Пантеон мен Луврға ҚАЙ ҚАЗАҚ ЖЕТЕДІ?

«Общественная позиция»

(проект «DAT» №05 (276) от 05 февраля 2015 г.

 

…атылған оқ

 

Өткен жұма күнгі брифингте ҚР мәдениет және спорт министрі (МЖСМ) Арыстанбек Мұхамедиұлы алдағы уақытта атқарылатын һам атқарылып жатқан бірқыдыру игі шарасын шиырлап тастаған еді. Ондағы басқа әңгімені қайдам, бастысы – турасын айтқанда – зират, мәдениетшілесек – Ұлттық пантеон салу мәселесі болды. Мәдениет министрінің сөзіне қарағанда, біздің елде пантеон салу «деңгейге жеткен» екен.

 

Айтпақшы, біздің жеткен басқа да «деңгейлеріміз» бар: «Диснейлендтің» жеке аналогын құру қажет болыпты, Қазақстан мұражайларына Лувр мен Эрмитаждан жауһар-жәдігерлер де әкелетін кез келген екен. Министр осының бәрін және «латыншаға өту үдерісін тездету керек деп есептемейтінін» де айтты.

Енді ойлап көріңіз: онсыз да дағдарыстан дағдарып, діңкесі құрыған елге осы «әйдік» бастамалардың көк тиындық құны бола қояр ма екен? Елдің жалпы мәдениеті жантайып жатқанда, пантеон салу және мұражайларымызға Лувр мен Эрмитаждан жәдігерлер жеткізу қай теңіміз? Аймақтардағы ауылдарда клубтар мен мәдениет үйлері кей жерлерде қирандыға айналып, енді біреулерінде қаңырап қалған жағдай министрдің аузына түспеді. Бірақ біз сөйте тұра, құнды қазыналарымызды өркениетті мәдениет елдерімен «ашық айырбасқа салу арқылы» елдің мәдениетін арттырады екенбіз.

Әуелгі лепесті Арыстанбек мырзаның пантеон салу туралы бастамасынан бастасақ: әрине, «өлі разы болмай, тірі байымайтынын» мәдениеттің министрі ғана емес, сөз түсінетін кез келген қазақ біледі. Бір жағынан мұнысы жөн – аруақты қадірлеген қазақпыз: тіршілік бар жерде, өлім де бар – қабірстан (пантеон) қажет. Ол өлгендерге емес, тірілерге керек. Алайда сол қазақтың өзі жаһанды жайлаған дағдарыс жағдайынан зәрезеп күйде жүргенін ұмытпау – ләзім: сосын да қауқарсыз халықты қылтадан басқандай ғып, қып-қызыл қаржы шашу – анау айтқан «үнемдеуге» де, зады, зиян-ақ!

Оның үстіне министрдің: «Біз қазір ұлттық пантеон тұжырымдамасын дайындап жатырмыз. Онда Мемлекеттік сыйлық алғандар, немесе Фариза Оңғарсынова сынды ақын-жазушылар, ауыл шаруашылығында, ғылымда үлкен табыстарға қол жеткізген ғалымдар, немесе бізде жанып жатқан үйден 5 баланы құтқарған сержант бар, міне, сондай адамдар Ұлттық пантеонға ене алады», – дегені көңілге көп-көп кірбің ұялатады.

Біріншіден, «енгені» қалай – өліктің өзі барып жата қала ма? Дұрысы – артында қалған елі «енудің» ережесіне сай «ендіре» алатын шығар. Екіншіден, атақ-дәрежеге, сый-құрметке қашаннан құштар қазақтар тірісінде пантеоннан «пәтер алу» бәйгесін бастай ма? Министр мәлімдеген «ену» мәселесі ендігі жерде «асарын – асап», атақ алған алаш баласына ұйқы берер ме екен? Астанадағы атақты бірдеңе етіп «енер», ал Алматыда алыппын деп отырғандарды қайтеміз: Астанаға сүйрейміз бе?

Министр осы сұрақтардың егжей-тегжейін қабірстанды «қажетсінген» көкелерімен әбден ақылдасып алғаны жөн еді. Ал шала-шарпы әңгіме енді «енуге» таяғандарға тыныштық бермейтін болады.

Дегенмен, пантеон туралы «пәлелі сөз» 2011 жылдан бастап БАҚ беттерінде жиі айтыла бастаған. Кейіннен 2013 жылы «Жас Алаш» газетінде жарияланған Құдайберген Баянның «Пантеон кiм үшiн керек болды екен?» деген мақаласы былайғы жұртты біраз дүрліктіргені бар. Онда мынадай бір пайым бар: «Арыдағыны ойлайтын бiр ағамыздың пiкiрiнше, пантеон салу мәселесi билiк басындағылардың өлiм туралы ойлай бастағанына айғақ екен», – деп келетін («Жас Алаш», 5 желтоқсан,    2013 ж.).

Бұл турасында бұдан артық не айтуға болады?! Бұған қарағанда, билік басындағылардың өлім туралы ойлағаны бір иманның үйіріле бастағанынан хабар берсе керек…

Тіптен бұлай тым-тым терең ойламағанның өзінде екінің бірі атасына атақ сатып ала алмай жүргенде, ұлттық пантеонға сол атасының кіруі мен кірмей қалуының жыры кімге болсын оңай соқпасы анық! Жер бетіндегі осы бір «жұмаққа» кіру үшін құдайдың құдіретімен емес, министр Мұхамедиұлы айтқан жаттық есеппен: пайда-парасыз, таныс-тамырсыз өту мүмкін бе сіз ше? Ал ақын-жазушыларға пантеон тұрыпты, Кеңсайдың көк кемері де кең жетпей ме?! Басқаларын қойғанда, бір сайдың бауырын сызған осы ұлылардың қураған сүйегін сықырлатып, сол пантеонға тасып көр!

Тасыдың делік: мұнан өзге қазаққа еңбегі сіңіп, ұлы болмаған ұл аз ба: тірісіне тұрар жай тауып бере алмаған билік өңшең «ұлы» қаптаған қалың аруақты бір пантеонның бойына сыйғызып жібереді деу – ақымақтың да күмәнін туғызатыны шындық!

Ал Лувр мен Эрмитаждан жауһар тасу, оны базарда арба сүйретіп жүрген қазаққа көрсетем деу – күлкіңді келтіреді. «Қолда барда алтынның қадірі жоқ» деп, қазақ баяғыда-ақ айтты демесеңіз, сақ бабаның саф алтынын Эрмитаждың ел білмейтін «жауһарына» айырбастау – өзгенің қаңсығын да таңсық көрумен пара-пар дүние! Ал онымен қоймай, көнеден сөйлеп бір тұрған Алтын адамның тура өзін саудаға салу – тарихты саудаға салу екені белгілі!

МЖСМ басшысы айтқан «екіжақты қозғалыстың» қалай болатынын, бәлкім, өздерінің «қу іші білер»… Ал кешегінің уәзірлері жүргізген келіссөздерін қайдам, бүгіннің министрінің мақтанып айтқан «келіссөзінің» әзірге сықпыты – осы ғана!

Сонда деймін, Мұхамедиұлы басқарған министрліктің бұдан басқа істейтін шаруасы қалмаған ба, тәйірі?! Қазақ даласының түкпір-түкпіріндегі облыс-аудандар мен ауылдардағы қарапайым халық қираған мәдениет үйі мен күйреген клуб, тараған театрлардың ертеңі үшін кімге қарап жалтақтағандай?!

  • P.S.: Астанадан алшақ жатқан Алтай мен Атыраудың қазағы үшін осындай бастаманың керегі болды десең – бізге келіп-кетіп өкпеңді айтшы, оқырман! Әйтпесе, жаһандық жазушы Мұхтар Мағауинның «Сары қазақ» романындағы бір кейіпкердей, айдалада жатқан қазақтың пантеон мен Эрмитажды қайткені? Ал халық үшін жаратылмаған «игіліктің» бәрі өтірік, бәрі жалған екенін министр мырза ұмытпаса екен дегіміз келеді!

Қозыбай ҚҰРМАН,

«D»

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн