МЕНДЕ АРМАН БАР…

  • Мемлекет билігінің басында отырғандар қазақтың жерін, суын, көлін келімсектердің жеке меншігіне сатпаса екен;
  • Мемлекетті, елді тек ұлттық мүддені ғана ойлайтын, қазақ тілінде дұрыс сөйлеп, ойлай алатын басшылар ғана басқарып, қазақ халқының рухын көтерсе екен;
  • Қос палаталық парламент жойылып, мәжіліске қазақ халқының қамын ойлайтын жастар мен орта жастағы білімді азаматтар келсе екен;
  • Президенттік, парламенттік сайлау әділ түрде өткізіліп, халықтың ойымен, намысымен санаспайтын мәңгүрттер келмеске кетсе екен;
  • Қазақ халқы партия, оппозиция болып жік-жікке бөлінбей, бүкіл қазақ бостандығы идеясы туының астында біріксе екен;
  • Шетелдік капиталистердің (ТНК-лардың) жеке меншігіне сатылып кеткен мемлекеттің (халықтың) пайдасы жоғары ірі өнеркәсіптері, завод-фабрикалары, мұнай, газ, уран, хром, алюминий, алтын, мыс, мырыш, қола – қазба байлық көздері халықтың (мемлекеттің) меншігіне қайтарылып, олардың барлығының игілігін (пайдасын) қазақ халқы көрсе екен;
  • Болашақта мемлекетіміздің (халқымыздың) материалдық байлығы – қазба байлықтар, ірі кәсіпорындар мен фабрикалар, аэропорт пен вокзалдар шетелдің келімсектерінің жеке меншігіне сатылмаса екен;
  • 2,7 миллион шаршы километр ұлан байтақ жеріміз төрт түлік малға толып, малдың басы 140 миллионнан асса екен;
  • Қазақ халқы баспана арендасы мен кредитіне телмірмей, түгелдей үйлі-пәтерлі болса екен;
  • Совхоз, колхоздар совет үкіметі кезіндегідей шекара межесінде қайта құрылып, ауылдағы жұмыссыздық түп-тамырымен жойылса екен;
  • 160,5 миллиард доллар сыртқы қарызымыз жойылып, қазба байлықтан түскен пайдамыз тек халық игілігіне жаратылса екен;
  • Университеттердің бәрі мемлекеттің меншігіне өтіп, қазақ жастары тек қана тегін, әрі сапалы жоғары білім алатын болса екен;
  • Жекеге сатылып кеткен барлық мемлекеттік медициналық ауруханалар, госпитальдар, емханалар мемлекеттің (халықтың) меншігіне қайтарылып, олардың қызметі халыққа тегін болса екен;
  • Қазақ халқының саны 50 миллионға жетіп, біздің ұлан байтақ жерімізге көз алартушылардың көмейіне құм құйылса екен;
  • Қытайдың экономикалық қайыс құрсауынан арылып, олардан алған қарызымыз түгел қайтарылып, арам ойлы қара қытай қазақ жерін таптамаса екен;
  • Жүрегі қазақ деп соққан шетелдегі (Қытай, Моңғолия, Өзбекстан, Түркіменстан, Ресейдегі) қандастарымыз түгел ата жұртына оралып, қазақ экономикасын, демографиясын көтеруге атсалысса екен;
  • Қазақ халқы діни секталарға бөлінбей (қазір 3500 діни секта бар), Шоқан Уәлиханов айтқандай, қазақи мұсылмандықтың, аруақтардың туының астында біріксе екен!

P.S. Адамда арман таусылған ба!..

«Ешкім өзінің арманын оны талқандап, жоқ қылатын адамдардың қолына сеніп тапсырмайды». Пауло Коэльо, бразилиялық ақын.

«Әрбір арман саған оны жүзеге асыру үшін қажетті күш-жігермен бірге беріледі. Алайда ол үшін жұмыс істеу керек болуы мүмкін». Ричард Бах, америкалық жазушы.

«Армандаушы негізінен болашақты дұрыс анықтайды, бірақ ол оны күткісі келмейді. Ол өзінің күш-жігерімен оны жақындатқысы келеді. Арманның орындалуын табиғи түрде күтуге мыңдаған жыл қажет болса, ол оның орындалуын өз өмірінде көргісі келеді». Готхольд Лессинг, неміс драматургі.

«Менде де бар бір арман,

Маздап жанып, қол бұлғайтын шынардан.

Ұлы баба, бірақ менің арманым

Парыз бенен махаббаттан құралған.

Шамын жақсам ғылым менен өнердің,

Елімді зор мерекеге бөлермін.

Бұл сапарым азапты да шығар-ау,

Не де болса пешенемнен көрермін»…

Мұхтар Шаханов, қазақтың ұлы ақыны

Сіздерге деген құрметпен, ф.ғ.к. Нұртаза Қадырниязов

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн