Алтынай Әділова: Украинаның жеңісіне КУӘ БОЛАМ ДЕП, КИЕВТЕ ҚАЛДЫМ

  • «Русский мир» деген оңбаған идеологияны зерттеп жүрген бірден-бір танымал оппозицияшыл саясаткер Ермек – елде ең бірінші болып, Ресей Солтүстік Қазақстанға көздерін алайтып жүр деп, 2013 жылы баспасөз арқылы ашық жариялаған жігіт. Сонда оның осы жоралғысына күлген адамдар да болды. Алайда Ресей Донбассты басып алғаннан кейін, олардың күлкісі күл болды…
  • Путиндік Ресейдің тәуелсіз Украинаға агрессиясы кезінде соғыс ошағының ортасында қалған қазақтар бар. Солардың бірі – Алтынай Әділова деген қазақ қызы. Алтынай – кім, ол Украина жеріне қалай тап болды, Киев қаласындағы қазіргі күй-ахуалы қалай? Осы және тағы басқа сұрақтар төңірегінде Алтынай біздің тілшінің сұрақтарына жауап берді.

– Алтынай бике, ең алдымен анықтап алайық: соғыс басталған кезде сіз Киевте неге қалдыңыз?

– 23 ақпаннан бастап Путиннің әскері қалай Украинаға баса-көктеп кірді – солай мұндағы менің таныстарым неге еліңе қайтпайсың деп сұраған еді. Шыны керек, мен бұл сұраққа оларға да, дәл қазір сізге де қалай жауап беруді білмеймін. Соңғы алты жыл бойы өзіме пана болған, оқ пен оттың астында қалған елді тастап кете алмадым.

«ДАТ»-тың оқырмандары үшін айтайын: мен Киевке 2016 жылы «Еуромайданнан» кейін келдім. Ол кезде Қырым түбегін Ресей аннексиялап алған еді және де Украинаның оңтүстігінде соғыс жүріп жатқан кез болатын. Алты жылдың ішінде Украинада көп өзгерістер болды, алайда путиндік орыстардың озбырлығынан соғыс қайта басталып, енді тек оңтүстікті ғана емес, бүкіл Украина жерін шарпыды.

– Дегенмен Украинада соғыс жүріп жатыр… Қанша айтқанмен, бөтен ел…

– Жоқ, Украина маған бөтен емес. Алты жыл бұрын Назарбаевтың жүйесінен қысым көріп, Қазақстанда болып жатқан бассыздыққа шыдай алмай, мұнда келгенімде, бұл ел маған пана болды. Украина маған әзірге босқын статусын бермесе де, жылы қарсы алды. «Фейсбукта» перепост жасағаным немесе пост жазғаным үшін, не болмаса, шеруге шықтың деп, мені мұнда ешкім қудаламады. Мұндай бассыздық бұл жерде мүлдем жоқ. Осы уақыттың ішінде украин халқына әбден үйреніп кеттім. Осындай қиын-қыстау жағдайда кетіп қалу немесе елге қайту деген ойлар басыма келмепті. Сол себепті соңына дейін осы жерде болам. Украина халқының ұлы жеңісіне куә боламын деген берік сенімім бар.

– Ол сенімге мұрындық болған ойдың негізі неде?

– Негізі – Украина халқының рухында. Мұнда еңкейген қарттан, еңбектеген балаға дейін қолына қару алып, өз Отанын қорғау жорығына шықты. Мұндай өр рухты елді жеңу мүмкін емес.

– Әйтсе де, біздің елшілік қазақстандықтарды Украинадан шығарып жатқан кезде босқын жұртқа ілесіп кетуге мүмкіндік болмады ма?

– Менің Киевтегі Қазақстанның елшілігімен ешбір жақындығым жоқ, мен де мүлдем хабарсызбын, олар да мені іздеп, хал-жағдайымды білуге әрекет еткен жоқ. Маған олардың көмегі керек жоқ! Жоғарыда айтып кеткендей, Қазақстаннан қашып, Украинаға саяси баспана сұрап келіп, елшіліктен көмек сұрау – әбестік қой!

– Ал ендігі соғыс ошағының ортасында қалғандағы қазіргі жағдайыңыз қалай?

– Жағдайым бір қалыпты, украиндықтар сияқты, солармен бірге паникаға берілмеуге тырысып жүрмін. Әрине, оңай емес, біздің кейінгі ұрпақ соғысты көрмеген ғой… Сондықтан соғыстың ортасындағы өмірім жақсы деп айта алмаймын. Соғыс, әрине, жаман, алайда аяғыңды басып жүрген жеріңе жау баса-көктеп кіріп, күнде көріп жүрген халқыңды қырып жатқанда – жаумен атыспағанда, не істейсің?!

– Соғыстың сұрқия түрін көрдіңіз бе? Бомбалау мен атқылау сіз тұратын жерге жетті ме?

– Мен Киевтің маңында тұрамын, қаланың оңтүстік-шығысында. Біздің қалашығымызда әскери бөлім бар. Соған орыстардың қанатты «Калибр» ракетасы түсіп, 12 адам қаза тапты. Ол әскери бөлімді білем, кезінде жұмыс бабымен барғанбыз.

– Ал бізге жеткен хабарларға қарағанда, Киевтің төңірегін орыс солдаттары басып алған екен. Әлде бұл жалған ақпарат па?

– Бұл далбаса ақпарат, ресейлік басқыншылар қаланың төңірегін тұтас басып алған жоқ. Оккупанттар Киевтің солтүстік-бастысында орналасқан Ирпень, Буча, Гостомель және Вышгород деген қалашықтарында жүр. Олардың өзін тұтас иемденіп ала алмады. Мен бұл қалашықтардың бәрінде кезінде болғам – Киевке «маршруткамен» 20–30 минутта жететін жерлер. Бірақ орыс жендеттері осы таяқ тастам жерге бес күннен бері жете алмады. Себебі – украиндық солдаттардың қарсылығы қатты болып тұр. Орыстар шабуылдайды, украиндық солдаттар қалқада тұрып қорғанады – содан басқыншыларды баудай қырып жатыр.

– Қалада азық-түліктен кендешілік жоқ па?

– Барлық дүкендерде ұзақ-сонар кезектер бар, алайда азық-түлік бар. Бірақ бүгін мен кассада тұрғанда, дүкеннің аға кассирі келіп, нан, су, сүт, т.б. азықтық тағамдар «в одни руки по 3 штуки» деп айтып кетті. Кассирлер әркімге үш бөлке наннан ғана береді. Дүкен сөрелерінен арақ-шарап алынып тасталған. Ет жоқ.

– Сіз тұратын аумақтағы украиндықтардың ахуалы қандай? Әлеуметтік желілер арқылы біліп жатқанымыздай, жергілікті халық тайлы-тұяғымен қаруланып, орыс солдаттарын оқпен қарсы алуға дайын көрінеді. Сіз бұл ретте не көріп, не біліп жатырсыз?

– Халық тұтастай «Территориальная оборона» деген жасақшы отрядтарға жазылып жатыр, ол – рас. Соғыс бұл елде 8 жылдан бері жүріп жатыр ғой, сондықтан «тероборона» отрядтары олар үшін үйреншікті жағдай. Мұнда көше-көшеде «коктейль молотова» деген жанғыш қаруды қалай жасау керектігі, оны қалай қолданудың әдістері туралы әскери мамандар нұсқаулық-дәрістер өткізуде. Таяуда әркімді тізімге алып, қару-жарақ таратылды, мұнда әрбір үйде «Калашников» автоматы бар десем, өтірік айтқандық емес. Егер жау Киевке басып кіретін болса, әр үй қамалға айналады.

– Айтпақшы, алда-жалда Ресей әскері Киевке басып кіреді деген қорқыныш жоқ па? Бұл қатер турасында украиндықтар не деп жүр?

– Жоқ, «басып кіруге» халық соңына дейін жол бермейді. «Өлеміз – бірақ Киевті жауға бермейміз!» деген ұран әрбір қалалық адамның жүрегіне жазылған. Украинаның астанасын басып алуға Еуропа, АҚШ, бүкіл әлем жол бермейді деген сенім күшті. Халықта үрей, қорқыныш жоқ. Әрқайсысы әскерге айналған. Олар 8 жылдың ішінде кім – дос, кім – қас екенін әбден біліп алған. Орыс солдаты қалаға кірсе болды – оларды жоюға дайын отыр.

– Жалпы, украиндықтардың рухы қалай, өліспей – беріспейміз деген елдің азаматтық жігерін сезіне алдыңыз ба?

– Әрине! Айтып отырмын ғой – халықтың озбыр оккупантқа қарсы жігері лаулап тұр. Осындай соғыстың жағдайын тек өз басынан өткерген, украиндықтардың күйін кешкен халық немесе азамат оларды толық түсіне алады.

Мен – қазақпын, тәрбие-тәліміміз «соғыс болмасын», «ел іргесі тыныш болсын» деп өскенбіз ғой. Құдай сақтасын, егер дәл осындай жағдай біздің басымызға түссе, оның қасіретін кешеміз алда, кешіп те жатырмыз. Украин халқы – өте жігерлі, империяшыл Ресейге бүкіл ТМД елдері арасында бірінші болып қарсы шығып, тойтарыс берген халық. Орыс империясының түбіне осы украиндықтар жетеді!

– Бүгінде жаныңызда серігіңіз Ермек болғанда, ол осы соғыс жағдайында не істер еді деп ойлайсыз?

– Ермек бір қарағанда мінезі өрекпіп тұрғандай көрінгенімен, өте сабырлы және байсалды адам. Солай бола тұрса да, әскерді де, халықты да бастап кететін қасиеті мол. Әскери және соғыс эксперті ретінде көп ізденетін маман. Оның үстіне «Русский мир» деген оңбаған идеологияны зерттеп жүрген бірден-бір танымал оппозицияшыл саясаткердің бірі. Оны бұрыннан саясатта жүрген адамдар біледі. Ермек – елде ең бірінші болып, Ресей Солтүстік Қазақстанға көздерін алайтып жүр деп, 2013 жылы баспасөз арқылы ашық жариялаған жігіт. Сонда оның осы жоралығысына күлген адамдар да болды. Алайда Ресей Донбассты басып алғаннан кейін, олардың күлкісі күл болды…

– Алматы абақтысында жатқан Ермектен хат-хабар алып тұрасыз ба?

– Иә, қорғаушы адвокаты арқылы үнемі хабар-ошар алып тұрамын. Дәл бүгінгідей, геосаяси әлемде соғыс жүріп жатқанда, Ермек Қазақстан қоғамына қызмет еткеннің орнына, абақтыда отырғаны жанға батады. Біздің билік Ермек сияқты патриот азаматтарды ел мүддесі үшін неге пайдаланбайтынына таңданам.

– Ермек Қазақстанға асығыс кетіп қалған жоқ па? Бәлкім, елдегі саяси жағдайдың артын баға тұру керек пе еді?

– Негізі, 2016 жылы Ермекте Қазақстаннан ешқайда кету жоспары болмаған. «Ертең сені қамайды, шетке кетейік» деп, мен оны жаңылдырып тастадым. Мен оған: «Қудалаудан әбден шаршадың, тағы да түрмеге түсіп, өмірің өксумен өтеді ғой…» деп, елден кетуге көндірген едім. Қазір өкінем… Ол асығып кеткенде, әлдекімдер айтқандай, Қазақстан қоғамын қарсылық қозғалысқа бастаймын деп емес, елін сағынып кетті… Оның Қазақстанға деген махаббаты шексіз.

– Айтпақшы, Қазақстанда не үшін және қандай қудалау көргеніңізді оқырмандардың есіне салайықшы…

– Мен 2016 жылы Жер шерулеріне, рұқсат етілмеген қарсылық акцияларына қатысып, наразы топтардың қозғалысы мен шеруін ұйымдастырды деген желеумен қудалауға түстім, 15 күндік қамауда да отырдым. Бірақ мен тек өзімнің «Фейсбук» парақшамда посттар жазып, халықты жерді қорғап қалуға шақырғаным үшін жазаландым. Конституция бойынша, мұндай заңбұзушылық жоқ, ол үшін түрмеге жаппайды. Дегенмен осы қудалаулардан мен қатты моральдық соққы алдым. Кейін аңдулар басталды, ешбір жиынға шыға алмайтын жағдайға жеттік…

– Қазақстандағы сізді білетіндер «жап-жас қыз Ермектің «етегінен ұстап», неге шетелге кетіп қалды екен» деп таңданады. Сіздің жеке өзіңізді осындай батыл шешімге итермелеген қандай күш деп ойлайсыз?

– Жасым қазір 33-ке келді. Олар айтып жүргендей, «жап-жас» емеспін, елден кеткен кездің өзінде 27 жаста едім. Әйел баласы үшін бұл «жап-жас» мезет емес деп ойлаймын. Үлкен саясаткер болмасам да, қарапайым азамат ретінде өзімнің жеке саяси позициям бар. Мектептен бастап, айналамдағы болып жатқан бассыздықтарға қашан да қарсы болатынмын. Мен бір күнде белсенді болып кеткен жоқпын. Бізде абақтыға қамалғанша, Қазақстан қоғамына сыртта жүріп көмек жасайық деген сенім болды. Мені сыртқа кетуге итермелеген осы сенім еді. Басында Назарбаевқа қатты сенетінмін. Кейін Ермек «көзімді ашты», қатты өкініп қалдым.

Ал «Ермектің етегінен ұстап» дегеніңізге келер болсақ… Бұл енді маңдайға жазылған тағдыр шығар… «Пешенеге жазылған жазудан қашып құтыла алмайсың» деген сөз бар ғой қазақта. Менің тағдырымды, Ермектің кейінгі өмірін осы тәмсіл тұрғысында түсінуді қалар едім…

– Ермекті абақтыдан босату жөнінде қазақстандық қоғам жеткілікті әрекет жасап жатыр деп ойлайсыз ба?

– Бүгінде бәрі бір-біріне қабаттасып кетті ғой… Қаңтар қантөгісі, халықтың қайғы-қасіреті, елдің әлеуметтік-тұрмыстық проблемалары, қоғамдық-саяси жағдай – бәрі-бәрі Ермектің оралуымен қат-қабат араласып кетті. Содан да болар, Ермектің елге қайтып келгенін тек жақындары мен жақтастары ғана білуде. Меніңше, қарапайым халық білмейді. Оның үстіне мынадай қасірет араласқан қанды жағдайдан кейін Ермекті босатуға күш салмадың деп, біреуге реніш танытудың өзі артық деп ойлаймын.

– Ал ендігі жоспарыңыз қандай?

– Соғыстың соңына дейін Украинада боламын. Қажет болса, украиндықтармен бірге баррикаданы қорғап шығам. Украинаны қорғау – посткеңестік елдердің бостандығы мен тәуелсіздігін қорғау деп білем. Тіпті ол аз десеңіз, Украинаны қорғау – Еуропаның қауіпсіздігін қорғау деген сөз!

– Ал соғыстың ортасында қалған адам ретінде мұндағы қазақстандықтарға не айтар едіңіз?

– Қазақ халқына мына Украинада болып жатқан жағдайды мұқият қарап, орыстардың іс-әрекетіне баға беріп, ел басына төну қаупі бар нешетүрлі жағдайға дайын болуларын сұраймын. Егер Ресей осы озбырлығы мен агрессиялық саясатынан айнымайтын болса, Украинаның басына туған қиын жағдай Қазақстанның да басына туатынына күмәнім жоқ.

– Сұхбат бергеніңіз үшін рақмет! От ортасында аман болуыңызды тілейміз!

Салиқат БӘУЕНҚЫЗЫ,

«D»

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн