ҚР Президенті Қасым‑Жомарт Тоқаевтың «Қазақстан – Алтын Орда мұрагері» атты баяндамасының ізімен
«Құтты қоныс» іздеу – әлем халықтарының дүниетанымында жақсы өмірді күткен арман-аңсардан туған рухани интенция» деп қояды ғалымдар. Қашанғы құр ауыз сөзбен жүре бересіздер? «Дала философы» деп Шоқан атаған Асан қайғы бабамыз іздеген Жерұйығы бар ма екен, бар болса қай жер екен деп кім ойланыпты? Тапты ма екен? Асан ата Әз Жәнібекке: «Тапқан жерге ел көшір, Оны неге білмейсің?» деді емес пе? Жерұйықты көргенде: «Алла тағала сені шын көңілімен жаратқан екен» депті. Алиасқар шежіресінде Асан қайғы абыз мұңшы: «Айыртаудың етегінде Жерұйығы бар, Артар таудың ұйығында құйрығы бар» деген екен. Алайда Жерұйыққа барар жолда жалғыз ұлы Абат қайтыс болып, өзі де қайғыдан шөгіп қалады. Сол жерде дүниеден өтеді.
Сол заманда Жерұйығын Тескентау атаған еді. Сондықтан ел арасында: «Асан қайғының жаны Тескентауға кетіп қалды» деген сөз қалған. Тескентау дегеніміз болса, Рашид ад-дин айтқан Ергене қоң – Шыңғыс ханның маңғолдары шыққан жер. «Құпия шежіредегі» Бөрте шене мен Құба маралдың теңізден өтіп шыққан жері. Яғни, Шоқан айтқандай, Қоңыраттар жетпіс жерден от қойып, Қиян мен Нүкүз сайдың кіре берісін бітеп тастаған жартасты ерітіп, тауды тесіп шыққан жер – Тескентау.
Серікбол Қондыбай: «Қазақтың тарихы Кангхадан басталады» деген еді. Кангха дегеніміз – иманжүзді халықтың тұратын жері. Арийлердің қасиетті кітабы «Авестада» аталады. Кангха дегені – арба, арбалы. Үркіген аққулардың қаңқылдап дыбыс шығаруынан болған атау. Орыстың «Слово о полку Игореве» атты эпосында бұл арбалар жөнінде: «Скрипят телеги полунощи, рцы лебеди распужены» деп айтылған. Яғни, Кангха, Қаңға, Қаңғылы дегені – бұл атаудың бастапқы нұсқасы.
Башқұртта осы күндері де пәуескені «канга» деп атайды екен. Яғни, Кангха, Қаңға, Қаңғылы, Қаңлы дегеніміз – арбалы деген сөз. Орыс ғалымы Аристов: «Канглы являются не менее древним племенем, чем дулаты. Вероятно, именно они упоминаются в «Авесте» и в «Махабхарате» деген екен. Кеңес дәуірінің заңғар ғалымы Сергей Кляшторный: «Все исследователи кангюйской проблемы исходят из положения, незыблемость которого не подвергалась сомнению, – о тождестве Кангюя Чжан Цяня с Кангхой Авесты» дейді.
«Шан хай цзын» атты қытай мифологиясының жинағында біздің дәуірімізге дейінгі үшінші мыңжылдықтағы бір тау жөнінде: «На Западе (от Китая) находится жертвенник Сюньюань (Холм мастеров колесниц). Стреляющие из лука не смеют пускать стрелы в сторону запада, боятся Жертвенника Сюньюань» деп айтылған екен. Яғни, бұл жерде арба жасаушылардың тауы айтылып тұр. Сюньюань дегені – арба. Ал енді доктор дәрежесіндегі қазақ ғалымдары қаңлы дегенді канал, қан сөзінен болған деп, елді адастырып отыр. Әбілғазы мен Шәкәрімдер қаңлының арбалы екенін айтып кеткенде, сонда бұл не? Қазақ халқының қолы жеткен өркениетін жоққа шығару ма?
Қытайдың барлық деректерінде Батыс (запад) деп қазіргі Ферғана аңғары айтылады. Батыс өңірі дейді (Западный край). Тіпті орыстардың «Велес» кітабында: «Род славян потек туда, где солнце спит в ночи и где никто не умирает» деп күннің батқан жағын айтады. Ал енді «Земля Обетованная» атты кітаптың авторы, шежіреші, тарихшы, тілбілімші мифолог Қайрат Зарыпхан Ферғана, Фарғана, Паркан атауының «Авестада» аталған Бара-Кангха атауынан болғанының көптеген дәлелдерін келтіреді. «Манас» жырында Баргана аталған. Ферғана аңғары арқылы ағып жатқан Сырдария өзенінің ежелгі атауы Канка да осыны айтып тұр. Яғни, бұл аңғар Фердоусиде аталған Кангха, Кангдез (канг дай әз?) – тау қамалы болады. Афросиабтың бекінетін тау қамалы.
«Алпамыс» жырында «Қарақан тауда қамалым» деп аталады. (Қара Кангха). Ал енді доктор, академик атаулары бар қазақтың тарихшы ғалымдарының бірде-біреуі осыны айта алмаған. Автор Жерұйықты «Алпамыс», «Маадай Қара», «Асан қайғы, Абат, Тоған», «Қарға бойлы Қазтуған» жырларынан тауып отыр. Осы жырларды кезінде зерттеп, еңбек жазған Лев Гумилев, Суразаков, В. Жирмунский, М.Әуезов, Ә.Марғұлан, Ә.Қоңыратбаев, М.Ғабдуллин, Т. Сыдықов, Р. Бердібай, С.Қасқараев, Ш.Ыбраевтар ештеңе таба алмаған. Өйткені олар евроцентристік бағыттағы орыстың тарих, әдебиет мектебінен оқып шыққандар еді. Олар кешегі өткен заңғар ғалым, доктор Талас Омарбек айтып кеткендей: «Кеңес дәуірінің ауруына ұшырағандар» еді.
Ергене қоң және Асан атамыздың айтып кеткен Жер жұмағы да осы – Ферғана аңғары болады. «Алпамыс» жырында «жер-ошақтай бұл аңғар» деп аталады. Ошақ – үшбұрыштың белгісі (тренога). Осыдан үшбұрыш таңбалы Ошақты руының атауы шыққан.
Қазақ-совет ғалымдары Қазақ совет энциклопедиясында: «Ферғана аңғарының әбден қалыптасқан қабырғалары дұрыс үшбұрышты құрайды, Мырзашөлге қараған жалғыз қақпасы бар, ежелгі атауы Иаргана» деп айтып кеткен еді. Бұл жалғыз қақпа жөнінде Рашид ад-дин де жазып кеткен еді. Міне, біздің бойтұмарымыздың үшбұрышты қалыбы осыдан болған.
«Маадай Қара» жырында бұл Ферғана аңғарын Жер-Тұмар деп атаған (орысша Дьер-Дьюмар). Бұл эпоста осы Жер-Тұмардың үш бұрышында үш таудың бар екені айтылады. Кельтілердің мифологиясы да осы үш тауды айтады (Тир на Ног). Қайрат Зарыпханның «Земля Обетованная» атты кітабының мұқабасында кельтілердің салған суреті тұр. Яғни, үшбұрышты жасыл кеңістіктің үш бұрышында үш тау салынған. Бұл тауларды Қазақ мифологиясында Үш Қиян дейді. Америкалық үндістердің «Пополь Вух» атты шежіресінде Три Чокоха (шоқы ақ) деп аталған. «Кодекс Троана» атты дерегінде Глиняные холмы Му, «Ер Тарғын» жырында Үш Шарбақ, қытай деректерінде Бай тау, Құт тау, Түстік тау деп аталады. Осы үш таудың ортасында Өлместің суы бар дейді. Бұл таулар Ферғана аңғарында әлі тұр. Ғарыштан түсірілген фотосуретте анық көрінеді. Біреуі сол – тақ Сүлеймен тауы. Бұл жөнінде қырғыз санжырашысы Аширали Жолдошев айтып отыр. Үшбұрыш – әйел-ананың жатырының танымбелгісі екені белгілі (символ женского начала, врата жизни. – грек.). Яғни, үшбұрышты Ферғана аңғары теософ-ғалым Блаватская айтқан – Вселенская Матерь, Серікбол айтқан Арғы Ана қонысы, Жер Анамыз болады (Жер Ана жатыры). Шумерлер Нинхурсаг атаған (Нән Құрсақ – Вселенская Матерь).
«Мен да бей лу» атты қытай дерегінде кытай елшісі Чжао Хун: «Татары происходят от особого рода Шато» деп жазған екен. Осыған қатысты пікірінде тарих ғылымының докторы Мункуев Шато дегендер түріктердің конфедерациясы екенін және олардың Солтүстік Қытайға Ферғана аңғары жақтан келгендерін айтады. Шато дегеніміз – Шат ой, терең сайдағы ой, сол Ферғана аңғарының көптеген атауларының бірі. «Асан қайғы, Абат, Тоған», «Қарға бойлы Қазтуған» жырларында Шат, Шам шаһары, Нұрдың Қарабайыры, Қамауша деп аталады. Қамауша еврейлерде бұрмаланып Кемоша болса, орыстарда Гамаюн (Қамау ін). Қамауша дегені – Қиян мен Нүкүз аңызындағы жалғыз қақпадан кіріп, ол қақпаны бітеп алғандағы қамалған жердің атауы. Афросиабтың қамалып қалған Кангха тау қамалы, «Алпамыс» жырындағы «Қарақан тауда қамалым».
Рашид ад-дин «Оғызнамасында» маңғол атауының мағынасын: «Будьте всегда опечаленными» деп түсіндіреді. Әбілғазы «мұңол» дейді. Бұл «мұңал» сөзінің ескіше айтылуы. Қазіргі өзбектердің «ал» дегенді «ол» деп айтатындары белгілі. Елінен, жерінен, туған-туысқандарынан, қарындастан айырылып, ит арқасы киянға ауып кеткен Қиян мен Нүкүз елі мұңлы, мұңал болмағанда, қандай болар еді? Демек, қазіргі маңғол, монгол атауының түп мағынасы МҰҢАЛ, МҰҢҒЫЛЫ. Әбілғазы айтқан МҰҒҰЛ, Ақсақ Темірдің МОҒОЛ атауы да осы бастапқы МҰҢАЛ атауының түрленулері болады. Халха-моңғолдарға біздің атауымыз ауысқан. Өйткені оларды қазақтар қалқа ретінде ұстаған. Сондықтан олар өздерінің «Хвалебная» атты өлеңдерінде: «Мы были щитом для народа монгол» дейді. Ал енді Құпия шежіредегі «хамаг монгол» дегені – біздің тілдегі «қамақ» сөзінен қалған. Яғни, қамақ маңғол дегеніміз – Қамаушада қамалған қамақ жұрт, қазақтар.
Жеке маңғол ұлысы мен Алтын Орда тарихын Қайрат Зарыпханның «Шыңғысханның шындығы» атты кітабынан біле жатарсыздар. Қазақтар – Алтын Орданың мұрагерлері ғана емес, соны құрушылар болады. Асан қайғы бабамыздан: «Ноғайлыны ертерміз, Жайықтан ары өтерміз, атын бөлек етерміз» деген сөз қалған. Европадан табылған картада қазіргі Қазақстан, Қырғыз, Ташкент жері Cassaky деп көрсетілген екен.
Қайрат ЗАРЫПХАН,
Мұқтархан АБАҒАН,
Арман АҚМҰҚАН,
Бақытжан РӘШ,
Мұратбек АСАНҰЛЫ,
Мұратбек ОРАЗҒАЛИ,
Диас ҚҰЗАИР,
Марат АЙЫЛБЕК,
Лейла ОНЛАШ,
Карина (Ақсұлу) АЛТАЙ,
Ұлжан ШАЙХИЕВА,
Роза АЛТАЙ Қазақ мәдениет және шежіре танушылары