Халықтың саяси миссиялық мәні неде?

  • Газеттің өткен санында (11.03.2021) азаматтық қоғамның қызметіндегі үлкен кемшілік – оның халықпен бірге бола алмағанында деген пікір білдірген болатынбыз. Бұған қоса, халық деген кім деген сұрақтың жауабын табуға тырысқан едік. Енді осы сүрлеумен халықтың миссиясы туралы ой кешіп көрейік.

Саясат философиясының орталық идеясы мынау: билік – халықтыкі, оны тек халықтың өзі ғана жүзеге асыра алады.

Дана гректер ойлап шығарған бұл ұлы философия алдыңғы қатардағы өркениетті елдердің тарихында өзін толығымен ақтап шықты. Батыс қоғамының барлық жағынан қарыштап алға басуын қамтамасыз етті. Грекия шын мәнінде «дүниежүзілік тарихтағы жарық нүкте» (Г. Гегель) болды. Бұл философияны ұстанған қоғамдар қазір де адамзат өркениетінің алдында шарықтап барады. ХХ ғасырда демократияны прогресс факторы ретінде қабылдап алған кейбір Шығыс елдері де (Жапония, Оңтүстік Корея, Сингапур…) дамудың барлық салалары бойынша аз уақыттың ішінде ірі жетістіктерге жетті. «Демократияның да кемшіліктері болғанымен, адамзат қоғамды басқарудың одан артық үлгісін әлі ойлап шығарған жоқ» (У. Черчилль).

Ең маңызды фактор – билікті қолына алу үшін, халықтың өзі күреске шығуы керек.Халықтың өзі қозғалмаса, оған билікті алып, қолына ұстататын күш жоқ. Ондай күш ешбір елде ешқашан болған емес. Кез келген узурпаторды ауыздықтап, билікті өз қолына алатын күш – тек халықта ғана бар.

Бұл тезистің біздің құлағымызға сіңісті болып кеткені де рас. Содан бағзы біреулер мұндай трюизмдерді қайталай бергеннің қажеті қанша деп отырған болар. Қажеттілігі сол – біз мұны айтып жүргенімізбен, іс жүзіне асырған жоқпыз ғой. Ендігі сөз осы қағидамен әрекет ету қажеттігі жөнінде болайын деп отыр.

Қоғамның дамуын қамтамасыз ететін әмбебап қағидалармен санасуға тура келеді. Санаспағандар опық жейді. Қазіргі қазақ қоғамының алдында тұрған бірінші кезектегі сұрақ мынау болып тұр: қайткен күнде халықты келбеттейтін, оның түпкілікті мүддесін көздеп, әрекет ететін, оған етбауыр жақын адамдарды қоғамды басқаруға қалай алып келуге болады?

Не істеу керек?

Біздің халық өзінің төл саяси миссиясын ажырата алмай отыр. Демек, халыққа өзінің саяси миссиясын түсіндіріп, оны іс жүзіне асыруға бағыттау керек. Азаматтық қоғам белсенділері қойып отырған «Не істеу керек?» деген сұрақтың жауабы осы.

Ендігі мәселе осы жауапта түйінделген шараны іске асыруға келіп тіреледі. Бұл тренд нағыз отаншыл, ақылды бастарды жинауды, дұрыс стратегияны айқындап алуды, білімділікпен, іскерлікпен әрекет ете отырып, «ел бола аламыз ба» деген сұрақтың «БОЛАМЫЗ» деген нық жауабын беретіндей деңгейге жету мәселелерін қамтиды.

Бұл трендті жүзеге асыруға қажетті шаралардың кейбіреулерін Сергей Дуванов атап өткен екен. Оның ойынша, жергілікті жерлерде қоғамдық ұйымдар құрып, солармен жұмыс жүргізу керек. Қызметтің әр түрімен айналысатын, ұсақ әлеуметтік мәселелерді шешу үдерістерінде түрлі мақсаттармен біріккен адамдар арасында өзара пікір алысу мен түсінісу жақсы жүреді. Адамдардың қасындағылардың қолтығынан демеуін сезуінің маңызы бар («ДАТ», 04.03.2021).

Тәуелсіздіктен кейінгі кезеңде елде осы мазмұнды жұмыс жақсы жолға қойылып келе жатқан болатын. Ол жылдары Қазақстанда 3000-нан астам үкіметтік емес ұйымдар жұмыс істеп тұрды. Нағыз демократияның бастауы осы болатын. Мұның «қаупін» сезген билік иелері «біз үкіметтік емес ұйымдарды өз қаражатымызбен қаржыландырамыз» деп, «кесектік танытып», аталған ұйымдардың жұмысына тосқауыл қойған болатын. Енді жойылып кеткенді қайта жаңғырту қажеттігі туып отыр. Биліктің қатаң қарсыласу жағдайында бұл оңай емес. Солай болса да, бұл істі жалғастырмасқа болмайды.

Демократия ұрығын себуді жергілікті жерлердегі шағын ұжымдардан бастауды жүзеге асыру – бұқараның өзіндік сана деңгейін көтеру бағытындағы маңызды қадам екені рас. Бірақ оның бірден-бір жолы емес. Рухани аяда бұқаралық сананы қалыптастыру бағытында атқарылуға тиіс шаралар бастан асып жатыр. Оларды жүзеге асыру да орасан мол интеллектуалдық күш пен қажырды талап етеді. Ендігі кезекте осы бағыттардың маңыздыларын іріктеп алып, әрекет ету күтіп тұр.

Көпшілік «ертең митингке шығайық, Ақордаға жол тартайық, басып алып, орнына адал адамдарды отырғызайық» деген жалаң ұранға ермейді. XIX ғасырдағы Еуропадағы жұмысшы қозғалысының тәжірибесі бізге жүрмейді. Біздің билікте отырғандар «Король жасасын!» дегенде, «Халқым жасасын!» деп жауап беретін ақсүйектердің тұқымы емес, кеңестік кедейлердің тұқымы.

  • Батыс логикасы бойынша, кедей жүрген жерде ұрлық жүреді. Біз – кедейлер мен құлдар басқарған сұғанақтар қоғамымыз. Ашықтық пен жариялылықты қай сұғанақ жаратады?

Қоғамда демократиялық құрылыс орнату жолында халықтың рухани потенциалын мақсатты пайдалану, құқықтық кеңістікте сауатты әрекет ету, саяси жұмысты ұйымдастыру – азаматтық қоғамның белсенділері мен зиялы қауымның құзырындағы іс. Бұл бағыттарды мәдениетте танымал, беделді қайраткерлер мен азаматтық қоғамның белсенділері бірігіп жүзеге асыруы керек. Алдымен олар бірлескен саяси қызметінің стратегиясы мен тактикасын дұрыс таңдап ала білулері керек.

Әділетті қоғам үшін күрес саяси оппозицияның билікте отырғандармен айқасуынан емес, биліктің бірден-бір заңды субъектісі – халықтың өзінің әлеуметтік белсенділігін арттырудан, саяси-құқықтық сауатын ашудан басталады. Біздің халық әлі күнге билік пен саяси оппозиция арасындағы күрес туралы спектакльдің көрермендері деңгейінде қалып отыр. Халық өзінің тарихи миссиясын жүзеге асыру жолдарын, ол үшін өзінің құқықтарын қорғауды, белсенді күреске шығу керектігін білмейді. Халық өзі жұдырығын білей бастағанда ғана қоғамдық прогреске бағытталған, оңды қимылдар көрініс бере бастайтынын көз алдына елестете алмайды. Прогресшіл күштердің қызметінің стратегиясы мен тактикасын өзгерту деген ұғымға осыларды жатқызамыз.

Қазақстанның бұдан кейінгі тағдыры халықтың өзіне тиесілі билікті өз қолына ала ала ма немесе ала алмай ма – тек осыған тіреліп тұр.Халықтың белсенді қолдауынан тыс, саяси оппозициядағы бір топ қайраткердің аттанысынан, олардың ұранына қосылған бірер жүз отаншылдың шуынан нәтиже шықпайды. Бірақ бұл түңілудің тұңғиығына батып, жертөледен қол көтеріп шығу туралы ойлауға негіз бола алмайды.

Тарих ешқашан баламасыз тығырық қалдырмайды. Бұл жолы да қазақ дилеммаға тіреліп тұр. Бағыттың дұрысын көре білмесең – артың тұман, алдың жар. Көре білсең – прогреске жолың ашық. Қалыптасқан ахуал мынадай: ең қиыны халықты тығырықтан шығару емес, қалай шығару керектігін қазаққа түсіндіру ғана болып отыр.

Қазіргі Қазақстанда қалыптасқан саяси ахуалға қарағанда, халық билікті қолына алу мүмкіндігінен біржолата айырылудың алдында тұр. Елді басқарып отырған ошарлы топ енді биліктен айырылмайтынына сенімді. Сондықтан әбден басынған әрекеттерге барып жүр. Небір заңсыз және арсыз әрекеттері үшін ешкімнен қаймықпайды, шулап жатқан бұқараның дөңайбатын қаперіне де алмайды.

Халық бұқарасы білім мен мәдениетінің төмендігінен өзінің рухани потенциалынан айырылып қалып отыр. Егер халық потенциалды рухани қуатын қайта жинай білсе, оны сауатты бағдарламамен жұмсай білсе, басқарудың барлық сатыларына адал адамдарды ұсынып, үкіметтің қызметін бақылауға алар еді.

Егер олай болмаса, халық рухани потенциалын пайдалана алмаса, не болмақ? Соңғы ғасырлардағы қазақ халқының тағдыры үнемі осы факторға – үнемі жанталасқа келіп тірелуде. Қазақ хандығы құрылғаннан басталған арпалыс осы күнге дейін жалғасып келеді. Бізде О. Шпенглер айтпақшы, «Шығысқа тән, мұңлы, санасыз тарихты,.. несібеге бұйырған тағдырды» құтқарғаннан басқа іс жоқ сияқты. «Еуропа тарихы сияқты,.. ерікпен жасалған тағдыр» жоқ. Даму, жасампаздық, гүлдену – бізге жазылмаған. Тағдырға қарсыласпаймыз. «Басқа түссе – баспақшыл» деп, қарап отырамыз. Тек қорғанамыз. Құдайдан тілеуді, күтуді ғана білеміз. «Заман түзелсе» дейміз. Заманның тағдыры өз қолымызда екенін, оны біз өзіміз ғана түзей алатынымызды білмейміз.

Ояну деп нені айтамыз?

Халық летаргиялық ұйқыдан бас көтермеді. Оның себебі не? Оятудың жолдары қайсы? Рухани өмір туралы сөз бола қалса, осы сұрақтар үнемі алдыңғы қатарға шығады. Мүмкін, рухани әлемімізді тұтасымен, қопара жаңарту керек шығар?

Ояту жолын іздеуден бұрын ояну дегеннің не екенін біліп алу керек.

Халықтың оянуы деп – ұлт зиялысының саналы өкілдері мен азаматтық қоғам белсенділерінің қоғамның даму үдерісінде ұшырасатын, ұлттың түпкілікті мүдделеріне қатысты мәселелерді шешуге белсенді араласуын, саяси басшылықтың қызметін бақылауға алуын, қажетіне қарай саяси ұйымдарға бірігіп, сауатты бағдарламаларымен бұқараны соңынан ертіп, әділ қоғам үшін пәрменді әрекеттермен көрінуін айтамыз.

Оянған халық қоғамда қордаланған өзекті мәселелерді өз арасынан шыққан қайраткерлердің көтеруімен мемлекеттен олардың шешілуін талап етеді, орындаттырады. Елдің тағдырын шешетін игі бағыттарға бұқараны жұмылдыра отырып, саяси элитамен паритеттік жағдайда қоғамның дамуын жүзеге асырады.

Қоғамдағы әділетсіздіктердің салдарынан жеке өміріндегі сәтсіздіктерге шыдай алмай, ішкі қыжылын шығару үшін немесе арандатушының шақыруымен немесе елдегі түрлі саяси оқиғалардың толқынымен халықтың стихиялы акцияларға шығуы оянғандыққа жатпайды. «Алға» деген айқаймен бір адым ілгері аттап, «ойбай» салып, екі адым шегіну» де (А. Атабек) – оянғандықтың белгісі емес.

Оянғанның белгілері – айқын саяси мақсатпен, сауатты бағдарламамен, саналы, ерікті түрде біріккен күш ретінде көріну, мақсатқа жеткенше тынымсыз, табанды күрес жүргізе білу.

Халық «қашан оянады» деп күтуде мағына жоқ. Халықтың көтерілгенін пассивті күтуден де ештеңе өнбейді. «10 мың адам көшеге шықса – сөйтер едік», «20 мың адам шықса – бүйтер едік» деп сөйлеудің өзі әрекетсіздікті көрсету болып табылады.

Егер қоғамның барлық жағынан тығырыққа тірелгенін көре тұрып, зиялы қауым әділетті қоғам үшін белсенді әрекеттерге бармаса, ондай «зиялысы» бар халықты оянбайтын халық деп сипаттауға болады. «Оян, қазақ!» деп әрекідік айқайлап қойғаннан халық оянбайды. Оянбаған халық өз құқығын ұйымдасып қорғай алмайды. Ұлт жанашырларының алдында бірінші кезекте халықты ояту мәселесі тұр.

Ояту факторы

Халықты оятып, әрекетке қосу үшін, не істеу керек? Бұл сұрақтың жауабы құбылыстың себебінен туындайды. Биліктің халықтыкі екенін, демократияның негізгі қозғаушы күші де халық екенін, қоғамды басқаруды халықтың өзі жүзеге асыруы керек екенін түсіну азаматтық қоғамның халыққа баруын,онымен істес болуын қажет етеді.

  • Халыққа бару деген – халықпен бірге болу, саяси қызметтің мазмұнын халықтың түпкілікті мүддесіне лайықтап құру, демократиялық құрылыс үшін күресті онымен тізе қосып, бірге жүргізу деген сөз.

Халыққа бару деген («хождение в народ») тарихта болған. Большевиктер социалистік революцияны дайындау кезінде саяси күрестің осы тәсілін қолданып, қалың халық бұқарасын өз жағына тарта білген болатын. Қоғамды өзгерткісі келетіндерге қазіргі Қазақстан тұрғындарының саяси белсенділігінің төмендігі мен менталитетіндегі мешеуліктерін ескере отырып, халыққа барып, саяси жұмысты жалғастырудың жаңа амалдарын ойластырып, нәтижелі жұмыс істеуге кірісу керек.

Потенциал рухани күшін нығайту және оны халықтың өз билігін орнатуға бағыттау, оның жүзеге асырылу жолдарын көрсету мен ұйымдастыру – зиялы қауымның, азаматтық қоғам жетекшілерінің құзіретінде. Бұл бағыт саналы зиялы мен азаматтық қоғамның жетекшілерінен тізе қоса, ынтымақтаса әрекет етуді талап етеді. Шын мәніндегі халықтық билікті орнату үшін, олар саяси қызметінің стратегиясы мен тактикасын өзгертуі керек.

Бұған дейін саяси күрес әкімшілік-құқықтық кеңістікте, жоғарыдан тағайындалған ережелермен жүргізіліп келді. Оның нәтижелері жеткіліксіз болып шықты. Енді бұл трендті бұған дейін ескерілмей келген, рухани кеңістікте, мәдениет пен ғылымның даму жағдайларына сәйкестендіріп жүзеге асыру кезегі келіп тұр.

Халықтың саяси-құқықтық санасын оятудың, оны әлеуметтік белсенді әрекеттерге қосудың басты құралы – азаматтық білім мен көркем мәдениет. Бұл үдерісті жүзеге асыру реттілігі қарапайым: сананы ояту – предпозициялы, халықтың саяси белсенділігі – постпозициялы. Бұл реттілік сақталмаса, нәтиже шықпайды. Азаматтық қоғам мен белсенді зиялының бірлескен қызметінің стратегиясы мен тактикасын өзгертуі деп осыны айтамыз.

Халыққа немен бару керек?

Азаматтық қоғам мен белсенді зиялы халық арасына халықтың өзі қажет етіп отырған, бірақ биліктен ала алмаған, ел мүддесіне сәйкес, келешекке пайдалы, келелі бастамалармен баруы керек.

Халыққа не керек? Халыққа өзгелермен терезесі тең ел болып, рухы асқақ болып, ұрпағының қамы үшін алаңдамайтын, ата-бабаларының жерінде мамыражай өмір сүру керек.

Халық экономикасы біржақты шикізат өндіруге құрылған, әлеуметтік қамтамасыздық деңгейі төмен, жұмыссыздық жайлаған, ұлық атаулысы тұтасымен жемқорлықпен айналысатын және бар игілікті сатып жіберуге дайын тұратын, шетелдердің итпегінен шыға алмайтын, тоқыраған, келешегі бұлыңғыр мемлекетте өмір сүруді қадіріне татымды деп санамайды.

Халық қоғамның келешегіне сенбейді. Қазақ елі барлық жағынан күйреудің алдында тұр деп күдіктенеді. Тәуелсіздік алғаннан бері 30 жыл өтсе де, мемлекет жаппай дағдарыстан шыға алған жоқ. «Ел бола аламыз ба?» деген сұрақ күн тәртібінен түскен жоқ. Зиялының санасын өлімге бойұсынған жалпылама апатия иектеп алған.

Тәуелсіздік жылдарындағы күрес тәжірибесі саяси оппозицияның 18 миллион тұрғынды экономикалық-материалдық уәделермен емексіту шараларынан нәтиже шықпайтынын көрсетіп берді. Енді саяси оппозицияның аталған мөлшердің 0,1%-ын құрайтын, Цицерон сипаттаған халыққа рухани аясында тындырылатын уәделермен баруына тура келеді. Тек осы бағыт қана түпкілікті жеңістерге бастап апарады. Халыққа қоғамның гүлденуін, әлеуметтік прогресін, экономикалық өрлеуін, мәдени-рухани жетілуін қамтамасыз ететін, шын мәніндегі халықтық билікті орнатуға қажетті рухани тұтқаларды ұстап бару керек.

Олар жөнінде келесі жолы сөз етейік.

Қанағат ЖҮКЕШЕВ

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн