ҰЛТ

болудың

АЗАБЫ…

Жамбыл АРТЫҚБАЕВ, профессор

  • Менің кейбір әріптерім Қазақстан халқы ассамблеясының (ҚХА) «Әділетті Қазақстан: бірлік, тұрақтылық, даму» тақырыбындағы ХХХІІ сессиясы «Ұлт құру» ұранымен өткендігін жазады. Мен сессияға қатысқан жоқпын, әдетте шақырушы еді, осы жолы шақырмады. 

Жалпы, сессияны өткізу оңай емес, оған ұзақ уақыт дайындалады, сөйлейтін адамдар арнайы іріктеледі. Оларды бір ай бойы Астанаға жинап, биік мінберден сөйлеуге дайындайды: «Баяндаманың мына тұсында дауысыңды көтер, мына тұсында төмендет, мына тұсына келгенде Елбасына қарап көзіңді ойнатып, былай деп айт», т.б. Әйтеуір Назарбаевтың кезінде ҚХА сессиясы шоу форматында өтетін, қазір де солай шығар. Менің сессияның қалай өткендігінде шатағым жоқ, бір жыл бойы Үкімет үйінде қамалып отырған КХА күнделікті шаруадан мезі болып, осылайша бір шер тарқататын болар.

Мені осы сессияда «Ұлт құру» ұранының көтерілуі қызықтырады және ойлантады. Маған өтініш айтқан әріптестерім де тарихшы және этнограф ретінде өз көзқарасыңызды білдіріңізші дейді, яғни оларға да осы ұранды талдау маңызды.

  • Ұлт құру

 Ұлт құру – орыс тіліндегі «нациестроительство» сөзінің тікелей аудармасы. Бұл совет кезеңінде ғылыми және көпшілік қолды әдебиетте айналымға енген ұғым. Біз ол кезде «түрі – ұлттық, мазмұны – социалистік» ұлт құрып жаттық. «Мазмұны – социалистік» деген сөз шартты деп есептеңіздер, шын мәнінде мазмұны – орыстық деген дұрыс. 

Мәскеу «орыстық» дегенді ең бақытты, ең тарихи, ең озық – тағы басқа ұғымдардың баламасы ретінде ұсынатын, біз, яғни ұлттық республикалар оны, сөз жоқ, қабылдайтынбыз. 

Сіз ұлттық республикалардың совет кезеңіндегі гимндерін оқып қараңыз – бәрінде де адамзат көшінің соңында қалған біз сияқты халықтарды алға, бақытқа, болашаққа жетелеген «ұлы орыс халқы» бар. 

 Парадокс мынада еді – 1917 жылғы большевиктердің төңкерісіне дейін Ресейде бізді «отарланған халық», «туземецтер», «инородцы» деп, яғни әр нәрсені өз атымен атайтын. Ал 1917 жылдан кейін орыстық совет үкіметі бізді «іні», «қарындас» деп атай бастады, бірақ бір не екі саты өзінен төмендеу, бөлектеу, жабайылау, т.б. Міне, сол советтік кезеңде «түрі – ұлттық, мазмұны – социалистік» ұлт құру өте өзекті болды.

Бірінші рет бұл тақырыпқа аспирантураға түскен кезде ғана жақсылап көңіл аудара бастадым, оған дейін жұрт қатарлы ғана білетінмін. Бірінші курсқа түскен аспирантқа ол кезде жатақханадан орын береді. Үш адамдық бөлмедегі орнымды іздеп келсем, бір маңғаз ағамыз отыр, заңгермін дейді. Бізде кезінде Құқықтану және философия ғылыми-зерттеу институты болатын, сонда докторантурада оқиды екен. Ол кісі жұмасына бір рет кітапханаға шығады да, бір боқша кітап әкеледі. Полиграфиялық сапасы жақсы, ақ қағазға басылған, қалың кітаптар. Көпшілігі әр республикада жүріп жатқан «национально-государственное строительство», оның барысы және тәжірибесіне арнап, Мәскеуде серия болып шыққан кітаптар.

Біз архив шаңын жұтып, іздегенімізді айлап таба алмай, қиналып жүреміз, кейбір керек кітаптар ОҒК-дан табылмай, «Межбиблиотечный» абоненттегі қыздарға жалынып, Мәскеу, Петербор, Омбы кітапханаларынан алғызамыз. Ағамыз болса, кітаптарының беттерін ашып, қатар-қатар тігінен қояды да, көшіріп жазады да жатады. Орысшасы нашарлау еді, біреуінен бір сөйлем, екіншісінен екі сөйлем алады-ау деймін. Ағамызбен анда-санда әңгімелесіп, әкелген кітаптарын қарап қоямын, бірінен-бірі аумайды, стандарт. Барлығы да өз тарихын 1917 жылдың Қазан төңкерісінен бастайды да, әрі қарай бесжылдықтармен жалғастырып кетеді. 1917 жылға дейін мемлекет, ұлт болды ма деген сұрақ бұл авторларды аса қызықтырмайды. 

Ол кезде тарихшыларда Қазан төңкерісіне дейінгі тарих аздап бар еді. Бірақ біздікілер «Добровольное присоединение Казахстана к России» дегенді қойып, «Добровольное вхождение казахских земель к России» дегенге көшкен ғой. Диссертацияның көпшілігі «01» шифрына, яғни КПСС тарихы және ол шифрмен қорғағандар маңғаз, біз сияқтыларға жолықса, сен «колонизация» деген сөзді неге қолданасың, қара тізімге ілініп қалма деп ақыл айтады. Кейін көпшілігі азаматтық тарихтың маманы болып шықты, ал сол кездегі диссертацияларын көрсеңіз, «совоктың» иісі мұрынды жарады.

Сонымен, «Ұлт құру» – КСРО-ға алдымен одақтас болып енген, бірте-бірте кіші ұлыс қатарына түскен біздер сияқты елдерге ұсынылған идеологемма. Бұл идеологемманы біз қабылдадық, қабылдамағандарды қуғындадық, әлі де ұлт және мемлекет дегенді өзімізге қатысты мойындамаймыз, бәрін де жаңадан бастағымыз келеді. «Ұлт құрудың» ар жағында қазақ ұлтын, мемлекетті, ұлтшылдық және мемлекетшілдік дәстүрлерді мойындамау жатқанын оп-оңай көруге болады.

  • «Біз 30 жыл бойы Назарбаевтың «Нұрлы жолымен» жүрдік, нәтижесінде Либерия сияқты ел құрдық. АҚШ-тан азаттық алып келген құлдардың Африка жерінде құрған мемлекеті… Олардан айырмашылығымыз – бізде ауылдың қазағы орман негрінің орнын басты. Бізде тек қана ҚХА емес, барлық мемлекеттік, квазимемлекеттік құрылымдардың қуыс-қуыстарында «совоктың» қара күйесі личинкалар салған, қолайлы сәт болса, өсіп-өніп кетеді…

 Жә, сонымен «совоктық» «Ұлт құру» идеясын қайта алып шықтық. Дәл қазіргі жағдайда бұл идеяға жаңа мазмұн беру мүмкін емес. Кезінде советтің лагерін ғана көрген қазақ тіпті жақсы ниеті болған күннің өзінде, бейсана түрде көргенін жасайды, сол лагерьді қайта құрады. Бізде деколонизация жүрген жоқ, бізде люстрация болған жоқ, бізде советтік номенклатура билікте қалды. Біз 30 жыл бойы Назарбаевтың «Нұрлы жолымен» жүрдік, нәтижесінде Либерия сияқты ел құрдық. Иә, АҚШ-тан азаттық алып келген құлдардың Африка жерінде құрған мемлекеті. Бұлар өздерінің құл иелінушілерінен бірнеше есе асып түсті, орман негрлерін Америкадан келген өздерінің туыстары азапқа салды. Олардан айырмашылығымыз – бізде ауылдың қазағы орман негрінің орнын басты.

Бізде тек қана ҚХА емес, барлық мемлекеттік, квазимемлекеттік құрылымдардың қуыс-қуыстарында «совоктың» қара күйесі личинкалар салған, қолайлы сәт болса, өсіп-өніп кетеді. 

Қара күйеге дезинфекция жасаса болар еді, бірақ ол үшін біз тарихқа үңілуіміз керек, себебі ұлтсыздану тарихы Советтен ертерек басталады.

  • Кері кету

Біз мемлекеттен қашан айырылдық? Қазақтың Бұқар жырауы «Алтын тақтың үстінде, Үш жүздің басын құраған» деп марапат айтатын Абылай хан қайтыс болған 1781 жылдан бастап, оның немересі Кенесары хан қаза болған 1847 жылдар аралығында. Бұл ауыр да қайғылы процесс 70 жылдай уақытқа созылып, «Зар заманмен» аяқталды. Нысанбай жырау жырлағандай, Кенесары хан өлген соң, шілдің боғындай тоздық. Ресей империясының 1822–1824 жылдардағы реформасы біртұтас хандықты ондаған әкімшілік округтерге бөліп тастады.

Ал 1867–1868 жылғы «Уақытша ереже» қазақ қолындағы билікті 2 мың шаңыраққа жетер-жетпес болыстықтармен шектеді. Тектілер төмен ығысты, енді билікке мансап, байлық іздеген әулеттер келді. Советтік орыс билігі ұлттық сана, тек иелерімен қоса билікке қатысы барларды тізімдеп атты, еркіндік дәстүрінен шыға қоймаған жалпы халықты қойша қырып тастады. Осылайша біздің мемлекет болғанымыз, ұлт екеніміз жадыдан жойылды. Бірнеше мысал келтірейін:

Мен 2010 жылдардың басында Әз Тәуке хан заманында биліктегі екінші адам болған Барқы аталық туралы деректерді кездестіріп, аталықтар туралы ізденістерімді бастадым. Барқының әкесі Арыстан да аталық болған, Барқының баласы Нияз да аталық. Енді келіп, елдегі кәрі құлақтардан сұрасам, Арыстан аталық туралы дерек ұмытылған. Барқы туралы «хан да Барқы, қара да Барқы» деген сөзді біледі, бірақ осы сөз нені білдіреді – ешкім білмейді. Ниязды қамшыгер батыр болған дейді, басқа тұщымды әңгіме жоқ.

Ал аталық кім десеңіз – ол ханзаданың тәрбиешісі, ханның қорғаушысы, орда (резиденция) ісін жүргізуші, елшілерді қабылдаушы, жиындарды, жарғыны ұйымдастырушы. Аталық – мемлекеттік басқару жүйесінің ең басты тетігі.

Екінші әңгіме билерге қатысты. Қазақтың дәстүрлі басқару жүйесінде билер – әкімшілік-территориялық бірліктердің (ру, жүз) басшысы және сол бірліктің бүкіл мүддесін қорғаушысы. Енді келіп, ауыз әдебиетіндегі бүкіл жүзді басқарып отырған билердің арасындағы әңгімелерді еске түсірейік. Бір әңгімеде қазақтың үш бірдей басты биі бір ертоқымды бөлісе алмай, дауласып отырады, екінші бір әңгімеде қыз бен жігіттің арасындағы дамбал дауын шешіп отырады, т.б. Бұл мысалдар нені көрсетеді?

Бұл мысалдар біздің ұлт есебінде деңгейіміздің ХХ ғасыр басына қарай әбден түскенін, мемлекеттік сана ұмытылғанын көрсетеді. Алаштың азды-көпті азаматтарының елді бостандық жолына бастай алмағаны да осыдан. Себебі мемлекет қызметкері, ұлттық тұлға туралы түсініктеріміз әбден деградацияға ұшыраған. Отарлыққа түскен қазақ бұрынғы мемлекет қайраткерлеріннің бейнесін өздеріне ыңғайлы, өздері күнде көріп жүрген ұсақ болыс-билеріне қарап, жаңа заманға бейімдеп алған. 

ХХ ғасырда қазақтың есінен оның мемлекет болғаны да, мемлекет қызметі туралы түсініктері де, сонымен бірге ұлт екені де ығыстырылып шығарылды. 

Ұлт туралы түсінік әлі де жоқ. Қазіргі қазақтың, соның ішінде жоғары қызметте отырғандарының мемлекет және ұлт туралы түсініктері жоққа тән, орысша айтқанда – «это у них не заложено». Советтік тәрбие моделі басым, көпшілігінде ата тәрбиесі де жоқ, тіл мен діл орысша.

Бір мысал келтірейін:

1756 жылы Абылай хан бастаған қазақ қолының Қытай экспансиясын тоқтатқан Шүршітқырған тауына белгі қоялық деп, осыдан бірнеше жыл бұрын Әскери-тарихи музеймен бірге біраз жұмыс жүргіздім. Қорғаныс министрлігі қазақтың жауынгерлігі туралы әңгімелерге ертегі деп қарайды деген соң, Шүршітқырған соғысы туралы Ресей-Қытай деректерін келтіріп, мақала жаздым, олар қазақша түсінбейді деген соң, орысша аударып бердім. Алғашқы бетте жас әскери қызметкерлерді тәрбиелейтін, ант беретін қасиетті орын жасаймыз деп, энтузиазм күшті болды. Кейін қараймын – біртіндеп сұйылып барады. Әскери мектеп шәкірттерін алып баруға Қорғаныс министрлігі қарсы деді. Одан Қытай атын атамайық деген әңгіме шықты, ең соңында бір микроавтобуспен Астанадан жиналған оншақты адам барды. Шүршітқырған басына үш найза орнатамыз деп, үш труба мен жазуы бар қаңылтыр әкелген екен. Былтыр барып едім – таудың басында құлап жатыр, ендігі жанындағы Степное ауылының балалары алып кетпесе… 

Қазіргі уақытта қазақ қоғамының, қазақ мемлекеттік билігінің қай шаруасын алып қарасаң да – дәл осы. Жоғары оқу орындары, жалпы білім беру, экономика мен саясат, мәдениет пен тарих ескерткіштері – жүздеген мысал келтіруге болады. Мемлекеттік сана жоқ, ұлт намысы жоқ.

Бірақ бұл мысалдар бізде ұлт болмады деген сөз емес. Ұлт болғанда да, мықты ұлт болған. 

 Ұлт болып тұрған күнінде қазақ қалмақ пен өзге түркі тілдес түгілі, орыстың өзін ассимиляцияға түсіріп, «жеп қоятынын» толып жатқан мысалмен дәлелдеуге болады. Ең ұсақ деген этникалық топтардың өзі ассимиляцияға оңай түспейді, барынша қарсыласады, өзінің түп мәдениетін сақтауға күш салады. Оны қазанға түсіру үшін, сіздің мәдениетіңіз, ұлттық санаңыз, мемлекетшілдігіңіз өте күшті және озық деңгейде болуы керек. Соның арқасында біз Абылай хан заманында жүздеген мың қалмақ, естек, қырғыз, түрікпен, қарақалпақ, татар-ноғай, т.б. қазақ ұлтының құрамына енгіздік. 

Енді келіп, сіздер жаңадан ұлт құрайық дейсіздер?! Мәселе ұлт құруда емес, жадыда сақталған, санада бар дүниенің қадірін біліп, ұлттық қасиетті жаңғыртуда! Оны қалай жаңғыртамыз?

  • Ассамблея және «Ұлт құру»

Мен жалпы «ұлт құру» ұғымын сынап отырған жоқпын, ғылыми әдебиетте қалыптасқан ұғымды сынаудың қажеті не? Мәселе – «ұлт құру» ұғымының мазмұнында. Біздің идеологтар ұлт құруды «совок» контексінде қабылдайды және қоғамға ұсынады. «Совок» контексінде бұл ұғым «мы старый мир разрушим» деген большевиктік концептің жалғасы, яғни ескі әлемді, ескі ұлттарды жойып, орнына жаңа ұлт құру. 

Шын мәнінде «ұлт құру» термині батыстық әдебиетте Nation- building түрінде қолданылады, бірақ Батыс антропологтарының еңбектерінде Nation-building сөзі «Мемлекет құру» дегенді білдіреді. 1991 жылы КСРО ыдыраған соң, Батыста «Nation-building and Social integration in post-soviet societies» (1999) сияқты көптеген еңбектер жарық көрді, мазмұнына қарасаңыз, әңгіме посткеңестік аймақтарда жаңа мемлекеттердің құрылуы туралы.

Егер КХА және оның ғылыми құрылымдары жаңа мемлекет құрамыз десе, жалпы менің қарсылығым жоқ. Неге құрмасқа, құрып көрсін! Ал жаңа ұлт құрамыз десе, оған мен қарсымын, егер мүмкіндіктері болса, басқа континенттерде, тіпті аралдардың бірін сатып алып, жаңа ұлт құрып көруге болады. Жоғарыда айтылған Либерияда америкалық құлдар құрған мемлекет тұқымымызды жаңартамыз деп, Тынық мұхит аралдарынан қыздарды көптеп сатып алып, оларды жергілікті орман негрлерімен будандастырып, жаңа ұлт жасамақ болған. Қайталап көрсе болар еді, тек соған бізді араластырмасаңыз деген өтінішіміз бар.

Біз жақсы болсақ та, жаман болсақ та – қазақ деген ұлтпыз, әрине, кемшіліктеріміз бар. Советтік қырып-жоюлар, қайта тәрбиелеу, ұлт құру кезінде этнос өзінің тектілігін әлсіреткені сөзсіз. Кез келген этностың ұлттық санасын, мемлекетін ұстап тұратын он пайыздай ғана бөлігі, қалғаны солардың ізімен жүреді, қара шаруасын жасайды. Оның үстіне біздің ата-бабаларымыз Қазақ хандығы заманында есерлікпен құл сатып алғыш болды – қыз ұзатса, жасауына қосып береді, құн төлесе, құл бастатып береді, ас берсе, бәйгеге тігеді, т.б. Құлақ кесті құлдардың көпшілігі советтік «национально-государственное строительство» кезінде бізді басқарды, кейбіреулерінің тұқымдары әлі де қызметте. 

Советпен бірге тәуелсіздіктің 30 жылында шаң басып қалған «Ұлт құру» ұғымы неге жанданды? Басты себептің бірі – біз арғы тарих туралы айтпағанның өзінде, советтік кезеңде басымыздан өткен әртүрлі эксперименттерді, оларды ұйымдастырушы күштер мен идеяларды, олардың не мақсатпен жасалғанын және қандай нәтиже бергенін саралай алмай келеміз. Екіншіден, біз ХХ ғасырдың 70-жылдары ғана жаңа бағыт, пән ретінде пайда болған «Этнополитология», «Этносоциология», «Саяси социология» сияқты ғылымдардың соңында кетіп, Батыста осылардың бәріне негіз болған іргелі дүниелерді, ғылыми мектептерді игерген жоқпыз. 

Этнос – өте күрделі табиғи ағза, сонымен бірге оның тіршілік әрекеті әлеуметтік-саяси бет-бейнесін қалыптастырады. Этностың саяси бейнесін түсіну үшін, сізге саяси антропологияның негізін салған Эванс Причардтың бір-екі кітабын міндетті түрде оқу керек. Тек қана кітапты оқу ғана емес, сіз саяси антропологияның әдістемесін пайдаланып, этнографиялық экспедицияларға шығуыңыз керек. Социологиялық онлайн сауалнама арқылы этнос табиғатын, оның ішкі құндылықтарын, оның қандай әрекетке бейім және қандай әрекетке дайын екенін ашу мүмкін емес. Қазақ-дүнген қырғынынан кейін бәріміз шулап, зерттеу институты керек деген соң, 2020 жылы құрылған Қолданбалы этносаяси зерттеу институты жұмысының нәтиже бермей отырғаны да осы себептен. Этнографиялық зерттеулерсіз этносаралық қарым-қатынас, соның ішінде сыйластық және араздық себептерін, жанжал, қақтығыс болу мүмкіндіктерін анықтау қиын.

Этнос – тірі ағза, ұлт этностың өмірлік тәжірибесі, саяси түсініктері негізінде құрылады. Этнос пен ұлтты бір-бірінен бөлек қарастыруға болмайды. Әрине, ұлт аясы кең, себебі ұлт этностың саяси туындысы. Белгілі бір этникалық негізге, этнос өзінің сан ғасырлық тарихында қалыптастырған құндылықтарға, дәстүр-салтқа сүйенбеген мемлекеттің адамзат мәдениетіне қосатын үлесі де, болашағы да жоқ. Біздің көз алдымызда этностарды судай сапырған, сан рет қырғын-сүргін жасаған, бауыр басқан отанынан көшірген, тілінен және тарихынан айырған, мидай араластырған Ресей мысалы тұр. ҚХА-ның төлқұжаттың негізінде ғана саяси ұлт құрамыз деген қиялына күлкің келеді. Қазақстандық төлқұжат тіпті азаматтық бірегейлікті де көрсетпейді. Сіз қазақтың 90 пайызы Украинаны, орыстың 90 пайызы Ресейді қолдап отырғанынан-ақ ойлана беріңіз.

Тіпті Ресей емес, мына біздің Шортан қалаға келіп, этнографиялық экспедиция жүргізсеңіз, сіз «совок» атты қауымдастықтың қалай пайда болғанын, қандай құндылықтармен өмір сүретінін көресіз. Бұларда этностық негіз жоқ, баяғыда жоғалтқан, орыспыз дейді, бірақ сұрастыра келсең, әкесі – татар, шешесі – белорус, немесе әкесі –мордва, шешесі – чуваш, т.б. Бұл будан қауым сіздің құрамыз деп отырған ұлтыңызға қандай құндылықтарын алып келеді? Қазақ болатынына сенімдісіз бе? Олардың жалпы саны Қазақстан бойынша 3 миллион адам. Ойланатын мәселе ме, әрине, тек қана ойланып қоймай, осы ортада зерттеу жұмыстарын жүргізіңіз.

Біздің басты мақсат жаңа ұлт құру емес, қазақ ұлтын қайта жаңғырту, жаңа сапалық деңгейге көтеру. Болашақта Қазақстан халқы түріне, тіліне, тәртібіне қарамастан, тұтас қазақ атануы керек. Қазақ тілі бәріне ортақ тіл болуы керек. Қазақ ұлтының ішінде әр этникалық топ өз бетімен, жабық тұруы мүмкін деген бос сөз.

Мемлекет – ұлт – ол бір тілде, бірегейлік қалыптасқан уақытта ғана пайда болады. Nation State деп осыны айтады. Бұл мақсат іске асу үшін, ҚХА үкімет үйінен шығып, қазақ қоғамына жақындамаса болмайды. Қоғам негізінен қазақ тілді, ал ҚХА мен оның құрылымдары орыс тілді, «совок» дәстүрлі болуы – нонсенс.

Кезінде ҚХА-да «Қазақтану» бағдарламасын жасадық. Мен «Қазақтың танымдық этнографиясын» жаздым. «Қоғамдық келісім» шығарды. Сол кітаптың негізінде қазақ этнографиясын оқу, үйрену іске асырылуы керек еді. Қайда сол сабақтар?

Соңғы кезде «Қоғамдық келісім» жылына бір рет, бір күні, бір сағатта бүкіл Қазақстанда семинар сияқты жиын өткізеді. Бүкіл Қазақстанды қамтитындай сіздің қол астыңызда қанша антрополог бар? «Қоғамдық келісім» жұмысын қайта құрмаса болмайды.

«Этносаралық қатынастарды дамыту комитеті» не істеп жатқанын тіпті білмейді екенмін. Соңғы уақытта «Қазақтың салтанат мәдениеті» (Церемониальная культура казахов) кітабын жазып жатырмын. Бірнеше бөлімін әлеуметтік желіден алып, журналистер порталдарда жариялады. Қазақ этносының бірегейлігі – дұрыс сәлем беруден, қоштасудан, дастарханнан басталады. Сіздер жоспарлаған қазақ ұлты да осы ережелерді қабылдаудан бастап құрылуы керек деп ойлаймын.

Біздің басшылық кезіндегі КСРО сияқты этникалық қазанды тек әкімшілік ресурстар арқылы қайнатамыз деп ойлайды. Әлеуметтік процестерді басқаруға болады, ал этникалық оған бағына қоймайды. Мүмкіндік болса, қазақты Nation State негізі ретінде қолдап, материалдық, мәдени, интеллектуалды әлеуетін күшейтуді қолға алу керек. Әлеуеті күшті этнос арғы жағын өзі шешеді.

  •  

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн