ЖАҢА БАҒДАРЛАМА жақсы азамат өсіруге КЕПІЛ БОЛА АЛА МА?

«Общественная позиция»

(проект «DAT» №28 (392) от 11 августа 2017 г.

 

Тамыз кеңесі қарсаңында

 


 

Еліміздің Білім және ғылым министрлігі дәстүрлі Тамыз кеңесіне ұсыныс-пікірлер жинап жатыр дегенді құлағымыз шалып қалды. Сондықтан мен жоғары санаттағы мектеп мұғалімі, оның үстіне «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығында 1-деңгейлік курстан өтіп, жаңа бағдарлама бойынша білім алған ұстаз ретінде Тамыз конференциясы қарсаңында ой-пікір айтуға толық моральдық құқым бар деп ойлаймын.

Жалпы алғанда, Жаңа бағдарлама өзіме ұнайды. Дегенмен, маман ретінде келіспейтін тұстарым да баршылық

Жаңа бағдарламаның басты ерекшелігі, мектеп жұмысы мен оқушы жетістіктерін өрістетудегі негізгі тұлға – мұғалім деген ұстанымды негізге ала отырып, жылдам өзгеріп жатқан заман талабына сай, мұғалімдерді оқушыларға қалай оқу керектігін үйретіп, соның нәтижесінде еркін, өзіндік дәлел-уәждерін нанымды жеткізе білетін, ынталы, сенімді, сыни пікір-көзқарастары жүйелі дамыған, сандық технологияларда құзырлылық таныта алатын және өз білімдері мен дағдыларын күнделікті өмірде де қолдана білетін оқушы қалыптастыруға даярлау екендігі белгілі!

«Технологиялық, педагогикалық және мазмұндық білім арасындағы өзара байланысты іске асыруға қабілетті мұғалім жоғары деңгейдегі кәсіпқой болып табылады» (Мишра мен Кёлер) деген қағиданы еске ала отырып, Білім беру мен ғылымды дамытудың 2016-19 жылдарға арналған бағдарламасы туралы бірер сөз айтайын.

Тек оны Бағдарламаға қарсылық деп емес, Кембридж технологиясындағы 7 модульдің бірі «Сыни тұрғыдан ойлауға үйретудің» әсері деп түсінген абзал.

Бағдарлама бүкілхалықтық талқылаудан өтпегені болмаса, жалпы алғанда бірер бабынан басқасы ізгі ниеттен туған болар деп ойлаймын. Бағдарламаны іске асыруға кедергі болатын маңызды факторларға тоқтала кетейін.

 

Компьютерге кенелеміз бе?

Оқыту мен оқуда ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдалану саласы бойынша, 2019 жылға дейін мектептердің материалдық-техникалық базасын жасақтап үлгеру мүмкін бе? Интернетке қаражат табуға болар. Ал соншама мектепке интерактивті тақталар орнату мен барлық оқу кабинеттерін компьютерлендіру мүмкін бе?

Мысалы мен 1,5 мың бала оқитын мектепте жұмыс істеймін. Осынша балаға бар болғаны 11–12 интерактивтік тақта бар. Олардың өзі 2009–2010 жылдары шығарылған тақталар. Бұзыла қалса, қосалқы бөлшек табу қиын және өте қымбат.

Пән мұғалімінен бөлек, осы құрал-жабдықтарға қызмет көрсететін инженер-мамандар ескерілді ме? Миллионға жуық тұрғыны бар облыс орталығындағы жағдай осылай болса, шалғай ауылдардағы мектептердің жағдайы қалай?

Облыс-аудан орталықтарында білім беру мекемелеріндегі компьютерлік-ақпараттық технологиясына арнайы қызмет көрсету орталықтарын құру қарастырылды ма?

 

Бәрін кадр шешеді

Мектептерде «кадр» көп, бірақ маман-кадр тапшы.

ОҚО-ның мектептеріне келіп жатқан жас мамандардың барлығы дерлік өңірдегі аттарынан ат үркетін ашық-шашық ЖОО-ының бітірушілері.

Шалғай ауылдар түгілі, облыс орталығында орналасқан «лицей» статусы бар мектепке 13 жылдан бері Алматы мен Астананың белді ЖОО-ын бітірген жас маман келген емес.

Енді 2019 жылға дейінгі 2,5 жыл ішінде келе қояды деп ойлайсыз ба?

Тіпті, кейінгі оншақты жылда ЖОО-ы мектептерге практикант жіберуді де қойды. Студент практикасыз қалай маман болады?

 

«Үштілділік» туралы

Ия, неше тіл білсең де артық емес.

Бірақ заңмен бекітілген Мемлекеттік тілді шын мәніндегі мемлекеттік ете алмай тұрған біздің жағдайымызда оны абайлап іске асыру керек.

А) Бастауыш сыныптарда баланы ана тілінде оқытқан жөн. Осы сыныптарда баланың ақыл-ойы мен дүниетанымының негізі қаланады.

Ә) Үштілділік енген жағдайда ана тілі бұрын екінші планда болса, енді үшінші планға сырғиды. Ата-ана алдымен шет тіліне көбірек назар аударатын болады.

Б) Балаларын қазақ мектебіне беру арқылы өздері де қазақ тілін үйрене бастаған орыстілді қазақтар тіл үйренуден бас тартуға мәжбүр болады. Енді олар баласы үшін ағылшын тілін басты назарда ұстайтын болады. Қазақ тілімен тереңірек айналысуға уақыты бола бермеуі мүмкін. Ең бастысы, енді оларда қазақ тілін үйренуге деген мотивация қалмайды. Қазақ тілінің ары қарайғы тағдыры не болады?

В) Үштілдік туралы айта отырып, жоғары да айтып өткен мамандар мәселесіне қайта оралуға мәжбүр боламыз. Ағылшын тілін үйрете алатын дәрежеде білетін маман 50-60 мың теңге жалақысы бар мектепке бара ма?

Ауыл мектебінің жайы қалай болады?

Олар аудармашылықты таңдайды немесе ағылшын тілін оқытатын ақылы курстарға жұмысқа орналасуға тырысады. Нәтижесінде, мектепке ЖОО-ын сүйретіліп, әзер бітірген маман барады. Үштілділікті қолдап отырған ірі шенеуніктер мен бизнесмендер ауылдарда соңғы рет қашан болыпты? Болса, мектепке бас сұқты ма?

 

Бескүндікке көшу туралы

А) Адам ағзасы тәуліктік ритмдермен жұмыс істейтіні белгілі. Адам қаласа да, қаламаса да тәулігіне белгілі бір мерзімде демалуы қажет! Ағзаға зорлық жүрмейді.

Ал оқу аптасын қысқартқанмен, тәулікті ұзарта алмайсың! 5 күндік оқыту жүйесіне өту үшін, кейбір сағаттар ғана емес, тіпті пәндер қысқартылып, жұмыс сағатын ұзартуға тура келеді.

Бұрын орта есеппен 5–6 сабақ болса, енді 7–8 сабақ өтілетін болады.

Ә) Ал қандай пәндер қысқартылады? Ол қысқартулар баланың азамат ретінде қалыптасуына қалай әсер етеді? Болашақ маман дайындауға әсері қалай болмақ? Еңбек нарығында бәсекелестік қызып тұрғанда, балаларымызды білімсіз етіп алмаймыз ба?

В) Көпшілік ата-аналардың мектеп жасындағы баласына тәрбие беруі «ішкіздім, жегіздім, киіндірдім» деген түсініктің шеңберіне қарай тарылып бара жатқаны белгілі. Жалғызілікті ана немесе әкелердің немесе бала тәрбиесін түбегейлі мектепке артып қойған отбасылар мен балалары 2 күн үйде не істеп отырады? Көше кезіп кетпесіне кім кепіл?

 

«Қамқоршылар Кеңесі» туралы

Мектептерде Батыс үлгісіндей материалдық қолдау көрсетіп қана қоймай, мектептің оқу бағдарламасын жасау мен кадр таңдау ісіне қатысатын «Қамқоршылар Кеңесін» құру үшін, алдымен елде орта тап қалыптастырып алу керек. Бізде мектепке қомақты қаржылық қолдау көрсетуге материалдық және моральдық тұрғыда дайын шын мәніндегі орта тап бар ма?

Мұның арты балалары арқылы бопсалап, ата-аналардан жаппай ақша жинау болып кетпейді ме?

 

Латын әліпбиі туралы

Латын әліпбиіне ауысу, біріншіден, біздің халықаралық қауымдастықпен интеграциялануымызды жеделдетеді. Екіншіден… Әркім әр мәселеге өзі отырған төбешіктен қарайды: мектеп мұғалімі болғандықтан мен әліпби ауыстыру мәселесіне де білім саласының призмасынан қараймын.

Жыл сайын Қазақстан мектептерін бітірген балаларды Ресей ЖОО-ы жәй ғана әңгімелесу арқылы өздеріне тартып әкетіп жатыр. Және ең білімді түлектерімізді әкетіп жатыр. Мәселен, мен жұмыс істейтін қазақ-орыс мектеп-лицейінің орыс сыныптарын жыл сайын 50-ге жуық түлек бітірсе, соның жартысынан көбі Ресейге оқуға кетеді. Көпшілігі сол елдің азаматтығын алып, қалып қояды.

Бір жағынан демографиялық шығын болса, екінші жағынан туғаннан бастап, сол балалар баратын бала-бақшаға, мектепке кететін шығындарды есепке алсақ, салық төлеушінің қалтасынан шығатын қомақты қаржы көрші елдің экономикасы үшін жұмыс жасап жатыр.

Егер латынға көшетін болсақ, кететіндері бірден кетіп, өзі мен балаларының болашағын Қазақстанмен байланыстырған азаматтарымыз қазақ тілін үйренуге кірісіп кетер еді. Сондықтан, көп созбай, ертерек өту керек.

Бұл жерде басты ұран «Бір ел – бір әліпби» болуы шарт.

 

Жалақы неге жарымсыз?

Бұрынғы тәжірибелерді еске түсірсек, бағдарламаны іске асыруға ең басты кедергі – бөлінген қаражатты мақсатсыз жұмсау болуы мүмкін. 2013 жылы сол кездегі ҚР БжҒ министрінің орынбасары С.Шаяхметов деген үлкен мөлшердегі қаражатты талан-таражға салағаны үшін сотты болды.

Өткен жылы республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің мүшесі Совхозбек Құлмағанбетов Есеп комитеті жүргізген аудит кезінде ҚР Білім және ғылым министрлігінен 1,8 млрд. теңгеге қаржылық бұзушылықтар анықталғанын жария етті. Білім беру мен ғылымды дамытудың 2016–19 жылдарға арналған бағдарламасын іске асыруға 1,8 трлн қаржы қарастырылғанын ескерсек, қаупіміз орынсыз деп ешкім айта қоймас.

Сөйте тұра, білім саласы қызметкерлерінің жалақысы еліміздегі орташа жалақыдан әлдеқайда төмен. Жалақыны көтеру бізге не береді?

Жалақы көтерілсе, педагогикалық мамандық иелері еліміздің еңбек нарығындағы бәсекелестікке батыл араласып, педагогикалық мамандықтарға қазіргідей білімі нашар, әке-шешесінің әлеуеті төмен балалар емес, мектепті үздік немесе жақсы бітірген түлектер бара бастар еді де, ол өз жемісін 4–5-ақ жылда бере бастар еді.

Жаңартылған оқу бағдарламасымен жұмысты бастап жіберген 1-сыныптардың мұғалімдерін әңгімеге тартқанымызда, оқу жылы барысындағы кездескен қиындықтар – оқулықтардағы қателіктер, көпшілік ата-аналардың жаңа бағалау жүйесін түсінбеуі, осы бағалау жүйесі үшін әр оқушыға жеке-жеке портфолио жүргізіледі. Портфолио жүргізу уақыттан бөлек материалдық шығынды талап етеді. Биыл 1-сыныпты оқытқан мұғалімдердің айтуынша, бір сыныпқа орта есеппен 12 қорап қағаз (А4) кеткен. Әр қорап қағаздың құны 1200–1500 теңге аралығында екенін ескерсек, мұғалімнің онсыз да мардымсыз жалақысының қанша бөлігі бала-шағасына бұйырмағанын есептеп шығуға болады. Қағаздан өзге желім, стикер т.с.с. секілді материалдарға кететін шығындар да жетерлік.

 

«Алтын белгі» үміт еді

Биылғы жылдың тағы бір өзгерісі – «Алтын белгі» иегерлеріне берілетін артықшылықтар мен жеңілдіктердің алынып тасталуы.

Осыған дейін біздің білім беру жүйесі бойынша дарынды баланы ынталандырушы басты стимул болып келген «Алтын белгі» иегеріне берілетін артықшылықтар мен жеңілдіктердің алынып тасталуы ондай балаларға қалай әсер етеді? Ол жағы әлі беймәлім.

Бір білеріміз – соңғы жылдары «Алтын белгі» саудаға түсіп кеткені рас.

Бірақ, осы белгі иелеріне берілетін жеңілдіктер кедей отбасылардан шыққан дарынды балалардың өздерін «элита» санайтын әлеуметтік топқа қосылуына мүмкіндік беруші жалғыз жол еді. Мотивация еді. Үміт еді.

Атың өшкір жемқорлық біраз баланы сол үмітінен айырды.

Биылғы жылдың тағы бір жаңалығы – БжҒМ биыл білімді қорытындылаудың билеттік жүйесі мен ҰБТ жүйесін қатар енгізіп, 11-сыныптардың мұғалімдері мен оқушыларының шақшадай басын шарадай қылып қойғаны тағы бар.

 

Ауыл мектебі – тіршілік көзі

Еліміздің білім саласы туралы әңгіме болғанда, тұрғындарының басым бөлігі мемлекетқұраушы этнос қазақтар болып табылатын – ауыл мектебіне арнайы тоқталу керек. Бүгінгі күні ауыл мектебіндегі басты проблема – ауылдағы жұмыссыздықтың салдарынан туындап отыр. Көпшілік ауылдардағы тұрақты жалақысы бар жалғыз жұмыс орны – мектеп.

Сондықтан, ауыл тұрғындарының барлығы өз отбасы мүшелерінің кем дегенде біреуін мектепке жұмысқа орналастыруға тырысады. Оған ауыл ақсақалдары араласып, кейде руаралық немесе әулеттер арасындағы дауларға ұласып кетіп жатқан жағдайлар аз емес. Бүгін ауыл мектебінен түрлі, жолдармен «Педагог» дипломына ие болып алған кешегі агроном, зоотехник, бағбан т.с.с. мамандарды табуға болады.

Сұрақ көп, жауап жоқ!

 

Не ұсыныс айтамыз?

Сонымен тағы бір оқу жылы басталуға жақын. Ал ескі проблемалар жетерлік.

Өткен оқу жылы еліміз мектептеріндегі ұжым мүшелері арасындағы ірі жанжалдармен есте қалды. Көптеген сот процестері болып өтті. Шымкент қаласындағы №38 мектеп басшылары мен мұғалімі арасындағы сот әлі аяқталған жоқ. Алдағы уақытта мұндай жанжалдардың саны арта берері сөзсіз.

Өңіріміздегі біраз мектепте орын алған жанжалдарды зерттей келе, тағы бір түйгеніміз:

Меніңше, реформаны Облыстық білім басқармаларын жергілікті әкімдікке бағыныштылықтан құтқарып, тікелей Білім және ғылым министрлігінің құзіретіне өткізуден бастау керек еді. Ондай өзгеріс мұғалімдерді жергілікті билік органдары атқаруы тиіс сайлау, санақ, зорлап билет сату, зорлап газет-журналдарға жаздыру, сенбілік секілді артық шаруалардан құтқарар еді де, мұғалім тек білім және тәрбие жұмыстарымен ғана айналысуға мүмкіндік алар еді. Мұғалімді міндетіне жатпайтын жұмыстарға тартқан шенеунік заңмен қудалануы тиіс. Өкінішке қарай, Білім және ғылым министрлігі мұғалім мәрбесін көтеру туралы әлдебір әрекет жасағанын байқай алмадық.

«Негіздердің негізі – білім» екені әмбеге аян! Мемлекеттің мәңгілік болуы сол елдегі білім саласына тікелей тәуелді десек, жаңалық ашпаспыз.

Білімсіз ешқандай экономикалық, саяси немесе әлеуметтік реформа жасау мүмкін емес. Сонау «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» оқиғаларынан кейін-ақ дана Төле би бабамыз көшпелі қазақ халқының тұрмыс салтын өзгертіп, отырықшылыққа өтіп, егін салуға көшпесе, ұлт ретінде жойылып кететінін түсінген. Халық үшін мыңжылдық шаруашылық жүргізу әдісінен бір деммен айрылу қиын: Төле бидің бастамасы үлкен қарсылықтарға ұшыраған. Сол кезде Төле бабамыз өз ұлдарын бас етіп, алдымен өз туыстарының қарсыласқанына күш қолданып, арықтар қаздырып, егін салдырған.

Бірте-бірте Орта жүзді билеп тұрған Абылай хан да өз айналасына жартылай көшпелілікке көшіруді қолға алды. Артынан атақты қыпшақ Сейітқұл бабамыз егін салуға кіріскені тарихтан белгілі.

Бүгінгі күні ешкімді күшпен өзгерте алу мүмкін емес.

Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында айтылған «Рухани жаңғыруды» білім саласынан бастау керек.

Реформа керек екені күмән тудырмайды. Бірақ, Жаңа Білім Бағдарламасының тиімді де, тиімсіз де тұстары жетерлік екенін жоғарыда айтып өттік. Сондықтан, соны қайта зерделеп, зерттеп, біздің қоғам үшін тиімсіз тұстарынан батыл түрде бас тарту керек.

«Бастан құлақ садаға» дегендей, жұмсалған шығын садаға…

Өмір ШЫНЫБЕКҰЛЫ,

жоғары санатты ұстаз, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі,

Шымкент шаһары

 

 

Фейсбуктағы пікірлер

 

Қарлығаш МЫРЗАҚҰЛОВА:

Өз туыстарын жинап алатын директор біздің мектепте де бар. Қадам баса алмайсың: асханаға барсаң – жеңгесі, кітапханаға барсаң – сіңілісі, мұғалім келіні, рулас жеңгесі – орынбасары… айнала көздер. Басымыз 360 градусқа айналып, қайдан шпиондар шығады деп, жалтақтап жүрген жайымыз бар.

Енді 28 000 ұстаздарға мектеп формасын аласыңдар деп мәжбүрлеп жатыр.

Енди 28000 мыңга ұстаздар мектеп формасын аласыңдар деп мәжбүрлеп жатыр. Директор айтады: «Түймебаев келеді екен, соған ұстаздар юбка мен жилет киюлері керек екен. Алмасаңдар – арттарыңнан шам алып түсемін!» – дейді. Форманы сататын адам да директордың танысы.

 

Мейіржан ТЕМІРБЕК

8000 мұғалім оқуға кетсе, сабақты кім оқытады? Мұғалімдерді айлап оқытып «қаңғыбасқа» айналдырдыңыздар. Мұғалімде отбасы жоқ па, бала жоқ па? Біраз отбасының осы курстардың кесірінен шаңырағы шайқалды. Соны неге ойламайсыздар. Не деген бітпейтін оқу? Кейбіреулер күліп, тіпті мақала да жазған, мектептегі мұғалімдердің көбі ажырасқандар деп. Осындай келеңсіздікпен мұғалімдер мектепке қонып жүрсе, ажыраспағанда – қайтеді? Мұғалімдерді алдыға салып айдап, мал қылып, өзі қадірі кетіп тұрған мамандықты одан әрі жер қылдыңдар!

Бұл реформа біраз отбасын ойрандайын деп тұр. Жекеге әйел мұғалімдер хабарласты. Облыс орталығына күйеуі ағылшын тілінен беретін әйелін курсқа жібермей жатыр екен. Чемоданыңды қоса жинап, біржола кет деп жатыр екен. Бұл кісіге қандай көмек беруге болады?

Енді біреуі жас отбасы. Күйеуі вахтада жұмыс жасайды. 4 баласын қайда қоярын білмей дал. Біраз отбасыда осындай келеңсіздік болып тұр. Реформа жасағанда, мұғалімнің жағдайын неге ойламайсыңдар?

 

Жания КУЛИШОВА:

Жалпы мұғалімнің жағдайын ойлайтын кім бар ? Өзді-өзіміз шырылдаймыз.

9 ай сілең қатып жұмыс жасайсың, енді еңбек демалысын шығып, демаламын дегенде, курсқа жібереді. Ол 3-4 апталық. Күн қайнап тұр. Ол курсқа барып-келу үшін еңбекақыңның тең жартысынан көбі кетеді. Ыссы күнде конденционері жоқ аудиторияға 30-40 адамды жинап оқытады. Күніне 7-8 сағат. Адам төзгісіз жағдайлар.

Осының басқалай бір формалары жоқ па?

 

Сұлтан СҮЛЕЕВ:

Құрметті әріптестер! Тамыз конференциясына өзекті бір мәселені күн тәртібіне қойғымыз келіп отыр. Ол – ұстаздардың зейнетке шығу мәселесі. Ұстаз еңбегінің қаншалықты қиын да күрделі екенін сіздерге түсіндірудің қажеті жоқ шығар? Бірақ мынау күнделікті еніп жатқан жаңалықтар мен инновацияға заман талабына сай еріп отыратын жаңашыл ұстазды мектепке тарту қоғамның міндеті. Сол арқылы бәсекеге қабілетті шәкірт даярлау арқылы қоғамымыздың әрі қарай дамуына үлес қосу. Оны орындаудың бір ғана жолы – еңбек өтілі толық ұстаздарды демалысқа жіберіп, орнына жаңашыл, креативті жастарды мектепке тарту. Бұл бүгінгі күннің талабы.

Республика ұстаздары осы зейнет жасы туралы проблеманы бірнеше ай бойы талқылап, еңбек өтіліне байланысты сіздер қатысып отырған кеңеске төмендегідей ұсыныс жасап отыр:

– жалпы 27 жыл педагогикалық өтілі бар әйел кісілерді зейнеткерлікке жіберу;

– жалпы 30-жыл педагогикалық өтілі бар ер кісілерді зейнеткерлікке жіберу;

– жекеленген ұстаздарға зейнеткерлікке шыққан соң да педагогикалық қызметін жалғастыруға заңды түрде мүмкіндік беру (өз қалауынша).

Баспасөз бен әлеуметтік желілердегі жарияланған сан алуан пікірлердің ортақ мағынасы осы.

 

 

 

Министрге сұрақ

 

«Қазақ тілі» кітабы нені оқытады:

ТІЛДІ МЕ, КЛИМАТТЫ МА?

 

Елімізде білім саласында «2016-2019 жылдарға арналған жаңартылған бағдарлама» енгізіліп жатыр. Бұл бағдарламаның ең бірінші соққысы үш тілділік болды. Былтырғы жылы бағдарламаның алғашқы құрбандары 1-сыныпқа барып, әліппесін таппай қалып жатты. Бұл масқараның тоқтайтын күні бар ма?

5–7-сыныптарға жаңа бағдарлама енгізілгелі жатыр. Жаңартылған бағдарламаның курсын мен де оқып, бітірдім. Методикасында әңгіме жоқ. Баланы еркіндікке тәрбиелейді, неше түрлі әдіс-тәсілдерді қолдану арқылы, оқушыны өз ойын ашық айтуға дағдыландыратын тамаша дүние. Бірақ жаңартылған бағдарламаның кітабы мен негізгі өтілетін тақырыптары қазақ тілін жоюдың таптырмас жақсы құралы.

Мысалы, 7-сыныптың «Атамұра» баспасынан шыққан «Қазақ тілі» оқулығын алыңыз (министрдің сайтында халық талқысына жоба ретінде ұсынылған. Мына сілтемеде: http://okulyk-edu.kz/ocenka-kz).

Осы «Қазақ тілі» кітабында «Ауа райы, климат, атмосфера», «Климат және климаттық аймақтар», «Климаттық өзгерістер» деген тақырыптар жүр. Бұл тақырыптарға арналған мәтіндер мен тапсырмалар да бар.

1. Мәтінді тыңдап, ауа райының біздің өмірімізге тигізетін әсерін талдаңдар.

2. Қазақстанда қандай климаттық аймақтар бар?

3. Шөл даланың негізгі өсімдіктері нелер? Шөл дала аңына немесе жануарына нелер жатады? Кестеге салып толтырыңдар.

Негізгі тақырып – «климат», тапсырма – «климат», мәтін – «климат», ал сонда қазақ тілі қайда?

Тапсырмаларды қарап отырсақ, географияны оқып жатқан сияқтымыз. Егер мәтін ретінде ғана берілсе немесе қазақ тілінің сөйлеу тілін дамытуға арналған тапсырмалар болса, түсінер едім. Қазақ тілі сабағын оқытудағы негізгі мақсат – қазақ тілінде сөйлеуге, жазуға үйрету болса, қазақ тілі сабағына климаттың, шөл даланың не екенін сұраудың қажеті бар ма?

Министр Ерлан Сағадиев мырза! Мен оқушыма қазақ тілін үйретемін бе, әлде шөл даланы аралап, зерттеу жасап кетемін бе?

Айман САҒИДУЛЛА

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн