 триллион теңге, оның ішінде таза пайдасы 6,87 миллиард болғанын ескеретін болсақ, оған көз тігудің негізі бар екенін түсінуге болады. Яғни, «ҚазАгроҚаржы» тіпті де банкрот компания емес: оны жекеге беру арқылы жағдайды жақсартамыз деген жорамал – далбаса уәж.

Ендеше, «ҚазАгро» холдингі мен оның еншілес компанияларын реформалау арқылы Қазақстанның аауыл шаруашылығын дамытудың қандай жолдары бар? Осы сұрақты арқаланып, бар өмірін ауыл шаруашылығы саласына арнаған, ҚР ауыл шаруашылығы академиясының төрағасы, экономика ғылымдарының докторы, ҚР Ұлттық Ғылым Академиясының академигі Ғани Қалиевпен сұхбаттасқан едік. Ауылға қатысты академик не айтады – оқып көріңіз.

– Ғани Әлімұлы, еліміздің ауыл шаруашылығының жағдайын жетік білетін маман-ғалымдардың бірі ретінде, «ҚазАгроҚаржы» компаниясы жеке меншікке өтетіні туралы хабарды қалай қабылдадыңыз? Оны жекеге беру дұрыс па?

– Сіздердің алаңдаушылықтарыңызды басу үшін бірден айтып кетейін: кеше ғана «ҚазАгроның» басшылығымен осы мәселе бойынша сөйлестім. Олар маған мәселе қайта қаралды, «ҚазАгроҚаржы» жекешелендіруге өтпейтін болды деп нандырды.
Рас, бастапқыда осы мекеменің жекешелендіруге түсетінін естігенде, өзіміз де қайран қалдық. Бұл өте қате шешім. Оның бірнеше себебі бар. Біріншіден, «ҚазАгроҚаржының» несие портфельінде фермерлердің 1,5 млн. гектардан астам жер кепілдікте тұр. Ол шаруалардың жеке меншік жері болып рәсімделгенімен, еліміздің, мемлекетіміздің жері ғой. Бұған қоса мыңдаған шаруа «ҚазАгроҚаржыға» ауыл шаруашылық техникасы үшін қарыздар.

Ол шаруалардың басым бөлігі майда шаруа қожалықтары болғандықтан, алған қарыздарын уақытылы қайтаруының өзі қиындық туғызады. Оның үстіне, мемлекеттік ауыл шаруашылық бағдарламалар үшін «ҚазАгроҚаржыға» қыруар қаржы бөлінген. Қателеспесем, ол қаржы 60 млрд. теңгенің шамасында. Егер, «ҚазАгроҚаржы» жеке қолға өтсе, жоғарыда айтқан мәселелер бойынша мемлекетпен қарым-қатынасы қандай болады деген орынды сұрақтар тууы мүмкін. Сондықтан, бұндай нысандардың мемлекет иелігінде қалғанын дұрыс деп санаймын.

– Расында, фермерлер үшін бұл жақсы жаңалық екен. Дегенмен, осындай мекемелерді жеке қолға ұсынуды жоспарлаудың өзі, экономикалық саясатты басқаруындағы кемшіліктердің айғағы болса керек. Ауыл шаруашылығына тікелей қатысты азамат ретінде айтыңызшы, ата бабамыз айналысқан кәсіпті біз неге дамыта алмай отырмыз? Жер де бар, екі қолына бір күрек ұстатуға болатын қазақ та бар ауылда…

– Бұл өте өзекті тақырып. Біздегі жердің көп екені рас. Жер көлемі жағынан әлемде 9-шы орындамыз деп мақтанғанымызбен, жайылымдық жердің тек 3/1 ғана пайдаланып жүрміз. Өйткені малға тек жайылым ғана емес, су да қажет. Мысалы, бір отар қойдың жайылымы радиус бойынша 4,5 шақырым жерді қамтиды. Осы жердің көлемінде міндетті түрде судың көзі болуы шарт. Ал бізде олай емес. Кезіндегі каналдар мен жер асты суы құдықтарының көбі қараусыз қалды, дені – бүгінде жоқ. Салыстыратын болсақ, кеңес заманында біздің далада 50 миллионға жуық қой жайылатын. Қазір жеке меншіктің қолындағы сол қойдың саны 20 млн. шамасында ғана. Оның өзі үстірт ақпар.

– Қазақстандағы жетістіктердің көбін «Хабар» арнасынан немесе қағаздан ғана көруге болады демекші, Елбасының қатысуымен өткен жиындардың бірінде премьер-министрдің орынбасары – ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шүкеев президенттің қойған бір сұрағына: «Бізде 2 млн. сиыр жоқ екен…» – деп, жауап қайырды. Қағазда бар сиыр, нақты жағдайда болмағаны ғой. Ал қазіргі ауыл шаруашылығының шынайы жағдайы қандай?

– Біздің жақсымызды асырып, жаманымызыды жасырып жүрген кейпіміз бар. Дегенмен, «ауруын жасырған өледі» деген мақалды да ұмытпаған жөн. Ауылдағы проблемаларды білмей, оларды шешпей, ауылды дамытамыз дегеніміз – бос сөз. Жеріміз көп болғанымен, оның басым бөлігі игерілмей жатыр. Оның үстіне, халықтың да саны көп емес: осыншама далада 18 млн. ғана елміз. Ауылды дамытуға ең бастысы – жаңа айтып өткен су тапшылығын қосыңыз. Бізде өзімізден басталатын өзендер жоқтың қасы. Ағын судың дені Қытайдан немесе Ресейден келеді. Ол су бізге жеткенше, біраз бөлігі жол жөнекей бөгеліп, азайып келеді. Бұрын су қатынасы заңдармен реттелетін. Егер өзен бірнеше мемлекеттің жері арқылы өтсе, сол мемлекеттердің барлығының мүддесі ескерілетін. Қазіргі жағдай олай емес. Біздің пікірімізбен ешкім санасып жатқан жоқ.

Егер, мемлекет ауылды дамытамын десе, бірінші кезекте азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету қағидасын ұстануы тиіс. Ол үшін елімізге керекті азық-түліктің құрығанда 80 пайызын өзіміз өндіруіміз керек. Бұл мәселе бойынша Қазақстанның бүгінгі көрсеткіштері өте төмен. Ет, сүт, көкөніс өнімдері қажетті көрсеткіштің маңына да жоламайды. Консервленген өнімдерінің өзі 23% деңгейінен аса алмай тұр. Сонымен қатар, қажетті техникасыз – ауыл шарауашылығы ешқашан алға жылжымайтынын ұмытпауымыз керек. Бізде ауылшаруашылығына қажетті машинажасау өндірісі жоқ. Бәрі құр сөз!

Ауылшаруашылығының дамуын тежеп тұрған тағы бір мәселе – ауылдан шыққан өнімді өңдей алмай отырғанымыз. Өнімді шикізат түрінде сатудан гөрі, өңделген дайын өнім ретінде нарыққа шығарған әлдеқайда тиімді. Ауылдан шыққан өнімнің аз екені былай тұрсын, соның өзінің тек үштен бірін ғана өңдеп отырмыз.

Ауылдың дамымауының негізгі себебі – ірі қожалықтардың тым аз болуы. Бізде қазір 60% шаруашылықтардың жер көлемдері 50 гектардан аспайды. Ол деген түк емес. Көлемі аз жерде ғылыми– техникалық жетістіктерді пайдалану мүмкін емес. Ондай жерде үлкен техникаларды жүргізе алмайсың. Егістік жерлерде «севоборот» деген түсінік бар. Жерің аз болса, оны да жасай алмайсың. Біздегі шаруашылықтар майда болғаннан кейін, ондай жерде механизация да, ғылыми жетістік те болмайды. Сонықтан ұсақ шаруашылықтардың өндірген өнімі мен еңбек өнімділігі де төмен болып тұр. Осы жағдайда басқа елдермен бәсекелестікке түсу мүмкін емес. Бұл тығырықтан шығу үшін, ұсақ шаруашылықтарды кооперация арқылы ірілендіру керек.

– Сонда, бұрынғы колхоз-совхозға қайта оралу керек пе?

– Жоқ. Шаруашылықты ірілендірудің өзге де жолы бар. Ол – кооперация, яғни қауымдасу! Мысалы сіздің 50 гектар жеріңіз бар делік. Ауылдастарыңыздың біреуінде 30 га, біреуінде 40 дегендей. Осы жерлеріңізді кооператив құру арқылы ортақ айналымға салуға болады. Біреуіңізде – трактор, екіншіңізде – комбайн бар. Қолда бар техника мен мүлікті де ортақ пайдаланымға салып мүліктік қор құрасыз. Кезінде Германия біріккен кезде, өзінің ауыл шаруашылығын осы жолмен дамытты. Шаруалар өз жерлерін кооперативке уақытша пайдалануға беріп, жер рентасын алған. Яғни, шаруалар жерлерін пайдалануға бергені үшін табыс, кооператив пайдасынан дивиденттер, сонымен қатар кооперативте жұмыс істегені үшін жалақы алған .

Бізге де сол жолмен жүріп өтуге болады.

«Ауызы күйген үрлеп ішеді» демекші, халық колхоз-совхозға қосылмайды. Жерімнен айырылып қалам деп қорқады. Ал кооперативте жерің өз меншігіңде қала береді. Сен жеріңді тек ортақ айналымға салып, ортақ пайдаланып отырсың. ҚР Жер Кодексінде кооператив мүшесі өз меншігіндегі жерді немесе уақытша жер пайдалану құқығын белгілі бір уақытша коопертивке бере алатыны нақты жазылған. Бұл бірыңғай егістік айналымын сақтауға, бірігіп ауыл шаруашылығы техникасын, жаңа технологияларды пайдалануға және т.б. мол пайдасын әкеліп, ауыл шаруашылығында еңбек өнімділігн жоғарылатуыға ықпал етеді.

– Қазақ бастық болғанды жақсы көреді: кооперативтерді кім басқарып, жұмысын кім жүргізеді?

– Кооператив құрылған соң, бір ұжым болады. Барлық сұрақтар кооперативтің жалпы жиналысында дауыс беру арқылы шешіледі, сонымен қатар кооперативте «бір мүше-бір дауыс» қағидасы орын алады, бұл АҚ, ЖШС сияқты монопольдық жағдайға жол бермейді. Оның басқармасы сайланады. Жарғы қабылданады. Бұл өте демократилық түрдегі құрылым, әрі шаруа үшін дамудың тиімді жолы.

Мысалы, сіз өз жеріңізбен және техникаңызбен кооперативке мүше болып кірдіңіз. Жер, мал, мүлік біріктірілгенен кейін, одан түскен пайда әркімнің үлесіне қарай бөлінеді. Бұл – шаруа табысының бірінші көзі. Жыл соңында өндіріген өнімнен түскен пайда тағы бөлінеді. Бұл – табыстың екінші көзі болады. Оған қосымша, сіз кооперативте өзіңіз жұмыс жасап, жалақы алсаңыз: ол сіздің табысыңыздың үшінші кірісі болады. Егер, зейнет жасына келіп, жұмыстан шықсаңыз, кооперативтегі жер мен мал мүлкіңіз үшін пайдадан түскен үлесіңіз тоқтамайды. Егер жерімді қайтадан ортақ пайдаланудан алып, кооперативтен шығам десеңіз – өз еркіңіз. Бұл кооператив туралы заңмен қарастырылған. Осы заңның қабылдануына біздің тікелей қатысымыз болды.

– Сіз айтып отырған кооператив туралы заң қабылданса, ол неге жұмыс жасамай жатыр?

– Бұл заңды іске асыру үшін, мемлекеттік бағдарлама қабылдануы тиіс. Оған біраз қаражат шығару керек. Ол болмаса, ешқандай заң жұмыс істемейді. Өкінішке орай біздің атқамінерлер осы заңның маңыздылығын түсінбей отыр. Ел арасында түсіндіру жұмыстары да дұрыс жолға қойылмаған.

ҚР президенті Н.Ә.Назарбаев өзінің жыл сайынғы Жолдауында ауыл шаруашылығы кооперациясының қажеттілігін анық көрсетеді, бірақ осыған қарамастан ауыл шаруашылығы кооперативтері жоғары деңгейде қолдау таппауда.

Ауыл шаруашылығы кооперативтері туралы Заңның жұмыс істемей тұруының тағы бір фактісі, 2016-2017 жылдары ҚР АШМ кооперативтерге берілген мемлекеттік қолдау – тек қосалқы жеке үй шаруашылықтары кооперативке біріккенде ғана берілгені болып табылады. Бұл кооперативке ауыл шаруашылығына қатысы жоқ, өз иелігінде малы жоқ адамдарды біріктіруге әкелді. Менің ойымша, жеке қосалқы үй шаруашылықтарын емес, ауыл шаруашылығында жұмыс істеп жүрген құрылымдарды кооперативке біріктіруді ынталандыру қажет еді. Бұл еліміздегі кооперативтік қозғалыстың ең басты кемшілігі болды.

Сонымен қатар ҚР АШМ облыс және аудан деңгейінде ауыл шаруашылығы кооперативтерін құруға жоспар қойды. Бұл өз кезегінде жергілікті басқару органдарының жоспарды орындауы үшін «өтірік кооперативтердің» жаппай құрылуына әкелді.
Осыдан кейін барып, енді ауыл шаруашылығы кооперативтерін құрудың тиімсіздігі, «өтірік кооперативтер» құрылғаны туралы баяндайды. Мұнда кім кінәлі? Кооперативтік қағидаларға байланысты, ауыл шаруашылығы кооперативтері «жоғарыдан төмен» емес «төменнен жоғары» құрылуы қажет, бұл мемлекеттік органдардың кооперация процессіне араласуын анық көрсетеді.
Мысалы, сіздің жеке қожалығыңызда бірнеше сиыр бар делік. Бір сиырдың сүтін өзіңіз ішесіз, қалғанын сатқыңыз келеді. Бірақ оны сату үшін ол сүтті өңдеп, пастерлеу керек. Жеке өзіңіздің оған шамаңыз келмейді. Қала маңында тұсаңыз ол сүтті күнделікті базарға шығарып сатарсыз, алайда оның өзінде көлік шығыны, тағы басқасы болады. Ал егер қаладан алыс аймақта тұсаңыз, екі-үш сиырдың сүтін қайда апарасыз?!

Қазіргі бағдарламалар бойынша кереғар жағдайлар орын алып отыр. Мысалы, сүтзауытын салу үшін, мемлекет несие берем дейді. Қаржылық қатерді азайту үшін, шару қожалықтарының ішінен ең әлділерін іздейді. Сүт зауытының құны 100 млн. теңге болса, оның бір бөлігін әлді шаруа қожалығы өз мойынына алады. Несие мен сүт зауыты соның мойынына рәсімделеді. Сөйтіп, шаруалар сүтті сол зауытқа 100 теңгеден өткізеді. Зауыт болса, оны өңдеп, дүкендерге 200 теңгеден сатады. Сонда үстінен 100 теңге қосып пайда көреді. Бірақ түскен пайданы сүт өткізетін шаруалармен бөліспейді. Біз болсақ, бұндай жолмен келіспедік. Өйткені сиыр ұстап отырған шаруалардың да дамулары керек қой. Егер оларға сүт зауытының пайдасынан үлес бөлінбесе, оларға не пайда?! Ол шаруа сиырдың басын қалай өсіреді?!

– Сонда, сүт зауатын ақшасы бар байлар салып, қара шаруа соған қызмет ететін болып тұр ғой…

– Иә, осы кейіпте тура солай болып тұр. Ауқатты шаруа қожалығының иесі зауытты салып, байып, ауылды қанайды. Зауыт қожайыны сүтті неғұрлым арзанға алып, барынша қымбатқа сатуға тырысады. Біз осыған қарсы шықтық. Сүт зауытының қожайыны шығындарын өтегеннен кейінгі пайдасының бір бөлігін сиыр ұстап отырған шаруалармен бөлісуі тиіс. Сонда сиыршы малының басын өсіріп, өткізетін өнімін де көбейтеді.

Жалпы, ауыл шаруашылығы тек іріленген жолмен ұйымдастырылған кезде ғана дамиды. Айтайық, шет елде бір фермер бірнеше кооперативке мүше болып, пайда таба алады. Оның бірі – ет, екіншісі – сүт, ал үшіншісі – көкөніс өнімдерімен айналысатын кооператив болуы мүмкін. Бізде де осыны жасау керек. Өз тарапымыздын үкіметке Қазақстанның әр облысынан бір-екі копперативтен ұйымдастырып, тәжірибелік жұмыс жасауды ұсындық.

– Ал ол ұсыныстың бүгінгі қабылдану жағдайы қалай?

– Қазіргі жағдай былай болып тұр: нақты бір ауылды мысалға алайық. Сол ауылда мың үй бар. Мың үйдің 200-300-дей ғана сиыр бар. Қалғандары әр түрлі себептермен малға жем-шөп дайындай алмайды, өйткені бірі – иә мектепте, иә ауруханада жұмыс жасайды, мал өсіретін мүмкіндігі жоқ. Ал бес сиырын ұстап отырған ауылдасы сол бес сиырмен отыр. Өйткені мал басын ары қарай өсіретін жағдайы жоқ. Бес сиырынан сауып отырған сүтін өзі ішеді, маңайындағы сиыры жоқтарға сатады. Көріп отырған пайдасы – тек көршілерге сатқаны ғана.

Сондықтан ұсақ шаруалар поездың вагоны болса, сол вагондарды алға сүйрейтін локомотив қажет. Локомотив деп отырғаным – ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу нысандары. Ол сүт зауыты, ет комбинаты, немесе көкөніс өңдеу зауытты. Осы дүниелер ауылға ауадай қажет болып тұр. Егер ауыл шаруашылық өнімдерін өңдейтін нысандар болса, шарулар еш қорықпастан биай да егеді, мал да өсіреді. Өнімдерді өңдеу нысандары қызмет көрсету кооперативтерінің негізінде ұйымдастырылуы тиіс және оларды күшейтуге мемлекет мүдделі болу керек. Сонда ғана ауыл дамиды, сонда ғана қазақтың жағдайы жақсары.
Ауылдың жағдайын түземейінше, қазақтың жағдайы түзелмейді! Бірінші кезекте осыны түсінуіміз керек.

– Сұхбатыңызға рахмет!

Азамат ШОРМАНХАНҰЛЫ,
«D»

Республиканский еженедельник онлайн