ҚИЯҢҚЫНЫҢ ҚЫРСЫҒЫ немесе Бір қудалаудың тарихы

Осындан үш айдай уақыт бұрын Т. Жүргенов атындағы Өнер академиясының басшылығы аяқ астынан өзгерді: ректор Асхат Маемиров бір күнде қызметінен кетіп, орнына Ақан Абдуалиев топ ете қалды. Қашанғыдай ауыс-түйістің себебі айтылмады, сондықтан да ректорлыққа келгеніне он ай ғана болған және креативті іс-жобаларымен құлашын енді жаза бастаған Маемировтың бұлайша күтпеген жерден «ғайып болуын» көпшілігіміз түсінбедік.

Бізде мекемеге басқа басшы келсе, дереу кетудің қоңырауы соғыла бастайтын әдеті. Негізінде, қалыптасқан дағды бойынша, бұл іс жаңа басшының тізгінді қымтай ұстап, бұрынғы басшының тұсында келгендерді алалаудан басталады да, одан әрі біртіндеп босағадан береке, іргеден тыныштық қашып, ақыры жұмыстан мән кетіп тынады. Бұл жолы да дәл осылай болды. Қызметкерлер, профессорлық-оқытушылық құрам үшін тынышсыз күндер басталды. Қызметке алғаш келгенде кадрлық ауыс-түйіс жасамаймын деген ректор сөзінде тұрмады.

Мен Академияның баспасөз қызметі бөлімінде басшы емес, маман ретінде отырғандықтан, өзге құрылымдық бөлімшелердегі жағдайды онша білмеймін, сол үшін де осы күндері өз басымнан өткен жәйттерді ғана баяндайын.

Жаңа ректор біз сияқты баспасөзбен байланыс, кеңсе қызметі, хатшы, т.б. тәрізді мекеменің «бақа-шаянын» келе қырына алды демей-ақ қояйын. Десе де, жиналыстарда, дәлізде, жұмыс барысында бетпе-бет ұшырасып қалған шақтарда жақтырмай, тіпті ит көрген ешкі көзденіп қарайтыны байқалды. Менің дайындауыммен алдына келген бір бетке толар-толмас ақпараттың әр әрпіне шұқшиып, «ұзақ, шұбалаңқы» деп жаратпай, қайтарып тастайтын болды.

Сөйтіп жүргенде, бір күні оқыстан айқай-шу шықты. Аяқ астынан ректор кабинетіне төтенше жиналысқа шақырылдым. Ортаға қойылған мәселе біреу – кеше Академияның әлеуметтік желісіне салынған ақпаратта кеткен қате. Оқиға былай болған еді. Мен кезекті ақпаратты әзірлеп, әлеуметтік желіге орналастырғаннан кейін, баспасөз қызметінің басшысынан жұмыс компьютеріне жүктелген WhatsApp мессенджері арқылы маған «ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі» деген сөйлем келіп түсті. Нұсқау – осы сөйлемді ақпаратқа қосу. Басшы жіберіп отырған соң, сөйлемді дереу жарияланып кеткен мәтінге жүктедім, алас-қапаста оған мән де бермеген екем – білдей бөлім басшысы, тәжірибелі журналист жазық жерде сүрініп, тақыр жерде адасады, Мәдениет және спорт министрлігінің атынан қате жібереді деген ой қаперімде болсашы және қызметтік әдепті сақтап, жоғарыдан, басшылардан келіп түскен мәтіндерге әдетте қол тигізе бермейтінмін.

Бірақ осы этикам өзіме пәле болып жабысатынын білсемші – әлгі төтенше жиналыстың барысында, не керек, сөйлемді әу баста қате жазған Пәленшиіба емес, оны әлеуметтік желіге жіберген Түгеншиіба кінәлі болып шықты. Логика қайда?

Бірақ ректор осы бір қарапайым қисынды сол жерде көпе-көрінеу белінен басып: «Осы бізге ақпарат қана жазатын екі бірдей адамды ұстап отырудың керегі не, бәлкім, бөлімді жойып жіберу керек шығар?!» деген сұрақты ортаға тастады.

Кейіннен естуімше, ректодың айтқаны: «Тәжиева ол жерде отырмауы керек. Ол бізге қарсы бірдеңе ойластырып жүр». Мұны маған баспасөз қызметі басшысының өзі айтты. Бұған қоса ректормен бірге келген кеңесші де: «Бәрібір сені кетірмей қоймайды, одан да өзің жүре берсейші» деген емеурінді аңғартты. Бірақ бағымында 14 жасқа дейін баласы бар жалғызілікті әйелді, яғни мені қызметтен қысқартып жіберуді заң қолдамайды, ал мен үшін бөлімді таратып жіберу Академияға қол емес.

Не керек, шүйкедей мені құрта алмай, Ақан Жылқышыбайұлының басы әбден қатты. Арада пәленбай күн өткенде, сол ұйқысыз түндердегі, күлкісіз күндердегі тынымсыз ми жаттығуларының нәтижесінде ойлап тапқаны не болды дейсіз ғой? Айтайын.

Баспасөз қызметінің басшысы арқылы маған екі күнде қазақ және орыс тілдерінде имидждік мақала әзірлеп әкелу жөнінде тапсырма берді. Тапсырма жұма күні, жұмыстың аяқталар сәтінде алынды. Ойлап көрсем, материалды белгіленген мерзім – дүйсенбіге дейін әзір ету үшін мен сенбі, жексенбі күндері тынымсыз жазумен отыруым керек екен. Осының өзі мекеме басшысының еңбек заңнамасынан мүлдем бейхабар екендігін, яғни біздің еліміздегі Еңбек кодексі бойынша қызметкер демалыс күндері жұмыс істеуге мәжбүрленбейтінін, ондай өндірістік қажеттілік туа қалса, қызметкердің жазбаша келісімімен, яғни овер-таймдық өтініш жазу арқылы ресімделетінін және арнайы бұйрық берілуі тиіс екендігін білмейтінін көрсетті. Егер бұл жағдай Еңбек департаментіне хабарланса, бұл талап еңбек заңдылықтарын бұзу болып шыға келер еді…

Десе де, Абдуалиев айтқан қияңқы тапсырманы орындау барысында ойда-жоқта маған бір нәрсе қол ұшын берді. Асхат Маемиров ректор болып келгеннен кейін – әлде кездейсоқтық, әлде заңдылық – қалай болғанда да, Академияның бір топ әнші-студенті халықаралық байқауларда бірінен соң бірі топ жара бастады. Атап айтқанда, Нұркен Масақбай Санкт-Петербургтегі «Жұлдыздарға жол» халықаралық эстрадалық байқауынан бірінші орынмен оралды; Ерік Төленов Румынияда өткен Джордж Григориу атындағы вокалистердің халықаралық фестивалінен Гран-примен қайтты; Әділхан Макин Болгариядағы халықаралық «Сарандов-2019» поп-рок байқауынан бірінші орынмен, сосын әйгілі «Витебск-2019» халықаралық эстрада орындаушылары байқауынан Гран-примен келді; Бексұлтан Кенішқалиев Балтық жағалауындағы «Паланга-2019» вокалистер байқауында және әлемдік The Voices Lithuania мегажобасында бірінші орын алды; Дария Болсанбек сол «Паланга» байқауынан, Испанияның TU ONDA жастар фестивалінде бірінші орынмен, Нью-Йоркте өткен Pearl of the New York («Нью-Йорк маржаны-2019») халықаралық фестивалінен Гран-примен оралған-ды.

Жаңа ректордың тапсырмасын орындау үшін, үш бірдей бәйгенің басында келген сол Дариямен бәсіре (эксклюзив) сұхбат өткізіп, жазып-сызғанымды дүйсенбіге алып келдім. Мақұлданса, орыс тіліне аудармақпын («Татардан тілмәш іздеп жүреміз бе» деп, материалдардың орысша нұсқасын да өзім әзірлейтінмін).

Сонымен, ректор әдеттегі сапырмай жиналыстарының бәрін жиып тастап, менің мәселемді сұхбатым арқылы «майшаммен» қарауға кірісті. Жанына куәгерлерін, яғни кеңесшісін, баспасөз және қызметкерлерді құжаттау, тіркеу қызметтерінің басшыларын қаз-қатар отырғызып қойған ол қабағын қарс түйген күйі қағазыма жеп қоярдай қадалып шықты да:

– Сұхбат мұндай болмайды. Нашар шыққан! – деп кесті. Сосын: – Сен сұхбатты Дариядан ғана емес, басқаларынан да алып шығаруың керек еді, – деп үстемелетті. Онымен шектелмей: – Әрине, сен музыкант емессің, мұны қайдан білесің?! – деп, қапелімде төркініме апарып тастағаны.

Бауыздарда тұяқ серпетін ата түлігіміз құрлы жоқпын ба, қойған кінә, таққан айыбына ашалап отырып жауап беруге тура келді.

«Осы да ректор айналысатын шаруа ма еді, мына кісіде бұдан басқа жұмыс қалмаған ба?!» деген таңданысымды бүгіп қалдым. Ал Дариямен арадағы сол сұхбат кейін «Қазақ үні» газетінде үтір-нүктесі өзгерместен жарияланды…

Ақыры не керек, ойлана келе Ақан Абдуалиевтің қиға жағып берген қызметін өзіне қалдырайын деп шештім. Ендігі жерде көзімнің асылын тауысып жазған не нәрсемді де қайтарып тастап, сөйтіп сілемді қатырып барып дегеніне жететінін сездім.

Негізі, мені Асхат Маемиров өнер айналасындағы салмақты адамдардың кепілдемесімен және материалдар жаздырып, жиған тәжірибеме қарап, сынақтан өткізіп барып, аталмыш қызметке қабылдаған еді. Сондағы Асхат Максимұлымен келісіміміз мынадай болған еді: мен ақпараттық бағыттағы материалдардан, сондай-ақ кәдуілгі баспасөз қызметінен бөлек екі тілде кесек имидждік материалдар жазамын, ал жұмыс беруші соңғы екі қызмет түрі бойынша маған базалық қойылымға үстеме ақы төлейді.

Ал жаңадан келген ректор менің әлгі екі қызмет түрін орындап, бұрынғыша орысша материал жазып, имидждік мақалалар әзірлеп беріп жүргеніме қарамастан, төленіп отырған азын-аулақ үстемені алып тастады. Сонда мен негізгі қызметіме қоса әлгіндей үлкен шаруаларды қолға небәрі тиетіні 60 мың теңгемен атқаруға тиіс болдым.

Құдайшылығын айтайын, Академияның өзге де біраз қызметкерлері (әсіресе бұрынғы басшы тұсында келгендер) әлгіндей кепті киді. Үстеме қию ісі қосымша ақының не үшін төленетіндігін арнайы комиссия құрып анықтамастан, комиссия мүшелерінің қызметкерлермен кездесіп сөйлесуінсіз, не аттестация өткізілместен, жоғарыдан жүзеге асырылды. Ал осының боларын алдын ала сезіп, іште тараған қауесет әңгімені естіп, бір ауыз тілдесейін деген мен секілділер ректор қабылдауына кіре алмай қалды…

Бір қызығы – Маемировтың кезінде үстеме ақыға жетіп тұрған қаржы Абдуалиев келген кезде жетпей қалғаны несі?! Бұрынғы ректор республикалық трансфертпен бөлінетін қаржыны оқу жылының өне бойына есептей отырып қосты ғой үстемені, ал көзделген бюджеттік ақша еселенбесе, жоспарланғаннан кем берілуі мүмкін емес. Иә, рас, үнемшілдік ысырапшылдыққа тыйым салады, бірақ жұрт айлығын шайлығына жеткізе алмай отырғанда, ысырапшылдық деген сөзді ауызға алудың өзі күлкілі. Ақша бар, ол ешқайда кеткен жоқ, қаржы болмаса, дәл сол айда біздің үстеме ақымызды шырылдатып алып тастаған жаңа ректор бұрындары аз шығынмен Академия ғимаратында өткізіліп жүрген студент қатарына қабылдау рәсімін дүркіретіп, қаладағы ең бағасы удай «Бақшасарай» салтанат үйінде өткізбес еді ғой…

Әрбір жұмыстан шығарудың, әрбір қызметтен қысқартудың, әрбір ауыстырып-қағыстырудың артында адам, адамның тағдыры, отбасының жағдайы тұрады. Басшы өзгеріс жасарда, осы жағдаятты ой сарабына салып барып жасауы тиіс. Мысалы, Абдуалиев келе сала Ұлттық өнер факультетін жапты. Сондағы уәжі: айтыс өнерін бұрын қазаққа академияда оқытпаған. Дұрыс-ақ. Жыршылық өнерді де оқытпаған. Қолданбалы-ұстамалы өнеріміз бойынша да халық шеберлері еш университеттен білім алмаған.

Бірақ бүгін қай күн өзі? ХХІ ғасыр! Айтысты да, жыршылықты да, қолөнерді де ректор айтып отырған екі ғасыр бұрынғы атадан – балаға, жеке мектеп өкілі ұстаздан шәкіртке берілетін көне тәсілмен жаңғырта алмайсың, себебі бүгінгідей жазба мәдениет заманында мұра үйретудің ауызша дәстүрі әбден тоқырап болған. Жалғыз ғана жол бар, ол – заманауи ретрансляциялау, яғни өнер оқу орындары жағдайында бұрынғы классикалық баулу мектебін ішінара болса да қалпына келтіріп, студенттерге үйрету. Нұр-Сұлтан қаласындағы Қазақ Мемлекеттік өнер университетінде Алмас Алматовтар жастарды жыршылық, термешілік өнерге осы жолмен баулып жатыр. Т. Жүргенов академиясында да Ұлттық өнер факультеті әу баста сондай оймен ашылған. Салалық министрліктің келісімімен, қолдауымен, білім берудің ұлттық классификаторы негізінде жасақталған.

Айта берсе, көзіңнің қарашығындай әлгі ұлттық өнер түрлеріне жан бітіру, дем салу ісі еліміздегі жоғары білім беру жүйесінің жаңа бағыты – академиядағы мамандықтардың білім бағдарламасы аясына топталуы. Олай болса, «аузым апамдікі еді» деп, қойған жерден салып қалатын баяғы ағаштөрешілдік бұл жерге жүрмеуі тиіс. Себебі факультетті бір ашып, бір жапқан кезде қаншама мемлекет қаржысы желге ұшты? Бұрынғы кафедралардағы жылы орындарын суытып келген қаншама маман қайда барарларын білмей, әңкі-тәңкі күйде қалды. Оның сыртында бірталай бөлім басшысы еш негізсіз орнынан алынды…

Мұндай ауыстырып-қағыстырулар қызметкерлерді қарама-қайшылықты психологияға душар етуде. Осының барлығы не үшін жасалып отыр – бір ғана адамның қыңырлығымен, яғни амбициямен жасалып отыр. Ол амбицияның аты – қайткенде де бұрынғы ректордың есімін тасаландыру, оның тұсында жасалған істі жоққа шығарып, оның тұсында қызметке келгендерді кетіріп, орнына өз адамдарын қою. Мінекей, біздегі мемлекеттік мүдденің сиқы.              Гүлмира ТӘЖИЕВА

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн