Қазақстан тәуелсіздік алған отыз бес жыл ішінде талай экономикалық және саяси кезеңдерді бастан өткерді. Талай рет жаңғыру мен жаңару бағдарламалары қабылданды, реформалар жарияланды, жаңа институттар құрылды. Алайда қоғамның көкейіндегі басты сауал әлі де өзінің өзекті күйінде қалып отыр.
Мемлекет халық үшін жұмыс істей ме?
Бұл – осыдан 35 жыл бұрын халық қойған сауал еді. Осы сауалды біз бүгінгі күннің еншісіне еш өзгеріссіз қалдырып отырмыз.
Неге?
Бұл сұрақ қазіргі таңда әрбір қазақстандықтың көкейінде сайрап тұрғанын біз жақсы білеміз әрі сеземіз. Себебі күн сайын жастардың жұмыссыздығы, өңірлердегі әлеуметтік теңсіздік, халықтың мемлекеттік институттарға деген сенімінің әлсіреуі сынды бітпейтін жүйелі мәселелер қоғамды жаңа саяси шешімдер іздеуге мәжбүр етуде. ЖСДП да соңғы 20 жыл бойы халықпен бірге шешімдер іздеумен қатар түрлі ұсыныстарды алға шығарып келеді десем, өтірік емес.
Жалпыұлттық социал-демократиялық партия ұсынған «Прогресс жолындағы 20 белес» бағдарламасының негізгі ерекшелігі де осы ұстанымға негізделген. Партия төрағасы Асхат Рақымжанов: «Біздің бағдарлама – кабинетте жазылған құжат емес, халықтың нақты талаптарынан туындаған саяси ұстанымдар жиынтығы. Өйткені саясаттың басты өлшемі – биліктің өзі емес, азаматтардың өмір сапасы», – дейді.
Расында, халықтың өмір сапасының артуы – ең алдымен билік құрылымдарының тиімді жұмысының нәтижесі. Оның қоғамның ең соңғы нүктесіне, деңгейіне дейін әсер етуі аса маңызды.
Партия өзінің жалпы ұстанымын, ұранын «Таңдаймыз! Бақылаймыз! Талап етеміз!» деп айқындап отыр. Аталмыш ұранның астарында үлкен мән барын былайғы жұрт түсінеді деп ойлаймын. Бұл үш сөздің өзіндік құрылымдық байланысы да зор. Әділ саясатты ұстанған жан бұл үшеуін бір-бірінен ажырата алмайды.
Таңдаймыз! – өз тағдырымызды өзіміз шешеміз деген сөз. Біз сайлауда дауыс берген кезде кімді таңдайтынымызды айқын білуіміз керек. Таңдау – жай ғана бюллетеньге белгі қою емес. Бұл – ертеңгі күнімізге жауапкершілікпен қарап, таңдау жасау.
Бақылаймыз! – сайлау өткізумен жұмыс аяқталып қалмайды. Біз уәде берген адамдардың сөзінде тұрғанын, бюджет қаржысының қайда жұмсалып жатқанын, мемлекеттік бағдарламалардың қалай орындалып жатқанын бақылауға құқылымыз. Өйткені билік – халықтың қызметшісі. Егер халық бақыламаса, жауапсыздық пен жемқорлыққа жол ашылады. Сондықтан біз халықпен бірге бақылаймыз.
Талап етеміз! – егер билік өз міндетін орындамаса, халық үнсіз отырмауы керек. Әділ шешім қабылдауды, ашық есеп беруді, сапалы білім мен медицинаға қолжетімділікті, таза ауыз суды, қауіпсіз ортаны талап ету – әр азаматтың заңды құқығы. Есте сақтайтын бір дүние – талап ету жанжал шығару емес. Ол – Конституциямен берілген азаматтық құқық.
Әділетті мемлекетте ең алдымен жемқорлықпен ымыраға жол берілмеуі керек. Қазақстанда жемқорлық жай ғана құқық бұзушылық емес, ол экономикалық өсімді тежейтін, халықтың мемлекетке деген сенімін жоятын ең қауіпті кеселдердің біріне айналғаны рас. Мемлекеттік сатып алуға бөлінген миллиардтаған қаржының қайда жұмсалғанын халық мүлде білмейді. Осыдан кейін халықтың күмәні де, сенімсіздігі де пайда болып отырғаны анық. Толықтай ашықтық жоқ жерде күмән де көбейеді.
Сондықтан мемлекеттік құрылымдардағы сатып алу рәсімдері, қаржыға қатысты жүйелер толық цифрлануы қажет. Бұл техникалық жаңалық қана емес, қоғамдық бақылауды күшейтудің де тиімді тетігі болмақ. Жасалған әрбір келісімшарт, әрбір бюджет шығыны қоғамға ашық болғанда ғана жемқорлықтың жолы кесілмек. Бұл мәселе тұрғысынан, әсіресе ірі көлемдегі қаржы айналымына ие ұлттық холдингтер, «Бәйтерек», «Самұрық-Қазына» сынды ұйымдарға да қатысты.
Бұл мәселе төңірегінде жуықта өткен Ұлттық теледебатта ЖСДП төрағасының орынбасары Тазабек Сәмбетбай өте орынды пікір айтты.
«Біз мемлекеттің ірі қаржылық ұйымдарының жұмысын қоғам тарапынан бақылануын қолдаймыз. «Бәйтерек», «Самұрық-Қазына» сынды ұйымдардың маңыздылығын көріп отырғанымыз жоқ. Мұндай ұйымдарды мемлекет тарапынан халықтың қаржысына ұстап тұрғанша, оларды тарату керек немесе жеке меншікке беру маңызды. Халықтың қаржысы мұндай ірі құрылымдардың айналымында жүруі дұрыс емес», – деді. Бұл басымдық партияның сайлауалды бағдарламасында да нақты жазылған.
Сол сияқты жергілікті өзін-өзі басқаруды күшейту де – демократияның басты талабы. Мысалы, алыстағы ауылдың мәселесін қаладағы әйнек кабинет шешпеуі тиіс. Өңірдің дамуы туралы шешімдер сол өңір тұрғындарына жақын жерде қабылдануы қажет. Бұл да ЖСДП бағдарламасында айқын көзделген.
Әкімдіктің бюджеті халықтан жасырын болмауы керек. Себебі бюджет – биліктің емес, салық төлеушінің ақшасы. Ал халық өз қаржысының қалай жұмсалып жатқанын білуге толық құқылы. Міне, талап етудің тағы бір қағидасы осы.
Бұл – шын мәніндегі жауапты мемлекеттің көрінісі.
Экономика халыққа қызмет етуі тиіс
Қазақстан табиғи ресурстарға бай мемлекет болғанымен, қоғамдағы әлеуметтік теңсіздік әлі де күрделі күйде қалып отыр. Құзырлы орындардың ел экономикасына байланысты берген ресми мәліметтеріне қарасақ, жағдай Еуропаның қарқынды түрде дамыған мемлекеттерімен тереземіз тең сияқты ұқсайды. Осындай көрсеткіштер жарияланған сайын, қарапайым халықтың көкейінде бір ғана сұрақ туындайтыны анық.
Бізде экономика өсіп жатса, онда неге халықтың тұрмысы соған сай болмайды?
Партияның пайымдауынша, мәселенің түп-төркіні ұлттық байлықтың әділетсіз бөлінуінде. Ұзақ жылдар бойы қалыптасқан монополиялар мен олигополиялық құрылымдар еркін бәсекенің дамуына мүмкіндік бермеді. Нәтижесінде шағын және орта бизнес әлсіреді, ал тұтынушылар қымбатшылық жағдайында өмір сүруге мәжбүр болды. Сондықтан квазимемлекеттік құрылымдарды қысқартып, заңсыз жекешелендірілген активтерді мемлекетке қайтару аса маңызды болмақ. Бұл өткенмен есеп айырысу емес, қоғамдық әділеттілікті қалпына келтірудің маңызды тетігі.
Бірақ бұл процесс заң үстемдігіне сүйеніп, ашық әрі әділ жүргізілуі қажет. Мемлекеттік саясаттың түпкі мақсаты – экономикалық ресурстардың халық игілігіне жұмыс істеуін қамтамасыз ету. Ал ЖСДП өз бағдарламасында осыны ұсынады.
Бір сөзбен айтқанда, экономикалық әділеттілік әлеуметтік әділеттілікпен қатар жүруі тиіс.
15 наурызда қабылданған жаңа Конституциямыздың 8‑бабының 3‑тармағында: «Жер жəне оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі. Халық атынан меншік құқығын мемлекет жүзеге асырады. Жер заңда белгіленген негіздерде, шарттар мен шектерде жеке меншікте де болуы мүмкін», – деп нақтыланып отыр.
Ата Заңда айтылғандай, Қазақстанның табиғи ресурстарының түпкі иесі – халық екені айқын бекітілді. Бұл норма мемлекетке тек меншік иесінің өкілі болу құқығын ғана емес, ұлттық байлықтың әрбір азаматтың игілігіне әділ әрі тиімді қызмет етуін қамтамасыз ету міндетін де жүктейді. Сондықтан табиғи ресурстарды басқарудағы басты өлшем – жекелеген топтардың емес, бүкіл қоғамның мүддесі болуы тиіс. ЖСДП осыны айтып отыр. Бұл мақсатты партия осы уақыттар аралығында үздіксіз қолдап келді.
Осы тұрғыдан алғанда, ЖСДП ұсынатын квазимемлекеттік секторды оңтайландыру, заңсыз жекешелендірілген активтерді мемлекетке қайтару, ұлттық байлықты ашық әрі әділ басқару бастамалары Конституцияның осы қағидатымен толық үндеседі. Бұл өткенді қайта қарау емес, қоғамдық сенімді нығайтып, экономикалық және әлеуметтік әділеттілікті орнықтыруға бағытталған мемлекеттік саясаттың маңызды бағыты. Олай болатыны – халыққа тиесілі байлық халықтың әл-ауқатын арттыруға қызмет еткенде ғана Конституцияның мәні толық жүзеге асады, азаматтардың әлеуеті артады.
Таңдаймыз! Бақылаймыз! Талап етеміз!
ЖСДП-ның ұстанымы да осы.
Әділетті мемлекет ешқашан өздігінен пайда болмайды. Оны өз құқығын білетін, биліктен есеп сұрайтын және ел тағдырына бейжай қарамайтын азаматтар ғана қалыптастыра алады.