Кеше басты рөлде Ерлан Төлеутай ойнаған кинорежиссер Елзат Ескендірдің Халықаралық бірнеше фестивальде Гран-при иеленген, бірнеше ер адам, бірнеше әйел адам рөліне қатысты марапаттарға ие болған, Қазақстанның кино тарихында болмаған жетістіктерге қол жеткізген «ӘБІЛ» фильмінің жабық көрсетілімі болды… Ине шаншар орын жоқ.
Қазақстан 1991 жылы тәуелсіздік алған кезде, шынымды айтсам, біз тәуелсіздікті қуанып қарсы алмақ түгілі, оның келгенін де, тіпті тәуелсіздік дегеннің не екенін де толық ұғына қойған жоқ едік. Ол кезде мектепті енді ғана бітіріп, оқуға түсіп, өмірге жаңа көз тігіп, жан-жағымызды танып келе жатқан біз «Қазақстан тәуелсіз ел болды, дербес мемлекет атанды» деген тарихи жаңалықты ту алып көшеге шығып, отшашу атып, атап өткен жан көрмедік.
Тәуелсіздіктің қадірі мен мәнін уақыт өте келе ғана түсіне бастадық. Бірақ дәл осы кезеңде қазақ қоғамы аса ауыр әрі күрделі қайшылықтарға тап болды. Кеңестік жүйенің қалыпты, тұрақты тіршілігіне бейімделіп қалған жұрт аяқ астынан келген жоқшылық пен тапшылықтың алдында абдырап қалды. Елдің ертеңі бұлыңғыр еді, халық қайда барарын, не істерін білмеді.
Сол тұстағы ең үлкен қасіреттің бірі – өмір бойы «өкіметтің малы» деп бағып келген қарапайым бақташының қолындағы малдың приватизация деген желеумен «прихватизация» жасап, санаулы адамдардың қолына өтіп кетуі болды. Бар ғұмырын мал соңында өткізген Әбілдің ақырында аярлық пен алаяқтықтың, екіжүзділік пен әділетсіздіктің кесірінен ер-тұрманын арқалап, таяғына сүйеніп жаяу қалуы, ұлының қазасы, бір әулеттің тағдырының күйреуі – бұл жалғыз Әбілдің емес, сол кезеңдегі мыңдаған қазақ отбасының басынан өткен ащы ақиқат.
Фильмдегі Әбілдің: «Кеше менің ата-бабам кім еді, мен кім едім, бүгін бұлар кім болды?» деген бір ауыз сөзі адамның жан дүниесін сілкінтіп, терең ойға жетелейді. Өйткені тарихи шындықтың өзі де осы еді. Кезінде большевиктер коллективтендіру саясаты арқылы қазақтың өз малын тартып алып, оны «мемлекеттің мүлкі» деп жариялап, сол малды өз иелеріне бақтырды. Ал тәуелсіздік келген шақта сол баяғы ата-бабадан қалған дәулеттен Әбілдер біржола айырылды…
Режиссер Елзат Ескендір мен әнші, зерттеуші, актер Ерлан Төлеутайдың кеше тұсауы кесілген «Әбіл» фильмі – бір адамның ғана тағдырын емес, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы тұтас бір ұрпақтың қасіретін, қазақ қоғамының жан жарасын бейнелеген шығарма. Бұл – өткенді жоқтау емес, Тұңғышбай ағамыз айтқандай, «ұлттың отыз жыл бойғы қасіреті». Өйткені тарихтың ең ауыр сабақтары ұмытылған жерде әділет те, жады да жоғалады…
25 маусымнан бастап «ӘБІЛ» фильмі Қазақстанның 85 кинотеатрында көрсетіле бастайды.
Құрметті ағайын! Фильмге барыңыздар, көріңіздер! Өкінбейсіздер…
Фильмнің үнсіздікпен аяқталуы – символ. Ненің символы екенін барсаңыз түсінесіз. Енді үнсіз қалмайық!..
Күнқожа ҚАЙРОЛЛА