Қордай қырқысы: куәгердің көзімен

  • Өткен аптада елді дүр сілкіндірген Қордайдағы қазақ-дүнген қақтығысы болды. Бұл оқиға жөнінде әртүрлі пікірлер де айтылуда. Бірі – бұл елдің назарын Айсұлтаннан аудару амалы десе, екіншілері – қылмыс әлемінің серкесі «Серік-голованы» қамауға алудың жауабы дегенге дейін сан қилы жорамалдар бар.

Бірақ қалай болғанда да, Қордайда ұлтаралық араздықтан қан төгілді, адам өлімі болды. Осы оқиғаға қатысты ақпараттың көп жағдайда бір жақты беріліп жатқанына байланысты сол түні оқиға орнына барып, жағдайды өз көзімен көріп, құлағымен естіп келген куәгерлерді сөзге тарттық.

Еркебұлан КЕНЖЕҒҰЛОВ, ҚазТАГ тілшісі: ДҮНГЕНДЕР МЕНМЕНСІП КЕТКЕН ЕКЕН…

– 7 ақпан күні кешкі уақытта әлеуметтік желілерде тараған видеоларды көре сала, бірден оқиға орнына шығуды ұйғардық, – деп бастады Еркебұлан оқиғаның егжей-тегжейін. Уақыт түнгі 11-дің шамасы еді. Алматы – Ташкент тас жолына шыға сала, Қордайға қарай беттеген полиция мен әскерлердің автоколоннасын байқадық. Жол бойы әскерилерге лықа толған «Камаз» көліктері мен автобустар тізіліп тұрды.

Алдымен Қарасу ауылына жеттік. Бұл түнгі сағат 02.30-дың кезі еді. Ол жерде көпір үстіне жедел құрылған блок-постта тәртіп сақшылары тек рұқсат етілген адамдар мен көліктерді ғана жіберіп тұрды. Блок-посттың айналасының бәрі көлік кептелісі, толған қазақтың жігіттері. Полиция жиналған қазақ жігіттерін ары қарай өткізбеуге тырысқанымен, одан түк шықпады. Тіпті біздің өзімізді сол жердегі жиналған адамдар «журналистерді жіберіңдер» деп талап еткен соң, амал жоқ, бізді посттан өткізуге мәжбүр болды. Көп ұзамай, жиналған жастар артымыздан полиция бөгетін жарып өткенін байқадық.

– Айтып отырған блок-постта шлагбаум немесе көлденеңінен жолды бөгеп тұрған полиция көлігі, иә өзге құралдар болды ма?

– Жоқ, біз барған кезде еш шлагбаум болған жоқ және жолды бөгеп тұрған көлік пен жолға төселген кедергі құралдарды да байқамадық.

– Ал полиция жасағының саны шамамен қанша адам болды?

– Сырт көзге шамамен жүз шақты жасақ болды. Бірақ жиналған адам – қаражаяуы бар, көліктегілері бар, полициядан едәуір көп еді. Сондықтан бөгетті еш қиындықсыз жарып өтті.

– Сол жиналған қазақ жастарының арасында ішімдік ішіп алғандары болды деген сөз бар. Ондайлар назарларға ілікті ме?

– Көп болды деуге келмейді, бірақ турасын айтайық – бірен-саран қызып алған жігіттерді байқадық. Сондай жігіттердің біреуі жанымызға келіп, камераны ұстап көріп, қазақтарды түсірмеңдер, ар жаққа өтіп барып түсіріңдер деп «ақыл» айтты.

Қарасудағы блок-постынан өткен соң, Ауқатты деген ауылға жеттік. Айнала қирап, өртеніп жатқан үйлер. Бірінші көргеніміз – қирап қалған жанармай бекеті. Жанында жатқан екі адамның мәйітін байқадық. Бірақ түрлерін көрмедік. Көшеде жастар да, тәртіп сақшылары да жүр. Бірақ жастардың саны біршама көбірек болды.

Келесі беттеген ауылымыз – Масаншыға полиция күштері өткізбеді. Масаншыға бара алмасақ та, қақтығыстың қаншалықты қатты болғанын Ауқатты ауылының өзінен-ақ байқадық. Ауқатты – ортасынан үлкен тас жол өтетін кішігірім ауыл екен. Жол бойы жанып жатқан үйлер мен көліктер. Көшенің ортасы шашылып жатқан тас пен мылтықтың оқтары. Бір уақытта жол бойында жанып жатқан «КамАЗ» жарылды. Арада жарты сағат өте, жанып жатқан үйлердің бірінде газ баллоны атылды. Соның бәрін камераға түсіріп жүргенімізді көрген полиция қызметкерлері бізді шеттеткісі келді.

– Ауылды тонаған морадерлер болды деген сөз бар, мал айдап бара жатқан салт аттылар байқалмады ма?

– Атпен жүрген қазақ жігіттерін көзіміз шалды, бірақ олар жиналған жастардың ортасында жүрді. Мал айдағандарды көрмедік. Ауқаттының көшелерінен көрген адам саны бес жүзден кем емес. Арасында дүкенді қиратып, морадерлық жасап жүргендері де болды. Жастардың көбінің қолында темір, лом, тіпті балтамен жүргендерді де байқадық. Бірақ қару асынып жүргендер көрінбеді. Оның үстіне ауыл іші қараңғы, тек жанып жатқан үйлердің жарығы болмаса, бәрін аңғару мүмкін емес еді. Біз де видеотүсірілімнің көбін көлігіміздің ішінен жасадық. Өйткені жігіттердің бірі көлігіміздің есігін ашып: «Журналист болсаңдар, мына жерге араласпаңдар, әйтпесе сендердің де көліктерің жанып кетуі мүмкін…» – деп, сес көрсетті.

Олардан бөлек, сол жерде жүрген полиция мен жергілікті әкімшілік қызметкерлері де біздің жұмысымызға кедергі келтірді. Әріптесім үстіне «пресса» деген жазуы бар жилетін киіп, көліктен шығып, болып жатқан жағдайды камераға түсірмекші еді, жергілікті атқамінердің бірі: «Сендерді мұнда кім жіберді? Уберите их!» – деп, полицияға бұйрық берді. Сол сәтте полиция кетуімізді талап етті. Амалсыздан көлікке отырып, кеткен сыңай таныттық. Бірақ біраз өтіп барып тоқтап, ары қарайғы түсірілімді көлігіміздің ішінен жүргіздік.

Сол түні ұялы байланыс дұрыс жұмыс жасамағандықтан, біз Қырғызстанның роумингісіне көшіп, редакциямен хабарласып, ақпарат жіберіп тұрдық. Масаншыға өте алмайтынымызға көзіміз жеткен соң, бірнеше сағаттан кейін Қордайға келдік. Аурухананы тауып алып, жапа шеккендер туралы мәлімет алғымыз келді. Аурухананың алдында көптеген қазақ жігіттері жүрді. Арасынан бір жігіт келіп, қауіпсіздігіміз үшін бұл жерден кетсеңдер дұрыс болады деп ескертті.

– Қақтығысып жүрген дүнген ұлт өкілдерін көрдіңдер ма?

Жоқ, барғаннан кеткенге дейін бірде-бір дүнгенді байқамадық. Көшеде естіген әңгімелерге сүйенсек, олар ертеректе үйлерін тастап, қашып кеткен екен. Үлгермегендері подвал мен жертөлелерге жасырынған.

– Көшедегі жігіттердің айтып жүрген сөзін естуге, сұхбаттасуға мүмкіндік болды ма?

– Ол жер сұхбат алатындай емес. Адамдар ашулы. Сөздері де сондай. «Ауқатты мен Масаншыны басып алдық, енді Алматыдағы «Ялян» базарын басып аламыз» деген сөздер айтыла бастады.

– Бүгінде сол түнгі оқиғалар әдейі ұйымдастырылды, көшедегі жастарды әлдекімдер басқарып жүрді деген пікірлер айтылып жүр…

– Ондай жағдай көзімізге түскен жоқ. Керісінше, «үйді өртемеңдер» деп, тоқтау айтып жүргендерді көрдік. Бұл жағдайда түнгі уақыт пен қараңғының рөлі көп болды, күндіз болса, ондайға бармас па еді?

– Полиция қызметкерлерінің іс-қимылдарына қандай баға беруге болады?

– Өкінішке орай, тәртіп сақшылары салбырттық танытты. Бүлікшіліктің көбі полиция келмей тұрып басталып кеткен. Олар ертерек келгенде, көп нәрсенің алдын алуға болар еді. Тіпті Қордайға тиіп тұрған Отар әскери бөлімінің сарбаздарын алып келгенде, зардаптың көлемі мұндай болмайтын еді деген ойдамын. Өзіңіз қараңыз, біз осы жағдай туралы әлеуметтік желілерден хабардар болып, Алматыдан енді шығып жатқан полициядан бұрын келдік. Ал оларға ақпарат бізден де бұрын барды ғой.

Бірінші кезекте полиция санының жеткіліксіз болғанын айту керек. Полиция бірнеше ауылға бірден бақылау орната алмады. Таңғы сағат 5-6 кезінде Алматы жақта көрген полицияның қосымша күштері Ауқаттыға енді жеткен. Әншейінде біздің полиция кішігірім пикеттер мен митингтерге лезде жетіп келеді. Ал Қордайда өздерінің осындай төтенше жағдайларға еш дайын емес екенін айқын көрсетті.

– Ал жергілікті тұрғындардан мән-жайды сұрастырып білуге мүмкіндік болды ма?

– Иә, жергілікті жердегі сөзге қарағанда, осы жағдайдың түбі тереңде жатқан сияқты. Ауқатты, Масаншы ауылдары қалың дүнгеннің қоныстанған жері екен. Жергіліктілердің айтулары бойынша және көзіміздің жеткені – дүнгендер менменсіп кеткен екен. Базарға барып, сауда жасаған қазақтарға «алсаң – ал, алмасаң – кет» дейтін көрінеді.

Оқиғаға ең негізгі түрткі болған мәселе – дүнген жігіттердің жазықсыз қарияны ұрып, тәртіп сақшыларына бағынбауы болды. Егер полиция бетімен кеткендерді сол жерде сабасына түсіріп, дереу тоқтатқанда, осындайға дейін бармас еді. Бәрінің айтып отырғаны бір түйін – егер полиция тәртіпке бағынбаған дүнгендерді бірден тоқтатқанда, ештеңе болмас еді. Бірінші кезекте әлеуметтік желілерде тарап кеткен видеода 4-5 жігітке шамасы жетпей жүрген полиция қызметкерлері кінәлі деп отыр. Бұған дейін де осыған ұқсас жанжалдар болып тұрған екен.

– Бұл өздігінен кенет өрбіген қақтығыс болды ма, әлде сырттан ықпал жасаған үшінші бір күш болды ма, қалай ойлайсыз?

– Жағдайды қоздырған күш болған сияқты деп ойлаймын. Өйткені жергілікті билік өкілдері «ұсталған 47 адамның үшеуі қамалды, қалғандарын босаттық» деп мәлімдеді. Әлеуметтік желілерге тараған видеолар білместікпен, әлде қасақана, арандату үшін жасалған әрекет пе, алдымен осыны анықтап алу қажет. Сонда сіздің сауалыңызға жауап табылады деп ойлаймын.

– Жалпы, азамат ретінде Қордай оқиғасынан қандай қорытынды түйдіңіз?

– Бірінші кезекте, қазақстандық полицияның осындай оқыс оқиғаларға дайын еместігіне көзім жетті. Құдай сақтасын, бірақ ертең осындай жағдайлар үлкен масштабта қайталанып жатса, полиция түк те істей алмай қалады. Масаншы мен Ауқатты сияқты кішігірім ауылдарға шамалары жетпеді. Жолдан дұрыс өтпесең, кішігірім жол ережесін бұзсаң болды, айып салуға дайын тұратын полиция талабына бағынбай қойған 3-4 дүнген жігітінің алдында абыржып қалды. Әрине, полицияға бағынбай, сес көрсеткен дүнгендерден де кінә кетті. Дегенмен, көшеде жүрген жігіттердің талайының айтқаны – полиция дәл сол уақытта дүнгендерді сабасына түсіргенде, біз қақтығысқа шықпас едік деген сөз.

Құрал МЕДЕУОВ, қоғам белсендісі: Қордайлық қазақтардың АШУ-ЫЗАСЫ СҰМДЫҚ

– Құрал мырза, Қордайға барып қайтқан екенсіз: қандай көрген-білгеніңіз бар?

– Алдымен 7 ақпан күні кешке қарай әлеуметтік желілерде тарай бастаған видеоларды елмен бірге көрдік. «Уатсаптағы» «Алаш арландары» деп аталатын топ ішінде осы жағдайды талқылап, «әншейінде патриотсыңдар, мына жағдайда неге бұғып отырсыңдар, жау кеткен соң, қылышыңды боққа шап» деген сөздер айтылғаннан кейін, Қордайға шығуға бел будық. Сөйтіп, уағдаласқан жігіттер түнделетіп, Қаскелең көпірінің астында жиналатын болып келістік. Ары кетсе, он шақты жігіт баратын шығармыз деген ойда болдым. Сөйтсем, көпір маңында екі жүздей жігіт жүр. Оған дейін қаншамасы кетіп қалғаны бар. Сол жердегілердің айтулары бойынша, бізге дейін отыз шақты лық толы көлік Қордайға қарай шығып кеткен екен.

– Полиция мен әскерилер жасағы қоршауға алған Масаншыға кіре алдыңыздар ма?

– Үш сағат өте оқиға орнына біз де жеттік. Көп адам барғанымен, Масаншы жаққа бәрі өте алмады. Біз мінген көлік «Газель» болғандықтан, полиция автобустары колоннасының арасына кіріп кетіп, кедергілерден өтіп кеттік.

Негізгі дүрбелең Масаншы мен Ауқатты деген екі ауылда болған. Біз барған ауыл Ауқатты болды. Ауылға кіре салысымен, көше бойында жанып жатқан он шақты көлікке көзіміз түсті. Бір ерекшелігі – өртке оранған көліктің бәрі бірінің артына бірі тізіліп тұр. Кейін сұрап білгенімізде, ол көліктер ауылға бірінші болып жеткен қазақ жігіттерінің көліктері екен. Алдарынан дүнгендер шығып, қару қолданған. Сонда бұрылып үлгермеген жігіттер көліктерін тастап қашуға мәжбүр болған.

Мына бір нәрсеге жеке тоқталғым келіп отыр: көпшілік бірінші болып шабуылдаған қазақтар деп ойлап жүр. Олай емес, қақтығысты бірінші болып бастаған – дүнгендер. Қаруды да бірінші қолданғандар және көлікті бірінші болып өртегендер де дүнгендер болды. Қазақтар көп болып жиналып, жауап ретінде екінші барғанында, дүнгендердің көліктерімен қоса үйлерін де жағып жіберген. Тағы қайталап айтамын, қолдарына бірінші қару алған дүнгендер болды. Қазақ болса, соған жауап берді.

– Оқиға орнын көзбен көріп қайтқан соң, сізде қандай ой қалыптасты?

– Қазір қоғамдағы пікір екіге жарылып тұр. Кейбіреулері дүнгендердің жігіттерін ұрғаны, үйлерін өртегендері дұрыс емес, қазақтардыкі жабайылық болды деп жүр. Сонда дүнгендердің істегені жабайылық емес па дегім келеді.

Мен жергілікті қордайлық қазақтармен сөйлестім. Олардың дүнгендерге деген ашу-ызасы сұмдық. Адам біреуді бостан-босқа жек көрмейді. Мысалға, дүнгеннің дүкеніне кірсең, өздеріне арзан бағаға сатады да, біздің қазаққа қымбат бағаны айтады екен. «Масаншы мен Ауқатты ауылдарының дүнгендерінің көбі Алматының «барахолка» базарында сауда жасайды. Әбден байып, ақшаның арқасында Қырғызстаннан өздеріне қару жеткізіп алған. Дүнгеннің әр үйінде бір-бір қарудан бар. Біздің қазақ қару алса, көп ұзамай полиция ол қаруды тауып алады. Ал дүнгеннен қару тауып алыпты дегенді естімеппіз» деп отыр жергілікті қазақтар. Сол түні қолдарына бірінші қару алып шыққан – дүнгендер болған. Қазақтар сол үшін қашқан алғашқыда. Көліктің ішінде отырған бір қазақ жігіті дүнгеннің оғынан өлген. Оның бәрін біз жақсы біліп отырмыз.

Біз ауылға кірген кезде полиция жасағы бізді кәдімгі бір қылмыскерді ұстағандай болды. Жерге жатқызып, қолымызды қайырып, қалтамызды тінтіп жатты. Тіпті қалтамдағы жолға алып шыққан ақшамды сыпырып кетіпті. Мініп барған «Газельге» өзімізді қамап қойды. Оның кілтін алып кеткен. Бізді босатқанның өзінде де, кілтсіз ол көлікті от алдыра алмадық. Жүргізушіміз – Құдабай деген досым. Оны жалғыз қалдыра алмадым. Оны көшеде кілтін іздеп жүрген жерінен ұстап алып кетті. Сөйтіп, көлігін күзетіп қалдым. Түнде көлікке полицияның арнайы жасағының жігіттері келіп: «Дүнгендерге ұсталып қалма, олар аямайды» деп ескертіп кетті. Кімнің – кім екенін осыдан-ақ біле беріңіз. Таңға қарай полиция азайып, ауылға дүнгендер келе бастады. Әйелдер өртенген үйлерін көріп, еңіреп жылап жүр. Көшенің бойы толған мылтықтың гильзалары, шашылған тас. Көшеде сұмдық шайқас болған екен.

– Дүнгендерге қатысты жергілікті тұрғындардың ойы қандай екен?

– Мен одан да дүнгендердің өздері туралы айтып өтейін. Ашығын айту керек, дүнгендер қазақтарды жек көреді. Бізге қазақ тілі керек емес, орыс тілін білсек болды деп ашық айтады екен. Түсінгенім – бұлар өздері қаны бұзық халық екен. Дүнгендер жуас деген бос сөз. Негізінде бұлар исламды қабылдағаны болмаса, кәдімгі қытай. Бұның бәрі бір күнде басталып кеткен жоқ. Бұрыннан келе жатқан жағдай. Сондықтан Қордайдағы қазақтардың ашу-ызасы бекерден-бекер емес. Қазақ өзінен-өзі бірінші болып ешкімге тиіспейді. Табиғатымыз сондай.

Ал полицияның жұмыс әрекетіне қандай баға берер едіңіз? Олар қазақтарға қырғидай тиді деген сөз бар ғой…

– Турасын айтайын, мен қазақстандық полицияны жақтайтындардың қатарында жоқпын. Бірақ полиция қызметкерлерін жерге домалатып жүрген дүнгендерді көргенде, қатты намыстандым. Полицияның жұмысына қатты наразымын. Қалтамдағы ақшаны ұрлап кеткені, одан қалса, көлігіміздің кілтін алып кеткені, бізге соншалықты дөрекі сөйлегені жаныма батты. «Қазақ жігіттері намысқа тырысып келіп тұр ғой» деген ой олардың бастарында мүлдем жоқ! Конформизмге жұтылғандар шетінен.

Бұдан бөлек қазақ тілді және орыс тілді қазақтардың таным деңгейінің бірдей емес екеніне тоқталғым келіп тұр. Орыс тілді қазақтар нағыз қазақтың жан дүниесіне терең бойлай алмайды екен. Оған да көзім жетті. Орыс тілділер, Ержан Тұрғымбай болсын, Мұхтар Әбілязов болсын, басқасы болсын, бір-бірінің аузына түкіріп қойғандай: Қордай оқиғасы бойынша қазақтарды жамандап отыр. Қазақтардыкі дұрыс емес дейді. Сонда дүнгендердікі дұрыс па?! Мысалы, кеше ғана Қордайға барып келген Тоғжан Қожалиеваның пікірін сұрасаң, барлығына қазақтар кінәлі болып шығады. Оның айтуынша, дүнгендердің көбі балаларын қазақ мектептеріне береді екен, бәрі қазақша сөйлейді екен, қазақтар өзінен-өздері келіп олардың мүліктерін өртепті, таспен ұрыпты. Орыс тілділердің осындай жаңсақ пікірі жанға қатты батады.

Жергілікті халық бекерден-бекер ашынған жоқ. Осыны неге түсінбей отырмыз?! Адам не іздеп барса, соны көреді. Мысалы, шетелде қашып жүрген Ержан Тұрғымбай өзінің видеосында айтып отыр: қазақтардың мәдениеті төмен екендігі байқалды деп. «Германияға босқын болып келген арабтар қыздарын зорлап, ұрлық жасап жатыр. Бірақ немістер оларға қарсы көтеріліп, оларды қырып жатқан жоқ» дейді.

Маған салса, немістер өзінің қызын зорлаған кім болса, ол болсын, жандарын шығару керек еді. Кім болмасын, өз мемлекетінде қожайын болуы шарт. «Жаман үйді қонағы билейді» деп аталарымыз бекер айтпаған. Қазақстандағы өзге ұлт өкілдері бұл жердегі негізгі мемлекет құраушы ұлт – қазақ екенін мойындаулары керек. Біздің әдет-ғұрпымызға, тілімізге, заңымызға құрмет көрсетсе – болғаны. Одан басқа ешнәрсе қажет емес.

Сұхбаттарды ұйымдастырған –

Азамат ШОРМАНХАНҰЛЫ,

«D»

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн