Қытай қазақтарын АҚШ НЕГЕ елеусіз қалдырды?

Бұдан бұрын біздің газетте және басқа да басылымдарда хабарланғандай, АҚШ Конгресінің Өкілдер палатасы «Шынжаңның (ұйғырлардың) адамдық құқық саясаты жөніндегі заң жобасын» бірауыздан мақұлдаған еді. Бірақ бұл заң жобасында қытайлық геноцидке тап болған қазақтар неге аталмады? Төмендегі жарияланым осы сұрақтың төңірегінде сөз қозғайды.

Конгресстегі демократиялық және республикалық партияның өкілдері Шыңжаңдағы адам құқықтары саласындағы дағдарысты қатаң сынға алып, мұндағы адам құқықтарын бұзған лауазымды адамдарға қарсы санкция салуды талап етті. Аталған заң жобасы Гонконгтағы адам құқықтары мен демократия туралы заң жобасынан кейін қабылданған екінші құжат болды.

Заң жобасы 407 депутаттың қолдауымен, бір ғана депутаттың қарсылығымен мақұлданды. Қарсы дауыс берген – Кентукки штатының өкілі Томас Мэсси. Ол Гонконг заң жобасын қабылдаған кезде де қарсы дауыс берген болатын. Бұл заң жобасын АҚШ сенаты қыркүйек айында мақұлдаған еді. Енді оған Трамп 10 күн ішінде қол қоюы керек.

 Ал осы Шыңжаңдағы концлагерь мәселесі бойынша бүкіл әлемге ең бірінші болып ақпарат таратқан – қазақтар еді. Оны Америкадағы қытай демократы, миллиардер, диссидент Го Венгуй: «Қытайдағы концлагерьдің шындығын тибеттіктер, ұйғырлар, қытай демократтары ашқан жоқ, оны ашқандар – қазақстандықтар», – деген болатын. Яғни, «қазақстандықтар» дегені – Серікжан Біләш бастаған «Атажұрт еріктілері» ұйымы дегенді білдіреді.

Еске салсақ, «Атажұрт» концлагерьде отырып шыққан қазақтарды, олардың туысқандарын ұйымдастырып, заңды құжаттармен, нақты дәлелдермен Қытай геноцидін әлемге әшкереледі. Осы әшкерелеу бүкіл дүние жүзін дүр сілкіндірді.

Ал енді бұл заң жобасында ұйғырлардың аты аталып, қазақтардың аталмауы – Батыс қоғамының Шыңжаңдағы қазақтардың қасіреті туралы әлі де толық ақпарат білмейтіндігінде болса керек. Екіншіден, 2009 жылғы шілде айындағы «Үрімжі қырғынынан» кейін ұйғырлардың біразы Батысқа эммиграцияға кетті, олардың шетте жүрген күрескерлері, саяси белсенділері өте көп.

Қытайдағы Іле, Тарбағатай, тіпті ең шығысы Ганьсу өлкесіндегі Ақсай қазақ автономиялы ауданында, Құмыл аймағындағы Баркөл қазақ автономиялы ауданы мен Санжы облысындағы Мори қазақ автономиялы аудандарын есептемегеннің өзінде, Іле-Қазақ автономиялы облысында үш аймақ барын, оның әр аймағында онға жуық аудан барын Батыс түгілі, Қазақстандағы қазақтар да толық білмейтін болса керек. Анығында, картада көрсетілгендей (суретте), «Шыңжаң» деген жер – Еренқабырға (Тяньшань) тауымен қақ ортасынан екіге бөлінеді, оңтүстігі – ұйғырлардың жері. Ол жерде ең үлкен Такламакан шөлі бар, құмның ортасындағы жасыл жерлерде ұйғырлар өмір сүреді. Оны ежелден «Алты шахар» деп атайды. Яғни, ұйғырлардың ежелгі алты шахары.

Солтүстігінде – Еренқабырға тауы мен Майлы, Жайыр тауы, Тарбағатай мен Алтай тауының арасына қазақтар қоныстанған. Бұл ежелгі Үйсін мемлекетінің ата қонысы. Ежелгі Үйсін мемлекетінің жеріне бүгінде қазақтар – негізінен керейлер, наймандар мен уақтар қоныстанған. Жоңғария мен Қашқария сапары туралы естелік жазған Шоқан Уалихановтың «Жоңғария» деп атаған жері – бүгінгі Солтүстік Шыңжаң. Алтай, Іле, Майлы, Жайыр, Сауыр, Тарбағатай, Буратал, Сайрам көлі – қазақтың жері. Шығысындағы Ганьсу өлкесіндегі Алтай қазақ автономиялы ауданы, Баркөл ауданы, Құмыл ауданы – қазақтың жері.

Ежелгі Күнес ауданының атауы – Күн қаласы болса, Текес – Нарынқолдағы Текес ауданындағы өзенннің аты: басы Қазақстаннан басталып, Қытай жеріне кіріп, қайтадан Іле өзені болып, Жәркент арқылы Қазақстандағы Балқаш өзеніне құяды. Осының бәрі ежелгі түркінің Алтын ордасы!

Осындай тарихи деректердің арғы жағын қоя тұрып, тек қана бер жағын айтқанда, «Жоңғария» аталған жер «Шығыс Түркістан» деген атауға қашан ие болғаны Сталиннің саяси айлакерлігіне байланысты жағдай. Совет Одағының құрамындағы 16 республиканың бірі – «Қазақ советтік социалистік республикасы» болса да, 1944 жылы 12 қарашада 90 пайызын қазақ ұлты құрайтын өлкеге қазақ атауын қосқысы келмей, Сталиннің талабымен «Шығыс Түркістан Республикасы» деген атпен құрылды. Бұл республикадағы әскердің құрамы 90 пайыз қазақтан жасақталған болатын.

Шығыс Түркістан республикасының астанасы – Құлжа қаласы болды. Оған Совет Одағы қарумен, қаржымен, кадр саясатында – әскери офицерлермен, генералдармен көмектесті. Кейіннен Сталин бұл әскери құрылымды Қытай компартиясына сатып жіберді. «Шығыс Түркістан» деген атауы бар тағы бір республиканың болғанын қаламады, Ұйғырстан деуге келмеді, себебі – ұйғарлардың саны аз болғандықтан, «»Шығыс Түркістан» деген дүбәра атауды ойлап тапқан.

Бұл өңір Еуропа деректерінде «Қытайдың Шығыс Түркістаны» деп аталады. Ал орысқа бодан болған түркі халықтарын Еуропа «Рашн Түркістан» – яғни «Ресей Түркістаны» деп атайды. «Шығыс Түркістан» деген атау өте сирек қолданылады.

Сөйтіп, 1946 жылы Шығыс Түркістан республикасы Сталиннің саясаты арқылы Қытайға сатылады, ал басшыларының бәрін «әуе ұшағындағы апатқа ұшырады» деп өлтіріп, Шығыс Түркістанның Ұлт-азаттық армиясын Қытайдың қызыл әскеріне қосады. Екі жылдың ішінде бұл республика жойылады. Шын мәнінде, Шығыс Түркістан әскері – Шыңжаңның 90 пайыз территориясын азат етіп, бүкіл әскер Манас өзеніне жеткенде, оларды Сталиннің әскері өзеннен өткізбейді. Ішкі Қытайдан Мао Цзе Дун жіберген Лау Жың деген генерал арып-ашып, құмнан өтіп, Чан Кайши мен Гоминдаң әскері қашып кетіп, қаңырап бос қалған Үрімжіні Шығыс Түркістан әскерінің жаулап алуына Сталин жол бермейді. Лаң Жың келіп, Үрімжіні алып, Шығыс Түркістан республикасы түбірімен жоғалады.

Тарихтағы осы ақтаңдақты енді америкалықтар қайталап, «Ұйғыр адам құқы» деген заң жобасын мақұлдады. Егер бұл жоба іске асса, әлемдегі ұйғыр халқының мәртебесі бейне бір Екінші дүниежүзілік соғыста геноцидке ұшыраған еврейлермен теңеседі. Батыс қоғамындағы еврейлердің адам құқы, саяси-экономикалық жағынан, құқықтық мәртебе тұрғысынан берілетін жеңілдіктер ұшан-теңіз. Әрі оларға жасалатын әрбір қиянат халықаралық заңмен қудаланады. Осы тарихи құжат арқылы халықаралық қауымдастықтың қолдауына ие болады.

Осы мәселені ескерсе, Қытай концлагеріндегі қылмыстың 90 пайызын дәлелді құжатпен, дерекпен әлемге әшкерелеген қазақтар неге елеусіз қалған? Түрмеден қорлық көріп, кейін азаттыққа шығып, Қытай геноцидін әлемге әшкере еткендердің 99 пайызы – қазақтар. Ұйғырлардан куәгер болған – небәрі үш-ақ адам. Қалған жүздеген куә – қазақтар. Ендеше олар неге еленбей қалады? Қазақстанның тұрғысынан қарап, Шыңжаң ұйғырлардың жері болсын деген АҚШ-тың ішкі есебі ме?

Егер болашақта Қытай өз ішінен ыдырап, ұлттық-территориялық тұрғыда бөлінер болса, мұндағы қазақтар мемлекетсіз, жеке территориясыз қалуы мүмкін. Қытайдан қорлық көрген тибеттіктер мен моңғолдар, бір-бірімен мәжбүрлі түрде бірігіп отырған Гуан Дун, Шанхай, т.б. провинциялары тәуелсіздік алып, бөлшектелетін болса, Орта Азияда америкашыл ұйғыр мемлекеті құрылып, Шығыс Түркістандағы 3 миллион қазақтың құқы тапталмай ма? Мұндай мүмкін болашақ геосаяси жіктелуге Қазақстан Республикасының билігі қаншалықты дайын? Ақорданың сыртқы саясатында мұндай стратегияның болашағы болжанып, Қытайдың жіктелуіне мемлекеттік тұрғыда араласу мүмкіндіктері қарастырылып жатыр ма?

Тағы да «егер» деп болжам жасайтын болсақ, Қытай өз ішінен ыдырауға ұшыраған жағдайда Шыңжаң аймағына кіретін қазақтар өз мүмкіндіктерімен жер бөлісу, жеке мемлекет құру ісіне араласа алмайды. Себебі ұйғырлар сияқты, қытай қазақтарының артында АҚШ тұрған жоқ. Ал қытай қазақтарының бүгінгі бірден-бір тірегі – Қазақстан билігі қытайлық саясат тұрғысында пассивтік рөлде.

Анығында, географиялық карта бойынша, бүкіл Шыңжаң территориясының 40 пайыздан астам қазақтар мекендейтін жері – Шыңжаңның солтүстігінде. Ал оңтүстік тұтасымен құмды аймақ болғандықтан, адам өмір сүруге пайдалы өзендер мен көлдер ең шұрайлы жер – Солтүстік Шыңжаң өлкесі, сол жерлерде 90 пайыз қазақ ұлты қоныстанған. Ал егер Қытайдың ыдырау мүмкіндігі шындыққа айналған кезде бұл өлке АҚШ-тың қолдауымен ұйғыр мемлекетінің құрамына кіріп кету қаупі туады. Бұны Ақорда билігі бүгіннен еске алып отыр ма, жоқ па – бұл, әрине, астыртын саясаттың әңгімесі. Бірақ қазақ қоғамы бұл саясатты үнемі Ақорданың есіне салып, Шыңжаңда Қазақстанның болашақ үлесі барын ескертіп отыруы тиіс.

Иә, осы Солтүстік Шыңжаң жерін тұтасымен ұйғырға теліп тастау – Американың бір мақсаты ма? Ұйғыр белсенділері сияқты, ол жерде 3 миллион қазақтар өмір сүретінін Батыстың назарына іліндіре алмадық па? Әлде Қытайдағы қазақтардың құқын қорғаушыларды қазақ билігі соттап, қудалап, үнін өшірген соң, ол жерде қазақтың барын Батыс білмей қалды ма? Әлде Қытайдың болашақ бөлшектелу мүмкіндігі саясатында Ақорда қытайлық биліктің жағында қала ма? Қытай мен АҚШ арасындағы текетіресте қазақстандық билік жеке ұлттық-қазақтық мүдде тұрғысындағы үшінші жолды ұстанып отыр ма?

Бұл сұрақтар қытай қазақтары үшін ғана емес, Қазақстанның Қытайға қатысты сыртқы саясатындағы үлкен бір бағыт болғаны жөн еді. Қалай болғанда да, АҚШ конгресінде қабылданып жатқан «Ұйғыр адам құқы» заң жобасына Қазақстанның ықпал ете алмауы – Ақорданың сыртқы саясаттағы үлкен қателігі болса керек. Осы заң жобасында қазақтардың елеусіз қалуы – үлкен тарихи қателік болды.

Есенәлі НҰРТӨЛЕУ

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн