Қандастарға ҚАСТАНДЫҚ жасаған кім?

Құрметті президент Қасым-Жомарт Кемелұлы!

«Халықты әлеуметтік қорғау» деген заты бар министрліктің еліміздің ұлттың қауіпсіздігіне үлкен қауіп төндіретін «Қазақстан Республикасы көші-қон саясатының 2023–2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы» туралы дайындаған заң жобасы – безбүйрек құжат болып шықты. Бұл заң жобасы еліміздегі және шетелдегі 5 миллионнан аса қандастардың «Жаңа Қазақстанға» деген үмітіне селкем түсірейін деп тұр.

Бұл заң жобасын ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мемлекеттік «Ашық үкімет» (open.gove.kz) порталына салып, 05.09.2022–19.09.2022 аралығында халықтың талқылауына ұсынған екен.

Осы заң жобасының «Этникалық көші-қонды реттеуді қайта ойластыру» деп аталатын 4-бағытында этникалық қазақтарды – басқа елдің азаматтарын Қазақстанның дамуына тарту арқылы ұлттық дәстүрлерді және тарихи отанымен экономикалық байланыстыру мәселесі көзделіпті. Бірақ ол қазақ халқының мүдде-мұратына теріс бағытта көзделген. Мұнда «қоныстандыру өңірлерін және Қазақстан азаматтығын алу үшін, кемінде 5 жыл тұру мерзімін ескере отырып, «Қандас» мәртебесін беру тәртібін қайта қарау керек» деп жазылған.

Құрметті Президент! Сіздің бастамаңызбен «оралман» деген ерсі атау алғаш рет «қандас» деген есті атауға ауыстырылып еді. Сіз әр жолғы Жолдауыңызда «бәсеңдеп қалған қандастар көшін жандандыру», «қандастардың азаматтық алуын барынша жеңілдету», «солтүстікке көшіп барған қандастарды тұрғын үймен қамтамасыз ету», «қандас мәртебесін ұзарту», т.б. қолдаудың нақты шараларын қолға алу туралы тиісті министрліктерге нақты тапсырма бердіңіз.

Сонымен бірге еліміздің заңында көші-қон саясатының негізгі қағидаты – ҰЛТТЫҚ МҮДДЕЛЕРДІ ҚОРҒАУ ЖӘНЕ ҰЛТТЫҚ ҚАУІПСІЗДІКТІ ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ деп көрсетілген. Осы бастамаларыңыздың арқасында қандастардың тұрақты тұру мерзіміне қарамастан, Қазақстанға келген мезеттен бастап, тікелей азаматтық ала алатын, бұрынғыдай «соттылығы туралы», алдымен «Ықтияр хат» алу сынды қағазбастылық қысқарып, қысқа уақыт ішінде жетелдетілген тәртіппен Қазақстан азаматтығын беру мүмкіндігі туған-ды.

Енді егер министрлік ұсынып отырған құжат заң жүзіне айналатын болса, бұл бастамаларыңыздың барлығы желге ұшайын деп тұр. Сонда бұл министрлікке кім осындай заң жасауға тапсырма берді? ҚР Президентінің тапсырмасын қасақана орындамай, оған қарсы заң шығарып, ел заңнамасын аяққа таптайтын мұндай министрліктің көздегені не? Әлде ішкі-сыртқы жау анталап тұрған қазіргі қиын сәтті пайдаланып, халықтың жанына бататын, ел-жұртты ашындыратын заң жасау арқылы «екінші Қаңтар» жасағысы келе ме?

Сонау 1956–1962 жылдары және республикамыз тәуелсіздік алған соңғы 30 жылда елге келген қазақтардың саны бүгінде өскен ұрпағымен қосқанда, шамамен 3-4 миллионға жуықтағанын білеміз. Сөйте тұра, министрлік ұсынып отырған бұл жоба тек шетелден келген қазақтарды ғана емес, тұтас қазақтың ашу-ызысын тудыру үшін жасалып отыр ма?

Құрметті Президент! Мемлекеттің басты капиталы – Адам капиталы деген қағида барын білесіз. Соның ішінде «Кісі елінде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» дейтін аталы сөзді ту еткен, өз елі үшін еңбек ететін, өз Отанының патриоты болатын, Қазақстанға қайтып жатқан қандастар – біздің ең маңызды капиталымыз. Аталмыш министрлік осы капиталдың көзін құртпақ па?

Ендеше ертеректе елге оралып, өз Отанына үлес қосып, еңбек етіп жүрген азамат ретінде:

БІРІНШІ: Аталған заң жобасын жасаған, жер-дүниеге шашылған қазақтың бірігуіне, Қазақстанның демографиялық өсуі мен көркеюіне, қазақтың ұлттық қауіпсіздігіне қарсы болған қаскөйлерді анықтап, оларды қатаң жазалап, бұл заңның күшін жоюыңызды талап етемін;

ЕКІНШІ: 5 жылда бір болатын, мерзімі өтіп бара жатқан Дүниежүзі қазақтарының VI құрылтайын ашып, безбүйрек заң жобасына қатысты жақ ашпаған қауымдастық басшыларын орнынан алып, олардың орнына қандастар мәселесінің мән-жайын толық білетін, еліне адал, ұлтына жанашыр, білікті азаматтарды тағайындап, қандастар көшін тыңнан жалғастыруыңызды сұраймын!

 Құрметпен, Қыдырәлі ОРАЗҰЛЫ,

 Қазақстан азаматы, дәрі жасау технологиясы маманы,

  • Ұлыбритания астанасы Лондон қаласынан

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн