Нұрлат Байгенже: Саяси реформаның түпкі мақсаты — адамдардың өмір сүру сапасын жақсарту
Қазақстанның саяси жүйесінде жүзеге асып жатқан өзгерістер қоғамның назарында. Мемлекеттік басқару үлгісін жаңарту, жаңа қоғамдық институттарды қалыптастыру және азаматтардың саяси үдерістерге қатысуын кеңейту мәселелері бүгінде кеңінен талқылануда.
Осы тақырып төңірегінде журналист, қоғам мәселелерін талдаушы Нұрлат Байгенже Datnews-ке берген сұхбатында өз пікірін білдіріп, саяси реформалардың мәні, жаңа Құрылтайдың рөлі және бұл өзгерістердің қоғамға ықпалы туралы ой бөлісті.
- Нұрлат Айтжанұлы, Қазақстанның саяси жүйесінде басталған өзгерістердің ішіндегі ең маңыздысы қайсы деп ойлайсыз?
- Соңғы жылдары Қазақстанда саяси реформалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Соның ішіндегі ең маңызды өзгерістің бірі – мемлекетті басқару жүйесін орталықсыздандыру.
2022 жылғы конституциялық реформалар осы өзгерістерге негіз болды. Нәтижесінде билік тармағының арасындағы тепе-теңдікті күшейтуге, Парламенттің, жергілікті мәслихаттардың, саяси партиялардың және азаматтық қоғамның рөлін арттыруға бағытталған өзгерістер қолға алынды.
Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, мемлекеттің тұрақтылығы бір ғана тұлғаға емес, тиімді жұмыс істейтін мемлекеттік институттарға сүйенген кезде нығая түседі.
Сондықтан саяси реформалардың басты мақсаты – басқару жүйесін заман талабына сай жетілдіріп, мемлекеттік институттардың жауапкершілігі мен тиімділігін арттыру.
- Жаңа Құрылтайды құрудың негізгі мақсаты неде? Бұл бастама қандай қажеттіліктен туындады?
- Меніңше, жаңа Құрылтайды құрудың негізгі мақсаты – заң шығарушы билікті заман талабына сай жаңғырту және мемлекеттің саяси институттарын жаңа кезеңге бейімдеу.
Қоғам өзгерген сайын мемлекеттік институттар да жаңарып отыруы тиіс. Өйткені бірнеше ондаған жыл бұрын тиімді болған басқару үлгісі бүгінгі қоғамдық сұранысқа толық жауап бермеуі мүмкін.
Екінші жағы, бұл бастама мемлекеттің саяси жүйесін жаңғыртуға бағытталған қадам деп айтуға болады. Өйткені күшті мемлекет тек мықты атқарушы билікке ғана емес, тиімді жұмыс істейтін заң шығарушы институтқа да сүйенеді. Заң шығару жүйесі қаншалықты сапалы болса, мемлекеттік басқарудың тиімділігі де соншалықты жоғары болады.
- Құрылтайдың бұрынғы Парламенттен басты ерекшелігі қандай? Оның жұмысы несімен өзгеше болады?
- Құрылтайдың басты ерекшелігі — оның тарихи негізінде жатыр. Қазақ халқы үшін Құрылтай — жаңа ұғым емес. Көшпелі дала өркениетінде ел тағдырына қатысты ең маңызды мәселелер Құрылтайда қаралған-ды. «Күлтөбенің басында күнде кеңес» деген сөздің өзі қазақ қоғамында маңызды мемлекеттік мәселелерді ақылдасып шешудің терең дәстүрі болғанын көрсетеді.
Егер бұрынғы Парламент классикалық заң шығарушы орган болса, Құрылтай осы тарихи саяси дәстүрді қазіргі мемлекеттік басқару жүйесімен ұштастыратын жаңа институт ретінде қарастыруға болады. Яғни оның ерекшелігі тек заң қабылдауда емес, елдік мәселелерді кеңінен талқылап, ортақ келісімге келу мәдениетін күшейтуінде.
Сондықтан Құрылтайдың Парламенттен басты айырмашылығы оның атауында емес, тарихи сабақтастықты жаңғыртуында, ұлттық саяси дәстүрді қазіргі заманғы заң шығару жүйесімен үйлестіруге ұмтылысында деп бағалауға болады.
- Бұл реформадан мемлекет пен қоғам қандай нәтиже күтеді? Сіздіңше, жаңа саяси модельдің басты артықшылықтары қандай?
- Негізгі күтілетін нәтиже — мемлекетке деген қоғамдық сенімді күшейту.
Қазіргі әлемде экономикалық капиталдан бұрын сенім капиталы маңызды болып барады. Егер азаматтар мемлекет олардың пікірін еститініне сенсе, қоғамдағы әлеуметтік шиеленіс те азаяды.
- Ал реформаны іске асыру барысында қандай тәуекелдер туындауы мүмкін?
- Кез келген реформаның ең үлкен тәуекелі – оның формальды сипатқа айналып кетуі. Яғни жаңа институт құрылып, бірақ бұрынғы басқару тәсілі өзгермесе, қоғам күткен нәтиже болмайды.
Сондай-ақ ақпараттық манипуляциялар, популизм белгілі бір тәуекел туғызады.
- Бұл өзгерістердің қарапайым азаматтардың өміріне нақты әсері бола ма? Егер болса, ол қай салалардан көрінеді?
- Иә, бірақ оның әсері бірден емес, кезең-кезеңімен байқалады.
Егер саяси институттар тиімді жұмыс істесе, оның нәтижесі ең алдымен күнделікті өмір сапасынан көрінеді.
Мысалы, жергілікті әкімдіктердің жауапкершілігі, бюджеттің тиімді жұмсалуы, білім беру мен денсаулық сақтау жүйесіндегі басқару сапасының жақсаруы, кәсіпкерлікке қолайлы жағдайдың қалыптасуы.
Яғни саяси реформаның түпкі мақсаты – адамдардың өмір сүру сапасын жақсарту. Бұл туралы Президент биылғы Үкіметтің кеңейтілген отырысында бірнеше рет қайталап айтты.
- Алғашқы Құрылтайдың күн тәртібінде ең алдымен қандай мәселелер тұруы керек деп есептейсіз?
- Шыны керек, VIII шақырылымдағы Парламент Мәжілісі елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына, құқықтық жүйені жетілдіруге және елдің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған бірқатар маңызды кодекстер мен заңдарды қабылдады. Бұл — жоққа шығаруға болмайтын нәтиже. Сондықтан жаңа Құрылтай заң шығарушы орган ретінде осы оң тәжірибе мен институционалдық сабақтастықты сақтап, оны жаңа деңгейге көтеруі маңызды.
Меніңше, ең алдымен ұзақ мерзімді ұлттық мәселелер қаралуы тиіс. Әсіресе, демографиялық және көшін-қон саясатты жетілдіруі, аймақтардың теңгерімді дамуы, ғылым мен инновацияны дамыту, цифрлық трансформацияны жетілдіру, экологиялық тұрақтылық және тағы басқа бағыттағы жұмыстарды күшейту керек. Бұл мәселелер тек бүгінгі күннің емес, келесі 20–30 жылдың тағдырын анықтайды.
- Алдағы сайлаудан қандай нәтиже күтесіз? Оның елдің саяси дамуына ықпалы қандай болады деп ойлайсыз?
- Сайлаудың басты нәтижесі тек кімнің жеңгенімен өлшенбеуі керек. Ең маңызды, сайлау процесінің ашықтығы, азаматтардың белсенділігі тұрғысынан қарау керек.
- Бірнеше жылдан кейін бұл реформаның тиімді болғанын қандай нақты көрсеткіштер арқылы бағалауға болады?
- Меніңше, реформаның нәтижесін ең алдымен қарапайым азаматтардың тұрмыс деңгейі арқылы бағалау қажет. Бірінші кезекте халықтың сатып алу қабілеті қалай өзгерді, табысы өсті ме, әлде төмендеді ме – соған назар аударған жөн.
Екіншіден, кез келген дамыған мемлекеттің тірегі саналатын орта таптың үлесі мен әлеуеті қаншалықты артқаны маңызды.
Әрине, халықаралық рейтингтер де белгілі бір деңгейде бағыт-бағдар береді. Мұны да ұмытпаған дұрыс.
- Уақытыңызды бөліп, пікіріңізбен бөліскеніңіз үшін көп рақмет!
Айгүл Қалкенқызы