Қазақ медицина ғылымында «ЕСЕНҒОС» ДЕГЕН ЕСІМ БАР

  • «ДАТ» газетін алғаш рет (1998 ж.) қолына алғанда, 58 жаста ғана болған тұрақты оқырманымыз Есенғос Мәмбеталин бүгінде 80-нің сеңгіріне шықты. Содан бергі жылдар бойы халықтық билік пен ұлттық құндылықтарға, елдің еркін тірлігіне тәнті, Қазақстанның азат болашағына құштар Ес-ағамыздың мерейтойына арнап «Одесса» журналында (Украина) шыққан мақаланың қазақша нұсқасын жариялап отырмыз.

Ағамыздың 22 жылдан бергі сүйікті газетінің редакция ұжымы мерейтой иесін келген мерейлі жасымен құттықтап, профессор-дәрігердің Қазақстан медицинасына қосқан зор үлесін ел-жұрттың есіне салғанды жөн көрдік. Аман болыңыз, асыл аға!

«DAT» газетінің редакциясы

Есенғос Сағынайұлы Мәмбеталин 1940 жылы 27 қаңтарда Ақтөбе облысының Шалқар ауданында туған. 1957 жылы қазақ орта мектебін бітіргеннен кейін, сол жылы ашылған Ақтөбе мемлекеттік медицина институтының (қазіргі Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университеті) емдеу факультетіне оқуға түседі.

1963 жылы институтты қызыл дипломмен бітіргеннен кейін, жеті жыл бойы Шалқар теміржол ауруханасында хирург болды, Қандыағаш теміржол ауруханасының бас дәрігері қызметін атқарды. Осы жылдары Алматы, Мәскеу қалаларындағы дәрігерлер білімін жетілдіру институттарында хирургия және урология саласы бойынша білімін толықтырды.

Оның 1970 жылдан кейінгі еңбек жолы урология саласындағы ғылыми, ұстаздық, дәрігерлік қызметке ұласты. 1973 жылы Мәскеудің Дәрігерлік білімді жетілдіру институтында аспирантурада оқып, КСРО және Ресей Федерациясы ғалымдарының алдында медицина ғылымының кандидаты атағын қорғап шықты. Қорғаған диссертациясының тақырыбы сол кезде де, қазіргі кезде де өте өзекті мәселе – бүйректің созылмалы жеткіліксіздік ауруын зерттеуге радиоизотоптық динамикалық сцинтиграфия әдісін енгізу тақырыбы болды. Есенғос Мәмбеталин КСРО-да урологияға динамикалық сканерлеу және радиоизотоптық ангиография әдісін алғаш енгізушілердің бірі болды.

Кейіннен Есенғос Мәмбеталин өзі тұңғыш түлектердің бірі болып бітірген Ақтөбе дәрігерлік институтында 21 жыл (1973–1994) бойы, әуелі – ассистент, кейін – доцент, урология кафедрасының меңгерушісі қызметін атқарды (1978 ж.). Осы жылдары Ақтөбе облысының бас урологы ретінде облыс халқына урологиялық жәрдем көрсетуде үлкен үлес қосты және Атырау, Орал, Ақтау қалаларына санитарлық ұшақпен барып, Батыс Қазақстан өлкесінің тұрғындарына емдеу-консультациялық жәрдем беру ісін ұйымдастырды. 1994 жылы республикамыздың медициналық жоғары оқу орындарына арналған қазақ тіліндегі алғашқы урология оқулығын жазып шығарды.

Бұған дейін ол 1992 жылы Мәскеуде екі бірдей дәрігерлік мамандықтан (урология және гигиена) «Хром қосындыларының және басқа нефроуытты заттардың адамның несеп жыныс жүйесіне әсері (клиникалы-экспериментальдық зерттеу)» тақырыбы бойынша докторлық диссертация қорғады. КСРО Урология диссертациялық кеңесінің төрағасы, академик Н.А.Лопаткин, гигиена саласының белгілі, беделді ғалымдары, академик И.В. Саноцкий мен профессор А.В. Рощин Есенғос Сағынайұлының ғылыми еңбегін урология ғылымының жаңа бағытын ашушы, экологиялық уронефрологияның негізін салушы деп бағалады.

Бертінде (1994–2003ж.) жоғары дәрежелі уролог-дәрігер, профессор Есенғос Мәмбеталин тоғыз жыл Б.О. Жарбосынов атындағы Урология ғылыми орталығының клиникалық жұмысын басқарды. Бұл қызметте жүріп, ол өзін терең білімді, үлкен тәжірибелі уролог-ғалым ретінде көрсете білді, клиникалық тәжірибеге жаңа технологиялық әдістемелерді, урологиялық ауруларды емдеудің стандарттарын енгізуге көп еңбегін сіңірді. Еліміздің тұрғындарына мамандырылған урологиялық жәрдем көрсетуді жетілдіруге айтарлықтай үлес қосты.

1996–2005 жылдары Е. Мәмбеталин Қазақстан Республикасы Урологтар қауымдастығының төрағасы, «Урология» мамандығынан диссертация қорғау кеңесі төрағасының орынбасары, Республикалық фармакологиялық комитеттің мүшесі болды. Көп жылдар бойы Бүкілодақтық урологтар қауымдастығы басқарушы алқасының мүшесі болды, көптеген Бүкілодақтық, республикалық урологтар жиындарына (съезд, конференция, симпозиум) қатысып, ғылыми баяндамалар жасады. 1984 жылы Ақтөбе қаласында Қазақстан урологтарының 3-ші конференциясын өткізді.

Профессор Е. Мәмбеталин 153 ғылыми еңбектердің авторы, оның ішінде 5 монография, 3 оқулық, 4 өнертапқыштық еңбек бар. Оның жетекшілігімен бірнеше докторлық және кандидаттық диссертациялар қорғалды. Қазақ Ұлттық энциклопедиясын шығару кезеңінде (2000–2007 ж.) медицина бөлімінің ғылыми кеңесшісі болды.

Есенғос Мәмбеталин КСРО-ның «За доблестный труд» (1970 ж.), Қазақстанның «Ерен еңбегі үшін» (2005 ж.) медальдарымен, «КСРО Денсаулық сақтау ісінің үздігі» (1977 ж.) белгісімен марапатталған, Марат Оспанов атындағы БҚММУ-дің құрметті профессоры.

Жұбайы Анастасия Көбейқызы да дәрігер, акушер-гинеколог, Ақтөбе медицина институтында, Алматыдағы Ұлттық медицина университетінде оқытушы болды. Есенғос Сағынайұлы екі ұлдың – Серікжан мен Әлиханның әкесі, он бір немеренің, бір шөберенің атасы.

Зейнеткерлікке шыққаннан кейін, Е.С. Мәмбеталин Санжар Асфендияров атындағы Ұлттық медицина университетінде Урология және оперативтік нефрология кафедрасының профессоры қызметін атқарды. Қазіргі уақытта Қазақ мемлекеттік медициналық білім толықтыру университетінің геронтология кафедрасының профессоры.

«Одесса» журналы (№46. 2015 жыл)

ЖҮРЕГІН КІР ШАЛМАҒАН АДАМ

Жадырап жаз, күркіреп күз кезегімен алмасып, тіршілік дәптерінің талай беттері аударылыпты. Желге мінсең де жеткізбейтін өткен өмір тек алға оза беріпті. Озған сайын қадірін таныта түседі екен. Қайталанбас, қайтып келмес күндеріңді аңсап, сағынып ойға батасың. Ондай кезде алыста қалған ұмытылмас сәттерің моншақтай мөлдіреп, көз алдыңнан өтіп жатады.

Кешегідей бәрі есімде. Сонау 1987 жылы жазда Дүкенбай Досжановтың туған жеріне барып, творчестволық есеп беру сапарына Бақытжан екеуміз қонақ ретінде шақырылып, қасиетті Сыр еліне ат басын тіредік. Облыстың, қаланың лауазымды жігіттері қошемет-құрметпен құшақ жая қарсы алды. Бұл қонаққа деген жай көңілжықпастық емес, шынайы ықылас, ыстық мейірім сезімдері еді.

Бізге арналған мәдени шаралардың барлығын да Қызылорда қалалық партия комитеті идеология бөлімінің хатшысы Аңсатов Сәдуақас бастап жүрді. Алайда сол күндерде қысқа жауаптасудан арыға бармады, ешбір әңгімеге араласпады. Жәлел, Амангелді секілді басшы қызметтегі жігіттер бізбен емен-жарқын сөйлесіп, арасында әзілдесіп жатқанда да ләм демей, үнсіз жүрді. Қаланың бір басшысы ретінде арнайы келген қонақтың жағдайын жасау міндетін атқарып қана жүргендей көрінді. Шынымды айтсам, сонда: «Мына бір «жауқабақ», көзқарасы ауыр, үндемес жігіттің әдебиеттен хабары шамалы, коммунистік партияның уставынан басқаны оқымаған, қара тырнағына дейін қатқан партократ болуы керек», – деп ойладым.

Біз бірнеше ауданды аралап, оқырманмен кездесулер өткізіп, Қызылордаға қайта келдік. Алматыға оралатын мерзім жеткенде, бізге арнап кең, мол дастарқан жайылып, мазмұнды да мағыналы отырыс болды. Міне, сол кезде әлгі «үндемес» жігітіміз тереңнен толғап, тамырынан тарта термелеп, мәнерлеп тұрып сөйлегенде, таңғалғаннан көзім төбеме шықты. Көлеңкеге қарап, көйлек пішкендей, адамды жете білмей тұрып, жан дүниесін түсінбей жатып, шолақ ойлап, шұғыл шешім жасағаныма қатты ұялдым.

Біз Сыр елінен рухани байып қайттық, әйгілі сүлейлердің жырлары мен термелеріне сусындап, көкірек көзіміз ашыла түсті. Біз шынайы достар тауып, өрісіміз кеңейіп қайттық.

Бақытжан екеуміз талай жерде құрмет-қошемет көріп, талай адаммен дәмдес болдық. Әйтсе де, Сыр елінен тапқан достарымыздай күні бүгінге дейін сыйластығы үзілмегендер кемде-кем. Әсіресе Аңсатовтар әулетімен Момышұлы шаңырағының ынтымақ-бірлігі бекімесе, босаған емес. Кез келгенге бүйрегі бұра бермейтін Бақытжанның Сәдуақас дегенде ықыласы ерекше еді. Сәкеңнің жүрегін кір шалмаған тазалығын, достыққа берік адалдығын қатты бағалайтын. Әсілі, адам бойындағы асыл қасиеттер – ар-ұят пен намыс, бұлар адамды нағыз адам ететін бел омыртқа тіректер. Сәдуақаста осы тіректердің бәрі бар. Оның ойлау аясы кең, тіршіліктегі сан алуан құбылыстарға өзіндік ой-пікірі, өзіндік жеке көзқарасы бар тұлға.

Сәкең – уызына жарыған жан, өйткені ақын анасы Бибісара анамыздың бесік жырын тыңдап, өлеңмен ауызданған. «Басында бұлағы бар өзен ұзақ ағады» деген – осы.

Ер-азаматты зор ететін де, қор ететін де – кейде әйелдер. Сәкең бұл жағынан да маңдайлы. Азаматының басын ардақтап, жанын түсінетін Кенжедей арумен жұптасып, өмірдің ыстық-суығын бірге көріп, ұлды ұяға, қызды қияға қондырғандары үшін бақытты.

Бүгін – Сәдуақастың мерейлі күні! Атар таңдары арайлы, күндері шуақты болсын деп, ақ ниет, таза жүрекпен тілеймін!

Зейнеп АХМЕТОВА,

Жазушы

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн