Әсем Жәпішева: ТОҚАЕВ реформатор емес, ИМИТАТОР

1986 жылғы Алматы мен 2011 жылғы Жаңаөзендегі Желтоқсан боздақтарына тағзым ету үшін, жылда Алматының Республика алаңында жиналу дәстүрге айналған еді. Әрдайым үйреншікті бірсыдырғы сарынмен өтетін жиынға биылғы жылы жастар қауымы өзгеріс енгізді. «Оян, Қазақстан!» жастар қозғалысы мен Жанболат Мамай бастаған Демпартия өкілдері полиция арнайы жасағының (ОПОН) қоршауында үш сағат бойы қамалып тұрса да, өздері көздеген мақсаттан бас тартпай, ел ішін дүр сілкіндірген митингті өткізді. Осы орайда жастар тобын бастап жүрген азаматтық белсенділердің жетекшісі Әсем Жәпішеваны газетіміздің «ДАТ» айдары аясында әңгімеге тарттық.

– Әсем, әңгімемізді 16 желтоқсан күні өткен митинтен бастасақ. Сол күні, қала әкімшілігінің қарсылығына қарамастан, сіз бастаған «Оян, Қазақстан!» қозғалысының өкілдері Алматы көшелерімен шеру жасап, Республика алаңына келді. Бірақ «ояндықтар» «ОПОН»-ның қоршауында қалды. Дегенмен осы акцияның негізгі мақсаты орындалды деп ойлайсыз ба?

– Амансыздар ма, «ДАТ» оқырмандары?! Бізді «ОПОН»-ның қоршап алғанының өзі үлкен жетістік деп есептеймін, себебі бұл олардың қорқынышын, режимнің кішігірім болса да, адамдар тобынан зәресі ұшатынын көрсетті. Осыдан соң маған көптеген адамдар хабарласып, келесі акцияның қашан болатынын сұрап, өздерінің де соған қатысқылары келетінін жазып жатты. Меніңше, бұл жолғы митингіге қатысушылар санының қанша болғаны маңызды емес – біреу немесе жүз, тіпті бір адам шықса да – осының өзі азаматтық қоғамның жетістігі.

– Сол күнгі наразылық акциясында «Оян, Қазақстан!» алаңды жарған «Назарбаев, Отанымды жемеші!» деген ұран (слоган) «митингтің гүлі» болды деген пікір әлеуметтік желінің басты тақырыбы болды. Осындай креативті ұран кімнің ойына келді және бұл слоганның астарында сіздер не айтпақ болдыңыздар?

– Бұл топтық креатив. Біз бұл слоганды қоғамды алаңға шығуға шақырған ролигімізде пайдаландық. Ұранның мағынасы айтпаса да түсінікті деп ойлаймын: тура бүгін «Азаттықта» Назарбаевтардың Еуропа мен АҚШ-тағы 800 миллион долларға жуық жылжымайтын мүліктеріне қатысты тергеу материалдары шықты. Ал біздің білмейтініміз қаншама?! Біз Отанымызды талан-таражға салушылардан әбден шаршадық.

Айтпақшы, қала басшылығымен «келісілмеген» шеруге қатысушыларды жауапкершілікке тартып жатқан жоқ па?

– Әзірге жоқ, алайда бұралқы заң бойынша, мұндай «тәртіпсіздік» әрекетке әкімшілік шара қолданудың ескіру мерзімі 50 күн, сондықтан жауапкершілікке тартулары әбден мүмкін. Билік өткен наурызда дәл солай істеген болатын.

– Сол шеруден соң, арада бір күн өтпей, әлдекімдер сіздің пәтеріңіздің есігін бұзуға әрекет жасаған екен. Бұл қылмыстық жағдайды сізге қарсы басталған қорқыту амалы деп айтуға бола ма?

– Әрине, мұның мені қорқыту әрекеті екені айдан анық. Соңғы бірнеше ай ішінде бұл – менің пәтеріме жасалған екінші шабуыл. Біріншісінде – бәрін «ұрлық жасау әрекеті» секілді қылып көрсетпек болған, алайда «ұрылар» аппаратураны қалдырып, тек телефонды ғана алып кеткен еді.

– Бұл жағдайға қатысты полицияға арызбен жүгіндіңіз бе?

– Жоқ, оның еш пайдасы жоқ. Мұны жасаған өздері ғой. 1 наурызда мені «ұрлап әкету» әрекетіне байланысты прокуратураға шағым түсіргенмін, алайда одан еш нәтиже болған жоқ.

Әсем, елді COVID қатері шарпып өткен биылғы жыл ешкімге де оңай тиген жоқ. Дегенмен осы жылдың саяси қорытындысы ретінде қоғам үшін бір жақсылық пен бір жамандықты атай аласыз ба?

– Коронавирус мемлекетіміздің, әсіресе денсаулық сақтау және білім беру салаларының қаншалықты тиімсіз басқарылатынын ашып берді. Сондай-ақ адамдар жемқорлықтың жан түршігерлік деңгейге жеткенін айқын көрді.

Жағымсыз тұсына келер болсақ, биліктің карантинді айғақсыз тұтқынға алу, сотта құқықты шектеу үшін сылтау ретінде пайдаланғаны анық. Карантин кезінде құқық бұзушылықтың үстінен түсіп, жауапкершілікке тарту үшін ізге түсулер болды.

– Осы бір жылдың ішінде президент Тоқаев елде саяси өзгерістер жасау жөнінде сіздің үмітіңізді ақтайтындай қадам жасады деп дәтке қуат қыла аласыз ба?

– Жоқ! Тоқаев реформатор емес, имитатор. Жақында ғана ол «саяси жаңғыртуды» жалғастыратынын жариялап, жаңа реформалар пакетін ұсынды. Ештеңеге толық тоқталған жоқ, жай ғана реформалар туралы келесі жылдың басында айтылатынына уәде берді. Бұл хабарландыруды кім үшін және не үшін бергенін түсіну қиын емес.

«Саяси жаңғырту» туралы ұсыныс Тоқаевтың 2019 жылғы сайлау алды бағдарламасында болған. Өткен жылдың маусымында ол өзін реформатормын деп жариялап, артынша екі баяндамасында келесі реформалар топтамасын ұсынған болатын: саяси партияларды тіркеу мөлшерін шектеу, сайлау кезінде әйелдер мен жастар үшін квота, өсек-аяңды қылмыс деп танымау және тағы басқа. Тоқаев парламентте оппозиция болуы керек және оның дауысы естілуі тиіс деді.

Нәтижесінде екінші президент кезіндегі алғашқы парламенттік сайлауға бірде-бір жаңа партия тіркелген жоқ. Тіпті қағаз жүзіндегі ресми оппозиция – ЖСДП сайлауға қатысудан бас тартты. Саяси күресті боямалау жарысқа қатысушыларға оңай түспейді.

Тек сайлаудан кейін ғана таныстырылатын жаңа саяси реформалар пакетіне қатысты уәдесі арқылы Тоқаев өзінің әлі де болса реформатор екенін хабарлады. Осылайша жарты жыл бойы президенттің демократияны көздеп отырғанына сеніп келген либералды ниеттегі қазақстандықтар ары қарай да үміттене берулері керек.

Осы тұста сайлауда нақты баламалардың жоқ екенімен қатар, тәуелсіз бақылаушылардың (жалпы, бақылау мүмкіншілігі Орталық сайлау комиссиясы арқылы жоққа шығарылған), сондай-ақ мемлекет салық әкімшілігіне есеп беру кезінде қателік жіберді-мыс деген желеумен бірнеше миллиондаған айыппұлды мойындарына артып бергелі отырған Үкіметтік емес ұйымдардың өзі қысымға алынғанын түсінген маңызды. Ал бұл олардың жойылуына алып келеді.

Яғни, бізде реформалардың бәрі қағаз жүзінде қалады және шындықпен ешқандай байланысы жоқ. Дегенмен, соған сенгісі келетіндер әлі де болса үміттене берсін. Бұл олардың таңдауы, өз құқы.

– Елдегі осы жылғы наразылық шаралары мен азаматтық бастамаларға ой жүгіртсек, көп жағдайда белсенділік танытып жүрген – қазақ қыздары екен. «Оян, Қазақстан!» қозғалысының құрамында да қыздар қатары басым. Неге бұлай? Қазақтың жігіттері азаматтық-қоғамдық бастамаларда салғырт болып кеткен жоқ па?

– Қазақ қыздары жалпы өте белсенді – олар күштірек, көп жұмыс істеп үйренген, сонымен қатар жігерлі. Белгілі жазушы, марқұм ағамыз Бердібек Соқпақбаев: «Әйел затын жалпы нәзік деп айтады ғой. Бос сөз. Мықтының ең мықтысы; көнбісі әйелдер екеніне мен кіммен де дауласуға бармын. Еркектер зорығып өлетін ауыр жұмыстарды бұл күнде қыңқ деместен әйелдер атқарып жүр. Оның сыртында үй ішінің тіршілігін істейді, бала өсіреді, кәрі ата-енелерін күтеді. Құдай біледі, еркек бұған төзбеген болар еді» деген екен.

Айтпақшы, әйел билік құрып отырған елдер коронавируспен күрес кезінде әлдеқайда жақсы нәтиже көрсеткен. Бұл әйелдердің еркектермен салыстырғанда жеке басының қамынан гөрі отбасын, балаларын, денсаулықты сақтауды, білім алуды көбірек ойлайтынынан деп білемін – осылардың бәрі шынымен өте маңызды.

Өзіңіз секілді белсенді жастардың тобын есептемегенде, жалпы қоғамдағы азаматтық немқұрайлылық жөніндегі пікіріңіз қандай және жағдайды өзгерту үшін не қажет?

– Бұл – үйреншікті дәрменсіздік. 100 жыл – 70 жыл КСРО, кейін 30 жыл Назарбаевтың режимі халықты «сендердің қатыстарың жоқ» деп сендіріп келді, таңдау деген болған жоқ. Осыдан соң белсенділік пен азаматтық саналылық қайдан шығады? Басты жауап – ағартушылық. Халық өзін қандай режим қоршап тұрғанын, оның басқа баламасы бар екенін неғұрлым көп көрсе, еліміз соғұлым тезірек оянады.

Ал сізге саяси ағартушылық жолды таңдап, бүгінгі елдегі назарбаевтық режиммен күреске белді бекем буып шығуыңызға не түрткі болды?

– Мен әрдайым осындай болдым. Әкем аса ауыр қылмыстар бойынша тергеуші болған, ол қайтыс болды. Ол үнемі газет оқитын, мені де оқуға үйретіп, жемқорлықтың елімізді қалай құрдымға итермелеп жатқанын, әділетсіздік туралы қынжыла сөз қылатын. Мен ерте жастан-ақ журналист боламын деп шештім.

8-сыныпта оқып жүргенімде орын алған бір оқиға есімде жақсы сақталды. Ол уақытта мектепішілік газеттің редакторы болдым да, қалалық газетпен бірге жұмыс жасадым. Бірде 9-қабатта өмір сүретін мүгедек әйел туралы «Өлімге апарар 81 баспалдақ» деген мақала жаздым. Лифт бірнеше жыл бойы жұмыс істемейді, ақыры әйел аулаға шығып, күн көзін көріп, ауамен тыныстау үшін жедел жәрдем шақырады. Мен бұл мәселе әкімшілікке байланысты деп жаздым, мені қала бишікештері бірден шақыртты. Қысым көрсетіп, қорқытты. Қатты ашуланып шықтым және әлі бәріңе көрсетемін деген шешім қабылдадым. Міне, осындай ескі оқиға маған қамшылау болған сияқты.

– Айтпақшы, қоғамның бір тобы алдағы қаңтарда өтетін парламенттік сайлауға бойкот жариялады, енді бір бөлігі «Нұр Отанға» қарсы дауысты ең нашар партияға беріп, билік партиясының дауысын «тартып алайық» деген бастама көтеріп жатыр. Бұл орайда сіздің ойыңыз қандай?

– Жалғыз шешім – наразылық білдіру деп ойлаймын. Мен бұл сайлауды мойындамаймын.

– Ал бұл сайлауда, әсіресе 10-11 қаңтарда «Оян, Қазақстан!» қандай ұстанымда болады? Мәселен, «ескі оппозиция» елдегі жағдайды тек қана алаң арқылы өзгертуге болады деген тұжырымға келген екен…

– Мен «ескі оппозициямен» келісемін.

Өткен аптаның соңында «ояндық» әріптес құрбыңыз Әсия Төлесова «Прогресс» партиясын құратыны жөнінде мәлімдеме жасады. Бұл бастаманың арасында сіз де барсыз ба?

– Жоқ, дәл қазіргі режимде партия құру мүмкін емес.

Сіз шетелде білім алып, ағылшын тілін жетік меңгергенсіз. Шетелде сұранысы үлкен PR саласында тәжірибеңіз бар. Қазақстаннан көңіліңіз қалып, қолды бір сілтеп, сыртқа кетіп қалу туралы ой сізді қаншалықты мазалайды?

– Маған Еуропада жұмыс істеуге бірнеше рет ұсыныс жасалды. Өткен жылы күзде кетіп қала жаздағанмын, бірақ бұл дұрыс емес деп шештім. Әзірге мүмкін болғанша осында қалып, жағдайды өзгертуге тырысып көргім келеді.

– «Фейсбук» желісіндегі бір жазбаңызда әлдебір киноның сценарийін жазып жатқаныңызды айтқан екенсіз. Әдемі Әсем қыздың қандай өмірлік қызығушылықтары бар: газет оқырмандарына өзіңізді қалай таныстырар едіңіз?

– Рақмет! Иә, қазір Баян Алагөзованың жаңа фильміне сценарий жазып жатырмын. Түсірілім келесі жылы басталады. Шынымен, көбі менен табыс көзің не деп сұрайды. Жеті жыл болды сериалдарға, жарнамалар мен фильмдерге сценарий жазумен айналысамын. Сценарийлерді редакциялаймын. Сондай-ақ ағылшын тілінен ертегілер мен өлеңдер аударамын. Әдебиетпен, домбыра шертумен, садақ атумен әуестенемін.

– «ДАТ» газетінің редакциясы сізді «Жыл жұлдызы» номинациясының жеңімпазы деп атады. Құтты болсын!

Рахмет! Күтпеген хабар екен… Сіздерге де Жаңа жылда жаңа табыс тілеймін!

– Олай болса, барлық бастамаларыңызға редакциямыздың атынан сәттілік тілейміз! Жаңа жылыңыз құтты болсын! Сұхбатыңызға рақмет!

Азамат ШОРМАНХАНҰЛЫ,

«D»

Республиканский еженедельник онлайн