САУАЛНАМА

Газет редакциясы 2019 жылды қорытындылау мақсатында сауалнама жүргізіп, бірқатар қоғам белсенділерінен үш «қандайға» жауап беруді өтінген еді:

1. 2019 жылдың ең басты оқиғасы қандай?

2. Өтіп бара жатқан жылдың ең басты өкініші қандай?

3. Келе жатқан 2020 жылдан қандай үміт күтесіз?

 «DAT» газетінің редакциясы 2019-дың «Жыл саясаткері» деп, елде демократиялық үлгідегі халықтық партия құру процесіне мұрындық болып отырған Жанболат Мамайды атады. Назарбаевтық биліктің айтақтауымен жергілікті жерлерде нешетүрлі арандатулар жасалса да, Қазақстанның барлық облыстарында дерлік партия бастамашыларының штабы құрылды. Алдағы аптада Жанболаттың бастамашылар тобы 1500-ге жуық қолдаушының ықылас құжатын Әділет министрлігіне тапсырады.

Жанболат МАМАЙ: Өткенге өкініш, келешекке үміт КӨП

1. Өткен жылдың басты оқиғасы, әрине – Назарбаевтың де-юре отставкаға кетуі және одан кейінгі президент сайлауы. Президенттік биліктен ондаған жылдар бойы түспей келе жатқан Назарбаевтың өз еркімен «отставкаға» кетуі Қазақстанда саяси өзгерістер бастала ма деген үмітті оятты. Бірақ келесі күні Тоқаевтың Астана атын Нұр-Сұлтанға ауыстырып, Назарбаевтың қызы Дариғаның сенат спикері болып тағайындалуы – бұл үмітті су сепкендей басты.

Одан кейін президент сайлауы жарияланып, ол да тұңғыш рет Назарбаевсыз өтті. Халықтың бұл биліктен шаршағаны сондай, тек Тоқаевқа, бүгінгі режимнің өніміне дауыс бермес үшін, Әміржан Қосановты жаппай қолдап кетті. Сайлау нәтижесін күтпей тұрып, оның Тоқаевты түнделетіп құттықтауын – жылдың ғана емес, соңғы 30 жылдың опасыздығы деп бағалағандар да бар.

Әрине, Назарбаев әлі де-факто басшы болып тұрғаны анық. Шетелге тек қана өзі барып, Тоқаевты маңайлатпайды. Кешегі Тоқаев құрған Ұлттық кеңестің нәтижесіз отырыстары оның қолында ешқандай нақты билік жоқ екенін, «қуыршақ» президент екенін көрсетті. Десе де, Назарбаевтың формальды түрде болсын биліктен кетуі  елдегі саяси процестерді тірілтті. «Назарбаев болмаса, елді кім басқарады?» деген жандайшаптардың аузына құм құйылды. Назарбаев кетсе, оның орнына келуге лайықты тұлғалар жетерлік. Елдің соған көзі жетті. Биліктің «сакралды» қасиеті кетті. Міне, осы тұрғыдан алғанда, Назарбаевтың кетуі елдегі өзгерістерді жақын арада жеделдетеді деген сенімдемін.

2. Өткен жылдың ең басты өкініші – Қосановтың қолда тұрған халық жеңісін «қуыршақ» Тоқаевқа ұстата салуы. Егер ол бір ауыз сөзбен: «Сайлау нәтижесін мойындамаймын!» дегенде, халықтың өзі-ақ бүгінгі жүйені қопарып тастар ма еді?! Шындығы керек, халық Қосановқа, оның тұлғалық қабілеті мен қасиетіне дауыс берген жоқ. Азаматтар бүгінгі Назарбаев жүйесіне, билікке қарсы дауыс берді. Оппозицияның Қазақстанда бұрын-соңды қолдауы, халықтың сенімі болмап еді. Соның барлығын жоққа шығарып, Тоқаевты құттықтап, жеңісін бере салуы – халықтың арасында әлі де айтылып келе жатқан өкініштің бастысы деп ойлаймын.

3. Келер жыл өзгерістер жылы болады деп сенемін. 2020 жыл – Назарбаевсыз Қазақстан жылы болсын деп тілеймін!

Айман ОМАРОВА, адвокат:

1. Адвокат ретінде өткен жылды тек заңдық-құқықтық шеңберде қорытындыласам, Сайрагүл Сауытбайдың ісі елдің есінде қалған оқиға болды. Балапандары үшін шекара асып келген жұдырықтай қазақ қызына Атамекеннен алақандай жер бұйырмай, БҰҰ-ның көмегімен шетелге – Швецияға кетуіне тура келді.

Сондай-ақ Шығыс Түркістандағы қазақтардың жағдайы өкініші мен өксігі мол мәселеге айналды. Қытай лагерьлерінде қамауда отырған этникалық мұсылмандардың, оның ішінде қандастарымыздың мәселесі халықаралық қауымдастыққа дейін көтерілуде.

Қытай жағы осы лагерьлерді радикалды ұстанымда жүргендерді «қайта тәрбиелеу орталығы» дегендерінен танбайды. Ал шындыққа келер болсақ, бұл – азап лагері екені жөніндегі ақпарат әлем назарына ілікті.

Тағы бір өкіндіріп тұрған мәселе – менің қорғауымдағы зейнетке шыққан офицерлердің жағдайы. Мемлекеттің қорғаныс шебінде жүріп, ел қорғаған сардарлар зейнетке шыққан соң, ешкімге керексіз болып қалды. Қорғаныс министрлігінің 600-ден аса офицері баспананы былай қойғанда, тұрғылықты мекенжайлары жоқ «бомж» сияқты тұрмыс кешуде. Бұл мәселе бұрыннан бері жалғасып келе жатыр. Қорғаныс министрлігіне ақша бөлінеді. Бірақ ол қаражат мұқтаж болып отырғандарға жетпейді. Қаржының қайда кетіп жатқаны маған да қызық. Шенеуніктер өз қалтасынан шығаратындай бергісі келмейді.

Президент Тоқаевтың қабылдауында болғанымда, осы мәселені көтергенмін. Астанадағы алғашқы сот инстанциясы істі бір ашып, бір жабады. Президентке жіберген өтініш-хатымыз парламент пен салалық министрлікке жетті деген хабар алдық. Қорғаныс министрлігі бұл іспен айналысып жатырмыз деп ақпарат бергенімен, шешілген мәселені көріп тұрған жоқпыз.

2. Өтіп бара жатқан жылдың өкініштен бұрынғы бір жемісі – Ұлттық кеңесте қоғам өкілдері жиналып, елдегі саяси, әлеуметтік, құқықтық мәселелерді талқылап, ортақ шешімге келуі. Президенттің қабылдауында болғанымда да, Ұлттық кеңестің отырысында да Қылмыстық кодекстің 130-бабының қылмыстық мазмұнын өзгерту және 174-бабына түзетулер енгізу туралы ұсыныс жасағанымнан хабардарсыздар. Бұл нормаға қатысты Кеңестегі талқылауларда шешімге келу оңай болған жоқ. Себебі құқықтық, ізгілік, этикалық және халықаралық стандарттарды ескеріп, 130-бапты декриминализациялап, оны Әкімшілік кодекске ауыстыру туралы шешім қабылданды.

Зорлық-зомбылық жағынан қарсы күресіміздің арқасында бірқатар заңнамалық нормаларға өзгерістер енгізіліп, қатал жаза берілетін болды. Жәбірленуші мен зорлаған тараптар бұрынғыдай қылмыстық істі жаба алмайды. Бұл биылғы жылдың жақсы бір нәтижесі дер едім.

Әлеуметтік желіде қоғам өкілдері осы өзгерістерге қатысты әртүрлі пікір айтып жатыр. Қазақстанда адам зорлау бұдан былай ауыр қылмыс болып саналады. Парламент мәжілісі қабылдаған заң жобасы бойынша, «зорлау» туралы қылмыстық істе тараптардың келісімге келуіне тыйым салынады.

Ал Қылмыстық кодекстегі 174-бап саяси көзқарасы үшін «алабөтен» ойлайтын азаматтарға қолданылады. Қоғамдағы әділетсіздікке қарсы өз ойын жария түрде айтқандары үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылып, жазаланады. Өз елімізде азаматтарымыз шындықты айтқаны үшін жау саналады. Макс Боқаевтың не үшін абақтыда отырғаны түсініксіз. Айтқан ашық пікірі үшін бе? Егер әлдебіреу зиян шегіп, қол-аяғы сынып немесе адам өлімі болса – онда басқа мәселе.

3. Жаңа жылда Ұлттық кеңесте айтылған талаптар заңға енгізілсе, депутаттар ел үшін еңбек етсе, жағдай оңалар еді. Ел азаматтарының тұрмыс деңгейі көтерілсе, ауылдың ахуалы түзеліп, құқықтық сауаттылығы көтерілер еді.

Марғұлан БОРАНБАЙ, ұлт патриоты:

1. Өткен жылдың басты жаңалығы ретінде билік транзитінің негізгі кезеңіне өтуін айтуға болады. Соның нәтижесінде бір адамның билігі болашақта парламент билігіне алмасады. Дәлірек айтқанда, постназарбаевтық кезеңде оның айналасындағы бүгінгі саяси элита өкілдері, парламентте партия түрінде орнығып, билікті қолдарында сақтап қалады да, негізгі лауазымдарды бір-бірімен кезектесіп алмасып отырады және парламент осыны заңдастырып береді.

2. Жыл өкініші деп айтарлықтай керемет бір дүние көріп тұрған жоқпын. Тек жаңа президентіміз Тоқаевтың кадрлық мәселелердегі ынжықтығын айтар едім. Тіпті екінші, үшінші дәрежелі лауазымдарға күмәнді адамдардың тағайындалуына жол бермеуге пәрмені жетпеді. Бұл оның президент ретіндегі шынайы статусының көрсеткіші. Турасына келгенде, Тоқаев президент болса да, толық билікке қолы жетпей тұр. Тіпті мына жағдайда сол билікке қолы жететінінің өзі күмәнді. Дегенмен, бұл оның кінәсі немесе кемшілігі емес.

3. Келер жыл жаңалықтарға толы болады деген үмітім бар. Саяси эстрадамызда жаңа әртістер мен жұлдыздар пайда болады. Олардың арасындағы пародистер мен имитаторлар, партия басшылары және саяси лидерлердің рөлдерін сомдайды. Біз болсақ осының бәрін қойылым көрермендері ретінде тамашалаймыз.

Ақмарал ҚАМБАРҚЫЗЫ, тәуелсіз бақылаушы:

1. Әрине, өтіп бара жатқан Доңыз жылы саяси оқиғаларға толы, өте ерекше маңызды жыл болды. Мүмкін, жылдың ең басты саяси жаңалығы деп билік басында ширек ғасырдан астам уақыт отырған президент Назарбаев 19 наурызда өз өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатуын атауға болар еді. Бірақ бұны күтпеген оқиға қатарына жатқыза алмаймын. Соңғы жылдардағы әртүрлі заңдарға «елбасын отбасымен қоса өмір бойы мәпелеп өту керек» деген сияқты толықтырулар көптеп енгізіле бергенінен «атамыздың ауылға қайтатын сыңайы» сезіліп жүр. Сол себептен бе, өзім үшін бұл жағдай аса күтпеген оқиға болмады.

Президенттік сайлаудың мерзімінен бұрын өтетініне де етіміз үйреніп кеткен сияқты. Ел есінде қалатын осы жылдың ең басты оқиғасы – Қазақстан тарихында президенттік сайлаудың Назарбаевсыз өтуі. Осы жаңалыққа ел елең етіп, сайлаудан ерекше өзгеріс күтіп, президенттік додаға түскен Қосановқа көпшілік сенім артып, ол сенімдері ақталмай, үміт оты үзілді.

Өзім үшін жылдың ең басты оқиғасы – сайлаушылардың белсенділігі және сайлаушылардың екіге жарылуы; сайлауға қатыспаймыз деп қарсылық білдірген топтың алаңға шығып, белсенділік танытуы. Жалпы қоғамның саяси оянуы ел ішін дүр сілкіндірді. Осы жағдай көп балалы аналардың наразылығына әкелді, халықтың ашу-ызасын тудырумен қатар, көп адамдардың көзін ашты. Елге шұғыл арада бір өзгеріс қажет екендігі түсінікті болды. Сырт көзге әп-әдемі дамып келе жатқан мемлекет болып көрінгенімізбен, ішіміз шіріп жатқаны мәлім болып қалды.

Президенттік сайлаудан кейін құрамында әртүрлі әлеуметтік топтың өкілдері бар «байқаушылар» деген қозғалыс пайда болды. Осы қозғалыстың төңірегінде осыған дейін белсенділік танытпаған қоғамдық ұйымдар, бірлестіктер жұмыстарын жандандыра бастады. Байқаушылар армиясы еңбегінің нәтижесінде сайлаудағы былықтар, заңсыздықтар ашылып, халыққа кеңінен тарады. Билік тарапынан әртүрлі әдістермен қысым қолданылуына қарамастан, белсенді топтар әлеуеті нығая түсті. Халық өзінің талап ету құқығы бар екенін түсінді. Қытай экспансиясына қарсылық күшейді. Референдум ұйымдастырмақ болған және саяси партия құру бастамалары қоғамның жаппай белсенділігін арттырды.

Осы жылы біздің қоғам ұйықтап жатқан вулканның оянғаны тәрізді көрініс тудырды. Доңыз жылын қортындылай келе, халықтың санасының оянуы нәтижесінде азаматтық қоғам бұрын тарихта болмаған белсенділік танытып, қоғамдағы кез келген мәселелерге немқұрайлық танытпай, мүмкіндігінше ықпал етуге даяр екенін көрсетті. Осы серпіліс – өз басым үшін жылдың ең басты оқиғасы болды.

2. Жалпы, өткенге өкіну әдетімде жоқ. Сонда да болса, жылдың ең басты өкініші  Н.Назарбаевтың «екі сиыр сатып алып, жаныңды бақ» деген мәлімдемесі болды. Оның 30 жылдық билігінде жеткен мүмкіндігінің бәрі осы екендігін білдірді. Әлеуметтік желілерде екі сиырды қандай қарызға алсам екен деп, халық әзілге айналдырғысы келгенімен, бұл түсінген адамға еңіреп жылайтын жағдай. Отыз жылда екі сиыр алатын жағдайға халықтың әл-ауқаты жетпеу деген естіген құлаққа ұят.

Екінші бір өкініш – Қазақстандағы шағын ауылдарды Назарбаевтың «паразитке» теңеуі. Неге ол отыз жылда осы ауылдарды дамытпады?

Кез келген қоғам адами ресурсқа арқа сүйейді. Өйткені алтын мен жиһазды сатып аларсың. Ал адамды, әсіресе азаматты мемлекетке сатып алып бере алмайсың. Біз халқы өте аз мемлекетпіз, сондықтан көбеюіміз керек. Неге бізде халықтың санын көбейту туралы қомақты іс-шаралар қолға алынбады? Осының барлығы – орны толмас өкініш!

3. Әрине, ең алдымен келе жатқан Жаңа жылда елдің тыныштығы қашпайды деп үміттенемін. Жаңа президент айтқан «халық үніне құлақ асатын» жаңа мемлекетті көремін деп ойлаймын. Шын мәнінде демократиялық қоғам қалыптастыра аламыз деген үмітім зор. Ой-пікірдің сан алуандығы үшін ешкім билік тарапынан қудалауға ұшырамайды деп үміттенемін. Азаматтық қоғамға билік тарапынан шын қолдау көрсетіледі деп сенемін. Бейбіт шеруге биліктен рұқсат сұрайтын масқаралықтан ада боламыз, құтыламыз деп үміттенемін. Елімізде көп партиялар тіркеліп, саяси бәсекелестік артып, осы бәсекелестік маубас депутаттардың ұйқысын шайдай ашады деп ойлаймын. Әрине, әлеуметтік сипаттағы мәселелер оң шешімін табады деп үміттенемін. Экономикамыз кері құлдырамай, алға дамиды деп үміттенемін. Сотты, әкімдерді халық өзі сайлайтын деңгейге жетеді деп үміттенемін. Билік пен халық арасында шын мәнінде тұрақты диалог орнығады деп үміттенемін. Осы үміттерім бәрі ақталады деп сенгім келеді!

Әсет МАТАЕВ, журналист:  

1. 2019 жылдың басты жаңалықтары ретінде Нұрсұлтан Назарбаевтың отставкасы, президенттік сайлау және азаматтық қоғамның белсенділігінің артуын айтуға болады.

Астанадағы бес бүлдіршін қыздың өлімі еліміздегі жағдайды ушықтырып, кез келген резонансты оқиғалар халықтың билікке деген ашуын тудырды және бас автор осыны жақсы сезді. 19 наурыздағы президент отставкасы қоғамды толқытқаны сезілді. Бүгінгі күн тұрғысынан алғанда, не десек те, Назарбаевтың осы қадамы тарих ағымын өзгертті деуге болады.

Сайлауға дайындық барысында митингтер өтіп, халық сенім білдірген «оппозициялық» үміткерді қолдау акциялары өтті. Оған мыңдаған адам жүрек қалауымен білек сыбана араласты. Сайлау күні тәуелсіз бақылаушылар сайлау учаскелеріндегі заң бұзушылықтарды анықтап, сайлаудың ресми қорытындыларын жоққа шығарды. Осы сайлауда халықтан шыққан тәуелсіз бақылаушылар жеңіске жетті деуге әбден болады. Нәтижесінде көзі ашық, көкірегі ояу, белсенді жастардың бастамасымен «Оян, Қазақстан!», «Республика», «Хақ», «Қазақстан демократиялық партиясы» атты ұйымдар мен партиялар құрылды. Жастардың осы бастамалары қоғамды оятты десек, артық болмас. Енді халық жастарымызға үлкен үміт артып отыр. Артында ірі бизнес немесе билік тұрмаған жастардың осындай бастамалары тіпті көршілес жатқан Ресей мен Қырғызстанда да жоқ. Бұл қуантарлық жағдай.

2. Жыл өкініші ретінде Арыстағы жарылыс пен көптен күткен нақты реформалардың жоқтығын айтар едім. Арыста орын алған жағдай мемлекеттік басқаруымыздың бет пердесін шешіп берді. Әскери қоймалардағы былық-шылықтардың арты осындай қайғыға алып келді.

Елімізде шешімін таппай отырған мәселелер өте көп. Ауыл мен ауыл шаруашылығын жандандырып, білім беру және медицина саласын қолға алып, экология мәселесіне көңіл аудару қажет. Отандық өндіріске серпін беретін шараларды жүзеге асырмасақ, экономикалық жағдайдың түзелуі де екіталай.

Реформаларға келетін болсақ, адамдар сот пен құқық қорғау жүйесінде, экономикада, еліміздің негізгі заңдарында түбегейлі өзгерістерді күтіп отыр. Алайда әзірше еш алға жылжу жоқ. Ол аздай, мемлекетіміз келіп-кетер еш пайдасы жоқ мекемелер мен жобаларға миллиардтаған қыруар ақша жұмсауда. Мысалы, үкімет       1 млрд долларды еншілес компанияларға жұмсамақшы. Осының қажеті қанша? Қыруар қаржыны талан-таражға жұмсау тек өкініш тудырады.

3. Келер жылы еліміздің дамуына бағытталған көптеген жұмыстарды атқаруымыз керек. Бұл еліміздің әр азаматына қатысты. Өйткені мемлекет әрқайсымыздың үйімізден басталады. Сингапур басшысы Ли Куан Ю «Шынайы реформаларды жүзеге асыру үшін, еліне адал патриоттардың кішігірім командасы жеткілікті» деп айтқан болатын. Оның рас екенін талай мемлекеттер дәлелдеп берді. Солардың бір мысалы – Грузиядағы Саакашвили. Сондай үміт бізде де бар!

Асылбек БАБАШ, бақылаушылар қозғалысының мүшесі (Шымкент):

1. Ресми тіркеуден өтпесек те, «Тәуелсіз бақылаушылар альянсы» (РОО ТБА) республикалық қоғамдық бірлестігі құрылды. Республикадағы 17 аймақтардан кемінде 200 азаматтардан тұратын ТБА аясында бастамашыл ұйымдар құрылды. Осы азаматтар ұлт келешегі деп ойлаймын. Біз, өткен президент сайлауына қатысқан тәуелсіз бақылаушылар, сайлау өтіп, президент сайланғаннан кейін туындаған талай сұрақтарды талқылап, сараптан өткізіп, елдің назарын өзімізге аудартып, сайлаудағы заңсыздықтарды жариялап, сотқа жүгіндік. Сайлау кезеңіндегі дөрекі заң бұзушылықтарға өзіміз куә болған соң, қол қусырып отыра алмадық. Сайлаудан кейін тарап кеткен жоқпыз. Бақылаушы деген – халық, сол сайлауға бізбен бірге сенген, бірге үміттенген, бірге алданған – халық. «Бақылаушылар» деген ұғым да, оның атауы да осы сайлаудан кейін қоғамда үлкен орынға ие болды деп ойлаймын.

2. Өткен жылдың өкініші – ел боламыз ба деп үміттегенімізде, сайлау бұрмаланып, үміттің үзілгені. Осы сайлауда 18 жастағы өрімдей жастан бастап, 70-ті еңсерген қарияға дейін бақылаушы болды. Бәрінің бір үміті болды, ұтылсақ – ұтылармыз, бірақ дәл осындай абыройсыздыққа тап боламыз деп халық ойламады. Сайлау осыншалықты әділетсіз өтеді деп кім ойлаған? Халықтың 30 жылдан бері жүрегінің түбінде сақтап келген сенімі бір түнде быт-шыт болып, сағымыздың сынғаны – өкініш!

3. Президентіміз елімізде соғыс болмасын десе, қазақ халқының жақсы өмір сүруін қаласа, қос өкіметпен қоштасып, шынайы халықтық билікке ат басын бұруы керек.

Қарасай ӘШІРБЕКОВ, демократиялық партия құрушы бастамашы топтың мүшесі (Қызылорда):

1. 2019 жылдың басты оқиғасы Назарбаевтың 29 жыл басқарған орнын Тоқаевқа беруімен ерекшеленеді. Осы кезеңге байланысты елімізде президенттік сайлау өтіп, ел ішінде қазіргі билікке қарсы үлкен-үлкен наразы топтар пайда болды. Мысалы: «Оян, қазақ!», «Бақылаушылар альянсы», «Еркін қазақ» деген сияқты топтар қазіргі билікке өздерінің көзқарастарын ашық білдіруде және көптеген бейқам жүрген азаматтардың көзін ашып, жемқорлық жайлаған, іріп-шіріген билікке қарсы үлкен күш болып топтасуда.

 2. Өтіп жатқан жылдың ең басты өкініші ретінде айтарым – ЖСДП-ның сатқындығы. Менің қазіргі билікпен жүйеге қарсы күресіп жүргеніме 10-15 жыл уақыт болды. Оның ішінде ЖСДП-ға мүше болып қабылданып, 12 жылға жуық уақыт осы партия мүшелерімен бірге жұмыс атқардым. Бұл партияны үлкен болашаққа жол ашатын, өсіп жатқан жастарға жол бастайтын күш ретінде қабылдадым. Алайда менің сенімім 2019 жылы 6 қыркүйекте өткен партияның 15-съезінде орын алған жағдайға байланысты күрт өзгерді. ЖСДП-ның негізгі тұтқасы биліктің қолында екені 15-съезден кейін анық көрініп, бет пердесі шешілді. Олай дейтінім – ЖСДП басшылығына Ермұрат Бапи ағамыздың келуімен байланысты. Ол Қазақстандағы президенттік сайлаудан кейін авторитарлық жүйеге қарсы, көзі ашық, көкірегі ояу топтардың басын біріктіріп, партия басшылығына дарынды жас саясаткер Жанболат Мамайды әкеліп, партияны қазіргі билікке қарсы күресе алатын үлкен күшке айналдырып, Қазақстан болашағына өзгеріс әкелу мақсатында күш-жігерін жұмсады.

Алайда өкініштісі – мұның ешқайсысы іске аспады, партияның ішінен арандатушылар шығып, Ермұрат Бапидың және партия мүшелерінің үмітін быт-шыт етті.

 3. Қазақ «Жақсы сөз – жарым ырыс» дейді. Алдағы келе жатқан 2020 жылдан күтер жаңалықтарымыз бен жақсылықтарымыз көп. Қазіргі таңдағы болып жатқан жаңалықтарымызға байланысты дарынды жас саясаткер ініміз Жанболат Мамай өз алдына демократиялық партия құру мақсатын қолға алды. Бүкіл қазақстандық қоғам осы халықтық партияның тіркеуден өтуіне ықпал етіп, қоғам осы партияның маңына топтасып, парламенттік сайлауға барады деп үміттенем. Және ол сайлауда жеңіп шығатынымызға сенімдімін.

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн