Жоба қабылданған соң, ЗАҢ ҚАЛАЙ ҚОЛДАНЫЛАДЫ

  • Ернұр Бейсенбаев, мәжіліс депутаты, Заң жобасын дайындаушы топтың мүшесі:

Қазір әлемде активтерді іздеу және қайтару – барлық елдің өзекті мәселесі болып отыр.

2022 жылдың басында мемлекет басшысы, халықаралық сарапшылардың пайымдауынша, еліміздегі байлықтың тең жартысы 162 адамға тиесілі екенін айтқан болатын.

Сондай-ақ әлемдік қаржы сарапшылардың жасаған бағалауына сүйенсек, дамушы елдер пара алу, қаражатты заңсыз иемдену сияқты жолдармен жыл сайын шамамен 30 млрд долларға дейін жоғалтады екен.

Активтерді елден шығаруға қарсы күрес – мемлекеттің міндеті. Өйткені ол экономикаға кері әсер етіп, қоғамның тұрақтылығы мен қауіпсіздігіне айтарлықтай қауіп төндіреді, елдің прогрессивті дамуына зиян келтіреді.

Қылмыстық жолмен тапқан табыстың қомақты бөлігі әлемдік қаржы орталықтарынан әртүрлі жолдармен «қауіпсіз, жайлы орын» тауып жатады.

Бұл қаражат заңсыз түрде жылжымалы және жылжымайтын мүлік нысандарына, бағалы қағаздарға және басқа да қаржы құралдарына салынады, шетелдік банктердегі шоттарға орналастырылады, оффшорларда жатады.

Ұрланған, заңсыз алынған активтерді қайтару процесі – мемлекетаралық тиімді ынтымақтастықты талап ететін, мемлекеттік құрылымдардағы жүйелі еңбекті қажет ететін өте күрделі жұмыс.

Осы ретте аталған олқылықты тез арада шешу үшін, Мәжіліс депутаттары «Заңсыз алынған активтерді мемлекетке қайтару» туралы заң жобасын әзірледі. Бұл заңды қабылдау бүгінде өте өзекті болып отыр.

Заң жобасының басты мақсаты – Қазақстан аумағында және одан тыс жерде заңсыз алынған активтерді қайтарудың заңнамалық тетіктерін айқындау, оларды шетелге шығару жағдайларын анықтап, жолын кесу және болдырмау.

Сонымен, заң жобасы аясында Арнайы уәкілетті орган мен комиссия құрылады, заңды және жеке тұлғалардың жабық реестрі жасалып, мемлекеттік қор жасақталады.

Заңға жеке және заңды тұлғалардың шектеулі тобы, яғни заңсыз әрекеттер арқылы байлыққа, активтерге ие болған адамдар жатады.

Бұл ретте жеке тұлғалар қатарына лауазымдық шенді пайдалану арқылы негізсіз байлыққа ие болған және оларға қатысы бар адамдарды жатқызуға болады, оның ішінде:

1) жауапты мемлекеттік лауазымды, мемлекеттік ұйымда немесе квазимемлекеттік секторда басқару функцияларын орындау барысында әкімшілік-билік ресурстарына ие болған адамдар жатады;

2) әкімшілік-билік ресурстарын пайдалана отырып, активтерді заңсыз иемдену мен кәсіпкерлікке заңға қайшы, бәсекелестіктен тыс арнайы қолайлы жағдай жасауға ықпалдасу.

Активтерді қайтаруға бағытталған шаралар осы жеке тұлғалармен тығыз байланыста болған, заңсыз сыбайластық орнатқан өзге тұлғаларға да қолданылады. Мәселен, жақын туыстары, таныстары, көлік жүргізушісі, қызметшісі және олардың мүлкіне номиналды иелік ететін адамдар.

Осылайша, аталған заң жобасы ірі сыбайлас жемқорлыққа және республикалық, жергілікті деңгейдегі әкімшілік-билікпен біте қайнасқан олигополиялық топтарға қарсы пәрменді шаралар енгізеді.

Заңның новелласына – шетелде активтерді қайтару бойынша жұмысты заң шеңберінде жүргізу тетіктері қарастырылған.

Заң жобасында активтерді қайтарудың ерікті немесе мәжбүрлі тәртібі көзделген:

1) ерікті түрде қайтару. Өздеріне тиесілі мүлікті мемлекетке өтеусіз беру жолымен жүзеге асырылады;

2) соттардың шешімдеріне сүйене отырып, қылмыстық процесс шеңберінде заңсыз алынған активтерді тәркілеу;

3) мүліктің қылмыстық шығу тегі болған кезде заңсыз алынған активтерді мәжбүрлеп қайтару;

4) соттардың немесе шет мемлекеттердің өзге де уәкілетті органдарының шешімдері негізінде тәркілеу.

Жалпы заң аясында – арнайы комиссия құрылады, заңды және жеке тұлғалардың реестрі пайда болады, арнайы Мемлекеттік қор мен уәкілетті орган құрылады.

Заң жобасында Азаматтық процесс шеңберінде тәркілеудің мынадай алгоритмі көзделеді:

Бірінші. Егер мониторинг және ақпаратты талдау қорытындылары бойынша уәкілетті органда құны 100 млн АҚШ долларынан асатын активтерді сатып алу көздерінің заңдылығына байланысты негізді күмән туындаса, уәкілетті орган субъектіні және оның үлестес тұлғаларын реестрге енгізу мәселесін комиссияның қарауына шығарады.

Екінші. Материалдарды қарау қорытындылары бойынша комиссия адамды реестрге енгізу немесе қоспау туралы ұсыныс береді.

Үшінші. Уәкілетті орган реестрге енген азаматтарға олардың активтері туралы декларацияны тапсыру құқығының бар екенін жеткізеді. Декларацияларды тексереді және тексеру нәтижелерін комиссияның қарауына шығарады. Соның нәтижесінде комиссия одан әрі шаралар қабылдау туралы ұсынымдар шығарады (тізілімнен шығару немесе АПК және ҚПҚ көзделген одан әрі іс жүргізу шараларын қабылдау).

Төртінші. Егер адам декларацияны тапсыру арқылы өз активтерінің шығу тегін растай алмаса, не декларацияны табыс етпесе, мұндай активтер негізсіз байлық ретінде танылып, мемлекет кірісіне қайтарылуы мүмкін.

Адамдардың құқықтарын қорғауға, ашықтыққа кепілдік беру және азаматтық қоғам тарапынан бақылауды қамтамасыз ету мақсатында Заң жобасымен: 1) адамдардың жабық реестрі; 2) комиссияның алқалы қарауы, 3) депутаттар мен қоғам белсенділерінің комиссия құрамына қатысуы; 4) адал сатып алушылар мен адал кредиторлардың құқықтары қорғалады; 5) барлық сатыларда сотқа шағымдану мүмкіндігі бар; 6) келісімдердің талаптарын орындаған адамдар үшін кепілдіктер беріледі;

Заң жобасында арнаулы мемлекеттік қор мен басқарушы компанияның қызметі регламенттелген.

Арнайы мемлекеттік қор – қайтарылған активтерді жинақтау және өткізу үшін қазынашылық органдарында ашылған Үкіметтің қолма-қол ақшасын бақылау шоты.

Басқарушы компанияның міндеттері: мемлекет атынан өзіне қайтарылған активтерді меншікке қабылдау мен заңды басқару, қаражатты арнайы мемлекеттік қорға аударуды қамтамасыз ету болып табылады.

Заң жобасын іске асыру үшін, түзетулерді көздейтін төрт ілеспе заң жобасы әзірленді:

1) «Прокуратура туралы» Конституциялық заң;

2) Салық кодексі (салық құпиясына қол жеткізу);

3) Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс;

4) Өзге де кодекстер мен заңдар (АК, АПК, ҚК, ҚПК, ӘРПК).

Бұның бәрі «Заңсыз алынған активтерді мемлекетке қайтару туралы» заңның әділдікті орнатуды көздейтін негізгі қадамдардың бірі саналады.

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн