Айналаңызға қараңызшы – табиғат бізге сансыз шипалы өсімдікті еш ақысыз ұсынып отыр. Егер қазақ медицинасының дәрігерлері, Ғылым академиясының ғалымдары, кәсіпкерлер мен маркетологтар күш біріктірсе, дәрілік өсімдіктер еліміздің экономикасын алға сүйрейтін жетекші салалардың біріне айналуы әбден мүмкін.
Көпшілік үшін бұл тосын жаңалық болуы мүмкін. Бірақ қазақ медицинасы – кейіннен пайда болған ұғым емес, ғасырлар қойнауынан жеткен төл мұра. Оның ғылыми негіздері XV ғасырда өмір сүрген ғұлама Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының еңбектерінде жан-жақты баяндалған. Ғалым өз зерттеулерінде өсімдік тектес 728, жануар тектес 318 және 60 түрлі минералдың емдік қасиеттерін сипаттайды. Сонымен қатар 1106 түрлі дәрі-дәрмек пен 4577 емдік рецептті жүйелеп жазып қалдырған. Бұл – қазақтың дәстүрлі медицинасының терең тәжірибесі мен бай ғылыми мұрасының айқын дәлелі.
Қазақ медицинасы – табиғаттың шипалы мүмкіндіктерін тұтас қарастыратын комплементарлық медицина. Бұл жүйеде өсімдіктерден, жануарлардан және минералдардан алынатын табиғи емдік құралдар бір-бірін толықтырып, кешенді түрде қолданылады.
Ең бастысы – қазақтың дәстүрлі медицинасы өткеннің сарқыншағы емес. Ол бүгінге дейін өзінің өміршеңдігін сақтап келеді. Соның айқын дәлелі – Қытайдың Шыңжаң өлкесі. Мұнда қазақ медицинасы жоғары оқу орындары мен колледждерде жеке пән ретінде оқытылады, қазақ тілінде арнайы оқулықтар жарық көрген, ғылыми-зерттеу орталықтары жұмыс істейді. Кейбір зерттеулерде қазақтың дәстүрлі медицинасы Қытай, Тибет секілді дәстүрлі медицина жүйелерімен қатар қарастырылып, әлемдегі ең танымал дәстүрлі медицина мектептерінің бірі ретінде бағаланады.
Осы бағыттағы тағы бір үміт күттіретін жаңалық – өмірін емдік өсімдіктер мен қазақ медицинасын зерттеуге арнаған білікті маманның бүгінде Қазақстанда еңбек етіп жүргені. Ол – Мұханбетхан Әбішұлы. Қытайда ұзақ жылдар бойы адамдарды емдеп, осы саланы терең зерттеген ол соңғы он жылда ата-бабадан қалған дәстүрлі медицина мұрасын тарихи Отанына қайта әкеліп, жаңғырту жолында еңбек етіп келеді.
Бұдан да қызығы, оның ұстазы – Қытайдағы осы саланың жетекші мамандарының бірі. Оның иелігінде он дәрі-дәрмек өндіретін зауыт пен ғылыми-зерттеу орталығы бар. Сол кәсіпорындарда өндірілетін табиғи дәрілік өнімдер бүгінде әлемнің 72 еліне экспортталады. Бұл – емдік өсімдіктерге негізделген медицинаның ғылыми тұрғыдан да, экономикалық тұрғыдан да зор әлеуетке ие екенінің нақты дәлелі.
Жапония, Корея және басқа да дамыған мемлекеттер бүгінде табиғи емдік өсімдіктерді әлемнің әр түкпірінен іздеп, оларды ғылыми айналымға енгізуге және өндіріске пайдалануға бар күшін салып отыр. Ал біз ше? Осындай баға жетпес байлықтың үстінде отырып-ақ, оның қадірін әлі толық бағалай алмай келеміз.
Қоршаған орта және табиғи ресурстар министрлігіне қарасты Ботаника және фитоинтродукция институтының мәліметіне сүйенсек (институттың Өсімдік ресурстары зертханасының меңгерушісі, биология ғылымдарының докторы, профессор Надежда Геннадьевна Гемеджиевамен болған сұхбат негізінде), Қазақстан аумағында емдік өсімдіктердің 1406 түрі өседі. Соның 230 түрі ресми медицинада, ал 900-ге жуығы халық медицинасында қолданылады. Бұл өсімдіктердің басым бөлігі әлемнің көптеген елінде кеңінен пайдаланылып келеді. Алайда олардың табиғи отаны саналатын Қазақстанда осы байлықтың өте аз бөлігі ғана игілікке жарап отыр.
Емдік өсімдіктердің негізгі қоры Оңтүстік-Шығыс және Шығыс Қазақстан өңірлерінде шоғырланған. Бұған ең алдымен осы аймақтардың табиғи-климаттық ерекшелігі мен таулы ландшафты себеп. Мұндай орта өсімдіктердің сан алуандығы мен емдік қасиеті жоғары түрлерінің мол өсуіне ерекше қолайлы жағдай қалыптастырған.
Қазақстандағы емдік өсімдіктерді толық түгендеу соңғы рет 1990-жылдары жүргізілген. Содан бері бұл бағыттағы жұмыстар негізінен мемлекеттік тапсырыс аясында жекелеген өңірлердің өсімдік кадастрын жасау және өсімдік түрлеріне қысқаша сипаттама берумен ғана шектеліп келді. Ал жеке компаниялардың сұранысымен көбіне мия, ферула, цистанх секілді жекелеген дәрілік өсімдіктер ғана зерттелді.
Осындай олқылықтың орнын толтыру жолында 2023 жылы 2 қаңтар күні аса маңызды қадам жасалды. Сол күні Қазақстан Республикасының «Өсімдік дүниесі туралы» заңы қабылданып, онда еліміздің өсімдік дүниесінің мемлекеттік кадастрын жасау мен жүргізудің құқықтық негіздері айқындалды.
Әрине, мұндай ауқымды жұмысты қысқа мерзімде аяқтау мүмкін емес. Бір ғана өңірдің өсімдік кадастрын әзірлеудің өзіне кемінде үш жыл қажет. Сондықтан ең әуелі емдік өсімдіктер қоры мол шоғырланған аймақтардан бастаған жөн. Оның үстіне бұл бағытта алғашқы нәтижелер де бар. Мәселен, Алматы облысындағы шаруашылық тұрғысынан құнды өсімдік түрлерінің кадастры әзірленіп, ғылыми айналымға енгізілді. Бұл – еліміздің табиғи байлығын жүйелі игеруге бағытталған маңызды бастамалардың бірі.
Емдік өсімдікті тиімді игеру үшін оны тауып, жинап алу жеткіліксіз. Бұл – бір-бірімен тығыз байланысқан күрделі ғылыми үдеріс. Ең алдымен өсімдіктің нақты таралу аймағы анықталып, оның табиғи қоры бағаланады және мәртебесі нақтыланады: сирек кездесетін түр ме, ресми медицина мойындаған дәрілік өсімдік пе, әлде халық медицинасында ғана қолданылып жүрген өсімдік пе? Осыдан кейін ғана оны дәрілік препаратқа айналдыруға бағытталған жан-жақты зерттеулер басталады. Бұл үдерісте өсімдік шикізатына молекулалық-генетикалық және фитохимиялық талдаулар жүргізіліп, құрамындағы биологиялық белсенді заттар жан-жақты зерттеледі. Соның нәтижесінде белгілі бір өсімдіктің қандай емдік қасиетке ие екені анықталады. Мәселен, оның ағзаны бейімдейтін (адаптогендік), вирусқа қарсы, ісікке қарсы қасиеті немесе басқа да емдік әсерлері ғылыми тұрғыдан дәлелденеді. Мұндай ауқымды жұмысты бір ғана мамандықтың күшімен атқару мүмкін емес. Ол ботаниктердің, биологтардың, фитохимиктердің, генетиктердің және басқа да сала мамандарының өзара тығыз ынтымақтастығын талап етеді.
Өкінішке қарай, бүгінгі Қазақстан ғылымында мұндай ықпалдастық әлі де жеткіліксіз. Көп жағдайда әрбір ғылыми институт өз бағыты бойынша ғана зерттеу жүргізіп, өсімдіктерді өз саласының өлшемдері негізінде жеке-жеке сипаттаумен шектеліп келеді. Соның салдарынан емдік өсімдіктерді кешенді зерттеу мен оларды өндіріске енгізу үдерісі баяу жүруде.
Қазір елімізде «Қазақстанның биологиялық алуан түрлілігін сақтау стратегиясы» әзірленіп жатыр. Бұл – ғылыми әлеуетті біріктіріп, емдік өсімдіктерді зерттеу ісін жаңа деңгейге көтеруге берілген маңызды мүмкіндік. Сондықтан осы құжатта ғылыми-зерттеу институттарының өзара ықпалдастығы мен ортақ ғылыми платформа қалыптастыру мәселесіне де ерекше назар аударған жөн.
Қазақстанның емдік өсімдіктеріне шетелдер қызығушылық танытып отырғаны кездейсоқ емес. Мұны өткен жылдардың өзі дәлелдеп берді. Кезінде Қытай кәсіпкерлері мия тамырын жүк көліктерімен тасып әкетсе, кейін кордицепсті заңсыз жолмен сыртқа шығармақ болған талай әрекет әшкереленді. Ең өкініштісі – өз жерімізде өсетін сол өсімдіктерден шетелде дайындалған дәрілік өнімдерді кейін өзіміз бірнеше есе қымбат бағамен сатып алуға мәжбүр болып отырмыз.
Бұл өсімдіктердің ғылыми және экономикалық құндылығы халықаралық деңгейде де мойындалуда. Соның бір дәлелі – 2017 жылдан бері Кореяның Биология және биотехнология институтының бастамасымен Қазақстанда жүзеге асырылып келе жатқан бірлескен ғылыми жоба. «Халық медицинасында қолданылатын Қазақстанның емдік өсімдіктерін биоскринингтен өткізу» деп аталатын бұл бағдарлама аясында корей ғалымдары еліміздің дәрілік өсімдіктерінің биологиялық әлеуетін зерттеп, оларды жаңа табиғи дәрілік шикізат көзі ретінде бағалауды мақсат еткен. Біз үшін бұл – маңызды ой салатын жайт. Өз байлығымыздың қадірін өзгелер ертерек танып отыр. Ендеше табиғаттың бізге берген осы мүмкіндігін тиімді пайдаланып, оны ғылыммен, кәсіпкерлікпен және өндіріспен ұштастыру – уақыт күттірмейтін міндет.
Соңғы отыз жылда Қазақстанда емдік өсімдіктерді өңдеп, фитопрепараттар өндіретін бірқатар отандық кәсіпорындар қалыптасты. Солардың қатарында Қарағандыдағы «Фитохимия» ғылыми-өндірістік орталығы, Есік қаласындағы «Fitoleum» компаниясы (көпшілікке кеңінен танымал «Қызылмай» өнімінің өндірушісі) және талай жылдан бері табиғи фитопрепараттар шығарып, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан «Fito_Almaty» отбасылық кәсіпорны бар. Бұл кәсіпорындардың барлығы өз өнімдерін Қазақстанның табиғи шикізаты негізінде өндіреді. Олардың фитопрепараттары ішкі нарықта жоғары сұранысқа ие. Сонымен қатар АҚШ пен Еуропа елдерінен де жеке тапсырыстар түсіп тұрады.
Алайда осы жетістіктерге қарамастан, қазақстандық фитопрепараттар әлі күнге дейін әлемдік нарықта Қазақстанның ұлттық бренді ретінде лайықты деңгейде танылып үлгерген жоқ. Дегенмен, бұл бағыттағы оң өзгерістер аз емес. Мәселен, Жетісу облысының Сарқан ауданында орналасқан «Azia Gold» ЖШС бүгінде емдік қасиеті жоғары он түрлі дәрілік өсімдікті арнайы өсіріп, оларды сыртқы нарыққа экспорттап келеді. Бұл – Қазақстанның табиғи байлығын жоғары қосылған құны бар өнімге айналдыруға толық мүмкіндік бар екенін көрсететін нақты мысал.
Академик Вячеслав Нотанович Локшиннің айтуынша, түпнұсқа дәрілік препарат жасау – орасан зор қаржы мен ұзақ жылдарға созылатын ғылыми ізденісті талап ететін күрделі үдеріс. Әлемдегі жетекші фармацевтикалық компаниялар жыл сайын зерттеулер мен инновацияларға миллиардтаған доллар инвестициялап, табысының шамамен 20 пайызын осы бағытқа жұмсайды. Оның үстіне қазіргі заманғы дәрі-дәрмек – көбіне халықаралық ғылыми ынтымақтастықтың жемісі. Кейде бір ғана препаратты әзірлеуге отызға жуық елдің ғалымдары бірлесіп еңбек етеді.
Ал Қазақстандағы фармацевтикалық кәсіпорындардың басым бөлігі әзірге дженериктерді, яғни бұрыннан белгілі дәрілік препараттардың балама нұсқаларын өндірумен шектеліп келеді. Оның үстіне өндірілетін өнім түрлері де әлі көп емес.
Алайда COVID-19 пандемиясы барша әлемге маңызды сабақ берді: стратегиялық маңызы бар дәрілік препараттарды әр мемлекет мүмкіндігінше өз ішінде өндіруге ұмтылуы тиіс. Денсаулық сақтау саласындағы қауіпсіздік – ұлттық қауіпсіздіктің ажырамас бөлігі.
Сонымен қатар Қазақстанның өзіне ғана тән тағы бір артықшылығы бар. Біздің елімізде ғана өсетін эндемикалық өсімдіктер негізінде бірегей дәрілік препараттар әзірлеуге толық мүмкіндігіміз бар. Бұл – ешбір ел қайталай алмайтын табиғи әрі ғылыми әлеует.
Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының Өмір және денсаулық туралы ғылымдар орталығы бүгінде елімізде фитокластер құру тұжырымдамасын әзірлеп жатыр. Бұл – емдік қасиеті бар өсімдіктерді ғылыми зерттеуден бастап, дәрілік препарат өндіруге дейінгі бүкіл үдерісті бір жүйеге біріктіруге бағытталған ауқымды бастама. Жобаның басты ерекшелігі – мультидисциплинарлық тәсілге негізделуі. Яғни, фитокластер аясында шөптанушылар, ботаниктер, дәрігерлер, химиктер, фармакологтар, бағдарламашылар және кәсіпкерлер бірлесе жұмыс істейді. Алдын ала жоспар бойынша, бұл орталық «Алатау» арнайы экономикалық аймағында орналасады. Ал күрделі молекулалық модельдер мен химиялық қосылыстардың сансыз комбинациясын талдау үшін Алматыдағы суперкомпьютердің есептеу қуаты пайдаланылмақ.
Қазіргі таңда әлемдік фармацевтика жасанды интеллектінің мүмкіндіктерін кеңінен қолдана бастады. AI технологиялары миллиардтаған химиялық комбинацияны санаулы уақыт ішінде саралап, жаңа дәрілік қосылыстарды іздеуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар ол фармацевтикалық және ғылыми деректердің орасан зор көлемін өңдеп, зерттеу үдерісін бұрынғыдан әлдеқайда жылдам әрі тиімді етеді. Егер осындай заманауи технологиялар Қазақстанның табиғи өсімдік қорымен және отандық ғылыми әлеуетпен ұштасса, елімізде бәсекеге қабілетті жаңа фитопрепараттар өндірісін дамытуға толық мүмкіндік туады.
Дегенмен, жасанды интеллект қаншалықты қуатты болғанымен, ол тек әлемдік ғылыми кеңістікте жинақталған деректерге сүйенеді. Ал Қазақстанның басты артықшылығы – ешбір дерекқордан табыла бермейтін төл мұрасы. Ол – ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан қазақтың халық медицинасы, емшілік тәжірибесі және табиғаттың өзі сыйлаған бай дәрілік өсімдіктер мен минералдар қоры.
Ендеше бүгінгі ең маңызды міндет – қазақ медицинасының ғылыми және практикалық дәстүрін заман талабына сай жаңғырту. Ол үшін халық емшілерінің тәжірибесін заманауи ғылыммен ұштастырып, ғалымдардың, фитотерапия мамандарының, дәрігерлердің, кәсіпкерлердің және мемлекеттің күш-жігерін бір арнаға тоғыстыратын жүйелі экожүйе қалыптастыру қажет.
Қазақстан табиғат берген осы баға жетпес байлықты тиімді игере алса, бұл тек халық денсаулығына қызмет ететін жаңа фитопрепараттардың дүниеге келуіне ғана емес, әлемдік нарықта танылатын қуатты ұлттық брендтің қалыптасуына да жол ашады.
Сондықтан бұл бастамаға Үкімет, жергілікті атқарушы органдар, ғылыми қауымдастық пен кәсіпкерлер ерекше көңіл бөліп, нақты қолдау көрсетсе деген үміт бар.
Анар Мешимбаева,«ДАТ» сарапшысы