- «Жоғары аудиторлық палатаның есебіне сәйкес, «Қаржы орталығы» акционерлік қоғамының деректері бойынша, жатақханалардағы орын тапшылығы 33 мың орынға жетеді.
ҚР Премьер-министрі О.А.Бектеновке!
- Мемлекет басшысы жастарға қолайлы жағдай жасау, білім инфрақұрылымын дамыту және адами капитал сапасын арттыру мәселесіне ерекше мән беріп келеді. Студенттердің қауіпсіз әрі сапалы ортада білім алуы – мемлекеттің стратегиялық міндеттерінің біріне айналып отыр.
Ұлттық статистика бюросының деректері бойынша, 2025–2026 оқу жылының басында Қазақстанда 678 мың студент білім алған. Олардың 364 мыңы – аймақтардан келген студенттер. 115 мың студент ресми түрде жатақханаға мұқтаж, ал олардың тек 95 мыңы ғана нақты түрде жатақханалармен қамтамасыз етілген. Бұл ресми деректер кемінде 20 мың студенттің баспанаға мұқтаж екендігін білдіреді. Демек, студенттердің жатақханалармен ресми қамтамасыз етілу деңгейі – шамамен 80 пайыз. Бұл көрсеткіш жаман емес.
Алайда, Жоғары аудиторлық палатаның есебіне сәйкес, «Қаржы орталығы» акционерлік қоғамының деректері бойынша, жатақханалардағы орын тапшылығы 33 мыңорынға жетеді.
Студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету – білім беру саласының ғана емес, мемлекеттік жастар саясатының, өңірлік дамудың және еңбек нарығының маңызды мәселесі. Айта кету керек, соңғы жылдары бұл бағытта біршама жұмыстарда атқарылды, жаңа жатақханалар салынды, орын тапшылығы қысқарды.
Ғылым және жоғары білім министрлігі де, жоғары оқу орындары да жағдайды жақсартуға мүдделі және тиісті жұмыстар жүргізуде. Алайда мәселені түбегейлі шешу үшін Үкімет деңгейінде оңтайлы үйлестіру, тұрақты бақылау және бірнеше мемлекеттік органның күшін біріктіретін жүйелі тәсіл қажет деп санаймыз.
Осыған байланысты Үкімет деңгейінде келесі шараларды қарастыруды ұсынамыз:
1. Мемлекеттік және жекеменшік жоғары оқу орындарын қамтитын студенттік тұрғын үйдің бірыңғай ұлттық цифрлық платформасын әзірлеу мәселесін пысықтау. Платформада өтінім беру, электронды кезек, онлайн броньдау, цифрлық келісімшарт және жатақхана орындарының нақты уақыттағы есебі көзделуі тиіс.
2. Жоғары оқу орындарының қызмет тиімділігін бағалау жүйесіне студенттерді тұрғын үймен қамтамасыз ету көрсеткіштерін енгізу мүмкіндігін қарастыру.
3. Жатақхана салуға, реконструкциялауға және күрделі жөндеуге инвестиция салатын жоғары оқу орындары мен инвесторлар үшін ынталандыру тетіктерін, оның ішінде салықтық жеңілдіктерді қарастыру.
4. Студенттік жатақханалар салу бағытындағы мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетіктерінің тиімділігіне талдау жүргізіп, инвесторлар үшін тартымды жаңа ынталандыру шараларын әзірлеу.
5. Әкімдіктердің қызметін бағалау көрсеткіштеріне студенттік жатақхана құрылысына арналған жер учаскелерін бөлу мәселесін енгізу және жоғары сұраныс бар өңірлер бойынша арнайы жоспар әзірлеу.
6. Студенттік тұрғын үйді жеке инвестициялық бағыт ретінде дамыту үшін халықаралық тәжірибені ескере отырып, тиісті нормативтік-құқықтық базаны әзірлеу мәселесін қарастыру.
7. Студенттік жатақханалардың қауіпсіздігі мен өмір сүру сапасына қатысты ұлттық ең төменгі стандарттарды бекіту және олардың сақталуына тұрақты мониторинг жүргізу тетіктерін енгізу.
Қазақта «Бір жылдығын ойлаған адам егін егеді, жүз жылдығын ойлаған ел ұрпақ тәрбиелейді» деген сөз бар. Студенттік жатақхана – мәселесі дәл осындай стратегиялық сипаттағы мәселе.
Ұсынылған шаралар революциялық өзгерістерді қажет етпейді. Олар саяси ерік пен үйлестіруді талап етеді. Олардың әрқайсысы әлемдік тәжірибеден өткен. Олардың әрқайсысын Қазақстан жағдайында қолдануға болады және ешқайсысы жыл сайын миллиардтаған қосымша бюджет қаражатын талап етпейді.
Сондықтан осы мәселе бойынша Үкімет деңгейінде мүдделі мемлекеттік органдардың қатысуымен әзірленетін кешенді жоспар және қабылданатын шаралар туралы нақты жауап күтеміз.
ҚР Парламенті Мәжілісіндегі «Respublica» партиясы фракциясының депутаттары атынан – Нұргүл ТАУ