БЕРГЕЙДІ сырттай соттау БАСТАЛДЫ

«ДАТ»-қа ДАТ!

Сәрсенбі күні Атырауда экс-әкім Бергей Рысқалиевқа қатысты қозғалған қылмыстық іс бойынша алғашқы сот отырысы өтті, деп хабарлайды «ДАТ»-порталының Батыс аймақтық тілшісі.

Бұған дейін мән-жайы баспасөзде хабарланбаған бұл іс бойынша, ҚР Қылмыстық Кодексінің 8 бабымен – мемлекеттік қаржыны талан-таражға салды, заңсыз ақшаны заңдастырды, алаяқтықпен айналысты және басқа да қылмыстар жасады деген желеумен сегіз бірдей айыпкер сотқа тартылған. Олардың қатарында Бергей Рысқалиевтің інісі, ҚР Парламенті мәжілісінің «Ақ жол» партиясынан сайланған экс-депутаты Аманжан Рысқалиев және басқа (Темірәлин, Ізбасар, Жалмағамбетов, Желдібаев, Даневич, Сүлейменов) бар.

Сот ісін бақылаушы құқыққорғаушылардың пікіріне қарағанда, сотталушылар орындығында айыпкерлердің бірде-біреуі болмауы себепті және Әкежан Қажыгелдиннің сотынан бері (2001 жыл) қалыптасқан «қазақстандық ноу-хоу» бойынша, оларға қатысты сот сырттай жүргіледі. Ал айыптаушы тарап – Атырау қалалық прокуратурасы таратқан мәлімет бойынша, істің сотта қаралуы басталатын уақыт жөніндегі хабар айыпкерлерге «тыңғылықты түрде» жеткізілген екен.

«Хабар қалай жеткізілді? – Ол жағы беймағұлым, – дейді аты-жөнін атамауды сұраған жергілікті құқыққорғаушы «ДАТ» тілішісінің сұрағына. – Айыпкер азаматтар алты жылдан бері сырт елдерде тұрады, олар тергеуге де қатысқан жоқ. Тіпті, оларға қатысты қылмыстық іс қозғалғаны, тергеудің басталғаны және істің сотта қаралу уақыты да БАҚ арқылы хабарланбаған».

Ал «Ал жайық» басылымының хабарлауы бойынша, сәрсенбі күні алдын ала өткен сот отырысында жекелеген айыпкерлердің адвокаттары 750 томдық қылмыстық іспен толық танысып шығу үшін, соттан 11 ай уақыт беруді сұраған. Бірақ сот төрағасы іспен толық танысып шығуға 15 күн ғана беріп, негізгі сот процессі қазанның 15-інде басталатынын мәлімдеген.
Біздің тілшіміз Атырау қаласы көшелерінде кездейсоқ жүргіншілерден пікір алған еді. Аты-жөндері бейтарап қалдырылған биресми респонденттердің шашырап түскен пікірлері төменгідей болды:


Атырау экс-әкім Бергей Рысқалиев

• «Не үшін соттап жатыр дейсіз бе? Нақтысын біле алмадым. Оның үстіне, арада біраз уақыт өтті ғой. Шамасы, сайлау болатын шығар… Бізде халықты алдандыру үшін, «сендерді тонап кеткен – анау» деп, алдандаратын амал бар ғой…».

• «Ештеңе айта алмаймын… Жеп қойғаны бар шығар… Кім жемей жатыр?».

• «Соттың болатынын бірінші рет естіп тұрмын… Бірақ бізде система солай ғой – әкім болсаң, басшы болсаң, жемқор болмауға хақың жоқ. Ал таза болсаң, басшы болып, ұзақ отыру мүмкін емес. Не жемқор қылады, не жала жабады. Басқаша мүмкін емес».

• «Бергейдің соты дейсіз бе? Ол баланы бекер соттайды. Біздің Атыраудың үйлерінде 2-ші этаждан арыға су шықпайтын. Жоғарыда тұратындар күні бойы шелек пен шылапшынға су жинайтын. Біз жиналған суға жуынатынбыз. Соның барлығын жөндеп, 9-шы қабатқа дейін су шығарып берген Бергей еді – қаланың әкімі болып жүргенде… Енді соттап жатыр дейсіз. Кімнің не жасап кеткенін ел біліп отыр ғой. Тасмағамбетов Атырау мен Оралдың арасына жол салып беріп кетті… Қалғандары не істегені есімізде жоқ».

P.S. «Рысқалиевтің ісі» бойынша сот процессіне қатысты жағдаяттарды «ДАТ» тұрақты жариялап тұрады. Сонымен бірге, арада алты жыл өткенде, Берегей Рысқалиевті сырттай соттаудың қазақстандық билікке не үшін қажетті бола қалғаны жөніндегі комментарийлер мен экс-әкімнің қызметтегі кезеңінде орын алған олқылықтар мен жетістіктері төңірегіндегі пікірлерге басылым беттерінен орын беруге пейілдіміз.


«D»

Республиканский еженедельник онлайн