ҚАЗАҚ МҰНАЙЫНЫҢ ҚЫЗЫҒЫН Тимур және оның командасы КӨРІП ОТЫР

«Общественная позиция»

(проект «DAT» №40 (404) от 02 ноября 2017 г.

 

Әшкерелеу

 


 

Өз елінде «ұры» аталып, шетел асуға мәжбүр болған «БТА Банкінің» бұрынғы иесі Мұхтар Әбілязов жемқорлыққа қарсы тергеу жұмысын бастады. Оның бірінші көрсетілімі «ҚазМұнайДиаз» деген атаумен «Фейсбук» және «Ютуб» желілерінде жарыққа шығып, қазақстандық жұртшылық тарапынан қызу талқылануда. Біз осы «ҚазМұнайДиаз» фильмінің ықшамдалған қазақша мәтіндік үлгісін оқырмандар назарына ұсынып отырмыз.

 

Тәуелсіз тергеу

 

Forbes журналы жыл сайын Қазақстанның ең бай адамдарының тізімін жариялап отырады. Олардың арасында бұрыннан таныс тұлғалардан бөлек, жаңа есімдер пайда болуда. Қазақстандық Forbes тізімінің құрамына кіргендердің көбін «Назарбаев өнімі» деп атасақ қателеспейміз. «Назарбаев өнімі» деген кімдер? Олар – Назарбаевтың жақын айналасы мен отбасы мүшелері. Олардың барлығын ортақтастырып және біріктіріп отырған нәрсе – жемқорлық. Олар – халықтың ақшасын ұрлап жатқандар. Олар – Назарбаевтың өзі құрған жемқорлық жүйесінің «өнімдері».

Алайда «Назарбаев өнімдерінің» барлығы Forbes-тың жария тізіміне іліге бермейді. Қазақстанда халық біле бермейтін астыртын миллионер мен миллиардерлер жетерлік. Біз бүгіннен бастап, Қазақстандағы жемқорлықты әшкерелейтін жұмысымызды бастаймыз. Біз елге танымал және астыртын «Назарбаев өнімдерінің» өмірін зерттеп, қызықты мәліметтерді жария етеміз. Халық өз «батырларын» білуі керек! Олардың ақша мен саяхаттан «шаршаған» қиын өмірлерінің сырларын ашып береміз.

Қазақстан бюджетінің қалай және қайда жұмсалып жатқаны халық үшін қызық. Алайда сол ақшаны кімнің қалай ұрлап жатқаны одан да қызығырақ болар деп ойлаймыз. Алдымен бір нәрсені түсіндіріп өтейін. Біздің тергеулеріміз нақты құжаттардың негізінде жүргізіледі. Ол құжаттармен кез келген адам таныса алу үшін, біз оларды ашық түрде жариялап отырамыз. Қазақстанның кез келген азаматы біздің сөзіміздің шындыққа қаншалықты сай келетінін тексере алатын болады. Құжаттардың барлығының түпнұсқасы бар. Оны Америка сотындағы Қазақстан өкілдері растаған болатын.

Тағы бір ескере кететін жайт – біздің тергеуге түскен тұлғалар Қазақстан халқына қатысты жасаған қылмыстарын жасырып, жуып-шаюға әрекеттер жасайтынын білеміз. Олар өздеріне тиесілі компаниялардың корпоративтік жүйелерін ауыстырып, реорганизация жасап, тіпті жауып та жатыр. Бұған қоса, меншік иелерін ауыстырып, мұрағаттарын жоюға дейін барады. Тіпті интернеттегі ашық мәліметтерді алып тастап жатады. Алайда олардың бұл әрекеттерінен түк шықпайды. Кез келген құпия бәрібір жария болады. Олардың қылмыстарын Қазақстан халқы біліп отыратын болады.

 

Диас Сүлейменов кім?

 


 

Бүгін ел арасында белгісіз, көп жылдардан бері мемлекеттік компанияларда қызмет жасап келген мультимиллионер Диас Сүлейменов (жоғарғы суретте) туралы сөз қозғаймыз. Қазір ол Тимур және Динара Құлыбаевтар әулетінің кәсібіне қызмет көрсетеді. Мемлекетке қызмет жасап жүріп, Диас мультимиллионер болды. Швейцария, Араб Әмірлігі, Испания секілді мемлекеттерде үйлер сатып алып, тіпті ұшақ пен яхталарға иелік еткен.

Біз Диасты жемқорлыққа қарсы тергеу цикліміздің бірінші нысанасы ретінде бекер таңдаған жоқпыз. Сүлейменов – Назарбаев отбасының мүшесі, тіпті алыс туысы да емес. Ол Назарбаевтың күйеу баласы Тимур Құлыбаевтың жақын айналасындағы тұлғалардың бірі ғана. Ол Назарбаев жүйесінің бір тетігі.

Диас Сүлейменов 1972 жылы дүниеге келген. Қазіргі уақытта «Қамқор менеджмент» компаниялар тобының бақылау кеңесінің төрағасы. Диас мемлекеттік компанияларда көп жылдан бері Қазақстан мүддесі үшін жұмыс істеген-мыс. Басым көпшілігі «ҚазМұнайГаз» құрылымдарында. 1996 жылы институтты бітіре салып, 24 жасында ҚР Ұлттық банкісінің шетелдермен қаржы операциялар департаментінің бастығы қызметіне келген. Бәріңіз білесіз, Ұлттық банк еліміздің ең басты қаржы құрылымы. Ол мемлекеттің қаржы-кредиттік саясатына тікелей жауапты. Бүкіл елдің шетелдік операцияларына жауапты бас экономист болып, 24 жастағы жас жігіт тағайындалады. Қызық, иә?!

Институтты бітіріп, еш тәжірибе жинақтамай, бірден еліміздің ең маңызды банкісінің бас экономисі болып шыға келді. Неге сол кезде газеттер бұл туралы жазбады? Неге оны телеарналар көрсетпеді? Жап-жас бола тұра, осындай лауазымға тағайындалу үшін Диаста қандай талант болды? Оның сәттілігінің құпиясы неде? Ол үшін Диас туылмай тұрғанға дейінгі уақытқа артқа шегіну керек.

Мәселе Диастың әкесі Төлеутай Сүлейменовте. Ол Назарбаевтың байырғы әріптесі. Өзінің жұмыс жолын Қарағандыда елбасымен бірге бастаған. Назарбаевтың ізімен жүрген. Назарбаев та өзінің досын партия баспалдағымен артынан сүйреп келген. Назарбаев билікке келген кезде өзінің байырғы досы Төлеутайды Тәуелсіз Қазақстанның ең бірінші сыртқы істер министрі етіп тағайындаған. Кейіннен Қазақстанның АҚШ пен Еуропа елдеріндегі елшілігіне жіберген. Осыдан кейін 24 жастағы жас жігіт қалайша Ұлттық банктің бас экономисі бола қалғаны белгілі болатын шығар. Назарбаевтың отбасылық қамқорлық эстафетасын Тимур Құлыбаев жалғастырып, Диасты өзінің қол астына алды. Диас болса, өзіне қожайын мен қамқоршысын тауып, әкесінің жолын басты.

 

Данияр Абулгазин кім?

 


 

Банктің бас экономисі болып бір жыл жұмыс жасаған соң, Диас «ҚазТрансОйл» компаниясының орындаушы директоры қызметіне барды. «ҚазТрансОйл» – Қазақстанның мұнай өнімдерін шетелге экспорттаумен айналысатын мекеме. Оған еліміздегі барлық мұнай құбырлары тиесілі. Ол кезде аталған мекеме басшысы Нұрлан Қаппаров, ал қаржы жөніндегі орынбасары Тимур Құлыбаев болған. Кейіннен, 2016 жылы, «ҚазТрансОйл»-дың басшылығына Димаш Досанов тағайындалды. Ол Әлия Назарбаеваның үшінші күйеуі.

Институтты бітіріп, бір жылдан кейін қандай жоғарғы лауазымға отырғанын түсінген шығарсыздар. Екі жылдан кейін Құлыбаевтың өзі «Транспорт и нефть Казахстана» ұлттық компаниясының бас директоры болып тағайындалады. Ал Диасты «Мұнай интекс» еншілес компаниясына басшылыққа қояды. 2002 жылы Тимур Құлыбаев «ҚазМұнайГаз» компаниясының бірінші вице-президентіне айналады да, Диасқа өзінің адамы ретінде ірі мұнай-газ жобаларын бақылау-сараптама департаментін басқаруды тапсырады.

«ҚазМұнайГаз» компаниясында Тимур Құлыбаев пен Диас Сүлейменов бірге жұмыс істеп жүрген кездері орындаушы директор болып Данияр Абулгазин қызмет атқарған. Ал Абулгазин – Диастың туған жездесі. Мұнай-газ саласында Данияр Абулгазинді жұрт жақсы біледі. Ол Дзержинский атындағы «КГБ» жоғары мектебінің түлегі. Ол да 2000 жылдан бастап мемлекеттік мұнай-газ саласында жұмыс істейді. «ҚазақОйл» компаниясының вице-президенті болған. Кейіннен «ҚазМұнайГаз»-ға атқарушы директор болып кетеді. Ол да Тимур Құлыбаев секілді мемлекеттің барлық активтерін басқарып отырған «Самұрық-Қазына» мемлекеттік қорында жұмыс істеген. Бұл қызметінде Абулгазин мемлекеттің мұнай-газ, тау-кен активтеріне жауапты болған.

«Самұрық-Қазына» дегеніміз не? Бұл – мемлекетке тиесілі барлық мүлікті басқаратын мемлекеттік холдинг. Бұл дегеніміз – мемлекеттің темір жолдары, барлық электростанциялары, жоғарғы вольтті жүйелері, уран өндірісі, бүкіл мұнай-газ саласы, үш мұнай өңдеу зауыты, бүкіл авиация, «Қазақтелеком», тау-кен өндірісі мекемелері, машина жасау холдингі, Қазақстан пошта операторы және тағы басқалар.

Абулгазиннің мемлекеттің активтерін өте сәтті басқарғанын айта кету керек, әрине, «өзі үшін». 2014 жылдан бастап Данияр Абулгазин Forbes нұсқасы бойынша Қазақстанның ең бай 50 адамының қатарында.

Абулгазин мен Сүлейменовтың отбасы дуэтіне сүйене отырып, Тимур Құлыбаев көп жылдан бері мұнай-газ өнімдерінің экспортына бақылау жасап келеді. Сүлейменов пен Абулгазин Тимурды өзара «акционер» деп атайды.

 

«Rompetrol» аферасы

 

«Акционердің» көмегімен Сүлейменов мемлекеттік «ҚазМұнайГаз» сауда үйінің директоры лауазымына тағайындалады. Бұл мекеме Қазақстанның бүкіл мұнай-газ өнімдерін ішкі және сыртқы нарықта сатумен айналысады. Сондықтан осы компанияда Құлыбаев үшін өзінің адамы болу қажет болды. Ол экспорт ағымдарын Құлыбаевқа тиесілі делдал компаниялар арқылы тасымалдады. «ҚазМұнайГаз» сауда үйі – «ҚазМұнайГаз» компаниясының еншілес мекемесі. Компанияның активіне Атырау, Павлодар, Шымкент мұнай өңдеу зауыттары мен басқа да стратегиялық нысандар кіреді. «ҚазМұнайГаз» сауда үйі «ҚазМұнайГаз» компаниясынан мұнайды төмен бағамен сатып алып, сол мұнай өнімдерін Құлыбаевтың делдал компаниялары арқылы нарықтық бағамен сатып келеді. Мемлекеттік компанияның барлық табысы Құлыбаев пен оның командасының қалталарына кетіп отырады.

2006 жылы Диас осы «ҚазМұнайГаз» сауда үйінің Голландиядағы филиалының директоры болды. Бұл – «ҚазМұнайГаз» компаниясының 100 пайыз еншілес компаниясы. Бұл Голландияда құрылған мемлекеттік мекеме. Оның құзырына Қазақстан мұнайының шетелдік сату жүйесі кіреді. Сондай-ақ бұл компания шетелден активтерді сатып алу үшін пайдаланылады. Қарапайым тілмен айтқанда, бұл компания Қазақстаннан шетелге ақша шығару жүйесі ретінде құрылған. Осы компанияның көмегімен Тимур Құлыбаев өзінің ең басты қара тірліктерін жүзеге асырып, Румынияның «Rompetrol» компаниясын сатып алды.

2007 жылы Диас басқарып отырған компания «Rompetrol Group» компаниясының 75 пайызын иемденді. Бұл не группа дейсіз ғой. Бұл ХХ ғасырдың 40-жылдары салынған екі ескі мұнай өңдеу зауыты мен шағын сату желісі. 2009 жылы қалған 25 пайыз сатып алынады. Бұл мәміленің құны бірнеше есе үлкейтіліп, 1 миллиардтан астам ақша Назарбаевтың күйеу баласы Тимур Құлыбаев және оның командасымен ұрланды. Кейіннен «ҚазМұнайГаз» осы компанияның ескі зауыттарын қайта жаңарту үшін жүздеген миллион доллар ақша құйды.

Ал дәл сол уақытта Қазақстанның 80-жылдары салынған әлдеқайда жаңа зауыттарына қаржы тапшылығына байланысты модернизация жүргізілмеді. Бір қызығы – біздің зауыттар румын зауыттарына қарағанда, әлдеқайда заманауи. Ал мемлекет болса, өзінің емес, румынның ескі зауыттарына ақша құйды. Ал қазір Қазақстан бензинді Ресейден тасып, әлек болып отыр.

Нәтижесінде «Rompetrol»-ға 5 млрд доллар ақша құйылды. Бұл ақшаға үш жаңа заманауи мұнай өңдеу зауытын салуға болар еді. Жақында «ҚазМұнайГаз» басшылығы «Rompetrol» компаниясының 51 пайызы қытайларға 680 млн долларға сатылатынын мәлімдеді. Бұл жобаға мемлекеттің 5 млрд доллар қаржысы жұмсалып, компанияның 51 пайызын 680 млн долларға сату біреулер үшін өте қызық, әрі тиімді бизнес болып тұр. Бірақ Қазақстан мен оның халқы үшін емес.

2009 жылы мемлекеттік қызметтегі Диас Сүлейменов мемлекеттік компанияларда 13 жыл «мінсіз» жұмыс жасап, жеке бизнеске кетеді. 2009 жылы ол «Петролеум Оперейтинг» компаниясының бас директоры болады.

 

Мемлекеттік қызметтегі бизнес

 

2010 жылдың басында Диас мемлекеттік қызметті қатты сағынған болуы керек, қайтадан мемлекеттік секторға оралады. Біздің елде жас мамандар бір жұмыс таба алмай жүргенде, Диасқа бірден екі лауазымды ұсынады. Атап айтқанда, «Ремонтная корпорация «Қамқор» мемлекеттік компаниясының бас директоры мен «Қамқор менеджмент» мекемесінің бас директоры лауазымдары ұсынылды.«Қамқор менеджмент» туралы айтатын болсақ, ол Қазақстанның маңызды, көп салалы алпауыт холдингі. Бұл компания Қазақстанның көптеген кәсіпорындарын біріктіреді. Онда он мыңнан астам адам қызмет жасайды.

Диас мемлекеттік қызметтен бір жыл ғана тыс қалса да, ол өзіне тиесілі меншік, ақша мен банк есепшоттары жөніндегі мәліметтерді жария етуі керек еді. Әрине, мемлекеттік қызметте 13 жыл «мінсіз» жұмыс істеген адам үшін не қиындық дерсіз? Диас салық органдарынан де ешнәрсе жасырмас деп ойларсыз. Алайда жағдай мүлде басқаша.

Мемлекеттік қызметке қайта оралуды ойластырып жүргенде, Диас өзі үшін өте маңызды шешім қабылдап, ұшақ сатып алады. Әншейін ұшақ, «Gulfstream». Осы жөнінде Диас Батыс банктеріне толтырған анкетасында ұшақ туралы ақпаратта «жеке пайдалану үшін» деп көрсеткен. Осы анкетаны мұқият зерттеуге кеңес беремін. Диас Сүлейменов 1979 жылы ҚазССР Теміртау қаласында дүниеге келгенін көреміз. Ол Gulfstream G-200 ұшағы банкирлер үшін жеке мақсатта пайдаланылады деп көрсеткен. Жоғарыда айтып өткенімдей, Диас Ұлттық банкке 24 жасында келген. Оған дейін студент болған. Бірақ мұнай-газ секторындағы мемлекеттік қызметтегі 13 жылдан кейін, 38 жастағы Диас Сүлейменов өзінің қаржы жағдайын 120 млн АҚШ доллары көлемінде бағалаған. Оның меншігінде акциялар, тұрғын және коммерциялық жылжымайтын мүлік бар. Ақша қайдан?

Ақша өзінің компанияларынан түскен деп түсіндіреді. Бұған қоса, негізгі жұмысынан жалақы мен бонус аламын деп көрсеткен. Ешқандай қарызы мен жоспарланбаған шығынсыз, 120 млн доллар қаржым бар деп, өзінің банкирлеріне түсіндірген. Бұл үзіліссіз мемлекеттік қызметтің 13 жылғы нәтижесі. Әрине, Диас өзінің активтерінің пайда болу көзін жасырып қалған. Ол «Петролеум Оперейтинг» компаниясының және «Қамқор менеджмент» компанияларының бас директоры лауазымдарын бірге алып жүрді. «Қамқор менеджмент» компаниясының 50 пайызы ғана мемлекетке тиесілі болғандықтан, Диас өзінің мүлігі мен қаржылары туралы мәліметтерді жасырып қалды. Біздегі құжаттар бойынша, Диас «Ремонтная корпорация «Қамқор» компаниясының басшылығына өзінің адамын қойған.

 

Бензиннің бағасы – Тимурдың табысы

 

2009 жылы Диас «Петролеум Оперейтинг» компаниясының басшылығына келеді. Бұл – Диас жұмыс жасаған бірінші жеке мекеме. Диас өзінің жездесі Данияр Абулгазин секілді осы компанияның миноритарлы мүшесі. Ал осы компанияның басты мүшесі – әрине, Тимур Құлыбаев. Аталған компанияның сәттілігінің құпиясы осында жатыр.

«Петролеум Оперейтинг» мұнай компаниясы болғанымен, мұнай өндірмейді, оның мұнай кендері жоқ. Бұл тек делдал компания ғана. Өндірушілерден мұнайды төмен бағамен сатып алып, мұнай өңдеу зауыттарына жөнелтеді. Бензин мен басқа да жағармай түрлерін сатып алып, оны қайта сатады. Қазақстанның мұнай өндіру нарығы толықтай Құлыбаевтың монополиясында. Ол Назарбаевпен серіктестік негізде жұмыс жасайды. Сол үшін олар өз құрылымдарын пайдаланып, өндіруші компанияларға мұнайдың нарықтық бағасын ұсынбайды. Бірде-бір жеке компания Құлыбаевты айналып өтіп жұмыс жасағысы келсе, бірден лицензиясынан айырылады. Сондықтан Тимур мен оның командасы жағармайдың бағасын көтеріп ұстап тұр және содан өте зор көлемде пайда тауып отыр.

Бұл нені білдіреді? Бір ғана мысал келтірейін. 2013 жылы Ресей компаниялары Қазақстанға арзан жағармай сата бастады. Бензиннің бағасы құлап, ел үшін тиімді болар еді. Алайда Назарбаевтың тапсырмасымен сол кездегі премьер-министр Серік Ахметов Ресейден тасымалданатын мұнай өнімдеріне шегерім қоятын үкімге қол қойды.

Үкімге сәйкес, Ресейдің мұнай өнімдерін тасымалдауға тек үш компанияға ғана рұқсат берілді. Олар «ҚазМұнайГаз өнімдері» мемлекеттік компаниясы мен екі жеке – «Петролеум Оперейтинг» және «Петро сан» компаниялары. Кейінгі екі компания Қазақстанда белгісіз болғанымен, мемлекеттік компания секілді Ресей жағармайын тасымалдауға мүмкіндік алды. Ашық мәліметтерге сәйкес, «Петро сан» компаниясының екі меншік иесі бар. Біреуі Қытай мемлекетінің мұнай-газ компаниясы болса, екіншісі – Диас Сүлейменовтың әпкесі, Данияр Абулгазиннің жұбайы – Айдана Сүлейменова. Осылайша, Қазақстандағы бензин мен өзге жағармайдың бағасы жасанды түрде қымбаттап отыр. Осы жолмен мұнай өнімдері нарығында бәсекелестік жойылып, монополия құрылған. Соның арқасында Құлыбаев, Сүлейменов және Абулгазин сияқтылар қомақты табыс тауып отыр. Осының бәрі тек жоғарыдан, Нұрсұлтан Назарбаевтың рұқсатымен істелініп жатқан тірліктер.

 

Алина Диаз кім?

 

Ал енді Диас самолет сатып алар кездегі толтырған анкетаға қайта оралайық. Мүмкін, 120 млн доллар Диастың отбасының мүшелерінің тапқан ақшасы шығар? Біздің мемлекеттік қызметкерлердің балалары мен әйелдерінің «өте талантты» екенін бәріміз жақсы білеміз. Бірақ Диастың балалары 120 млн доллар таба алатын жасқа жетпеген. Әйелінің аты – Алина Александровна Сүлейменова (Емельянова). 1976 жылы Ресейдің Норильск қаласында дүниеге келген. Норильскіде туылғанына қарамастан, Қазақстан азаматтығы бар. Алина Алматы мен Астана қалаларының таңдаулы тұрғындары үшін аса қымбат үй жабдықтарын сататын «Dialin» қазақстандық компаниясының иесі. Диас пен Алинаның үш баласы бар. Нұрсұлтан, Тимур және София.

Қазақстандағы Диастың әйелі Алина Сүлейменова – Қазақстан азаматшасы болса, Қазақстаннан тыс жерде Диастың әйелі болып Ресей азаматшасы Алина Александровна Диаз көрсетілген. Дәл осы Алина Диаз Швейцарияда тұрады. Мекендеу рұқсаты да бар. Әрине, оны ұқсас адам, мүлде басқа Диаз деп те қарастыруға болады. Сондықтан бұл тек бір адам екеніне көз жеткізу үшін, біз салық декларациясын қарап өттік. Алина, Алена Диаз Сүлейменова оны Швейцарияда толтырған. Өйткені сол жерде тұрып, мүлікке салық төлейді. 2012 жылдың өзінде ғана Диаз ханым 25 млн астам швейцария франкіне декларация толтырған. Бұл 25 млн АҚШ долларына шамалас қаржы.

Әрине, Алина Сүлейменова мен Алина Диаз – бір тұлға екені түсінікті. Мен қазір Қазақстанның екі азаматтық алуға тыйым салатын заңдарының бұзылғаны туралы айтқым да келмейді.

Бір адамның екі заңды тұлға ретінде тіркелгеніне де уақыт бөлмейік. Мен көтергім келіп отырған мәселе басқа. Бұл Қазақстан азаматы Диас Сүлейменов пен оның әйеліне не үшін керек? Оларды Қазақстан билігі қудалап отыр ма, жоқ әлде біреуден тығылып жүр ме? Менің ойымша, біздің жүргізген тергеуімізді көргеннен кейін, бұл сұраққа өздеріңіз де жауап бере аласыз.

 

Ұшақ пен яхта

 

Диастың өзінің ұшағы болмағанға дейін, ол ұшақтарды жалға алуға мәжбүр болған екен. Мысалы, көктемгі каникул кезінде Лондоннан ұшақ жалдау үшін Диас 220 мың евро төлеген. Бұл ұшақ 14 орындық. Көп жағдайда бұндай ұшақтарды миллиардерлер пайдаланады. Сондықтан ақшаны жалға оңды-солды шашпау үшін, Диас өзіне «Gulfstream» ұшағын сатып алған болуы керек. Бұл ұшақтың орташа бағасы – 25 млн АҚШ доллары. Қазақстанның тәжірибесі бойынша, егер адам мемлекет қамы үшін күні-түні жұмыс жасап, жеке ұшақ туралы армандайтын болса, онда оның яхтасы да бар деген сөз.

Әрине, Диастың да яхтасы бар және бір ғана яхта емес. Диасқа тиесілі яхталарының бірінің атауы – «Джасфан». Ол да өзге мүлігі сияқты Диастың әйелінің атына тіркелген. Осы ағылшын туының астында жүзетін кішігірім яхтаны ұстау үшін, жылына 300 мың евро жұмсалады. «Тәбет – ас ішкенде келеді» демекші, «Джасфан» яхтасы Диастың көңілінен шықпаған болу керек, сондықтан Диас басқа, одан үлкенірек SSL-100 яхтасын сатып алады. Оның құны – 10 млн евро.

Әрине, кім көп жұмыс жасаса, сол жақсы демалады ғой. Сондықтан Диас демалу мәселесіне келгенде, Назарбаевтар отбасы мүшелерінен кем түскісі келмейтіні түсінікті. Мысалы, Диас өзінің баласының туған күнін атап өту үшін Швейцарияның тау курорттарының бірінде мерекелік кеш өткізген. Оны шетелдің атаулы агентстволарының бірі ұйымдастырған. Шақырылған қонақтардың алдында Американың «Николодеон» балалар телеарнасының жүргізушісі өнер көрсеткен. Баласының туған күніне Диас 490 мың швейцария франкін жұмсаған, бұл – жарты миллион АҚШ доллары. Осындай кештерді Диас үнемі ұйымдастырып отырады. Тек шақырылатын жұлдыздар ғана балалардың талғамына қарай ауысып отырады. Мысалы, Диастың ұлы Тимурдың туған күніне белгілі америкалық рэппер Эйкон шақырылған.

 

Диастың миллиондық үйлері

 

Диастың жұбайы Диаз ханым Швейцарияның резиденті болып табылады. Сондықтан олардың отбасы Швейцарияда тұрақтағаны да түсінікті шығар. Диас пен Алина Женева маңайында құны 27 млн франк болатын жер телімін сатып алған. Бұл 28 млн АҚШ долларына тең ақша. Неге бұлай қымбат дейсіз ғой. Өйткені Диас үйін салу үшін, Женеваның ең жақсы жерін таңдаған.

Енді біздің мемлекеттік қызметкердің көршілерінің кім екеніне назар аударайық. Бірінші көрші үй – 48 млн франк тұратын Катар королі отбасының үйі. Сол жағында Путиннің досы Геннадий Тимченконың 18 млн доллар тұратын үйі орналасқан. Ал Диастың салған үйіне 12,6 млн франк ақша жұмсалған. Бұл шамамен 13 млн АҚШ долларын құрайды. Диастың тағы бір көршісі – Сауд Аравия ханшайымы Ләтифаның үйі. Оны ханшайым 25,5 млн франкқа сатып алған. Ары қарай қарайтын болсақ, Ресей миллиардері Дмитрий Рыболевтің үйін байқаймыз.

Диас жаңа үйін 13 млн долларға салдырды. Үйдің қауіпсіздік жүйесіне қосымша 585 мың франк жұмсалған. Ол 600 мың АҚШ долларынан асады. Үй, әрине, тамаша салынған. Ішінде үй кинотеатры, бассейн, спортзалы да бар. Бұл үйдің ішкі жиһазына ең кемі 5 млн АҚШ доллары жұмсалған. Осы үйдің иесі ел тани бермейтін, жай мемлекеттік қызметкер десек болады. Бұл Диастың Швейцариядағы жалғыз шығыны емес.

Швейцарияның шынайы тұрғындары ретінде Сүлейменовтер жұбы тау шаңғысын қатты жақсы көреді. 2009 жылы көпмерзімдік құқық негізінде бес жұлдызды отельдің апартаментін 372 мың франкке жалға алады. Бірақ бұл жалға алу шарты Диасқа ұнамаған болу керек, сондықтан 2013 жылы отбасының қысқы демалысына арналған, құны 5 млн 760 мың франк тұратын қысқы үй сатып алады. Бұл дегеніміз 6 млн АҚШ долларын құрайды. Бұл қысқы үйдің ғана құны болса, сол үй тұрған жердің құны 8 млн 640 мың франкті құраған. Бұл шамамен 9 млн АҚШ доллары. Швейцарияның заңына сәйкес, қысқы үй мен жер телімін бір адамның атына тіркеуге болмайды. Сондықтан бұл мүлік екі адамға, Алина мен оның әкесінің атына тіркелген. Бұл 2013 жылы болған жағдай. Осы мүліктің рәсімделуіне Диас 2 млн 900 мың франк жұмсаған. Алинаның әкесі бірден қызына өсиет хат жазып қойған. Ол өсиет хатта қысқы үйдің жер телімінен бөлек, Берн қаласындағы пәтерлер көрсетілген. Жақсы үй – жақсы қауіпсіздікті талап етеді. Ол үшін Сүлейменовтер жұбы жарты миллион евро жұмсаған.

Әрине, Қазақстанда мемлекеттік қызметте 13 жыл жұмыс жасаған адамның отбасы жатақханада тұрмайтыны сөзсіз. Диастың өзінің есебі бойынша, оның Қазақстандағы жылжымайтын мүлкінің құны 8 млн долларды құрайды екен. Алматыдағы вилласының құны 4 млн доллар болса, пәтері 2 млн, ал Шымбұлақтағы вилласы 200 мың доллар. Астана қаласындағы гольф алаңындағы вилласы 800 мың долларды құрайды.

Көпшілік қазақстандықтар секілді Диас та Дубайды жақсы көреді. Сондықтан Диастың онда да пәтері бар. Диас отбасымен Дубайда көп уақытын өткізбесе де, сол пәтерді ұстау үшін жылына 130 мың доллар жұмсалады. Жаз кезінде Диас Испанияда демалғанды қалайды. Оның Испанияның ең әдемі жері – Каталонияда да үйі бар.

Біз қазір мемлекеттік қызметте 13 жыл қызмет жасаған мемлекеттік менеджер Диас Сүлейменовтің өмірінен тек бірнеше ғана мысал келтіріп отырмыз.

 

Швейцариядағы шалқыған өмір

 

2010 жылы Диас өзінің капиталын 120 млн долларға теңеген. Егер Диастың автокөліктерге, демалысқа, саяхаттарына, яхталарға кеткен ақшаларын ескерер болсақ, оның қаржысы тез азаюы керек еді. Алайда төрт жыл ғана өте, 2014 жылы, Диас өзінің капиталының екі есе өскенін көрсетті. Оның қаржысы 120 млн доллардан 282,5 млн долларға көбейген.

Бұл қалай болуы мүмкін деп сұрайтын шығарсыз? Қазақстанда бәрі де мүмкін. Жас жігіт институтты бітіре салып Ұлттық банкке жұмысқа тұрады, кейіннен мемлекеттік компанияларға ауысып, 13 жылдан кейін қаржы жағдайын 120 млн долларға жеткізіп, әлемді саяхаттап, яхталар мен ұшақтар, пәтер мен үйлер сатып алып, 4 жыл өте өзінің қаржысын екі есе ұлғайта алады. Бұның құпиясы неде?

Енді кезінде Диас басқарған компанияға оралайық. Атауы – «ҚазМұнайГаз – Голландия» сауда үйі. Бұл мемлекеттік компанияның «ҚазМұнайГазЭй-Джи» атты «дочерлік» мекемесі бар. Ол Швейцарияда тіркелген. Кеңсесі – әдемі Лугана қаласында орналасқан. Түсінікті болу үшін, оны «ҚазМұнайГаз – Лугана» деп атайық. Бұл мекеменің құрылуының негізгі ресми мақсаты – мұнай өнімдерін шетел нарығына шығару болып табылады. Қазақстанның мұнай ағындары осы компания арқылы өтеді. Осы тыныш Швейцарияда Тимур мен оның командасы қазақстандық мұнайдың арқасында миллиардтаған ақша тауып жатыр.

 

Бірақ осы «ҚазМұнайГаз – Лугана» компаниясының ресми емес тағы бір рөлі бар. Ол – Тимурдың отбасына қызмет көрсету. Ондай қызмет Диас пен Алинаның отбасына да көрсетіледі. Динара Құлыбаева да, Алина Сүлейменова-Диаз да Швейцарияның резиденттері болып табылады. Сондықтан оларға «ҚазМұнайГаз – Лугана» қызметкерлерінің қамқорлығы аса қажет. Диастың ұлының туған күнін Швейцарияның таулы курорттарының бірінде жасағаны есіңізде ғой. Демек, жарты миллион доллар кеткен туған күнге байланысты айтып өтейін дегенім, осы кешті ұйымдастырған мемлекеттік компания «ҚазМұнайГаз – Лугана» болған. Осы компанияның қызметкері Елена Максия мерейтой кешін ұйымдастырумен тікелей айналысып, бастығы Тимур Азимовтың алдында есеп беріп отырған. Елена Максияның ұлты итальяндық болса да, компанияны қазақша басқару оны таңқалдырмайтын болу керек. Қазір Тимур Азимов пен Елена Максия «Rompetrol»-да жұмыс жасайды. Тимур Азимов осы кешке қатысты келіп түскен мәліметтерді Диас Сүлейменовке жіберіп отырған. Ал Диас болса, «ҚазМұнайГаз – Лугана»-да жұмыс істемесе де, осы компанияның атынан кешті ұйымдастырушылармен келісім-шарт жасаған. Бірақ бұл жайттарға кім көңіл бөлер дейсің.

 

Тимурдың отбасы – мемлекет қамқорлығында ма?

 

Динара Құлыбаева да осы мемлекеттік компанияны өз қажетіне талай пайдаланған. Мысалы, ол Швейцариядағы «Вилет интернешнл» компаниясының кеңсесінің есептерін тікелей Елена Максияға жіберіп отырады. 600 мың доллардан сәл кем, ал екіншісі 600 мың доллардан асатын шығын Динара Құлыбаева атына тиесілі.

«Вилет интернешнл» – швейцариялық компания. 2013 жылы швейцариялық газеттердің хабарлауынша, Динара Құлыбаева «Вилет интернешнл» компаниясын, Швейцарияның мекен-жай рұқсатын беретін ықтиярын алу үшін шымылдық ретінде пайдаланған. Сол рұқсатты алғаннан кейін, аталған компания жабылған. Алайда «Вилет интернешнл» компаниясының төлем ақылары «ҚазМұнайГаз – Лугана» компаниясына жолданып отырылған.

«Виллет групп» компаниясын Қазақстанда көп біле бермейді. Бұл компания Қазақстанда зергерлік әшекейлер мен өзге аса қымбат бұйымдар сатумен айналысады. «Виллет групп»-қа үш акционер иелік етеді. Олар – Айдана Сүлейменова, Алина Диаз және голландиялық «Asset Estate Investments B.V.» компаниямсы. Бірақ оның есеп-ақшаларын «ҚазМұнайГаз – Лугана» төлейді.

«Asset Estate Investments B.V.» компаниясының артында кім тұр? Бұл сұрақтың жауабын ашық дереккөздерден табуға болады. Ол – Тимур Құлыбаев. Диас «ҚазМұнайГаз – Лугана» компаниясында жұмыс істеген емес. Оны Тимур Азимов басқарған. Азимов 2006 жылдан бастап жұмыс жасап, 2013 жылы «Rompetrol»-ға ауысты. Соған қарамастан, Тимур Азимовке «ҚазМұнайГаз – Лугана» кімге, қанша ақша аудару керектігі туралы бұйрықтарды Диас Сүлейменов беріп тұрған. Қарапайым мысал ретінде мына хатты көріңіздер:

 

• «Диас, қайырлы күн. Карта бойынша тұрақты шығындар кетіп жатыр. Үй шығындары, мысалы, Денизаға арналған ойын алаңы сатып алынды. Алтайдың (Тимурдың ұлы – Ред.) үйіне арналған аудио-видео техника. Алисияның бөлмесінің жабдығы. Көлік қызметі. Соңғы инвойстар 67 мыңға шықты. Бала күтуші, аспазшы, заңгерлер қызметі және т.б. Тимур Азимовке шығындарға 200-– 300 мың ақша аударуға бұйрық берші деп сұрайын деп едім», – деп жазған.

 

Бұған қоса Алисияның қырқынан шыққанын атап өтуге дайындала бастағанын көруге болады. Алдын ала есеп бойынша, оған 350 мыңдай франк қажет болған.

«Сені жақын арада мазаламас үшін, 600– 650 мың болса, тамаша болар еді. Рахмет. Құрметпен Адик» деп жазылған. Адик деп отырғанымыз – Әділ Ескендіров. Тимур мен Динара Құлыбаевтарға тиесілі «Алмекс» компаниясының өкілі. Оған дейін Әділ Ескендіров «ҚазМұнайГаз» сауда үйінің бөлімін басқарған. Адик ресми түрде «SkyBridge Invest» компаниясының 91 пайызының иегері. Сонда Адик Диастан – мемлекеттік «ҚазМұнайГаз – Лугана» компаниясының директорына, Тимур мен Динараның отбасының шығындарына 600–650 мың доллар бөлуге бұйрық беруін сұрап отыр. Сонда Құлыбаевтардың қызының қырқынан шығуы мемлекеттік шығын болғаны ма?

Жаңаөзен мұнайшылары адам өміріне лайықты ақша ала алмай отыр. Өйткені мемлекеттік компаниялар Назарбаевтың немерелерінің бала күтушісі, аспазшылары, жүргізушілері үшін ақша төлеуге мәжбүр болуда. Бұл Құлыбаев пен Сүлейменовтың мемлекеттік компанияны өз мүдделері үшін пайдаланып отырғандығының үш мысалы ғана.

Біздің айтарымыз әлі көп. Сондықтан «ҚазМұнайГаз – Лугана» компаниясына көп тоқтала бермейік. Айтпақшы, қазір «ҚазМұнайГаз – Лугана» компаниясы жабылу үстінде. Осылайша, Тимур мен оның командасы ақша жымқыру оқиғаларын жасыру үшін жасаған тірліктерінің артын жуып-шаюдың әрекеттерін жасап жатыр.

 

«Қамқор» – кімге қамқор?

 

Енді біз сіздерге мемлекеттің маңызды активтерін қалай жымқырғаны туралы айтып береміз. 2010 жылдың қарашасынан бастап Диас көп салалы «Қамқор менеджмент» холдингін басқарып келеді. Онда, айтып өткеніміздей, бас директор және бақылау кеңесінің төрағасы қызметін атқарып келген.

«Қамқор менеджмент» холдингі дегеніміз не? Бұл компания құрамына Қазақстан аумағындағы оннан астам ірі мекемелер кіреді. 10 мыңнан астам адам жұмыс жасайды. Бұл ерекше компания. Өзі жұмыс жасап отырған барлық салада не монополист немесе нарықтың 50 пайыздан астам бөлігіне бақылау жасап отыр. Бұл жәй компания емес. Оның құрамындағы кәсіпорындар республика мақтанышы. Мүмкін, естеріңізде шығар, 2008 жылы Қазақстан үкіметі «Самұрық-Қазына» мемлекеттік қорын құрып, оның меншігіне ұлттық темір жолды (ҚТЖ) берді. Сол кездері Тимур Құлыбаев «Самұрық-Қазына» қорының басшысының орынбасары болған. Аз уақыт өте ҚТЖ-ның тағы бір ортақ иелік етушісі пайда болады. Ол – ағылшынның «Harad Operation UK Limited» компаниясы. Бұл компания «Қамқор групп» компаниясының 50 пайызының иесі атанды. Бұл – стратегиялық маңызы зор, активтері миллиардтаған долларды құрайтын мемлекеттік компания.

«Harad Operation UK Limited» Англияда тіркелген. Бұл қандай компания екенін түсіну үшін, Англияның заңды тұлғалар реестріне жүгіндік. Бұл компания 2007 жылы құрылған екен. Біз осы компанияның тарихын шолып, қаржы есептерін зерттедік. Оның ешқандай қызметі болмаған болып шықты. Құрылғаннан бері оның активтері 3 мың фунттан да аз болған. Осы түкке тұрмайтын компания үлкен мемлекеттік компанияның 50 пайызын иемденді. Бұл қалай болды сонда? Оның жауабын біз компанияның есептерінен таптық. Бұл компанияның негізгі акционері – Бергин аралдарында тіркелген «Harad Operation» компаниясы болған. Ал Harad-тың негізгі иегері қазақстандық «Кипрос» ЖШС болған. Ал осы серіктестіктің қожайыны – бәріміз білетіндей, Назарбаевтың күйеу баласы Тимур Құлыбаев. Енді «Қамқор группа» компаниясында Диас Сүлейменовтың қалай пайда болғаны және оның басшылыққа қалай келгені бәріңізге түсінікті болған шығар.

Айтпақшы, осы Harad-қа қатысты тергеу жүргізген уақытта оны жедел түрде ликвидацияға жіберген. Соған қарағанда, «тимуршылар» бар амалды пайдаланып, іздерін тазалап жатқан болу керек.

Диас «Қамқор группасында» не істеді? Ол оны жекешелендіруге дайындады. Құлыбаев оны мемлекетпен бөліскісі келмей, оны толық иемденгісі келді. Сол уақытта көмекке Тимурдың жиені Әлібек Құлыбаев келді. Ол Тимурдың үлкен ағасы Талғат Құлыбаевтың баласы. Осы 24 жастағы Әлібекке бүкіл «Қамқор менеджмент» компаниясының активтерін басқару тапсырылады. Неге болмасқа? Кезінде Диас та 24 жасында Ұлттық банктің бас экономисі бола білді ғой. Құлыбаевтардың ақылы Сүлейменовтерден аз емес қой.

 

Цхайға 55 миллион құқай ма?

 

2014 жылдан бастап, Назарбаевтың ұйғарымымен мемлекеттік меншікке жекешелендіру жүргізіле бастады. 2015 жылы «Қамқор менеджмент» компаниясының мемлекеттік үлесі жекешелендіруге ұшырады. Ол үшін Яков Цхай есімді тұлға 19,3 милрд теңге төлеген. Бұл 55 млн доллардан сәл көбірек. Бұл ақша мемлекеттің 9 компаниядағы үлесі үшін төленді. Олар: «Теміржол-энерго», «Қамқор-локомотив», «Қазақстан вагон жасау компаниясы», «Темір жол жөндеу», «Локомотив-2030», «Қамқор-менеджмент», «Қамқор-вагон», «Қамқор-жылу», «Алматы қаласының транспорт холдингі».

«Қамқор групп» компаниясы үшін төленген 55 млн доллар дегеніміз не? Бұл 90-жылдары Назарбаев жүргізген жекешелендірумен салыстыруға болатын барып тұрған ұрлық. «Қамқор групп» компаниясы миллиардтаған долларға бағаланады. Жәй ғана мысал: «Теміржол-энерго» компаниясын алайық. Бұл Қазақстан аумағы бойынша теміржолға электр тасымалдаушысы. Мыңдаған километр электр жүйесін елестетіңізші. Подстанциялар, ғимараттар, қоймалар, техника, жөндеу орындары. Тек қана электр жүйелерін салу және олар тұрған жерлерді рәсімдеуге бірнеше миллиард доллар қажет. Бұл «Теміржол-энерго»-ның тек бір бөлшегі ғана. Осы жерде Яков Цхай пайда болып, бүкіл ғажап компанияларды 55 млн долларға сатып алады.

Яков Цхайдың кім екенін білесіздер ме?

Бұл алпауыт кәсіпкер. Бірақ Forbes сияқты ықпалды басылымның өзінде Яков Цхайдың суреті жоқ. Ильф пен Петровтың заманынан бастап Цхай сияқтыларды зиц-төраға деп атаған. Цхай – әншейін шымылдық. Оның артында шын қожайыны Тимур Құлыбаев тұр. Цхай мен Құлыбаевтың тарихы бұрыннан басталады. Цхай Құлыбаевтың көптеген жобаларына араласқан. Ол Қазақстанның өтірік меншік иелерінің сыйлы құрамына кіреді. Олардың қатарында Айгүл Нуриева, Кеңес Рақышев есімді тұлғалар бар. Яков Цхай – бұрынғы дене шынықтыру пәнінің мұғалімі, қазіргі сенатор Юрий Цхайдың туған бауыры.

Компанияның шын қожайыны кім екенін тексеруге болатын оңай тәсіл бар. Ол үшін компанияның менеджментіне назар аудару керек. Мысалы, Диас Сүлейменов жекешелендіруге дейін бас директор болды. Жекешелендіруден кейін жаңа акционер келгенімен де, бұрынғы лауазымында қалды. Бұл – Құлыбаевтың «Қамқор» компаниясына жүргізген басшылығында еш өзгеріс болмағанын көрсетеді.

Егер Диас мемлекет тарапынан «Құрмет», «Парасат» ордендерін және «Құрметті теміржолшы» белгісін алса, Тимурдан әлдеқайда көп нәрсе алды. Диас осының бәріне өзінің еңбегі сіңді деп ойлайтын шығар. Иә, ол көп жұмыс жасайды, ол Тимурға Қазақстаннан ақша шығаруға көмектесіп жүр. Бұған қоса Құлыбаевтар әулетінің жеке қазынашысы болып жұмыс жасайды. Мұндай сенім екінің біріне беріле бермейді.

 

Кристина Агилера неге ренжіді?

 

Әділ Ескендіров Диасқа қосымша бюджет жолдап отыр. Бұл Құлыбаевтар отбасының Испаниядағы Лорд де-мар вилласындағы демалысының бюджеті. Қазақстандықтар отбасылық демалыстың мұндай бюджетін өмірінде көрмеген шығар. Диасқа ақша мәселесін ұйымдастыру керек. Диас үшін бұл үйреншікті нәрсе. Осыдан бір жыл бұрын ол Динара Құлыбаеваның Испаниядағы туған күнін ұйымдастыруға жауапты болған. Ол үшін арнайы дискотека салынған болатын. Шығынның жалпы соммасы 3,5 миллион евроны құраған. Кеш тек 30 адам үшін ұйымдастырылған. Вилланың жерін дайындау үшін 3,5 миллион доллар жұмсалған. Дискотеканың сахнасын америкалық жұлдыз Кристина Агилера үшін арнайы салдырған. Америка жұлдызының гонорары 1,5 млн доллар болған.

Динара өзінің туған күнінің жоспарына белсене араласты. Кешті ұйымдастырушылар өз қызметін 1,2 млн евроға бағалаған. Әрине, бұл шараны нағыз кәсіби мамандар ұйымдастырған болатын. Бірақ кешті ұйымдастыру барысында бір келеңсіз жайт орын алған. Сахна Кристина Агилера үшін тым төмен болып қалған екен. Кристинаның продюсері наразылық танытып, әншінің талаптары туралы алдын ала ескерткені жөнінде айтқан еді, Құлыбаев тарапының ұйымдастырушысы оны «өз орнына» қоя білген.

 

• Диастың жазған хатынан: «Бұл сахна туған күн иесіне арнайы салынады. Оның биіктігі 16 дюйм. Өйткені би алаңы видеоэкранмен, дивандармен жабдықталады. Бұл кеш небәрі 30 адам үшін жасалып отыр. Қауіпсіздік шаралары екенін түсінемін, бірақ біз арнайы жағдайдамыз. Ультра-вип қонақтар үшін. Сіздер үшін әлемнің ұлы адамдарының алдында өнер көрсету үлкен мәртебе болу керек».

 

Бұл жағдайда не айтуға болады? Назарбаев пен Құлыбаевтың адамға деген осындай қатынасын әрбір қазақстандық баяғыда сезінген. Біз үшін оларға қызмет көрсету үлкен мәртебе болу керек. Диас Сүлейменов, Назарбаевтық Қазақстанда өзі үшін ең жақсы жағдай жасалатынын жақсы біледі. Қазақстан халқын әрі қарай тонайтынын да жақсы біледі. Өзінің активтерін жария етпеуге болатынын да біледі.

Иә, ол төлеуге тиіс салықтарын төлемейді. Өйткені Диас олардың отбасына қызмет жасап, ұрланған ақшаны айтқан жерлеріне жасырып отырады. Мысалы, «Бірінші Президент қорына». Сонда оның сенімді қамқоршылары да болатыны түсінікті.

Жемқорлыққа қарсы тергеулеріміздің бастамасы болған «ҚазМұнайДиаз» мәселесін аяқтай келе, бұл жерде біз бүкіл шындықтың оннан бір бөлігін ғана көрсете алғанымызды айтқым келіп тұр. Әр нәрсе өз уақытымен демекші, біз Назарбаевтың өзге де «өнімдері» туралы айтатын боламыз. Олардың Қазақстанның болашағына балта шауып, елді тонап, өздерінің қыруар қаржыларын қалай жасағанын және Назарбаев құрған жемқорлық жүйесі туралы ашып айтамыз. Біздің тергеулеріміздің әр кейіпкері туралы толық мәліметтер бар. Бұл мәліметтер көп мемлекеттің құқық қорғау органдарына қызық болары сөзсіз. Болашақта осы мәліметтер еркін Қазақстанның құқық қорғау органдарына да қызық болар деген үмітіміз бар!

 

Фильмнің мәтінін қазақшаға аударған –

Димаш АЗАМАТОВ

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн