«Халық парламенті»

ӨМІРШЕҢ БОЛА МА?

  • Соңғы өткен Парламент мәжілісі мен жергілікті мәслихат сайлауы – Қазақстанның жаңа тарихындағы ең лас сайлаудың бірі болды деген пікірлер көп айтылуда. Иә, бұл жолы да сайлау учаскелеріндегі заң бұзушылықтарға қатысты видеолар әлеуметтік желілерде аз болған жоқ. Халықтың әділ сайлауға деген үміті ақталмады.

Десек те, осы сайлау азаматтық қоғам үшін таптырмас тәжірибе болды. Олар өздерінің саяси күрестерін жалғастыру мақсатында «Халық парламентін» құру жөніндегі бастама көтеріп, 1 сәуір күні бірінші отырысын өткізді. Осы жиында сөз болған мәселелерді ықшамдап, оқырман назарына ұсынып отырмыз.

Мұхтар Тайжан:

– Құрметті ағайын! Бүгінгі отырысымызды «Халықтық парламенттің» алғашқы отырысы деп атадық. Бұл партия, қозғалыс емес. Жиналғандардың пікірлері әртүрлі болуы мүмкін. Парламент – ол тек қана саяси сахна, ашық пікірталас болуы мүмкін. Біз үлгі көрсетуіміз керек, саяси мәдениетіміздің деңгейін көрсетуіміз керек.

Әрқайсымыз өткен сайлаудың нәтижелерімен келіспейміз. Бәріміздің ұстанымымыз – мына сайлау өтірік өтті. Бізге берген дауысты санау процесінде біздің бақылаушыларды жолатқан жоқ. Ол заңға қайшы болды. Сондықтан сайлауды мойындамаймыз. Ақорда, Тоқаев, Карин, Нұртілеуов, Қошанов, Әшімбаев, Балаева және осы жерде «КНБ»-нің саяси өкілдері болуы мүмкін, баршаңызға біздің айтарымыз: бұл сайлау өтірік өтті, біз үзілді-кесілді мойындамаймыз. Біз өзіміздің қоғамдық-саяси жұмыстарымызды әрі қарай жалғастыра береміз. Өйткені халық бізге сеніп, дауыстарын берді. Біз сол сенімді жерге тастамаймыз, жұмысымызды жалғастырамыз.

Регламент бойынша бірінші сөз Лұқпан Ахмедияровқа беріледі.

Лұқпан Ахмедияров:

– Осы сайлауға ешкімнің көңілі толған жоқ, күмән тудыратын көп жағдай болды. Дауыс санағаннан бастап, үгіт-насихат жүргізгенде де көп заң бұзушылық болды.

Менің айта кетерім: Батыс Қазақстан облысында 11 үміткер болды, оның екеуін сайлаудың алдында алып тастады. Тоғыз адам қалдық, сонда үгіт-насихат жүргізгенде, біздің байқағанымыз: Президент әкімшілігі бүкіл аймақтарға өздерінше белсенді-сымақ кандидаттарын алып келген. Біздің облыстан адвокат Абзал Құспан болды, сол кісіге бүкіл әкімшілікті, мұғалімдерді пайдаланды.

Болашақта бұл администрациялық ресурсты қалай тоқтатуға болады? Менің ойымша, мәжіліске сайлауға түскен бүкіл кандидаттардың мақсаты – заңды өзгерту ғой. Өйткені қазір заңдардың біреуі де демократиялық принципке сай келмейді, ол заңдарды өзгерту керек. Сонымен қатар «Сайлау туралы» заңды алсақ, міндетті түрде мұғалімдер болсын, мемлекеттік мекемелер ұйымдары, жергілікті әкімшіліктер болсын, соларды сайлаудан қалай алып тастауға болады? Меніңше, соны заңға енгізу керек.

Өйткені біздің Батыс Қазақстан облысында жергілікті әкімшілік өкілдері осындай жұмыс атқарып, барлық жарнама, үгіт-насихат орындарын бір ай бұрын иеленіп алған. Біз барғанда, барлық жарнама орындары бос емес екенін айтып, бізді қайтарып жіберді. Осы менің ұсынысым.

Мұхтар Тайжан:

– Рахмет! Жас болса да,15 жыл саяси сахнада жолдасымен бірге күресіп келе жатқан Инга Иманбайға сөз беремін. Жанболат әріптесіміз қазір – қамауда. Ермек Нарымбай, Марғұлан Боранбай, Данат Намазбай, тағы басқалары да қазір қамауда. Осы саяси тұтқындарға бостандық талап етеміз.

Инга Иманбай:

– Бүгін біз халықтың қолдауына ие болған, өткен Парламент сайлауында шынайы жеңіске жеткен тәуелсіз үміткерлер бас қосып отырмыз. Егер елде әділетті, әрі ашық дода болғанда, біз бүгін Алматыда қонақ үйде емес, Астанада мәжілістің төрінде қордаланған көптеген мәселені көтеруге мүмкіндігіміз болар еді.

Бірақ біздің дауысымыз ұрланды, сайлау нәтижесі бұрмаланды, халықтың үміті мен сенімін билік аяқасты етіп, Ақорда таңдаған қуыршақтар Парламентке өтті.

Енді біз әрі қарай не істейміз деген сұрақ туындайды? Бүгін «Халық парламенті» деп осында жиналып отырмыз. Иә, біздің қолымызда ешқандай билік жоқ, құзіретіміз бен әкімшілік ресурсымыз да жоқ. Бірақ бізде халықтың сенімі мен қолдауы бар. Әрқайсымыздың артымызда бізге дауыс берген мыңдаған сайлаушы бар. Олардың сеніміне біз сатқындық жасай алмаймыз. Сол себепті біз әділдік пен теңдік үшін күресімізді жалғастырамыз.

Қазіргі сәттен бастап біз нақты қадамдар жасауымыз керек. Біріншіден, дәл қазіргі таңда ақиқат пен әділдік үшін күрескен бірнеше азаматтың соты жүріп жатыр. Оларды халықаралық және қазақстандық құқық қорғау ұйымдары саяси тұтқын ретінде таныды. Өздеріңіз білесіз, жақында демократиялық партия жетекшісі Жанболат Мамайдың соты аяқталады. Ол саяси себеппен қудаланып, түрмеге қамалған. Қазір үйқамақта отырғаны баршаңызға белгілі.

Қаңтар кезінде әуежайды басып алды деген күдікпен аса ауыр айып тағылып, түрмеде отырған Қалас Нұрпейісов деген азамат бар, қарапайым тарих пәнінің мұғалімі. Қаңтарда азап көрген, қазір соты болып жатқан Қосай Махамбетовтың ісін ұмытпайық. Сонау Украинадан Қазақстанға оралып, бірден қамауға алынған Ермек Нарымбай әлі абақтыда отыр. Ұлттық мүддені қорғап, бірнеше пост жазғаны үшін сотталған Данат Намазбаев пен Марғұлан Боранбайдың мәселесін көтеру керек. Қаңтар кезінде заңсыз қудаланып, ұзақ жылдарға сотталған, аты көпшілікке беймәлім біршама азаматтар темір тордың арғы жағында отыр. Міне, осы азаматтарға қорған болуымыз керек.

Осындай жиналған азаматтардың адалдығының, шыншылдығының негізгі барометрі, көрсеткіші – дәл осы саяси тұтқындарға араша бола аламыз ба, міне, осымен өлшенеді. Егер Жанболатты түрмеге қайта қамаса, Қалас Нұрпейісов пен басқаларын соттаса, жоғарыда аталған азаматтарды түрмеден босатпасақ, біз тап-таза, тыныш залда отырмай, алаңға шығып, олардың бостандығын талап етуге дайын болуымыз керек.

Өз басым Жанболаттың жары ретінде ғана емес, осы елдің жанашыр азаматы ретінде де оның бостандығы үшін күресетін боламын. Сіздерді де соған шақырамын. Егер жазықсыз азаматтарға қорған бола алмасақ, қуғынға ұшыраған азаматтарды қорғай алмасақ, онда біз халықтың атынан сөйлеуге ешқандай да құқымыз болмайды. Осыған келісесіздер деп ойлаймын.

Екіншіден, осы жерге түрлі тіркелмеген партиялар мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері келді. Әрине, біздің барлығымыз бір ұйымда болуымыз мүмкін емес, ол шарт емес. Бірақ біздің илегеніміз – бір терінің пұшпағы. Қазақстанда әділетті әрі ашық қоғам болуы тиіс деп жүрміз. Саяси бәсеке болсын деп тілейміз. Ал ол үшін не керек?

Біз биліктің алдына барлық саяси партиялар тіркелуі тиіс деген талап қоюымыз қажет. Қазіргі «Саяси партиялар туралы» заң Ақорданың ыңғайына қарай жазылған. Сол себепті саяси партиялар туралы жаңа заң қабылданып, партияларды тіркеу межесі төмендеуі тиіс. Біздің ұсынысымыз – партияны тіркеу межесі 500 адамға түсуі керек. Міне, осы мәселені барлығымыз көтерейік.

Үшіншіден, бұдан бөлек, мен мына мәселелерді қозғау қажет деп санаймын. Президенттік билікті шектеп, Парламенттің құзіретін арттыратын, адам құқығы қорғалатын жаңа Конституция жобасын дайындауымыз тиіс. Конституцияға реформа жүргізгенде, сенатты тарқатқан және мәжіліс депутаттарының санын көбейткен жөн. Заңнаманы қайта қарастырып, ойын ашық білдіру және бейбіт жиын жасау секілді ең негізі адам бостандықтарының қамтамасыз етілуіне кепілдік берілуі керек.

Орталық сайлау комиссиясы құрамын тәуелсіз әрі партиясыз заңгерлер тарқатады. Азаматтар, заңгерлік кеңесшілер, құқық қорғаушылар мен университет оқытушыларын тағайындайтын процедура енгізу. Орталық сайлау комиссиясының төрағасын президент қызметіне отырғызбау керек. Ол белгілі бір мерзімге сайланатын лауазым болуы тиіс.

Қазақстан халық ассамблеясы сияқты түкке қажетсіз ұйымды тарату керек. Сонымен бірге кешегі Қызылжарда болып жатқан әрекеттердің қауіптілігін ескеріп, сепаратизм мен сепаратизмге үндеу үшін қылмыстық жауапкершілікті күшейтуіміз керек. Қаңтар қасіретін объективті және жан-жақты тексеруді талап етуіміз тиіс. Бұл – қоғамда бұрыннан айтылып, көтеріліп жатқан мәселенің бірсыпырасы екені баршамызға аян.

Бірақ соны айтып қана қоймай, ол реформаларға қол жеткізу үшін, бар күшімізді аямауымыз керек, әйтпесе бұл дауға біз не үшін жиналдық? Енді бұған қалай қол жеткіземіз? Не істейміз деген заңды сауал туады.

Иә, әрқайсымыздың түрлі жағдайларға көзқарасымыз бірдей болмауы мүмкін. Бірақ осы тұста бірігіп, тізе қосып, әрекет ететін кез келді деп ойлаймын. Ол үшін бөлінбей, әрқайсымыз әр жаққа тартпай, бірігуіміз керек. Егер осы залда отырған азаматтар шындық жолынан таймаса, жоғарыда атаған саяси тұтқындарға араша болуға атсалысса, мен өз басым оларды сынамауға сөз беремін, ал ондай жағдай болмаса, онда ешқандай «Халық парламентінің» қажеті болмай шығады.

Меніңше, «Халық парламентінің» нақты атауы болуы тиіс. Себебі заң бойынша өзімізді Парламент мүшелері дей алмаймыз. Енді осы үшін билік сынықтан сылтау іздеп, қудалау ұйымдастыруы да мүмкін. Сондықтан оны ұлттық емес, «Халық кеңесі» деп атауға шақырамын.

Сонымен бірге бұл істің басы бар, аяғы жоқ болып қалмауы керек. Осы себепті оның тұрақты қызмет ететін ұйымын жасауымыз керек. Ол үшін кемінде айына бір рет, ал шұғыл жағдайлар болғанда, одан да жиірек бас қосуымыз керек. Дәл осыған ұқсас ұйым 2019 жылы Жармахан Тұяқбайдың бастамасымен құрылған болатын. Бірақ оның еш нәтижесі де, аяғы да болған жоқ. Біз тарихтан сабақ алу үшін, ол жәйдің бәрін ескеруіміз тиіс. Жай адамдардың жиналатын орнына айналмауымыз керек.

Осы себепті нақты жұмысқа кірісу керек. Ол, жоғарыда айтқанымдай, саяси тұтқындардың бостандығын талап етуден басталсын. Егер елімізде азаматтар саяси көзқарасы үшін қудаланып, түрмеге қамалса, біздің әдемі залда жиналып сөз сөйлегенімізден не пайда? Сондықтан бүгінгі жиында бірнеше үндеу айтылуы тиіс деп санаймын. Соның негізгісінің бірі – барлық саяси тұтқындардың атын атап, түсін түстеп, оларға бостандық талап етуіміз керек. Егер ол талап орындалмаса, барлығымыз митингіге шығатынымызды ашық жария етуіміз керек. Міне, нақты нәтиже, жұмыс осыдан басталады. Адал азаматтар жиналған парламент адал азаматтарға қорған бола білсе деймін.

Рысбек Сәрсенбай:

– Ғалымдар қашан да бір қадам ілгері жүреді ғой. Көтеріп отырған мәселеге байланысты ұсынысты айтамын, осы жоба дұрыс десеңіздер, қабылдаймыз, толықтырамыз. Қабылданбаса, ол тағы да еріктеріңізде.

«Халық парламенті» деп атадық. Қазір биліктің Парламенті бар, бұл халықтың ішінен шыққан Халық парламенті, яғни халық ішінен шыққан азаматтардан құралған жұмыс істеу тобы. Биліктің Парламенті қандай мәселе көтереді, біз де соны қарауымыз керек, айырмамыз – бізде адал, таза және ықпалды жұмыс істеу.

«Халық парламентін» құру және жұмысын үйлестіру туралы топтар құру керек деп отырсыздар. Қазір мен сол туралы дайындалған тапсырма бойынша мазмұндап айтамын, қоғам белсенділерімен бір рет талқыдан өткізіп алғанбыз, негізінен толық қолданған. Кейбір ұсыныстарды осы жерде қостық.

2022 жылы 9 маусымда және 2023 жылғы 19 наурыздағы сайлаулар авторитарлық, тоталитарлық жүйені сақтап қалудың, демократиялық құндылықтарды қажетсінбеудің нақ өзі болып шықты. Кезектен тыс өткен бұл сайлауда Тоқаев 7 жыл президенттік билікке иемденді. «Аманат» және сол сияқты қоғамда қадірі жоқ партиялар мен халықтан қолдау таппағандар Парламент мәжілісіне өтті. Назарбаевтың кландық, отбасылық, олигархтың жүйесінің саяси тірегі болған, атын ауыстырғанмен, заты, адамдары өзгермеген партия халыққа ешқашан да қызмет етпейді. Бұл партия Парламенттегі басымдығын пайдаланып, қазіргі президенттің сойылын соғып отыр. Тоқаев төңірегіндегілер бұл сайлауларда ескі тәсілдерді еш шімірікпей, іске қолданды. Заң атаулыны белінен басты. Әр жердегі комиссиялар және оның төрағалары ар-ұятты ұмытты. Миллиондаған сайлаушының үмітін үзді, алдап соқты. Қоғамда саяси-моральдық құлдырау, кері кетушілік асқынды.

Мемлекетке сенімсіздіктің соңы билікке ашық қарсылыққа алып келері сөзсіз. Қазақстанның барлық аймақтарында жаппай күрес, заң бұзушылықтар және соңғы сайлау нәтижесін халық қолдап отырған жоқ. Наразылықтар, қайтадан сайлау өткізу талаптары күн сайын көбейіп барады. Дауыс ұрлау мен заңсыз әрекеттер, билікке келгендерден адалдықты, әділеттілікті, заңды құрметтеушілікті күтуге болмайды. Елде саяси өзгеріс жасауға қабілетті және оған ынталы жүздеген белсенді азаматтардың, қоғамда орны бар танымалының бірде-біреуін сайлау ұйымдастырушылар өткізбей тастады.

Авторитарлық, тоталитарлық билікке әуестіктің ақыры оның құлауымен аяқталатыны айқын. Бірақ оған дейін мемлекеттіліктен, тәуелсіздіктен айырылып қалатындай жағдайға жақындадық. Біздер, осында отырған отаншыл азаматтар дәл қазіргі сәтте қоғам, мемлекет үшін өзіміздің жауапты екенімізді сезініп, топтасуға тиіспіз. Халық ішінде жүріп, оның мұң-мұқтажын айтып, мүддесін қорғап, көпшілік сеніміне кірген, қолдау тапқан қоғам қайраткерлері мен белсенділері, депутаттыққа кандидаттар, бақылаушы болып сайлауға қатысқан азаматтар «Халық парламентін» құрғанымыз жөн деп есептейміз. Біз Қазақстанды саяси құқық, кедейшіліктен, жемқорлықтан, әрекетсізден құтқаруға тиіспіз.

«Халық парламентінің» мақсаттары мен міндеттері:

– 19 наурыздағы Қазақстан Республикасы Парламенті мәжілісінің және мәслихаттың депутаттығына кандидаттарды сайлаудағы заң бұзушылықтарды талдау, Конституциялық, Жоғарғы сотқа және Бас прокуратураға жасалған шағымдардың нәтижелеріне сараптама жасау;

– Сайлауда заң бұзушылықтарға қатысы бар сайлау комиссияларын, төрағаларын жұртшылық талқысына салу, қылмыстық әкімшілік жауапкершілікке тартқызу;

– Президент және Парламент сайлауларына жұмсалған миллиардтаған қаржының есебін талап ету, зерттеу жүргізу. «Сайлау туралы», «Саяси партиялар мен бірлестіктер туралы», «Митинг бостандығы туралы» заңдарға өзгертулер мен түзетулер енгізуге ұсыныс жасау; қоғамдық талқылаулар жүргізу. Дау туғызған Парламент сайлауын өткізудің дұрыстығы туралы Конституциялық сотта қарауға ұсыныс жасауға президентті мәжбүрлеу;

– Жаңа Конституция жобасын дайындау және халыққа таныстыру. Жаңа Конституцияны референдум арқылы қабылдатуға халықты жұмылдыру, ықпал ету. Мемлекетті басқарудың президенттік жүйесін парламенттік басқару жүйесіне көшіру жөнінде ұсыныстарды іске асыруға атсалысу. Сайлау комиссиясы күн тәртібін өзгерту арқылы мектеп мұғалімдерін ондай қосалқы міндеттерден босатқызу, сайлауларды мектептерден тыс жерлерде өткіздірту;

– Билік Парламентінің күнделікті жұмысын қадағалау, кез келген келеңсіздікті ашық сынға алу. Үкімет жасақтарын Дала ұландарынан ұсыну, министрлер мен премьер-министрлерді бекітуге қарсылық келтіру;

– Президенттің үкімет басшысының экономикалық, әлеуметтік, саяси мәселелер жөніндегі жарлықтарын, қаулыларын, мәлімдемелерін, тапсырмаларын, міндеттерін қадағалап отыру. Сөз бен істегі алшақтықты, бос мәміле, халықты алдауды әшкере ету;

– Назарбаевтың, оның әулетінің, алаяқтардың мемлекетте жымқырған қаржыларын, кәсіпорындар мен ғимараттарын, кен орындарын қайтару, қылмыстық жауапқа тартқызу ісіне қатысу. Қайтарылған қазынаны халық игілігіне пайдалануды қадағалау;

– 2022 жылғы Қаңтар қасіретіне байланысты құрылған барлық қоғамдық, тәуелсіздік комиссиялардың жұмысына қолдау жасау. Халықаралық құқық қорғау ұйымдары арқылы Біріккен Ұлттар Ұйымы, басқа да саяси құқықтық мінберлерден Қаңтар қасіреті туралы мәселе көтеру. Митингіге қатысушыларға қарсы оқ атуға тыйым салғызу. Бейбіт ұйымда қаза тапқандардың, азаптанып, дәлелсіз, заңсыз сотталғандардың істерін қайта қарату;

– Қаңтар қаһармандарының мәртебесін белгілеу. Олардың авторитарлық, диктаторлық жүйеге қарсы тұрған демократиялық өзгерістер жолындағы күрестерін бағалату. Жемқорлық, сатқындық салдарынан шетелдік компанияларға берілген стратегиялық маңызы бар нысандарды қайтарып алу. Келісімшарттарды тексеруден өткізу. Еліміздің экономикалық, саяси тәуелсіздігіне нұқсан келтірген Еуразиялық одақтан шығу мәселесін көтеру. Қаңтар оқиғасы кезінде алаңдарда бейбіт тұрғындарды көшелерде атуға қатысы бар деп күдікке ілінгендерді жазалап, ОДКБ-дан шығарту. Ресейдің Украинаға басқыншылық соғысын айыптау, ол соғысты тоқтату үшін, Қазақстан, Орта Азия елдері халықтарының бейбітшілік жөніндегі бірлігін ұйымдастыру. Саяси тұтқындарды бостандыққа шығарту, саяси көзқарастары, наразылықтары үшін азаматтарды қуғындауға қатыстыру. Демократиялық институттардың қалыптасуына ықпал ету.

«Халықтық парламенттің» атқаратын жұмыстарының негізгілері осылар.

Енді «Халық парламентінің» жұмысын үйлестіру туралы мынадай топтар құрылады:

  1. Заңдық мәселелер тобы;
  2. Биліктің жұмысын қадағалау тобы;
  3. Ұрланған қаражаттарды қайтару тобы;
  4. «Қаңтар-2022» тобы;
  5. Экономика және әлеумет тобы;
  6. Тіл және жер мәселесі тобы;
  7. Жұмылдырушы топ.

Осы 7 топ мүшелеріне шек қойылмайды. Топ жетекшісін сол топқа кіргендер сайлап алады. Топ жетекшілері үйлестіру кеңесінің құрамына кіреді.

Оразалы Ержанов:

– Менің айтатын нақты ұсынысым бар: кешегі тағайындалған Әлихан Смайылов – премьер-министр, ресми Парламенттің шешімі қате деп санауымыз керек. Екінші ұсынысым: біз Республикалық референдум өткізуіміз керек.

Екі сұрақ: Конституция қалай қабылданады? Оны қабылдау үшін мәжілістің санын өзгертуіміз керек. Мәжілістің санын 250–300 депутатқа жеткізу керек.

Қазақстан Республикасның жаңа Конституциясын қабылдауды қолдайсыз ба? Конституция бойынша Парламенттік басқару жүйесіне ауысуымыз керек.

Осындай сұрақтармен референдум өткізетін нақты бір күнді белгілесек, Республикалық референдум жайында заң бар, алдымен жиналыс өткізуіміз керек, оған облыстың өкілдерінен кем дегенде 30 адам қатысуы керек. 29 сәуір немесе 7 мамыр – осы екі күннің біреуін белгілеп, жұмысқа кірісейік дегім келеді.

Маржан Аспандиярова:

– Баяндаманың тақырыбы – Заң бұзушылық жоғарыдан басталады. Қазақтың бір әні бар еді: «Айта-айта Алтайды, Жамал апай қартайды» деген. Осы жолда жүргенімізге біраз жыл болды. «Халық парламентінің» жұмыс жобасын қолдаймын. Референдум туралы ойды қолдаймын.

Қазіргі саяси партияларды тіркемей жатқанда, саяси қамауда, қудалаумен отырған азаматтардың жағдайы қиын болып тұрғанда, бізге көпшілікті біріктіретін ортақ идея, ортақ қадам керек. Оған осы референдум өте дұрыс шешім болады деп ойлаймын. Менің айтар тақырыбым керемет, бірақ оның бәрін өздеріңіз де білесіздер, уақыт тапшы.

Осы жиынға келерде Қонаев қаласынан бір азаматша хабарласты. Қандай қысым болғаны туралы, сіздер бәрібір өтпейсіздер деп, оларға қызмет, ақша, басқа да жағдайлар айтқан. Шынайы мандат үшін тіпті мәжіліске ғана емес, облыстық мәслихатқа түсем деген азаматтарға да сондай жағдай жасалды. Ал одан кейін тікелей әкімшілік аппаратының жетекшілері сонымен айналысты. Оның нақты дәлелдері бар.

Орталық сайлау комиссиясынан бастап, барлық комиссиялар толығымен отставкаға кетуі керек. Қылмыстық кодекске өзгерістер енгізуді талап етуіміз керек. «Сайлау туралы» заң бойынша сайлау кезіндегі қылмыстары үшін жауапкершілікке тартылып, біздің кодекстегі ұсақ-түйек айыппен құтылмай, кәдімгі қылмыстық іс қозғалғаннан кейін түрмеге қамалуы керек. Заң бойынша әр партия өзінің өкілдерін кез келген комиссияға ұсынуға құқылы. Яғни, бұл партиялардың да құқығы сақталмады. Әрине, Парламентке өткен партиялар бұл мәселені көтермейді. Осының өзі осы сайлауды теңдік, заң талаптары сақталмағандықтан, заңсыз деп жария етуге толық негіз бола алады.

Бір мандаттық округтан түсіп жатқан депутаттардың мүмкіндіктері шектелді. Осындай Конституцияға қайшы, Конституцияны бұза отырып өткізген парламент легитимді парламент емес. Конституцияның 18-бабында көрсетілген «кез келген азамат өзіне қатысты мәліметті кез келген мемлекеттік органнан алуға, талап етуге құқылы» деп.

Осында отырған елдің бетке ұстар азаматтарының бірде-біреуіне комиссияның толық хаттамалары берілген жоқ. Қала, округ бойынша қорытынды жиынтық хаттама берілген жоқ. Неліктен? Қылмыс жасағандар қорқады.

Тағы ұсынысым: құрметті заңгерлер, құрметті адвокаттар, компанияда қызметтегі құрметті мырзалар, сіздер осы мемлекетте өмір сүріп жатырсыздар, біз бәріміз бірігіп, мына билікті өзгертуіміз керек. Тоқаевтан үміт етіп жүрген адамдарға мен көңіл айтамын. Істеріңізге сәттілік тілеймін!

Арайлым НАЗАРОВА:

– Бүгінгі бастамамыз өте қажет және маңызды. Сондықтан бастаған ісіміз осымен тоқтап қалмай, алдағы уақытта үлкен халықтық қозғалысқа айналады деген үміттемін. Елдегі, мемлекетіміздегі әділетсіздік, экономикадағы ахуал, әлеуметтік жағдайдың төмендеуі – осының барлығы сайлау учаскелерінен басталады. Сондықтан халық болып, сайлауға белсене араласуымыз керек еді.

Бұл сайлауда ғана емес, осыған дейінгі сайлауларда да бақылаушылар мен сенімді өкілдердің құқықтары тапталып келді. «Сайлау туралы» заңда бақылаушылардың құқықтары нақты көрсетілсе де, сайлау учаскелерінде тәуелсіз бақылаушылар мен кандидаттардың сенімді өкілдерінің құқықтары бұзылды. Нақты айтар болсақ, заңға сәйкес, дауыс беру процесі бақылаушыларға анық көрінуі керек болатын. Ал іс жүзінде олай болмады.

«Сайлау туралы» заңның 43-бабында көрсетілген ең өзекті мәселе – дауыс санау процесі. Заңда дауыс санау 20:00 сағатта басталуы тиіс деп нақты жазылғанымен де, бұл жұмысты түнгі 12-ге дейін бастамай отырып алған учаскелер көп болды. Ондай іс-әрекеттің бір ғана мақсаты бар. Ол – фальсификация жасау. Екіншіден, дауыс санау процесі сол учаскеде отырған барлық бақылаушылар мен сенімді өкілдерге анық, айқын көрінуі керек. Бірақ комиссия мүшелері бұл заң талабын осы уақытқа дейін орындамай келді.

Өкінішке орай, осындай қылмыс жасаған комиссия мүшелері ешқандай жаза мен жауапкершілікке тартылған емес. Осындай фактілер бойынша 35 рет сотқа жүгіндік, бірақ бірде-біреуі біздің талабымызды қанағаттандырмады. Бақылаушылардың құқықтарын бұзатын тағы бір жағдай – сайлау комиссиясының мүшелері өздеріне кедергі келтірді деп есептесе, бақылаушыларды учаскеден шығарып жібере алатындығы. Көптеген комиссия мүшелері осы бапты пайдаланып, кез келген себеппен бақылаушыларымызды учаскеден шығарып тастауға тырысатын болды. Мысалы, өткен сайлауда кофе ішкені үшін, бақылаушымызды учаскеден шығарып жіберген жағдай орын алған. Бұл ақылға сыймайтын нәрсе.

Әділ сайлау өткіземіз десек, «Сайлау туралы» заңға көптеген өзгерістер енгізу керек. Бақылаушылар құқықтарын кеңейту, дауыс санау процесінің ашықтығын қамтамасыз ету секілді дүниелерге баса назар аудару қажет. Бақылаушыларды учаскеден шығарып тастау – комиссия мүшелерінің қалауы болмауы тиіс. Заңда сайлау учаскесінен кімді, қандай кедергі келтірген жағдайда шығаратыны туралы нақты жазылуы тиіс. Ал қазіргі жағдайда комиссия мүшелері сайлау учскесінің қожайыны болып отыр. Не істесе де – өз қалаулары.

Одан бөлек, Қылмыстық кодекстегі заңдарды күшейту керек. Әрбір заңбұзушылық жасаған комиссия мүшесі қатаң түрде жазаға тартылуы керек. Сайлауды ұйымдастырып отырған Орталық комиссия бақылаушының да, кандидаттың да құқығын жерге таптамай, барлығына тең мүмкіндік жасауға міндетті. Өкінішке орай, осы күні заң бұзуға барған бірде-бір комиссия мүшесі тіпті әкімшілік жазаға да тартылған жоқ.

Өткен сайлауда «Бәріне қарсымын» графасы екінші орында тұр. Оған бүлдірілген бюллетень санын қосатын болсақ, бұл көрсеткіш бірінші орынға шығып кетеді. Яғни, «Бәріне қарсымын» деген графаны заңға енгізсек, оған заңды күш береміз. Егер бұл графа 50%-дан асатын болса, сайлау нәтижесі жоққа шығарылуы тиіс. «Бәріне қарсымын» графасын тек сәндік үшін немесе халықтың көңіл-күйін анықтау үшін ғана қоятын болсақ, ондай графаның қажеті қанша? Халықтың сайлауға қарсы екенін адамдардың сайлауға қатысуынан-ақ байқауға болады.

Мемлекетімізді өзгертудің екі жолы ғана бар. Біреуі – таза сайлау, екіншісі – алаң. Егер билік мемлекет пен халыққа жаны шынайы ашитын болса, таза сайлауға мүмкіндік беруі керек. Олай болмаған жағдайда халық бұл талапты күшпен алуға мәжбүр болады.

Ерлан ҚАЛИЕВ:

– Мен Парламент депутаттығына үміткер ретінде өткен сайлауды неге мойындамайтынымды айтып өтейін. Біріншіден, сайлау науқаны басталған кезде өзімді үміткер ретінде тіркеуге арыз жаздым. Бір жұмадан кейін жергілікті сайлау комиссиясы менің үміткерлікке сәйкес еместігім туралы қорытынды шығарды. Мен сотқа жүгінген соң ғана «жоқ, біз қателесіппіз» деп, мені тіркеуге мәжбүр болды. Соның салдарынан үгіт-насихат жүргізудің орнына екі апта уақытымды жоғалттым.

Одан кейін агитацияға бөлінген қаражатты да уақытылы ала алмай, әлек болдық. Осы сайлау – Қазақстан тарихындағы ең лас сайлау болды десем, өтірік болмас. Орталық сайлау комиссиясы 20 наурызда алдын ала жариялаған қорытындыға сәйкес, сайлауға 230 мың адам қатысыпты. Ең қызығы, бір аптадан кейін жарияланған ресми қорытынды бойынша, сайлауға 235,5 мың дауыс беруші қатысқан. Логикаға сүйенсек, жаңадан көрсетілген 5,5 мың дауыс үміткерлер арасында үлестірілуі тиіс еді. Бірақ осы 5,5 мың дауыс қайдан келді, кімдерге үлестірілді деген сұраққа әлі жауап ала алмай отырмыз.

Парламент сайлауымен қатар жергілікті мәслихат сайлауы да өтті. Халықтың сайлауға қатысуына қатысты мәліметтердің айырмашылығы жер мен көктей. Фальцификацияның көп болғаны сонша, сайлау комиссиялары өздері саннан шатасқан.

Енді не істейміз? Соттасқаннан еш нәтиже жоқ екенін тағы көріп отырмыз. Прокуратура дым болмағандай, үн қатпайды. «Сайлау туралы» заңға сәйкес, фальцификация үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Алайда қанша заң бұзушылықтар орын алып жатқанымен, бірде-бір комиссия мүшесі заң алдында жауапкершілікке тартылған емес. Ең ұяты – біз тек өз құқығымызды таптатып қана қоймай, шетел алдында Қазақстанның абыройын төгіп отырмыз.

Бізді осы жағдайға кім әкелді? Кімнің мүддесі үшін жасалды? Осының бәрі «Аманат» партиясы үшін жасалды. «Саяси партиялар» туралы заңның 13-бабына сәйкес, партия мемлекет Конституциясы мен заңдарын бұзған жағдайда адамдар сол партияның жұмысын тоқтатуға құқылы. «Аманат» партиясының заң бұзуы туралы дәлелдер баршылық.

Сондықтан менің ұсынысым – бүгіннен бастап нақты дәлелдерімізді келтіріп, «Аманат» партиясының жұмысын тоқтатуды талап етіп, соттарға жүгінейік. Заң аясында анықталған заң бұзушылықтарды жою үшін, партияның жұмысын 6 айға тоқтатуға болады. Сол уақыт ішінде партия сайлау учаскелерінде орын алған заң бұзушылықтардың салдарын жойып, кінәлілерді жазаға тартсын. Олай жасамаса, бұл барып тұрған қылмыстық партия болады.

Батыр АДАЙБАЕВ:

– «Халық парламенті» – өте керемет, әрі қажетті бастама. Осы істі тоқтатпай, әрі қарай жұмыс тобын құрып, нақты нәтижелерге қол жеткізетінімізге сенімдімін.

Саяси реформаларға қатысты ұсыныстарымды айтып өтейін. Бәрімізге белгілі, бұл сайлау өтірік сайлау болды. Сайлау науқаны әділ, таза өтті деп айта алмаймыз. Сондықтан Қазақстанда таза сайлау процесін қамтамасыз ететін жаңа парадигманы құруға бағытталған сайлау туралы жаңа конституциялық заң қабылдауды ұсынамын. Сайлауға келген сайлаушылар саны 30%-дан аспайтын, халықтың қатысуы төмен сайлау – заңды деп есептелмеуі керек.

Тәжірибе көрсеткендей, сайлаушылардың берген дауыстары қалай саналатыны емес, ол дауысты кім санайтыны маңызды болып тұр. Осы орайда барлық деңгейдегі сайлау комиссияларына азаматтық қоғам мүшелері тепе-теңдік негізде 50/50 қатысуы тиіс. Ол өте маңызды.

Сонымен қатар Парламент мәжілісіне саяси партиялардың өту шектеуін 3%-ға дейін төмендетуді ұсынамын. Қоғамдағы саяси модернизацияға деген сұраныс өз шешімін талап етеді. Мемлекеттік басқару саласындағы азаматтық бастамалар саяси партиялар арқылы жүзеге асырылуы тиіс. Қолданыстағы партиялар туралы заңнама еліміздің саяси құқықтық ақиқатына сәйкес келмейді.

Тәжірибе көрсеткендей, партия мүшелерінің талап етілетін саны мен құрылтай съезін өткізудегі азаматтардың қол жинауын, өңірдегі партия филиалдарын тіркетудің күрделі рәсімдерінен басқа да көптеген мәселелер бойынша азаматтық сектор әділ әрі дұрыс сын айтып отыр. Қолданыстағы заңнама партияларды құруға және тіркеуге көптеген жасанды кедергілер мен шектеулер тудырады.

Осыған байланысты саяси партияларды құру мен тіркеуді жеңілдететін жаңа заңды қабылдау аса қажет. Шынайы саяси бәсекелестіктің дүниеге келуі мен елімізде көп партиялы жүйенің пайда болуы үшін жағдай жасау – мықты заңнамалық негіз болған кезде ғана мүмкін болады. Бейбіт митингілер мен жиналыстар туралы заң да азаматтық қоғамның талаптарына мүлде сәйкес келмейді. Қолданыстағы заң бойынша, митингілер мен жиналыстарды өткізудің хабарламалық сипаты іс жүзінде жергілікті атқарушы органның рұқсатын алуға келіп тіреледі. Митинг өткізу жергілікті әкімдіктің айырықша құзыретіне жататынын білдіреді.

Осыған байланысты жергілкті атқарушы орган тарапынан келісім алмай, шартсыз митинг өткізу құқығын заңға енгізуді ұсынамын. Осы ұсыныстарды қолға алсақ, нақты жетістіктерге қол жеткізе аламыз.

Айман ТҰРСЫНҚАН:

– Біз сайлау нәтижесін мойындамайтынымыз туралы көп айттық. Биыл жергілікті әкімшілік сайлауы өтетінін білеміз. Ол сайлау да өте маңызды. Қазір Парламентке кірген үміткерлер депутат болып алып, журналистердің сұрақтарынан қашып жүргенін көрдік. Өйткені олардың еш мақсаты жоқ. Халықтың өмірін жақсарту үшін ештеңе істей алмайды. Өйткені олар Парламентке лобби арқылы өтті. Ондай депутаттар тек қана бизнестегі ірі мәселелерді шешу үшін кірген десем, өтірік емес.

Сондықтан менің «жергілікті мәселелерді кім шешеді?» деген сұрағым бар. Біздің арамызда жастар аздау болып тұр. Ол өте қауіпті. Өйткені жастарымыз бізге де, билікке де сенбейді. Ертең қауіп туса, алаңға кім шығады?! Менің үш балам бар. Оның екеуі ұл бала. Оларды алаңға жібермеу үшін, не істеу керек?

Бізде жағдайды өзгертудің заңды жолдары қалмай барады. Осы орайда Евгений Жовтистің «жергілікті жерде бюджет пен құзыр пайда болса, демократия ешқандай алаңсыз орнайды» деген сөзі еске түседі. Мен өз ұлдарымның қаңтардағыдай алаңда өлгенін қаламаймын. Мен бейбіт және заңды түрдегі өзгерістерді қалаймын.

Сондықтан алда болатын жергілікті әкімдердің сайлауына белсенді түрде қатысуымыз өте маңызды. Мен «Сайлау туралы» заңды мұқият оқып шықтым. Ол сайлау процесін өз бақылауымызға алуға мүмкіндік береді. Біз өткен сайлауда өзін-өзі ұсынған үміткерлермен және Парламентке өтпей қалған партиялармен тығыз жұмыс жасадық. Ауылдық жерлердегі халық жұмыла алғанының арқасында сайлаушылар өз үміткерлерін жергілікті мәслихаттарға өткізе алды. Нәтижесінде әр мәслихатқа бірнеше шынайы тәуелсіз үміткер өтті. Сондықтан алда болатын сайлауға өздеріңізді ұсыныңыздар дегім келеді. Ол – 2680 ауылдық округ пен 67 қала әкімшілігі.

Сондықтан тез арада тиісті дайындықтан өтіп, бақтарыңызды сынаңыздар. Арамызда әртүрлі себептермен депутаттыққа өтпей қалған үміткерлер бар. Олардың бәрі үлкен тәжірибе жинақтады. Сол тәжірибемен сіздермен бөлісуге дайынбыз.

Қазір мені депутаттықа өткізбеді деп, уақытымызды жоғалтпайық. Оянып, нақты істерге көшейік. Саяси күрес тоқтамайды. Жаңа құрылған мәжіліс қарапайым халықтың өмірін жақсартуға бағытталған нақты әрекеттерге бармаса, ондай Парламенттің құны көк тиын. Осы күні көріп отырған сепаратизм белгілері – жергілікті жердегі саяси мәселелердің бейжай қалғанының дәлелі. Осыған үлкен мән беруіміз керек.

Жарияланымды дайындаған – Азамат ШОРМАНХАНҰЛЫ, Алма ЖАҚСЫЛЫҚҚЫЗЫ, «D»

ҮНДЕУ

  • Қазақстан Республикасы президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа «Халықтық парламенттің» үндеуі

Президент мырза! Саяси реформа жасау, демократиялық құндылықтарды қадірлеу, азаматтардың құқығын қорғау сияқты сөздеріңіз іспен дәлелденбеді. Бәрі керісінше болып жатыр.

Мажоритарлық сайлау жүйесін ішінара енгізуге байланысты жұртшылықтың көңіліне аздаған сенім ұялаған еді, ол сенім мүлде ақталмады. Биліктегілер алдап соқты. Дауыс ұрлайтын, сайлау нәтижесін бұрмалайтын, көрсеткіштерді қолдан жасайтын мұндай сайлау-сымақтан миллиондаған адам одан әрі түңілді. Мемлекетке және оның басшысы Сізге сенімсіздік үдей түсті. Халыққа берген уәдесін орындамаған, ақырында қарғысқа ұшыраған Назарбаевты қайталасаңыз, сонда сіздің кім болғаныңыз? Алдартпас диктатор болғаныңыз.

«Алдағы сайлаудың заңға сәйкес өтуіне әділ және қатаң бақылау жасалады. Бұған ОСК және Бас прокуратура жауап береді» дегеніңіз жайына қалды. Тапсырмаңызды керісінше орындаған ОСК-ның төрағасы Әбдіков пен Бас прокурор Асыловқа қатаң шара қолданыңыз. Қазақстан халқының сенімін ұрлаған, ақымақ санап алдаған, қорлаған, намысын, құқығын аяққа таптаған оларды қызметтен кетіріңіз. Заңмен жауапқа тартыңыз. Сайлауға бөлінген 30 млрд теңге халық қазынасын желге ұшырғанмен бірдей еткен, мемлекеттің, оның басшысының абыройын айрандай төккен, ондаған миллион адамның сайлауға сенбестігін туғызған серіктеріңізге аяушылық жасамаңыз.

Өйткені олар Конституциядағы мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық, халық билікті тікелей республикалық референдум және еркін сайлау арқылы жүзеге асырады деген қасиетті қағиданы тәркек етті. Бұл сайлау еркін сайлау емес, еріккеннің ермегіне айналғандай әсерде қалдырды.

Кезектен тыс сайлауға берген Сіздің және атқосшыларыңыздың жалған бағаларымен келіспейміз. Саяси ортада өте ұятты жағдайда аяқталғаны үшін, Сіз жауапкершілікті өз мойныңызға алыңыз. Біз осыны талап етеміз. Сіздердің өтіріктеріңіз өрге баспайды, бәрібір халық көріп отыр, ақиқатты мойындау – ардың ісі. Арлы болыңыз!

Қазақстандықтардың басым бөлігі сайлаудың жаппай заң бұзушылықпен өткеніне наразы және оның бұрмаланған нәтижесіне қарсы. Сайлаудағы толып жатқан заңсыздықтарға жол ашқан Орталық сайлау комиссиясы, бәріне көз жұмып қараған прокуратура мен сот орындары депутаттыққа кандидаттардың арызын аяқсыз қалдырды. Жасалған қылмыстарды бүркемелеп отыр. Заң жолымен әділеттікке жету мүмкін болмай тұр.

Мұндай жағдайда көшелер мен алаңдарға шығып, талап етуден басқа жол қалмады. Біздің талаптарымыз:

Жаңадан сайлау өткізілсін, әділетсіз, лас сайлау арқылы «Аманаттан» және оның көшін бастаған партиялардан, жарамсақтардан жасақталған Парламент мәжілісі заңсыз, легитимді емес деп танылсын.

Бізге өзгеріс керек. Өзгеріс жасайтын адал, жігерлі, жүректі, білекті, нағыз халықшыл азаматтар сайлауға қатыстырылсын. Таза сайлауда жеңсін. Билікті қолға алсын. Оған ешқандай кедергі жасалмасын.

Кедергі жасасаңыз, Назарбаевтың артынан кетіңіз! Басқа айтарымыз жоқ.

ҚАРАР

«Халық парламентінің» талабы: Саяси тұтқындарға, Қаңтар күрескерлеріне бостандық беру, қуғынды тоқтату – бүгінгі күннің басты талабы.

Қазақстан Республикасы үкіметін басқаруға Әлихан Смайыловтың тағайындалуы үлкен қателік. Ол басқарған үкімет өз жұмыстарын дұрыс атқара алмады. Соған қарамастан, сенім білдіріп, жауапкершілік артқан жаңа Парламенттің, «Аманат» партиясының кадрлық саясатын қолдауы – оның дәрменсіздігін көрсетеді. Жаңа Конституция қабылдау туралы мәжіліс құрамындағы депутаттар санын 250–300-ге жеткізу, оның 50%-ын можаритарлық, 49%-ын партия тізімімен сайлау туралы сұрақтарды референдумға шақыру ісі қолға алынады. Бұл іске 21 сәуірден бастап кірісу қажет.

Мемлекетті басқарудың президенттік жүйесін парламенттік жүйеге ауыстыратын уақыт жетті. Президент Тоқаевқа қойылған осы жиындағы халық талабы қуатталсын. Кезектен тыс заң бұзушылықпен өткізілген Парламент мәжілісі, мәслихаттың сайлауы заңсыз, легитимді емес деп танылсын. Заң бұзушылықты ұйымдастырғандар жауапкершілікке тартылсын. ОСК төрағасы қызметінен алынсын.

Референдумға сай жаңа сайлау өткізілсін. Сайлауды өз бас пайдасына қарай өткізу мақсатында әкімшілік мүмкіндіктерін пайдаланып, халықты алдаумен келе жатқан заң бұзушылықтардың дем берушісі «Аманат» партиясының қызметін тоқтатқызу мәселесі күн тәртібіне қойылсын.

Петропавлдағы сепаратистік әрекеттердің еліміздің тұтастығы мен тәуелсіздігіне қатер төндіретінін ескере отырып, оған жол берген Ұлттық қауіпсіздік комитетінің жұмысы төменгі деңгейде деп бағалансын. Солтүстік Қазақстан облысы Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің бастығы қызметінен алынсын. Патриоттарды, азаматтық белсенділерді қудалау мен саясаткерге қастандық жасаумен айналысудан қолдары босамайтын күштік құрылымдарға түбегейлі реформа жасау қажет.

Ресейдің экономикалық, ақпараттық үстемдігіне жол беруге болмайды. Біз Украинаға жасаған опасыздықтың қайталануынан қауіптенеміз және оны болдырмау үшін Қазақстан халқын отаншыл болуға, бірлікті сақтауға шақырамыз. Ал Парламенттің мақсаттары мен міндеттері және «Халық парламентінің» жұмысын үйлестіру тәртібі негізгі құжат ретінде қабылдансын.

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн