ЖЖЕ – жолда жеу ережесі

«Общественная позиция»

(проект «DAT» №02 (273) от 15 января 2015 г.

 

Қағаз жиегіндегі жазба

 

Жақында ауылға барып қайтқанмын. Мен отырған көлік иесі көсілген күре жолда көсіп-көсіп біраз әңгіме айтты. Сонда не айтты дейсіз ғой? Қаңтардағы Қанекеңнің пәрменімен 12 жасқа дейінгі балаларға жол біткеннің полициясы шұқшиып баққанын айтты. Көлікте балаларды арнайы автоорындықтарсыз алып жүруге тыйым салатын, жол қозғалысы туралы жаңа заң қарапайым халықтың төзімін біржола тауысқанын жеткізді (мұндағы Қанекеміз – Ішкі істер министрлігі әкімшілік полиция комитеті басқармасының бастығы Қанат Сәдуақасовтың нақ өзі – Қ.Қ.).

Сонда деймін, «Отау иесінің» орынын бір-ақ жылда басатын 12 жасар баланы бұлай автоорындыққа таңудың қай қажеті туды сонша? 12 жасар баланың өгіздей болып өңкиіп, алдыңғы орынға отырмайтыны – тағы шындық. Енді ебедейсіз орындықпен он екі жасар баланы көліктің артқы орындарынан елестетіп көріңіз?! Әлде бұл осы саладағы атағы сала құлаш шенділердің кезекті бір «Кеңесіп пішкен тонының» келтеден көрім кеспірі ме? Болмаса, жол үстіндегі үстеме шырғалаңымен 192 елдің ішінде 128-орынға табан тіреген біздің елдің сүлкиген сиқынан құтылу үшін осылай бүйрек біткеннен сирақ шығару қажет пе еді?!

Осындайда осының алдында ғана Алматы облысына қарасты Қарабөгет ауылына барғандағы келеңсіз бір жайт еске түседі. Аудан орталығынан алпыс шақырым қашықтықта жатқан бұл ауыл қара домалағының денін тымау титықтатқан. Ал осы дімкәс балалар аудан орталығы Сарқандқа жету үшін жаңа заң талабына бір кісідей бағынуы шарт.

Сосын ғой, сосын ешқайсы ем іздемей, үйінде емделуге мәжбүр болатыны. Көлігін кірелеген халықта да еш жазық жоқ. Мәшинесіне ара-тұра бес литр бензинді артық құйғанның өзінде әжептәуір шығынға батып қалатыны бар.

Оның үстіне сол «қауіпсіз» орындықтың ең жаманының бағасы он мың теңгенің ар жағына барып топ ете түседі. Осыған байланысты бір сұхбатындағы саясаткер Мұрат Әбеновтың қисынды қисабы – қырдағы қазақтың да шотқа қаққан есебі іспетті. Ол: «Қазақстанда барлығы 4,5 млн автокөлік тіркелген. Олардың ең кемінде үштен бірі 12 жасқа дейінгі балаларды алып жүруге пайдаланылатын болса, онда 1,5 миллион автокөлікке арнайы балалар орындығын алу шарт. Егер де кемінде әр орындық ең арзаны 10 мың теңге тұратынын есептесек, онда кемінде бір аптаның ішінде қазақстандықтар осы өзгерістерді іске асыру үшін 150 миллиард теңге жұмсауы керек. Бұл – отбасылардың жоспарында жоқ шығын», – деген болатын.

Жоспарында болған-болмағанын қайдам, қыстың көзі қырауда есепсіз шығынмен, емделусіз бала құшақтаған Қарабөгеттегідей қалың ел бұл заңға қарсылық көрсетіп үлгерді. Осы қарсылықтың болатынын күні бұрын болжағандай ІІМ-нің басқарма бастығы: былтыр сәуірдің 17-сі күні енгізілген бұл ұсыныстың қазанның 20-сында бекітілгенін, осы мерзім ішінде азаматтардың бұл талапқа дайындалуға жеткілікті уақыты болғанын айтқан болатын.

Сонда қалай? Жылға жықсаң, жарты жыл; айға аунатсаң, алты айды қамтыған білдей басқарманың пілдей бастығы айтқан «жеткілікті уақытта» жаңа заң туралы хабарланған болса, қалың елдің бұл жайында бір ауыз сөз естімеуі мүмкін бе? Тіпті кез келген министрдің аузындағы сөзін суырып алып, халыққа бұрын естіртетін біздің ауылдағы Райхан апайдың мұны білмей қалуы – күнә!

Гәп қайда?

Қалт айтпайтын халық айтады: бұл жемқорлық деп! Бақсақ, жүдә жөн сөз! Оны аталмыш министрліктің өздері-ақ дәлелдеп әуіре. Өйткені жыл бастап қойдың қылпы көрінгелі көлікке отыруға тиіс бала атаулыны «бесікке» таңғысы келген осы сала шенеуніктері енді әуелгі сөзінен біржола тайқып кетті. Тайқығаны сол – кеше ғана көк жәшікте ҚР ІІМ полиция комитетінің төрағасы Игорь Лепеха бұл заңның міндетті тұсынан гөрі міндетсіз тұсын көбейтіп айтты. Айталық, артқы орындыққа сіздің еркіңізге салғанда автоорындық алуға міндеттелмейсіз. Ол үшін бар болғаны іргедегі Ресейдің мың теңгелік сақтық бауына ғана (ремень) сауда жасауға тиіссіз!

От, міне, бизнес! Манағы Әбенов айтқан 150 миллиард теңге енді су жаңа миллиондаған мыңдықтардың есебімен еселенеді келіп. Қазірдің өзінде отандық автоорындық сататын дүкендердің бәрі айналасы он күндікте қолда бар тауарын таусып тынған. Бағасының бұрынғыдан көп-көп еселенгенін де жасырмаған.

Бұдан соң онсыз да бұтала-бұтала сықпыты қалмаған бұл заңды мұндағы елге біраз «төпелетіп» алып, «халықтың қолдауын таппады» деп, іске алғысыз етсе де, «қазаншының» өз еркі. Тіпті бұған бола олардың қылшығы да қисаймайды. Қомақты қаржы қолда, МАИ қызметкерлері жолда. Жоғарыдағы жуандардың, сірә, несі кетті?!

 

P.S.: Бұрындары көп бала ертекен ананы көрсең, елпек көлігің елпең қағып сонда бұрылатын. Ал қазір ше? Алматының өзінде көп бала жетектеген ана көшеде қалуда. Енді қазақ даласының қай атырабына жаның ашығандай?!

Осындайда осыдан біраз жыл бұрынғы бір оқиға жадыңда қайта жаңғырады. Қыстың күні аялдамада көлік күтіп тұрып, баласын құтқарып, өзі қасқырға жем болған ана жайлы естіген болатынбыз. Ондағы жалғыз-ақ себеп көліктің жоқтығы еді. Ал бүгін үйірлі қасқыры ұлыған бір қырқада балалы жұрттың бар көлікке мінуге бағасы кеміп, жолда қалса – кім кінәлі?

Ондайда халық үшін заң да болса – көк тиын!

Қозыбай ҚҰРМАН,

«D»

 

* ЖЖЕ – Жолда жүру ережесі

 

 

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн