ҚАЗАҚТЫҢ ЖЕРІН САТУ саясатына қарсы тұрайық!

Сонау «егемендігімізді алдық» дегеннен бастап, өзін-өзі президент етіп сайлап алған Нұрсұлтан Назарбаевтың есіл-дерті тек шексіз байып, бүкіл әулетін байытып алу ғана емес, түпкі арам ойы – қазақтың жерін қазақтардан ада етіп, жалаңаштау еді. Колхоз-совхоздарды тарқатып, мал-мүлкін талан-таражға салып, халқын торғайдай тоздыртып қана қоймай, қайыршылыққа ұшыратып, тезек тергізіп, қаңғыртып жібергенін көрген соң, сол мақсаты орындалған сияқты.

Туған ауылынан басқа барар жері, басар тауы қалмаған ауыл адамдарының (қазақтардың) тіршілік аясын одан сайын тарылту үшін небір амал-айла ойлап тапты. Сол айланың бірі – жекешелендіру деген саясатпен қазақтың біраз жерін кірме-келімсекке таратып берді. Мәселен, Қазақстанның солтүстік өңірінде едәуір жерді атауы қазаққа қатысы жоқ «Богви» және «Баско» деген Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер иеленіп кетті. Қазақстанның солтүстіктегі облыстарын «жарылқаймыз» деп келген періште бейнелі жаңағы «серіктестіктер» ауылдықтарды алдап соғып, жерлеріне ие болып алғанымен қоймай, иеліктеріндегі миллиондаған гектар егістік жер телімдерін екінші деңгейдегі банктерге (ЕДБ) кепілдікке қойып, «қарызға» деп, миллиардтаған қаржы ала бастады.

Ал ауылдардағы шаруа адамдарына жаңағы ЖШС-лардан қалғаны – қайыршының садақасындай небәрі 5 пайыз үлес (жарна) қана еді. Жылдың аяғында ол серіктестіктер сол үлестің өзін бұлдап, жарнашыларға шіри бастаған қар аралас жем-шөп беретін. Ақыры келіп, жеке меншік серіктестіктер өздерін қолдан жасаған банкротқа ұшыратып, ауыл тұрғындарын жерсіз қалдырды. Ал банктер болса, «қарыздарыңды қайтармадыңдар» деп, шаруалардың кепілдікке қойылған миллиондаған гектар егіндік, шабындық жерлерін тартып алды. Осылайша биліктің нақақ саясаты салдарынан қазақтардың ата-қоныс жерлері саудаға салынып кетті!

Мысалы, 2016 жылдың көктемінде Солтүстік Қазақстан облысындағы Ақжар ауданына қарасты Бостандық ауылы тұрғындарының 6 мың гектар жері президенттің мораторийі шыққанына қарамай, қалталы азамат Ибрагим Саттыбаевқа сатылып кеткен еді. Сондағы қазағының жері үшін от алып, ораққа түскен Қайырлы Омар екі жылға сотталып кете барды. Қайырлының бар жазығы – жеріміз бен астық қоймаларының Қытайға сатылып жатқаны жайында мәлімдеме жасағаны болатын.

Сол сияқты Шығыс Қазақстан облысының Үржар ауданында «Бәтуә» ЖШС-сы 92 мың гектардан астам жерді қытай компанияларымен бірге игермекші болып, қытайдан аумақты инвестиция алып, ол аздай, мемлекетіміздің есебінен көлемді субсидия алғанын жария еткені үшін қоғам белсендісі Айдын Егеубаевты сотқа тартқызып, бас бостандығын екі жылға шектеу жазасы қанымызды қайнатты. Ең масқарасы – соттың шешімімен әлгі 92 мың гектар жерді мемлекетке қайтарса да, соған қарамай, Айдынды кінәлі етіп, соттап жібергені еді! Сөйтіп сот заңға қарама-қайшы шешім қабылдады.

Бертін келе тағайындалған ауыл шаруашылық министрі Асқар Мырзахметов: «Ауыл шаруашылығына жарамды 100 миллион гектар жерді тек өзіміздің халыққа ғана емес, шетелдіктерге де 49 жылға жалға береміз» деуі сол-ақ екен, айына бір миллион теңге жалақы алып отырған «жалдамалы» депутаттардың біреуі де қарсы келмей, бұл шешімді қолдап, бас шұлғып шыға келді. «Тоқал ешкі мүйіз сұраймын деп, құлағынан айырылыпты» дегендей, біз, яғни қазақ ұлты 25 жылды жалға беруге көпсініп жүрсек, жүректері елжіреген мырзалар Атамекен жерімізді қытайларға 49 жылға «жалға» бере салмақшы болды! Міне, содан бері бірнеше жыл өтсе де, жер дауы мәселесі өршімесе, басылар емес.

Ақпан айында (04.02.2020) Ақжар ауданының (СҚО) орталығы Талшық қалашығына орналасқан астық қабылдау элеваторында шаруа адамдарының, яғни жер үлескерлерінің жалпы жиналысы (фото) болады деген соң, Щучье қаласынан жеткен едім. Жиналысты ашқан «Астық Агро» ЖШС-ның директоры, ресейлік азамат Шинмаер Владимирдің құрылтайшысы Мұстафа Дәуреннің өкілі Хасенов Бикен жиналған халыққа уәдені үйіп-төгіп беріп жатты. Сондағысы – 2014 жылдан бері үлесақыларын ала алмай, сорлап жүрген үлескерлерге осы жылы 6 ақпаннан бастап үлесақы төлеу болғанымен, Бостандық ауылының тұрғыны, үлескер Қайрат Қалиевтың айтуына қарағанда, уәде орындалмай, әлі ешкім де жер үшін төлемақысын алмаған…

Сөзім жалаң болмас үшін, бірнеше мысал келтірейін. Сол жиналыс болған күнгі кімнің не айтқаны жайында бейнетаспаға түсіріп, диктофонға жазып алғаным бойынша, Бостандық ауылының тұрғыны, «Энергоагро» ЖШС-ның үлескері Ерғалиев Марлен Жамбылұлының 161 гектар жерінен қарадай айырылып, бармаған жері, баспаған тауы жоқ. Өзін ЖШС-ның тізімінен заңсыз шығарып тастаған Смағұлова Шолпанның үстінен арыз жазып, Ақжар ауданының прокурорына, сотына шағымданғанымен, күні бүгінге дейін құқық қорғау органдары шағымын сағыздай созып, ешқандай шара қолданбай жүргенін айтты.

Сол аудиожазбаға дауысы түскен Ақжар ауданына қарасты Қазан ауылының тұрғыны Айжан Тұрсымбекова: «2018 жылы тендерден 400 гектар жайылым жер ұтып алып едім, соны жер бөлімінің бастығы Төрежанов Болаттың «жеріңнің қағаздарын өзім жөндеп беремін» дегеніне бекер алданған екенмін. Аудандық әкімшілік жаңағы жайылым жерді «біз қателесіп, саған егістік жерді беріп қойыппыз» деп, ауыздарын қу шөппен сүртіп отыр. Мен жерсіз қалдым. Білмеймін, жанұямды қалай асыраймын?» – дейді.

Қызылту ауылының тұрғыны Бабит Сергей: «Үлескер болып алған 150 гектар егістік жерімді жалға берсе, ешқандай инвесторсыз-ақ өзім жыртып, өзім сеуіп, астықты өзім жинап алар едім, аудандық жер комитеті көнбей отыр. Бұл аталған жер банкте кепілдікте тұр», – деген жауап алдым деп қынжылады.

Бостандық ауылының тұрғыны үлескер Ботагөз Қабылова «Агроэнерго» ЖСШ-ның өкілі Хасенов Бикенге: «2014 жылдан бері үлесақымды ала алмай жүрмін. Қашан ақшамды төлейсіңдер?! Өтірік айтуға шаршамадыңдар ма?!» – деді. Оған Хасенов: «2017–2018 жылдар үшін үлесақыларыңды төледік, енді ақпан айының аяғына дейін 2014–2015 жылдар үшін үлесақыларыңды төлейміз», – деп «жарылқай» салды…

Ақжар ауданының тұрғыны Курдаева Тамара 2017–2018 жылғы үлесақысы – 174 000 теңгені, 2019 жылғы үлесақысы – 94 000 теңгені әлі алмапты. Попович Надежда 2017–2018 жылдарғы үлесақысын ала алмай жүр.

Бостандық ауылының қоғам белсендісі Қайрат Қалиевтың: «Жеріміз банктерде кепілдікте тұрса, оның үлесақысын қалай төлейсіңдер және ол кепілдіктегі жерді қалай пайдалануға болады? Шарт бойынша үлесақымыздан 5 пайыз салық төлеуіміз керек екен, ал біздер неге 10 пайыз салық төлейміз?» деген сұрағына Хасеновтан: «Ақпанның аяғына дейін жерлеріңді кепілдіктен босатамыз. Бұрынғы серіктестіктермен жасалған келісімшарттардың күшін жойғызамыз», – деген жауап алды.

Бір кездері байлығы асып-тасыған, өркендеген бұрынғы совхоз орталығы Бостандық ауылының жағдайы әбден асқынып, жартылай халқы туып-өскен ыстық қонысын тастай қашып, күнкөріс үшін қалаларға көшіп кеткендіктен, үйлерінің қирандысы – қалқиған қабырғалары мен пештерінің сорайған мойындары ғана қалыпты. Баяғы кеңес кезіндегі жердің белін қайыстырған миллиондаған бас малдан еш белгі қалмапты, құлазыған дала жым-жылас, жылан жалап кеткендей! Даңғарадай үлкен мал қораларының төбелері ортасына түсіп, тек қалқиған қабырғалары ғана бұл жерлерде бір кездері қызу тіршіліктің болғандығынан хабар бергендей.

Кеңес үкіметі кезінде менің туған ауылымда 50 шақты үй бар еді. Егемендік алғаннан кейін бар қалғаны екі-ақ үй! Басқа үйлердің тек қалқиған қабырғалары ғана тұр.

Осының бәрін диктатор Назарбаев не үшін істеді?! Біреулер айтады: «ПТУ бітіргендіктен, ауыл шаруашылығын өркендетуге білімі жетпей қалды», – деп. Тағы біреулер «Нарықтың заңы солай» деп сандырақтайды…

Жоқ! Мен айтар едім, білімі жетпегендіктен емес, Назарбаевтың қулығына найза бойламайды. Ол осы әрекеттерінің бәрін қазақ ұлтына қасақана жасады. Оның ең басты мақсаты – қазақтың даласын жалаңаштап, бос қалған жерлерді Қытайға сатып жіберу еді! Назарбаевтың Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Қостанай, Ақтөбе облыстарының элеваторларын қытайларға сатып жатқаны туралы газеттер неге ауыз аша алмайды десеңіздер, айтайын: Назарбаевтың қаһарынан қорқады! Халықтың ау-жайын байқап көру үшін, Назарбаевтың ойлап тапқан айласы – 1 миллион 700 мың гектар егістік жерлерімізді Қытайға 25 жылға жалға (сату деп түсіну керек) беру болатын.

Назарбаевтың айлакер екенін жұрттың бәрі айтып жүр. Бірақ бастарына үйірілетін үрейден қорқып, көпшілігі жақ ашпайды. Өзі де шықпа жаным – шықпа деп, қалтылдап, күнін әзер көріп отырған ауылдарды одан әрі құртып жіберу үшін, Назарбаев өзі бас болып, бүкіл әулетімен мұндағы көмір кендерін меншіктеп алғанымен қоймай, көмірдің бағасына аталарының құнын сұрап отыр! Мен былтыр осы мәселені көтеріп, президент Тоқаевтың атына хат жазған едім, ақырында өз басым әуреге қалып, мені жемқорлармен күресу департаментіне шақыртты…

Қазақ мемлекетінің азаматы ретінде айтарым: жер ғасырлардан келе жатқан ешқандай баға жетпес мұрамыз, жердің егесі – Қазақ ұлты! Ендеше Атамекен туған жеріміздің, кіндік қанымыз тамған ыстық қонысымыздың ұлтарақтай жері де ешкімге сатылмайды, шетелдіктерге жалға да берілмейді! Жерден айырылсақ – Елден айырыламыз! Елден айырылсақ – тілден, ділден, діннен айырылып, Палестинаның күйін кешеміз! Әсіресе Қытайға, Ресейге бодан боламыз, құл боламыз!

Қуаныш МҰҚТАЙ,

ақын, қоғам қайраткері

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн