ЕРЕГЕСКЕН – ЕЛ БОЛМАЙДЫ

«Общественная позиция»

(проект «DAT» №41 (358) от 10 ноября 2016 г.

 

 

Апта Аптығы!

Араша!



 

Менің таңым бар: неге қазақ қоғамы бір-бірін өшіктіруге, бірінің соңынан екіншісі шам алып түсуге құштар болып барамыз? Ерегескен екі қазақтың арасындағы бықсықты қоздыруға неге әуеспіз? Мен мәдениет министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы мен атақты актер ағамыз Тұңғышбай Жаманқұлов жөнінде айтып отырмын. Бір-бірін батыр деуі тиіс екі азаматты неге ашық айқасқа айдап салдық?

Әлбетте, мен екеуіне де баға бере алмаймын: өйткені біреуі өзінің күш-қарымымен министр дәрежесіне жеткен, екіншісі – қазақ өнері тарихының көптеген кезеңдерінің символы, салиқалы сипаты бола білген азамат. Енді, міне, осы екі жігіттің арасындағы болмашы кикілжіңді «тамашалап» отырған жайымыз бар. Арамыздан бір ақсақал немесе зиялы қауым өкілі «қойыңдар, мәмілеге келіңдер» деп айтпады. Қоғамның өзі екіге бөлініп, бірін-бірі төпештеумен болды.

Әлеуметтік желілердің қызып кеткені соншалық, нешетүрлі жалған жала, лақап лай тасқындап ақты… Қазақ абыздарының төрешілдігі, бітімгершілігі, халықтың дана дипломатиясы далада қалды. Өзіміздің «жетімін далаға тастамаған», «жесірін бөтенге бермеген», талай тентекті тезге салған, қиын-қыстау замандарда батырларымыздың басын қосқан тарихи жады қайда? Әлде бұндай құдіретті қасиет бойымызда болмаған ба?

Тарихқа көз жүгіртсек, сонау Алтын Ордадан бастап, біздің халықты сорлатып жүрген – жікке бөлінушілік, артымыздан қоңыраулатып, қалмай келе жатқан алауыздық. Ибн-Батута суреттеген оннан аса «алтыннан көмкерілген мешіттері» бар, сол кезде бассейн, канал, ирригациясы бар Сарай қаласы неге келмеске кетті? Қыпшақ тілінде сөйлеген «ұлы держава» болған мемлекеттің мүйізі қарағайдай азаматтары бір-біріне неге шапты? Оның аяғы не болды? Сарайдың ізі де қалған жоқ. Қазақтың алауыздығын сырттан баққан басқалар қолын – қол, бұтын – бұт етті!!!

Бертінде қазақ халқын жоңғар шапқыншылығынан аман алып қалған қандай құбылыс? Тарыдай шашырап кеткен қазақтың қилы заманда бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаруы халқымызды құрыштай біріктірген еді.

Қазақ «Сырттан келген жаудан, іштен шыққан дау жаман» дейді.
Менің ойымша, осы дауды қоздырып отырған біраз көлеңкелі күштер бар тәрізді. Солар тасада тұрып, алақандарын ысқылап, даудың көрігі қыза түскеніне мүдделі сияқты. Олар осы сияқты дау-дамайлар біздің рухани мәдениетке сызат келтіріп, ұлттық деформацияға апаратынын түсіне ме екен?

Ең өкініштісі – болашақ жас буын өкілдері осы мәселені қалай қабылдайды? Бірлік, адамгершілік, бірін-бірі сыйлау құндылықтарының орнына біз қандай мән-мағына беріп отырмыз? «Бас жарылса – бөрік ішінде, қол сынса – жең ішінде» деген кеңдігіміз, дархан даланың даналығы қайда?

Түптеп келгенде, осы дауға мәжбүрсіз кейіпкер болған қос жігіттің әрқайсысы
өз деңгейінде елге қызмет жасап жатқан тұлғалар деп білем. Арыстанбек Мұхамедиұлы министр болып келгеннен бері министрлік көптеген инфрақұрылымдық, қазақ мәдениетіне оң сипат беретін жұмыстарға көшті. Мәдениеттің менеджментін нарық көшіне лайықты ету – біреуге жағар, ал енді біреу бұған қарсы болар. Бірақ өркениет көшіне жаңа заман талабына сай ілесе білуге бейімділікке осындай кереғарлықтарды жеңе білу арқылы ғана қол жеткіземіз. Оны әлемдік өркениет керуенінен көруге болады. Мүмкін, биліктің төңірегіндегі кейбіреулер осындай жаңашылдыққа іштарлық жасай ма?!

Ал Тұңғышбай аға сомдаған тарихи тұлғалар, ол жасаған кейіпкерлер қазақтың хандары бейнесінде көз алдымызға елестейтінін қалай жасырамыз? Бұл да талантты тұлғаның қазақ руханиятына қосқан, ешқашан өшпес үлесі екені даусыз ғой. Олай болса, аса құрметті, жоғары адамгершіліктің, батырлықтың қасиеттерін сомдаған Тұңғышбай Жаманқұловты кімдер және қандай мақсатта пайдаланғысы келіп жүр?

Әлде олардың мақсаты – осы екі азаматты шекістіріп қойып, екеуін де тұқырту ма? Одан қазақ мәдениеті не ұтады? Шамасы, бұл сұрақтар қоғамда, билік басында, ең бастысы – әр қазақтың санасында тиісті, пайымды талқыға түсуі керек сияқты.

Қоғамды құндылықтар девальвациясынан солай ғана құтқара аламыз.

Ойланайық, осындай кикілжіңдер меңдеген ел қандай тұңғиыққа кетіп бара жатқаныын зердеге салайық.

Тоқтау керек. Бұл тоқтам ең бірінші кезекте екі азаматты «айдап салған» ағайындар арасында болуы керек. «Ерегескен – ел болмайды» деген атамыз қазақ.

Ерлан САЙЫРОВ,

саясаттанушы

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн