Қайыршы күніміз үшін БӘРІМІЗ КІНӘЛІМІЗ…

Қазақ елі тәуелсіздік алды деген 30 жылдың ішінде аты «тәуелсіздік» болғанымен, заты «көрінбейтін бұғаудағы» еңсесі көтерілмейтін, еркін ой-пікірі жоқ, көлеңкесінен қорқатын елге айналдық.

Әншейінде дүрдигенімізбен, жеме-жемге келгенде құлдық, тобырлық санадан шыға алмайтын, рухымыз кеңестік шовинистік жүйенің езгісінен езіліп, жаншылып, бас көтере алмастай дәрежеге жеткенімізді жақсы түсінген Назарбаев өзінің асқан зымиян саясатын аңқау елге аярлықпен, жымысқылықпен жүргізді.

Оның шексіз билікке ие болып, отбасы мүшелері мен кейінгі кезде жоғары мінберден ашық айтылған 162 «тажалдың» иелігінде болып, тонауға түскен жеріміздің асты-үстіндегі бас айналдырар байлығы осы елдің заңды несібесі емес, сол алпауыттардың меншігіне айналып шыға келді.

Жекешелендіру деген желеумен елдің миллиондаған доллар тұратын нысандарын, ен байлыққа толы кендері мен кеніштерін сол алпауыттар бақыр тиынға жекешелендіріп алды. Жергілікті пысықай атқамінерлер мен шолақ бастықтар да, бұрынғы кеңшарлар мен ұжымшарлардағы бүкіл ауыл шаруашылық техникалары мен іліп алар нысандарын соқыр тиынға жекешелендіріп алып, кейіннен кейбір жарамды нысандарды мемлекетке «әкелерінің құнындай» бағаға қайта сатып, қарық болып жүрді.

«Екі қолға – бір күрек», «үкімет өлтірмейді» деп жүрген аңқау қазақ қайыршылықтың кебін қалай кигендерін де аңғармай қалды. Көптеген жұмыс орындары мен мәдениет ошақтарының қысқаруы онсыз да рухани тоқырауға түскен елді одан сайын азып-тозуға әкелді.

Елді үрей мен болашаққа деген сенімсіздік, көптеген қылмыс жайлады. Балаларына той жасап беруден бастап, пәтер алуға, дәрі-дәрмек, емделу үшін де ел несие алуға мәжбүр болды.

Бұл қай салада болмасын қызмет етіп жүрген адамдардың мекеме басшылары мен биліктегілердің әділетсіз істеріне шағым айта алмайтын, «жұмысымнан айырылып қаламын ба» деген қорқыныштан мыңқ ете алмас «құлақ кесті құлға» айналуларына әкеліп соқты.

Бірақ біз осы отыз жылдық «масқара театрландырылған» өміріміз үшін бәріміз де кінәлі екендігімізді мойындауымыз керек.

Не үшін десек:

бас пайдамыз, жеке мүддеміз үшін бір-бірімізді қойып, туған әкемізді де сатып жіберуден тайынбайтын сатқындығымыз үшін;

сауатсыз, қуыс кеуде болғанымыз үшін; қорқақтығымыз үшін;

еш пайдасы жоқтың бәріне еліктегіш, әулекі, өсекші, өтірікші, мақтаншақтығымыз бен жалқау, «бекер мал шашпақтығымыз» үшін;

арақты атамыздың асындай көретіндігіміз үшін;

тілімізді, дінімізді, салт-дәстүрімізді сыйламайтындығымыз үшін;

қыздарымыздың ар-намысын қорғамайтындығымыз үшін;

жағымпаз-жантықтығымыз үшін;

түкке тұрғысыз бас пайдамыз үшін пара беруге және қолымыз бірдеңеге жете қалса, пара алуға дайын тұратын парықсыздығымыз үшін;

Басқа да айтылмай жатқан кемшіліктердің аз емес екендігі белгілі. Тоқ етерін айтқанда, біз осындай орасан оғаш қылығымыздың салдарынан отыз жылдың ішінде «алтын сандықтың үстінде тыр жалаңаш отырған қайыршыға» айналдық.

«Қаңтар қырғыны» халыққа да, билікке де сабақ болды дейміз, бірақ сабақ алудың нышаны – жақсылыққа қарай өзгеру болмақ. Яғни, мен де, сіз де, олар да – бәріміз өзгеруіміз керек!

«Төртеу түгел болып, төбедегіні келтірердей» береке-бірлігіміз үшін тізе қосар уақыт жетті…

2019 жылдарға дейінгі назарбаевтық дәуірдегі жүйеге бас имей кеткен батырларды ел біледі. Ендігі батырлығымызды тек сынап-мінеуші ғана емес, елдің береке-бірлігі мен әділеттілігіне, ұлағатты ұл мен инабатты қыз тәрбиесіне жұмсайтын, білімді де білікті, салихалы азаматтық тұлғаларды қалыптастыруға жұмсауымыз керек.

«Жаңа Қазақстанның» тағдыры сіз бен біздің қолымызда!

Төлеген ҚАЛИМАЖАН,

Ақжар кенті, Абай облысы

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн