Міне, биылғы жылы 15 наурызда республикалық референдумда қабылданған жаңа Конституция негізінде қалыптасатын тұңғыш Құрылтай сайлауына үш-ақ күн қалды. Бұл – шын мәнінде еліміздің мемлекеттік құрылысында бетбұрысты кезең. Осыған байланысты біраз күн бұрын кезінде аудан әкімі, облыс әкімінің орынбасары, Президент әкімшілігі басшысының орынбасары, Мәдениет және ақпарт министрі, Мәжіліс депутаты болған қоғам және мемлекет қайраткері, әріптесіміз Дархан Мыңбай «Фейсбукте»:
«Заң мен тәртіп, пікірде, істе, ортада – тазалық сияқты өзекті құндылықтарға мән беру жөнінде аз айтылып жатқан жоқ. Әрине, ел-жұртымыздың басты тілегі – мемлекеттік басқару құрылымдарына нағыз отаншыл азаматтардың, білікті, жауапты мамандардың келуі.
Жалпы халықтың қалауы – еліміздің ең лайықты азаматтарын Құрылтай депутаттары қатарынан көру. Рас, мұны жүзеге асыру тиісті заңдарға сәйкес атқарылады. Әділдігін айтсақ, ол – тұтас халқымыздың еркіндегі іс, әрбір сайлаушының заңды құқы.
Кезінде Алаш ардақтысы Ахмет Байтұрсынұлы: «Сайлау деген өзіңе берген ықтияр» деген. Бұл анықтама жайдан-жай айтылмаса керек. Сондықтан осы жылғы 23 тамызға белгіленген сайлаудың жөні бөлек», – деген парасатты пайымын жариялады.
Иә, еліміздің даму келешегі тұрғысынан шын мәнінде бұл сайлаудың жөні бөлек және бұрынғы сайлаулардан өзгерек. Өйткені бұған дейінгі Парламент Мәжілісінің депутаттары аралас сайлау жүйесі арқылы немесе депутаттық құрамның бір бөлігі мажоритарлық жүйе – бір мандатты округтер бойынша нақты кандидатқа дауыс беру, ал екінші бөлігі пропорционалды жүйе – партиялық тізімдер бойынша саяси партияларға дауыс беру арқылы сайланды. Көптеген сарапшылар мажоритарлық жүйе сайлаушыларға өз аймағынан нақты бір тұлғаны таңдауға мүмкіндік беретінін және сол арқылы белгілі бір дәрежеде азаматтардың сайлауға қызығушылығы мен белсенділігіне оң әсер ететінін айтады. Ал бізде тұрғындардың саяси партияларға деген көзқарасы белгілі, көпшілікте «қайсы бірі басымызға шырақ жағады» деген пессимистік көзқарас басым.
Оның үстіне Қазақстан Орталық сайлау комиссиясының (ОСК) 2026 жылғы 2 тамыздағы ресми мәліметі бойынша сайлаушылар тізіміне енгізілген 12 605 788 азаматтың 11 миллионнан астамы немесе 87 пайыздан астам тұрғын ешқандай партияда жоқ! Осы тұрғыдан алғанда, ертеңгі Құрылтай сайлауында сайлаушылардың белсенділігі қалай болады деген сұрақ өте өзекті. Ал біздің отандастарымыздың басым көпшілігінде: «Мен бармасам да сайлау өтеді, бәрібір билік өзі таңдаған кандидаттарды өткізеді» деген қасаң пікір басым. Көп жерлерде сайлауға дайындық мәселесі де көңіл көншітпейді.
Мысалы, жуырда ғана Талғар ауданына жұмыс сапарымен келіп, ауыл әкімдерімен кеңес өткізген Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев олардың халықпен жұмысының әлсіздігіне, алдағы Құрылтай сайлауына азаматтардың белсенді қатысуы бойынша жүргізіп жатқан электоральдық үгіт-насихат жұмыстарының қанағаттанарлықсыз екеніне назар аударып, жергілікті басшыларды жерден алып, жерге салды. Басқа аймақтардағы жағдай да бұдан көп әрі емес десек, осының өзі нағыз толыққанды сайлау болады және ол әділ өтеді деген сенімге біраз селкеу түсіреді.
Мейлі, мұның бәрін болжам, күдік дейік, нақты нәтижені сайлаудың өзі көрсетеді. Бірақ дана бабаларымыз баяғыдан-ақ «жақсылыққа жоры да, жамандықты тақап қой» деген. Қалай дегенде де, біз шын мәнінде халқымыз аңсаған әділ қоғам, әділетті мемлекет құрамыз десек, Қазақстан билігі тұрғындардың елдік, мемлекеттік мәселелерге бей-жай қарамайтын азаматтық, саяси белсенділігін арттырып, кез келген сайлауға саналы түрде жаппай қатысатындай тетіктер қалыптастыруы керек!
Ата заңға сәйкес, биліктің қайнар көзі – халық десек, оны сайлау жолымен өз өкілеттігін Құрылтай депутаттарына беру арқылы қалыптастыру – жоғарыда Ұлт ұстазы, Алаш ардақтысы Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, сайлаушының ықтиярындағы дүние. Ол тек құқық емес, сонымен бірге перзенттік парыз һәм азаматтық жауапкершілік!
Ал біз көп жағдайда сол парызымызды орындамаймыз және жауапкершіліктен қашамыз. Сөйте тұра, биліктен халыққа жағдай жасауын, экономиканы, әлеуметтік саланы, әдебиетіміз бен мәдениетімізді дамытуды, табысымызды молайтуды, тұрмысымызды жақсартуды талап етеміз. Осы дұрыс па?! Егер біз конституциялық құқымызды пайдаланып, перзенттік парыз һәм азаматтық жауапкершілігімізді толық сезініп, сайлауға жаппай қатысып, өзіміз сол талаптарды орындауға лайық – сауатты, халықшыл, мемлекетшіл, сөзіне жауап беретін, уәдеге берік, ісіне мығым, батыл тұлғаларды сайламасақ, онда бұл талаптар қалай орындалады?!
Сондықтан да мен бірінші кезекте кез келген іске, мейлі ол сайлау, референдум, тіл мәселесі, білім беру, денсаулықты сақтау, ұрпақ тәрбиесі болсын, халықтың өзі саналы түрде белсенді қатысып, халықтың өзі шешетін тетіктер қалыптасуы керек деп санаймын. Ол үшін бірінші кезекте саяси партия құру мәселесін мейлінше жеңілдетіп, азаматтардың саяси белсенділігін, құқықтық білімін, көшбасшылық қасиеттерін дамытуға күш салу қажет.
Екіншіден, бұрын жазғанымдай, сайлауға қатысқан әрбір сайлаушыға сол күні белгілі бір мөлшерде, айталық 3 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, сыйақы төлеу ережесі енгізілуі тиіс. Керісінше, қатыспаған сайлаушыларға оған 2 есе мөлшерде айыппұл салу керек. Әдетте қайбір заң талабын орындамағаны үшін, мысалы, көшеде, қоғамдық ортада, көлікте түкіргені, сіңбіргені үшін айыппұл салынады ғой! Ал сайлауға қатыспау – мемлекеттің келешегіне түкіргенмен бірдей емес пе?!
«Бұған көп қаржы кетеді» деген сылтау қабылданбауы керек, ел тағдыры, ұрпақ тағдыры, мемлекет тағдыры тұрғысынан ол ештеңе емес! Оның біразы сайлауға қатыспаған сайлаушылардың есебінен-ақ өтеледі. Есесіне біз нағыз халық билігіне қол жеткіземіз. Сонда ғана біз жаңа Конституциямыздың 4‑бап, 1‑тармағында жазылған: «Қазақстан халқы – мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы және егемендік иесі» деген конституциялық құқықты, Байтұрсынұлы айтқан ықтиярды (ерікті) жүзеге асырамыз. Себебі адамның санасын байлық билеген заманда қоғамды материалдық қызықтыру арқылы ғана алға сүйреуге болады деп ойлаймын. Басқа жол жоқ!
Әрине, бұл – бастама. Бірақ француздың әйгілі жазушысы Оноре де Бальзактың пікіріне жүгінсек, бастама әрқашан деректен биік!
Құтмағамбет ТАЛАПБАЙҰЛЫ