«МӘҢГҮРТТІҢ» АВТОРЫ

Айнаш тағы да кітап шығарды

  • Бұдан үш жыл бұрын жарыққа шығып, оқырманның асқан қызығушылығын туғызған «Мәңгүрт» (орыс тіліндегі нұсқасы – «Мангурт» кітабының авторы, ғылым кандидаты Айнаш Керней (Мұстояпова) тағы бір кітап (суретте) шығарды.

Бұл кітапта ел тарихындағы отаршылдық пен тоталитарлық билік кезінде халықтың тағдырына бей-жай қарамай, мойнына зор жауапкершілік ала білген тұлғалардың өмірбаяны берілді. Отаршылдық, төңкерістер, соғыс, зорлық-зомбылық, басып-жаншу, саяси қуғын-сүргін сияқты тарихи жағдайларға қарамастан, олар елді дұрыс жолға бастау, қазақ елінің аумақтық тұтастығын сақтау, халықтың көзін ашу, ассимиляцияға қарсы тұру, ұлттық бет-бейнемізді сақтау, тарихымыз бен мәдениетімізді дамыту, сондай қиын шақтың өзінде де әдебиет пен ғылымды өркендету жолында қолынан келгеннің бәрін істеді.

Аса күрделі тарихи кезеңде өмір сүріп жатқан буынның жауапкершілігіне, дәлірек айтқанда, сондай қиын шақта ел мен халық тағдыры жолындағы жауапкершілікті мойнына ала білуіне немесе қара басын ойлап, бұғып қалуына көп нәрсе байланысты. Тарихи қауіп-қатерді дәл бағамдап, халыққа ескі сүрлеуден шығып, дұрыс әрі жаңа жолды көрсетіп, өзі жол бастай білетін көрнекті тұлғалардың болуы өте маңызды. Отарлық билікке тәуелді елде бұғаудан шығудың жолын білетін, рухани күш-жігері мықты, халықтың тағдырын тәлкектен құтқаруға қабілетті азаматтардың болуы айрықша маңызды. Олардың қызметі қаншалықты зор болғанын түсіну үшін, тарихи жағдайды терең бағамдай білу керек. Өздері өмір сүрген дәуір мен жағдайға қарамай, күрделі таңдау жасауы олардың тағдырына қалай әсер еткенін сезіну қажет.

«Дәуір бейнесі» атты кіріспе тарауда Қазақстандағы тарихи оқиғаларға қатысты қысқаша шолу берілді. Бұл тарауда кітап кейіпкерлерінің тағдыры туралы біліп, олардың елге қызмет ете жүріп, қандай құрбандыққа барғаны, сол жолдағы саяси, экономикалық және әлеуметтік контекст туралы сөз болады.

Адам тағдыры, арман-мұраты, ел тарихындағы тұғырлы тұлғалардың күресі тұрғысынан қарасақ, құрғақ деректер мен сандар сөйлей жөнелгендей әсер қалдырады. Кітапқа енген отыз өмірбаянды оқи отырып, сол дәуірге сапар шегіп, отыз тұлғаның таңдауы мен тағдырына әсер еткен оқиғалар ауқымын сезінуге болады.

  • Кітап құны – 6500 теңге. Бірінші басылым шектеулі. Кітап дүкендерінде кітап әлі сатылымда жоқ. Сондықтан кітапты келесі мекенжай бойынша сатып алуға болады: Алматы қаласы, Гагарин көшесі, 311/А, Әл-Фараби даңғылынан төмен, House & Home дүкені.

Немесе +7701 111 71 71 телефонына Уатсаппен хабарлама жіберіп, Kaspi Pay арқылы төлем реквизиттерін алу арқылы да кітапты сатып алуға болады.

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн