«Қаңтар қырғынын» ҰЙЫМДАСТЫРҒАН –  БИЛІКТІҢ НАҚ ӨЗІ

  • «…Тоқаев әлі де өздігінен шешім қабылдап отырған жоқ. Оны Тоқаевтың соңғы сұхбаты көрсетті. Назарбаев не дейді – сол болады.
  •  «…Кейіннен Алматыға әкім болып Бауыржан Байбек келді. Ол шет елде «Болашақ» бағдарламасымен оқып келген музыка саласының маманы – пианист. Ал «пианист» әкім болып не бітірді?! Қаланың біраз орталық жеріне миллиардтаған ақшаға «брусчатка» төседі… Қыруар ақша қайда кетті, оны Байбек кіммен бөлісті?! Әрине, өзін әкім қылып тағайындаған Назарбаевпен бөлісті…
  •  «…Бұл қырғынды ұйымдастырған биліктің нақ өзі. Аттарын атайтын болсақ, ол – Кәрім Мәсімов, Қайрат Сатыпалды, Самат Әбіш және нағыз салафит Асет Исекешов. Оларға қажетті ақшаны бұрып отырған Атамқұлов. Ал Тоқаев олардың артын жауып отыр.

Балташ Тұрсымбаев:

  • Елді дүр сілкіндірген «қаңтар оқиғасының» соңы жоғарғы деңгейдегі көптеген кадрлық ауыз-түйіске әкелді дегенімізбен, саяси сахынаға жаңа тұлғалардың шыққаны байқалған жоқ. Сол баяғы отыз жыл ойнап келе жатқан ескі карта қайта үлестіріп шыққанға ұқсайды. Көптеген тағайындаулар халықтың көңілініен шықпады. Осы ретте ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың әрекеттері азаматтық қоғамды қарсыластар мен жақтастарға қақ бөлді. Біреу оған сенім артты, екіншілердің күдігі артты. Осы мәселелер төңірегінде мемлекет қайраткері Балташ ТҰРСЫМБАЕВ ағамызға жолығып, сұхбаттасып қайтық.

– Балташ Молдабайұлы, әңгімемізді осы аптада болған саяси оқиғалардың соңғысынан бастайық: Алматы қаласына тағайындалған жаңа әкім турасында не айтасыз?

– Бір нәрсені ұғып алайық, назарбаевтық режимнің дәстүрінен қалған тәртіп бойынша, Алматыға әкім болып кім келсе де, ол қашанда тағайындаған әкім болады. Ондай әкімнің халықпен ешқандай байланысы болмайды, елдің мәселесін шешіп, мұңын мұңдамайды. Ол тек, өзін тағайындаған адаманың берген тапсырмасы мен мақсатын орындайды.

Мысалы, Алматының бұрынғы әкімдерінің бірі – Ахметжан Есімовты алайық. Ол кезінде менің орынбасарым болған. Мен оны жақсы білемін. Оның білім-білік дәрежесі аудан әкімінен аспайды. Одан артыққа бара алатын қабілеті жоқ. Не тіл жағынан, не білім жағынан, не халықпен сөйлесу жағынан болсын кемшін. Кейіннен Алматыға әкім болып Бауыржан Байбек келді. Ол шет елде «Болашақ» бағдарламасымен оқып келген музыка саласының маманы – пианист. Ал «пианист» әкім болып не бітірді?! Қаланың біраз орталық жеріне миллиардтаған ақшаға «брусчатка» төседі. Ол төсеніші сапалы болса, бір екі жылда үгітіліп кетпес еді. Сол қирап жатқан тротуардың үстімен трактор мен танк жүрген жоқ қой! Қыруар ақша қайда кетті, оны Байбек кіммен бөлісті?! Әрине, өзін әкім қылып тағайындаған Назарбаевпен бөлісті. Тағайындалған әкім деген – осы!

Ал енді тағайындалған кезекті әкім – Досаевқа келсек, Алматы екі жарым миллион халқы бар ірі мегаполис. Шағын және орта бизнес шоғырланған, мемлекет бюджетіне ақша түсіріп отырған қала, ол жерге экономист керек, ол Алматыны гүлдендіреді, туристтік орталыққа айналдырады деген желеумен Ерболат Досаевты әкелді.

– Ерболат Досаев қаржыгер ғой, оның Алматыны гүлдендіретініне күдігіңіз бар ма?

– Ол қаржыгерліктен бұрын, қазақшалап айтқанда, ты…паған төбесі қалмады! Барлық жерде соңынан проблема қалдырып кеткен қатардағы чиновник. Оның үстіне, Алматыны бір де бір тағайындалған әкім гүлдендірмейді. Өйткені ол үшін жауапкершілік жүйесі жоқ. Қала тұрғындарының Досаевтан жауап алу және талап ету мүмкіндігі болуы тиіс. Ал ол мүмкіндік халықта жоқ.

Біздің жылтыңбай шенділер теледидардан жылт етіп, әдемі есеп беруді жақсы меңгеріп алған. Маңдайынан шертіп жүріп, өз адамдарын таңдап, оларды бірінші қатарға отырғызып қойып, алдын-ала дайындаған сұрақтарын қойғызып, көзбояушылықпен айналысып жүр.

– Сіз қалай ойлайсыз, бұл тағайындауды шынында да Тоқаев жасады ма, жоқ әлде екеуара жасасқан астыртын келісім бойынша, Назарбаевтың шешімі ме? Бұлай деп сұрауымның себебі – саяси элитадағы осы бір сұрғылт тұлғаны Назарбаевтың сүйреп жүргеніне 20 жылдан асты. Елдің бас банкирі болғаны былай тұрсын, тіпті, кезінде денсаулық сақтау министрінің қызметіне де тағайындаған екен…

– Менің көзімнің жеткені – Тоқаев әлі де өздігінен шешім қабылдап отырған жоқ. Оны Тоқаевтың соңғы сұхбаты көрсетті. Назарбаев не дейді – сол болады. Премьерлікке тағайындалған Әлихан Смайылов та жетекте жүрген тұлға.

– Олай болса, Қасым-Жомарт Тоқаев мырзаның соңғы сұхбаты төңірегінде не айтасыз? Алматыдағы «Қаңтар қырғынына» куә болдығыз ғой – президент сізді сендіре алды ма?

– Оның сұхбатына көпшілік сенген жоқ. Өйткені сұхбат Қазақстан президентінің сұхбатына ұқсамайды. Біріншіден, сұхбат орыс тілінде болды. Мемлекеттік тілде бере алмады. Сонда бұл сұхбат Путинге арналған сұхбат болды ма деген ой келді. Екіншіден, келтірген деректері әлжуаз, сенімсіз, жорта сөйлеу басым.

– Сіз Тоқаев мырзаның сөзінен соңында не ұқтыңыз: билікті содрылар басып алмақ болды ма, жоқ әлде 4-5 қаңтар күнгі 50-60 мың халық жиналған наразылық нөпірінен қорқып, «стрелять на поражение» деп, билікті халықтан сақтап қалудың қамын жасады ма?

– Қаңтар оқиғасы кезінде алаңда бірнеше рет болдым. Нақтысын айтсам, 4-нен 5-не қараған түні және 5-6 қаңтарда түстен кейін алаңда наразы көпшілікпен бірге жүрдім. Адам ең көп болған күн – 5 қаңтар. Алаңда 50 мың адам болды деуге болады, өйткені жан-жақтан келіп жатқан адамдар легінің соңы көрінбеді. Сол күні түс ауған шамада БАҚ өкілдеріне сұхбат беріп тұрған кезде, бір жерден Әкімшілік ғимаратын алу керек деген айғай шықты. Жаман нәрсенің бастамасын сезіп, бұл мемлекетіміздің, халқымыздың дүниесі, оған тиспеңдер деп, тоқтатуға әрекеттендік. Алайда, қалың тобырдың у-шуынан біздің үніміз көпшілікке естілмей қалды. Содан, алаңда жиналған халық арасынан шамамен үш жүз адамдай сытырылып шығып, Әкімшілікке қарай жүгірді. Бар болғаны 15 минут ішінде Әкімшілікті басып алды. Арада көп уақыт өтпей, ғимарат терезелерінен от жалыны шықты. Отты ішінен қойды. Бір кезде «Президент резиденциясын алу керек, ол жерде қару бар…» деген айқайларды тағы естідік. Бірақ, бұл жолы алаңнан ешкім бөлініп шыққан жоқ. Әкімшілікті алған әлгі үш жүздей адам Президент резиденциясының ғимаратына қарай ауысты. Сөйтіп, оны да басып алды. Оқ атылды, адамдар оққа ұша бастады. Сол кезде алаңда жүрген бірнеше қоғам белсенділері қантөгісті тоқтатайық, билікке, президентке, халыққа үндеу жасайық деп, «Қазақстан» телеарнасына келдік. Өйткені қалада Интернет желісі өшірілген еді. Алайда бізге есікті ешкім ашпаған соң, алаңға қайтып келдік.

– Сіз айтып отырған «үш жүз адам» кім, олар қайдан келді деп ойлайсыз?

– Олардың арасына жұмыссыз, үйсіз-күйсіз жүрген адамдар да қосылған шығар, бірақ сол үш жүздің жүз шақтысы қылмыскерлер болу керек. Өйткені олар бәрін басқарып, қалғандарына команда беріп, топты жетектеп жүрді. Оны өзім көрдім.

Бір кезде алаңда жарық өшірілді. Ешкім ешкімді көрмей қалды, атылған оқтың дауысы саябырсыр емес. Осы жағдайда адам шығыны көбейіп кете ма деп, Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаровтың телефон нөмірін тауып, сонымен хабарласып, тез арада жарықты қос, әйтпесе халық қырылады деген талабымызды жеткіздік. Арада жартсы сағат өте жарықты берді.

– Айтпақшы, сол 5-6 қаңтар күндері қала әкімі Сағынтаев жоқ болып кеткені рас па?

– Біз Сағынтаевпен сөйлесу үшін бірнеше рет әрекет жасап көрдік. Бірақ оның телефоны өшіп жатты. Қала басшылығынан бізбен байланысқа шыққан жалғыз Бабақұмаров болды. Тіпті, Ермұрат Бапи мен Елмар Құсайынов бастаған бірнеше ұлтшыл азамат онымен телефон арқылы тікелей келіссөз жүргізді. Бірақ обалы не керек, оның құзыры жоғарғы жықты көндіруге жетпеді.

– Тоқаев мырза осы сұхбатының арасында «біз Ресеймен одақтас мемлекетпіз» дегенді айтып қалды. Бұл президенттің қателескені ме, «одақтастық» келісім қашан жасалғаны есіңізде ме?

– Бұны кім қалай түсінгенін білмедім, бірақ Тоқаев осы сөзімен Путинге «сәлем жолдады» деп білем. Еуразиялық одақ болды, енді Ресей – Белорус – Қазақстан кіретін мемлекетаралық одақ құрайық деп отырған әңгімеге ұқсайды. Олай деудің себептері көп. Сұхбаты – орысша, «одақтастық» деп, ешкім қол қоймаған, сөз болмаған сөзді айтып, Путинге жағынуға тырысып отыр.

– Қорыта айтқанда, сіздің ойыңызша, осы «қаңтар қырғынын» кім ұйымдастырды?

– Бастапқыда «Қаңтар қырғынын» ұйымдастырған Тоқаев емес деп ойлағам. Өйткені, оны осы уақытқа дейін бәріміз аяп, іштей қолдап келдік. Тоқаевқа жұмыс істетпей жатыр, сол үшін ол өзінің жоспар-бағдарламаларын іске асыра алмады, Назарбаев Тоқаевтың қолымен ойына келгенін істеп отыр деп ойладық. Ендігі ойым басқаша: бұл қырғынды ұйымдастырған биліктің нақ өзі. Аттарын атайтын болсақ, ол – Кәрім Мәсімов, Қайрат Сатыпалды, Самат Әбіш және нағыз салафит Асет Исекешов. Оларға қажетті ақшаны бұрып отырған Атамқұлов. Ал Тоқаев олардың артын жауып отыр.

– Ал енді Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Нұр отан» партиясының төрағалығына сайлануы қандай тұжырым тудырады, халықтың алдында әбден масқарасы шыққан партияның тұтқасына ие болып қалғанда, Тоқаевтың мақсаты қандай болды деп ойлайсыз?

– Назарбаев билікке келгеннен бастап, біз тоқырау кептелісіне тап болдық. Сол тоқырауда әлі күнге дейін адасып жүрміз. «Ең әуелі – экономика, содан соң – саясат» деді, «біз Сингапур боламыз, Азия барысы боламыз, дамыған 30 мемлекет қатарына кіреміз» деп, неше түрлі нәрсемен отыз жыл бойы басымызды қатырып келді. Нәтижесінде, қайыршы болып, халық қиналып, мемлекеттілігіміз теңселіп тұр.

Назарбаев өзі кеткенімен, Тоқаевтың қолымен өзіне керек дүниелерді жасап, оны заңдастырып, өзінің адамдарын қажетті лауазымдарға тағайындатқызып қойды. Сондықтан, өзгерістер басталды деп алданбайық. Бәрі, сол бұрынғы таз қалпында. Тоқаевтың «Нұр Отанға» төрағалық еткенінен не өзгереді?! Оған Назарбаев айтты – болды Жоқ деп қалай айтады?!

– Сонда, Тоқаевтың ту сыртында әлі күнге дейін Назарбаев тұр деген күдігіңіз бар ма?

– Күдіктенбеймін, 100 пайыз солай! Назарбаев, оның отбасы, жақын айналасы әлі күнге дейін билеп отыр. Тоқаевтың қолында ешнәрсе жоқ.

– Президент Тоқаевтың сұхбатын саралай келіп, тағы да қандай мәселеге тоқталу қажет деп ойлайсыз?

– Біз тез арада Тоқаевқа: «Сен Мәскеуге не мақсатпен бара жатырсың? Путинмен кездескенде қандай құжатарға қол қойылады? Осының бәрін жария етіңдер. Назарбаевтың кезінде қандай стратегиялық құжаттарға қол қойылды? Атом электростанциясы, Сбер секілді мәселелер не болады?» деген сұрақтарға жауап алуымыз керек. Қол қоймаған болса, қойылған жоқ деп халықты сендірсін!

– Осы соңғы саяси оқиғаларды саралай келгенде, биылғы жылы мерзімінен бұрын парламенттік сайлау өтуі мүмкін деп, жоралғы жасай аласыз ба?

– Егер халық басын біріктірмей, тағы да үнсіз қалса, онда заңды еш өзгерпей, бұрынғы жартас – сол жартас күйінде қалып, өтірік айтып, халықың дауысын ұрлап, келмеген халықты сайлауға келтіріп, «Нұр Отан» көсегелеріңді көгертеді деген әңгімемен сайлауды өткізулері әбден мүмкін.

Қазір ең жаман дүние басталып келе жатыр. Саясатта жүрген адамдар бір-бірін жамандап, ғайбаттап, берекесіздік тудырып отыр. Оның олай болуына билік те астыртын ықпал етуде. Осыны тоқтатып, бір мәмілеге келіп, өзіміз халықты жұмылдырмасақ, бұл жұмысты бізден басқа ешкім жасамайды. Өйтпесек, Путин, Назарбаев пен Тоқаев өрген торға қайта түсеміз.

Сайлау өткізбестен бұрын, Конституциямызды өзгерту керек. Конституциямызға косметикалық жөндеу жасап отыратын уақыт жоқ. Бізге, кезінде халық қолдаған, Парламент бектікен, 1993 жылғы Конституцияны қайтарып, сол Конституция бойынша сайлау өткізу керек. Сонда ғана сайлаудың мәні болады.

– Нұрсұлтан Назарбаевтың ендігі тағдырын болжай аласыз ба?

– Оған түк те болмайды. Кейінгі кезі, Назарбаевтың 145 млрд. активы бар деген әңгіме тарап жүр. Ол активтер шет елге шығарылып, Назарбаевқа жұмыс жасап жатыр. Қыруар ақшаны өзінің туыстарнына бөліп, жаздырып қойған. Ешнәрсеге басы қатпайды. Мәскеуде, кезінде Борис Ельцин сыйға тарқан бұрынғы Черненконың саяжайында демалып жатады. Назарбаев, КСРО-ның бас хатшысы Черненконың саяжайын трактормен сүріп тастап, оның орынына зәулім сарай салдырған. Мен ол жөнінде жақсы білемін. Ол жерде үш үй бар. Біріншісі – өзі демалатын, екіншісі –қонақтарға арналған, ал үшіншісі – саяжай жұмыскерлеріне арналған үйлер.

– Қасым-Жомарт Тоқаев халық сеніміне ие болу үшін қандай нақты қадамдар жасау қажет деп ойлайсыз?

– Ешкімге сыйы жоқ «Нұр Отанда» несі бар?! Тоқаев сол партияны бір ғана жарлықпен тарқатып жібере алады. Қолында тұр ғой. «Нұр Отанды» тарқатқан соң, заңдарды парламентсіз-ақ өзі шығара береді. Елді өзгертем десең, демократияға бағытталған тиісті заңдарды шығарып, күзде адал сайлау жарияла! Сонда халық саған сенеді. Артыңнан ереді. Бастамасын қолдайды. Өкінішке орай, Тоқаев бұндай қадамға бара алмайды.

Өз сұхбатында ол: «Мен екінші мерзімнен артық отырмаймын» деп айтты. Сен бірінші мерзіміңде не бітірдің?! Халықты алдау үшін, саған екінші мерзім керек болып тұр ма?!

– Қаңтар оқиғасына қатысты шындықты ашамыз деп, сіздер бастаған топ қоғамдық комиссия құрдыңыздар. Көп ұзамай, осы тәріздес тағы да екі комиссия құрылды. Осы жөнінде не ойлайсыз?

– Бізден басқа екі комиссияны биліктің өзі құрып отыр. Оған Абзал Құспан мен Айман Омарова секілді адвокаттар жұмылдырылды. Бұл комиссияларды құрудың себебі – шындықты жасыру. Өйткені қаңтар қырғынына халықаралық ұйымдар үлкен назар аудара бастады. Ал, билікке шындықтың ашылғаны қажет емес. Сондықтан, бұл билік қанша комиссия құрса да, біз өз жұмысымызды тоқтатпаймыз. Түбінде, біз шындыққа жетеміз!

– Сұхбатыңызға рақмет, Балташ аға!

Азамат ШОРМАНХАНҰЛЫ, «D»

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн