Немере-күйеу федерацияға келді, ҚҰДАНЫҢ НЫСАНАСЫ – УЕФА

«Общественная позиция»

(проект «DAT» №8 (372) от 2 марта 2017 г.

Тек қана футбол ма?


Қазақстан президентінің немересі Айсұлтан Назарбаев (суретте) Қазақстан футбол федерациясының вице-президенті қызметін атқарушы болып тағайындалды. Бұл ақпаратты ҚФФ президенті Сейілдә Байшақов растады, деп хабарлайды Azattyq.org.

Федерация сайтындағы мәліметтерге қарағанда, халықаралық ұйымдармен байланыс жөніндегі вице-президент қызметіне вакансия жарияланған. Дегенмен бұған дейін осындай қызметтің болғаны туралы мәлімет табылмады.

Спорт сарапшысы Айдын Қожахметтің түсіндіруінше, бұған дейін вице-президент атқаратын міндеттер жарияланбайтын. Осыған дейін вице-президент қызметтерін Олжас Абраев пен Азамат Айтхожин атқарған, Абраев ақпанның ортасынан бері Федерация құрамында жоқ.

Айсұлтан Назарбаевтың нақты қандай міндеттер атқаратынын федерация түсіндіріп жатпады. Бірақ бір деректерге қарағанда, ол ҚФФ-ның халықаралық футбол ұйымдарымен байланыс жөніндегі вице-президенті міндетін атқармақ.

Еске сала кетсек, Айсұлтан Назарбаев ҚФФ-ның бұрынғы басшылығын сынау арқылы да көзге түскен еді. Ол ҚФФ президенті сайлауына 2015 жылы үміткер болып, мекеменің сол кездегі басшысы Ерлан Қожағапановқа қарсылас болған.

Бұл екі арада Қазақстан президенті мен оның қызы Дариға Назарбаеваның құдасы, Айсұлтанның қайын атасы Қайрат Боранбаевтың (суретте) УЕФА атқару комитетіне көз тігіп отырғаны жөнінде хабар тарады. Бұл жөнінде Azattyq.org порталының тілшісі Анна Клевцова «Батыс баспасөзі Қайрат Боранбаевтың УЕФА атқару комитеті құрамына кіру жоспарын сөз етуде», – деп жазады.

«Канадалық Brandon Sun газетіндегі «Орталық Азия олигархы УЕФА атқару комитетіне көз тікті» деген мақалада қазақстандық топ-бизнесмен әрі ел президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың құдасы Қайрат Боранбаевтың УЕФА атқару комитеті құрамына кіру жоспары талқыланған. Еуропаның футбол конфедерациясы (УЕФА) – халықаралық беделді спорт ұйымдарының бірі. Қайрат Боранбаев – кезінде ең мықты советтік клубтардың бірі болған «Қайрат» футбол клубының қазіргі қожайыны.

«Боранбаев УЕФА-дағы қызметке өзін реформатор ретінде ұсынбайды, бірақ ол Ресейде тұңғыш рет өткелі отырған әлем чемпионаты қарсаңында бұрынғы совет елдері көбірек өкіл ұсынуға лайықты деп мәлімдейді» деп жазған Brandon Sun. Постсоветтік елдердің жалғыз өкілі – украиналық Григорий Суркис қызметінен кететінін ескерсек, бұл уәж ұлттық қауымдастықтар тарапынан қолдау табуы мүмкін деп жазған газет.

Мақалада президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жиені Айсұлтанға қызы Әлиманы тұрмысқа берген Қайрат Боранбаевтың ауқымды бизнесі мен тамыр-таныстарына қатысты комментарийлер бар: «Бизнесменнің ұсыныс хат авторлары бола алатын саяси тамыр-таныстарына қоса футбол жұлдыздары Луис Фиго, Фабио Каннаваро және Клеренс Сидорф сынды әйгілі таныстары да көп» деп жазады Brandon Sun газеті. Қайрат Боранбаевтың бизнесі мұнай-газ саласынан бастап, фармацевтика, фитнес-клубтар мен McDonald’s мейрамханаларына дейінгі қилы саланы қамтиды. Қазақстанда мұндай алғашқы мейрамханаларды өткен жылы дәл осы Боранбаев ашқан болатын. Былтыр Forbes Kazakhstan журналы Боранбаевтың байлығын 350 миллион долларға бағалап, оны елдегі ең бай 50 бизнесмен рейтингіне алғаш рет енгізген.

Қазақстан бір кездері Азия футбол конфедерациясы құрамында болған, бірақ Қазақстанның Жайық өзенінің арғы бетіндегі территориясы географиялық жағынан Еуропаға жатады деген уәжбен, 2002 жылы УЕФА ұйымына кірген. Кезінде Қазақстанды УЕФА-ға мүше ету шаруасымен ел президентінің сол кездегі күйеу баласы, кейінірек қуғынға ұшырап, ақыры Қазақстан билігінің қылмыстық айыптаулары негізінде Австрия түрмесіне түсіп, сонда қаза болған Рахат Әлиев айналысқан.

Спорттағы беделін арқалану – совет заманынан бері Қазақстан үшін әлдебір атрибут сияқты болып келеді. Америкалық The Oakland Press сайтындағы «2024: Екі қала және Олимпиаданың бұлыңғыр болашағы туралы әңгіме» деген мақалада халықаралық олимпиада комитеті (ХОК) президенті Томас Бахтың олимпиада өткізуге өтініш беретін елдер қатарын көбейтуді ынталандыру үшін, олимпиада ойындарын өткізуге жұмсалатын шығындарды қысқарту жоспары «сәтті болмады», – деп жазады. Өйткені кейінгі 20 жыл көлемінде кейбір елдер Олимпиаданың жалпы шығынынан асырып ақша жұмсаған, бірақ сосын кей стадиондар пайдаланылмай бос қалады.

«2022 жылғы қысқы Олимпиада ойындарын өткізуге Қытай мен Қазақтан таласқан. Екеуі де шығындарын ешкім қадағалай алмайтын авторитарлы билік басқаратын елдер. Әлгі таласта Қытай жеңген, енді ол Оңтүстік Кореядағы келер жылғы қысқы ойындар мен Жапониядағы жазғы ойындардан бастап, шығындары спираль бойымен шарықтап кеткен Азиядағы үшінші елге айналады», – деп жазады The Oakland Press сайты.

Azattyq.org

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн