Четверг , 18 июня 2026

НАМЫС

Осы ұғым дәй­ім ой-сана­да тұрға­ны абзал. Сезім­нен де тыс қал­мауға тиіс. Олай бол­маған жағ­дай­да оның мағы­на­сы сұй­ы­лып, жұтаң тар­та­ды. Ал намысы жоқтық – аусар мінездің қалып­та­суы­на, оспа­дар құлы­қтың тамыр жаюы­на себеп­ші. Хәкім Абай­дың ғақ­ли­я­сы­нан «Ардан кет­кен соң, тірі болып жүр­ген құры­сын» деген­ді оқи­мыз. Иә, арсыздық, намыс­сыздық жай­лаған жер­де өмір сүру қауіп­ті. Азғын адам ешкім­нен ұял­май­ды, хай­у­ан кей­піне енеді. Сана­сы құл­ды­рап, көзі бұл­ды­рап, бой­күй­ездік­ке, еле­усіздік­ке ұшы­ра­уы мүм­кін. XIX ғасыр­да ғұмыр кеш­кен Құл­ту­ма ақын­ның сөзі­мен айт­сақ, «сусыз жер­де қамыс жоқ, азған елде намыс жоқтың» кері болады.

«Отыз жыл­да бәрі құры­ды, қурап қал­ды, ештеңе істел­меді» деген­нен аулақ­пыз. Қол жет­кіз­ген жетістік­тері­міз жоқ емес, бар. Бірақ ата-баба­дан сақта­лып келе жатқан дәстүр, ар-намыс, иман­ды­лық, адам­гер­шілік сияқты құн­ды­лы­қтар көмес­кі­леніп бара­ды. Оған көп­теп мысал кел­тіру­ге бола­ды. Бір­не­ше жыл бұрын бүкіл елі­мізді дүр сіл­кін­дір­ген өрт оқиға­сы бірқа­тар жәйт­тің бетін ашып бер­ді. Оның ішін­де кадр сая­са­тын­дағы түр­лі мәсе­ле – жау­ап­сыздық, біліксіздік, ұрлық-қар­лық, жемқор­лық, құлқын­ның құлы­на айналған тоғы­шар­лық, опа­сыздық, өшпен­ділік, көз­бо­я­у­шы­лық, дарақы­лық – бәрі-бәрі бар. Бай­ы­рғы құн­ды­лы­қтар кеміп, жана­шыр­лы­қтан жұр­дай болған кез­де елі­міз бен жері­міздің бай­лы­ғы – орман-тоғай­дың, өзен-көл­дің, өзге ресур­стың аху­а­лы, бола­шақ жағ­дайы әрбір сана­лы аза­мат­ты ойлан­ды­руға тиіс. Адам­гер­шілік­тің құр­ды­мға кет­кені сон­ша­лық, жұрт тіл­сіз жаудан зардап шегіп жатқан күн­дері ел іші мен сыр­ты­нан таба­ла­у­шы­лар да табылды.

Ғалым­дар­дың пай­ым­да­уын­ша, өзен суы таба­нын­да жиналған ұйық отыз пай­ы­здан асқан тұста өзін-өзі таза­лау қабілеті­нен айы­ры­ла­ды екен. Қор­шаған орта­да да солай бол­са керек. Оның алдын алу үшін, қоғам­ды қилы қитұрқы­дан ара­ша­лау үшін үлкен өзгеріс қажет.

Жал­пы, өзгеріс ата­у­лы ойдан баста­ла­ты­ны бел­гілі. Ал халқы­мыз өз ойын Ата заң­ды қабыл­даған кез­де, мем­ле­кет бас­шы­сын сай­лаған тұста жаһанға жария етті. Енді сол ой сөз жүзін­де, қағаз­да қалып қой­ма­сын десек, нәсіліне, жыны­сы­на, қоғам­дағы мәр­те­бесіне қара­ма­стан, әрбір аза­мат мой­ны­на ала­тын мін­детіне, жау­ап­кер­шілі­гіне мән беру­ге тиіс. Елі­міз­де оның құқы­қтық, нары­қтық және әле­умет­тік негізі айқын­далған. Алай­да орын­да­луы­на кел­ген­де қадаға­ла­у­шы орган­дар кібір­тік­теп қалады.

Шын­ды­ғын айт­сақ, халы­қтың үні билік­ке жет­пей жатқан жоқ, іске өтпей жатыр. Жаңа кезеңнің жаңа қағи­да­тын – әділет­тілік­ті ұста­нуға, заң үстем­ді­гін орна­туға билік орын­да­ры мен қалың көп­шілік­тің құлы­қ­сызды­ғы, табан­сызды­ғы кедер­гі кел­тіріп тұр. Әрине, қоғам­дағы бар кем­шілік­ті тіз­бе­леп, атын атап, түсін түстеу мін­деті­міз­ге кір­мей­ді. Сон­ды­қтан есті қауы­мға ұлты­мы­здың ар-намысы­на қаты­сты бір­ді-екілі пікірі­мізді жет­кі­зуді жөн санадық.

Елдің ең қым­бат қазы­на­сы – адам, оның өмірі, құқы­ғы мен бостан­ды­ғы екені бел­гілі. Осы­ған қол жет­кі­зу жолын­да билік­тің үш тар­мағы­ның бел­гі­лен­ген мерзім­де не орын­даға­ны, қан­дай іс атқарға­ны халық алдын­дағы есебі­мен аны­қта­ла­ды. Бұл – осы күн­нің өткір тала­бы. Сай­ып кел­ген­де, соның өзі халық үніне тия­нақты жау­ап бол­мақ. Үндесу, құлақ асу, жұмы­лу нақ осы жер­де қажет десе болады.

Отан отба­сы­дан баста­ла­ды. Сон­ды­қтан ұрпақты көбей­ту­ге, оны тәр­би­е­ле­у­ге мем­ле­кет қашан­да мүд­делі. Дүни­е­ге кел­ген әрбір пер­зент­ті Алла­ның ада­мға бер­ген ама­на­ты, елдің бола­шағы, тіре­гі деп қабыл­да­уға тиіс­піз. Ал келе­шек­те қоға­мға пай­да әке­летін сол ұрпақты көше­ге, қоқы­сқа тастап кету, өзге­ге сату – барып тұрған сорақы­лық, адам­зат алдын­дағы қыл­мыс. Кей­бір қала­лар­да, жер-жер­де ұшы­рас­қан тастан­ды нәре­сте оқиға­сы­на бей­жай қарау – ұлтқа да, елге де намыс. Жыл­дан-жылға жиі қай­та­ла­нып келе жатқан осын­дай деректің себеп-сал­да­ры қоғам­да неге талқы­лан­бай­ды, зерт­тел­мей­ді? Сон­да мем­ле­кет­тің халық санын көбей­ту­ге жасап жатқан қамқор­лы­ғы, адам капи­та­лы­ның сапа­сын арт­ты­ру­дағы жұмысы, жастарға арналған түр­лі бағ­дар­ла­ма­ла­ры мен үздіксіз жүр­гізілетін оқу-тәр­бие ісі қай­да қалды?

Иә, өзге себеп­тері аны­қтал­са, оны бол­дыр­маудың жол­да­ры неге қолға алын­бай­ды? Бәл­кім, жұмысты мүл­дем басқа­ша ұйым­да­сты­ру қажет шығар. Шақа­лақ-сәбиді қоқы­сқа тастағанға қалың жұрт міз бақ­пай­тын болып бара­ды. Құлағы мен көзі үйреніп кет­кен­дей. Әдет­те мұн­дай оқыс оқиға бүкіл әлем­ді, өрке­ни­ет­ті шошындырады.

Елі­міз­де саны көп, қап­таған қоғам­дық кеңе­стер, сая­си ұйым­дар мен бір­ле­стік­тер осы үрдісті тоқта­туға неге самарқау? Әлде адам ресур­сын қадір­ле­мей­тін хәл­де­міз бе? Бұрын-соң­ды ойға кіріп шық­паған, тіп­ті естіп-біл­ме­ген жағ­дай ешкім­ді алаң­дат­пай­тын, түр­шік­тір­мей­тін болға­ны ма? Қоғам әуел­гі кез­де­гі­дей дүр ете түс­пей­ді, селқос, енжар күй кешіп жатыр. Бір сөз­бен айтқан­да, жаман­дық (нега­тив) қалып­ты нәр­се­ге айна­лып барады.

Жаңы­лу, жаза басу – бір күнә бол­са, адам­шы­лық жол­дан ада­су – мың күнә. Оның жүгі зіл бат­пан ауыр екені белгілі.

Біздің­ше, бөрік­тілер мен көрік­тілер­дің, соны­мен бір­ге ерік­тілер­дің намысы бір болған­да ғана қоғам қалғып-мүл­гі­мей­ді, сер­гек­тік танытады.

«Ұл намысты бол­са, әкенің маң­дайы терлемейді.

Қыз намысты бол­са, ана­ның ора­ма­лы кір­ле­мей­ді» – дей­ді ұлт дана­лы­ғы. Баз­біре­улер мұн­дай қаси­ет­тің кем­ді­гін кедей­шілік­ке, жоқ­шы­лы­ққа әкеліп тіреп қояды. Алай­да ғұла­ма ақын Дулат Баба­тай­ұ­лы бір ауыз сөз­бен «Жігіт­ке кедей­шілік намыс емес» деп ескер­тіп кет­ті емес пе?! Жалқа­улы­ғы, нем­кет­тілі­гі мен немқұрай­ды­лы­ғы үшін ұят­тан өртеніп, тен­тіреп, түңіліп кет­кен­дер тура­лы сіз бен біз әзір­ге естімедік.

Одан бері­де Шәкәрім қажының:

«Ар – адам­шы­лық, намыс. Намыс – күн­шіл­дік, алы­су емес, намыс – адам­ның өз мініне, кем­ді­гіне қор­ла­ну, өзін басқа­лар­мен салы­сты­рып, құр­бы­мен теңдік­ке ұмты­лу. Ынсап, рахым, ар, ұят бол­ма­са, өлгені артық. Өйт­кені мұн­дай құн­ды­лы­қ­сыз, қылы­қ­сыз жан қоғам­ды, елді бұза­ды» дегенін түр­лі сала бас­шы­ла­ры ойға алса, кәне?

Қоғам­да адам­гер­шілік өлшем­дерінің құн­сызда­уы­на мысал көп. Арсызды­қ­пен бет жыр­ты­суға дей­ін бара­тын­дар­дың себебі де – намыстың жоқты­ғы. Өкініш­ке қарай, өз мінін көр­мей­тін­дер қата­рын­да халық ара­сы­нан шығып, әділ­дік іздей­тін­дер де, құзыр­лы меке­ме бас­шы­ла­ры да, өкілет­ті мем­ле­кет­тік қыз­мет­кер­лер де кез­де­седі. Заман­дастар, соның жуан орта­сын­да бәрі­міз жүр­міз. Әрине, жөн­ге іле­с­пей­тін, сөз­ге тоқта­май­тын, «ақы­лы асып-тасы­ған­дар» мен «айтаққа еретін­дер­дің» жөні бір басқа. Кей­де жарға жыға­тын жалған намысқа заң ғана тара­зы. Баяғы­дай би алды­на, қазы алды­на барып шешетін заман қай­да, қазір «әділ» деген­нің өзі кей­де тонын теріс айнал­ды­ра­ды. Бүгін әділет ұғы­мы­ның өзек­тілі­гі осын­да. Оны түсі­нетін уақыт келді.

Көп­ке мәлім «Қабус­на­ма­да» ел биле­ушісі пер­зен­тіне: «Мал, дүние үшін басы­ң­ды тік­пе!» деп өси­ет айтуы тегін емес. Сон­дай-ақ Б.Момышұлының: «Намысы­ң­ды нанға сат­па!» деген дана­лы­ғы жемқор­лы­қтың тамы­ры­на бал­та шабу­дың нұсқа­уы ретін­де жазы­лған­дай көрінеді.

Мына заман­да елі­міз­де адам сауда­сы, оны құл­ды­қта ұстау оқиға­ла­ры да қылаң беріп қала­ды. Қан­ша әшке­ре­леніп жат­са да, қай­та­дан әр кез­де жер-жер­де бой көр­се­туін қалай түсі­не­міз? Адам бала­сы­на қия­нат жаса­мауды, оның ақы­сын жеме­уді құлағы­на құй­ып өскен­дер­дің мұн­дай қыл­мысқа баруы мүм­кін бе?

Өзінің ар-ұятын ойла­маған адам ұлт намысын ешқа­шан қорға­май­ды. Олар бірін-бірі өтірік мақтаған­ды намыс көр­мей­ді, қай­та оған мәз бола­ды. Ал дат­таған­да – ит терісін басы­на қап­тап, жер­ден алып, жер­ге салуға әзір. Намысты жер­ге тап­та­удың шегі көрін­бей қалуы да мүмкін.

Тағ­дыр тауқы­метіне тап болған бүл­дір­шін­дер­ді пана­жай мен бала­лар үйіне, қар­тай­ған ата-ана­сын қарт­тар үйіне өткізіп жатқан­да, қаза­қтың намысы неге оян­бай қала­ды? Әйгілі Әйте­ке би «Үйде атаң­ның, түз­де Отан­ның намысын қорға» деп бекер айтпаған.

Ал діні­міз балаға мей­ірім-шапаға­тын төгуді, ізгілік­ті, білім мен әдеп үйре­туді ата-ана мой­нын­дағы үлкен жау­ап­кер­шілік деп ұқтыр­са, ата-анаға жақ­сы қара­уды, құр­мет көр­се­туді, жақ­сы­лық жаса­уды пер­зен­тінің өмір­лік пары­зы санай­ды. Осын­дай өси­ет­ті, яғни жетім мен жесір­дің ақы­сын жемеу, бала, ата-ана, ерлі-зай­ып­ты, туған-туыс, бауыр, көр­ші боры­шын орын­дау жеке аза­мат­тар­дың ғана емес, тұтас елі­міздің намысы­на бай­ла­у­лы іс екенін қоғам сезін­се, жаңа­рып-жаңғы­рған надан­ды­қтың алдын алуға болар еді.

Салт-дәстүр, әдет-ғұрып сияқты құн­ды­лы­қта­ры­мы­зды сақта­уға сеп­тесіп келе жатқан өнер мен әде­би­еті­міздің, ұлт­тық бас­пасөздің өзі қол­да­уға зәру екені жасы­рын емес. Ел, ұлт намысын жанын­дай қорғай­тын газет-жур­налға жаз­ды­ру ісін де ман­сұқтап, беті­нен қағып таста­дық. Сон­да маңы­зды мәсе­лені елдің есіне кім сала­ды, қай жақтан қай­ыр күтеміз?

Оба­лы не керек, әле­умет­тік желі­де әлі кел­ген­ше зар­лай­тын, жыр­лай­тын жана­шыр­лар бар, бірақ көп емес. Соны­мен бір­ге өтірі­гі мен шынын ара­ла­сты­ра сусыл­дай­тын, тап­сы­ры­спен жазып жатқан зуыл­дақтар да жетер­лік. Бірақ оның дұры­сы мен бұры­сын кім бағам­дап жатыр, құмға сің­ген су сияқты ізі де көрін­бей­ді. Ізі көрін­се, іс те көріне баста­у­шы еді.

Қай кез­де де ұлт намысын ойлап, руха­ни­я­тын бай­ы­туға өз үлесін қоса­тын жазу­шы Төлен Әбдік: «Шын мәнін­де, намыс деген біре­у­ге ә десе, мә деп, бет қарат­пай жау­ап қай­та­ру емес, намыс – қатар­дан қал­мау, өзіңнің ешкім­нен кем емес екеніңді ісің­мен мой­ын­дат­ты­ру» деп, осы қаси­ет­ке заман тала­бы­на сай дәл аны­қта­ма беріпті.

Шынын­да, қазір­гі ең баян­ды өлшем – өзге өрке­ни­ет­ті елдер­ден қал­май, ісің­мен мой­ын­дат­ты­ру. Бар­лық сала­да, кез кел­ген кәсіп­те, лау­а­зым­да солай болуға тиіс. Жөпел­де­ме­де жап­пай ақыл айту­дың уақы­ты әлдеқа­шан өтіп кет­кен. Бұл тура­лы кезін­де әйгілі клас­сик жазу­шы Ғабит Мүсіре­пов былай тұжы­рым­дап­ты: «Қаза­қтың білетіні аз емес, істей білетіні аз, білу мен істей білу – екі мәселе».

Қоры­та айтқан­да, қазір елдің намысы да, ердің намысы да сынға түсіп тұр. Әділет­ті мем­ле­кет құру жолын­дағы қоғам­ның үні, тала­бы күшей­ді. Одан сес­ке­нетін дәнеңе жоқ, керісін­ше, олар­ды бір арнаға тоғы­стыр­са, нәти­же­ге тезірек қол жет­кі­зе­міз. Қазір қол­да­ны­стағы және қабыл­да­на­тын заң­дарға жұрт­шы­лық тара­пы­нан ерекше мән бері­ле бастады.

Аза­мат­тық қоғам құру­дың басты шар­ты – адам құқы­ғын қатаң сақтау, оның жан-жақты дамуы­на барын­ша қолай­лы жағ­дай туғы­зу. Нақты іс-шара­лар жүр­гі­зу арқы­лы ер де, әйел де өз намысын қорға­уға қабілет­ті бол­са, елі­міздің бет-бей­несі мен бол­мысы өзге­ретіні сөз­сіз. Сон­да мем­ле­кеті­міздің әрбір қада­мын­да адам­гер­шілік пен жау­ап­кер­шілік­тің, намыс пен білік­тілік­тің бай­рағы биік тұра­ды. Осы­ның өзі – ақыл­дың өлше­мі, таным­ның таразысы.

Дар­хан МЫҢБАЙ

Республиканский еженедельник онлайн