«Әр адамның өз тіліне қатысты оның мәдени деңгейін ғана емес, азаматтық құндылығын да дәл бағалауға болады».
К. Паустовский
Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес, 37 жыл бойы қазақ тілі мемлекеттік тіл ретінде жоғары мәртебе алғанына қарамастан, қазақтың басым көпшілігі өз ана тілін елемейтін өрескел жағдайда әлеуметтік желінің кейбір белсенді пенделері өзгелерді қазақ тілін үйренуге шақыратыны маған ерсілеу көрінеді. Өйткені Қазақстанда қазақтардың өздерінің негізгі бөлігі орыстілді, өз ана тілін білмейді, білгендері әрқилы себептермен қолданбайды, ал солардың арасындағы қолданғандары орыс сөздері мен сөйлемдерін шұбалаңдатып мол қосады.
Осыған орай кезінде белгілі ақын және публицист Қазыбек Иса жүрегіне сыздауықтай батқан назын былай жеткізген болатын: «Тек құлдар ғана қожайынның тілінде сөйлейді… қазақ тіліне басқа ұлт өкілдері емес, біздің қазақтар қарсы». Бұл сөздер – қазақ қоғамының намысын оятуға және ана тіліне деген жауапкершілікті арттыруға бағытталған ашық мәлімдеме іспетті.
Орыстар мен басқа халықтардың өкілдерін қазақ тілін үйренуге үгіттеу – сөкет әрекет. Қай халықтың өкілі болса да, басқа ұлттың тілін «үйрену-үйренбеуі немесе сөйлеу-сөйлемеуі» – олардың айнымас еріктік құқығы болып саналады (бұл қазақтардың өздеріне де қатысты). Сондықтан орыстар мен басқа ұлт өкілдеріне қазақ тілін үйренуге өтініш жасау әдепке жатпайды және бұндай сұраныс жасау – пенденің өзін-өзі қорлауы дер едім. Өзін сыйлату мен құрметтеуді өтіну де өзін-өзі кемсітіп, келеке ету болып саналады. Ең маңыздысы – бұл әркімнің таңдау бостандығы мен еріктілігіне байланысты: әркім өзі үшін «не қажетті, не қажетсіз» екенін салмақтайды да, шешім қабылдайды. Соған сай таңдауын жасайды.
Жалпыға тән ерекшелік – әркімге өз Отаны, өз тілі қымбат. Мысалы, орыс халқының мақалдарында «Туған жеріңе пайда жаса», «Өмір сүру – Отанға қызмет ету» деп айтылады. Ертеден Ресей билігі елден тыс жерде тұрып жатқан этникалық орыстарды үнемі тарихи отанына оралуға шақырады. Ол үшін қоныс аудару кезінде жеңілдіктер мен көмекті көздейтін әртүрлі қолдау бағдарламалары құрылған. Соған сәйкес отандарына оралғандарға құжаттарды ресімдеуге, бейімделуге, жұмысқа орналасуға, тұрғын үй алуға немесе өзге де әлеуметтік шараларға жәрдемдесу көзделген. Мұндай бастамалар елдің демографиялық әлеуетін нығайтуға деген ұмтылыспен түсіндіріледі.
Бізге де сырттағы «қандастарымызды» (шетелдегі қазақтардың саны шамамен 7 миллионның төңірегінде) елге тарту шараларын жүзеге асыру өте өзекті екенін айрықша атап өткен жөн. Қазақстанның патриоты ретінде мен үшін ең алдымен қазақтарды өзінің ана тілін ардақтауға, әрқашан және барлық жерде қолдануға шақыру қажеттілігі бәрінен де түсінікті. Сонымен қатар елімізде мемлекеттік тіл – қазақ тілі көркейіп, мейлінше кең қолданыста болуы басты шарт. Шынында Қазақстан (қазақ+стан) деген мемлекет атауы – қазақтардың Атамекені екенін паш етіп, негізгі мемлекет құрушы халық ретінде айқындап тұр. Соған қарамастан, елімізде қазақ тіліне өз денгейінде сұраныс пен қолданыстың болмауы – ақылға сыймайтын сорақылық, құлдық саналы бейшаралық, рухтан ада абыройсыздық! Бұл жағдай шынында да досқа күлкі, дұшпанға таба, басқа жұртқа мазақ екені айдан айқын. Қазақ тілі тіпті жуық арада жойылып кету алдында тұрғаны да ерекше қынжылтады.
Осы көпе-көрінеу ренішті жағдайға мән бермей, «көзжұмбайлылыққа» салынып, қарсылық білдірушілерге айтарым: Көздеріңізді ашып, құлақтарыңызды түріп, елдегі қазақтарымыздың өзара тілдесулеріне назар аударуларыңызды өтінемін. Бұл орайда айқын қорытынды жасау үшін, арнайы әлеуметтік сауалнама жүргізудің қажеті жоқ. Шындық бір сәтте өзгермейді және қоғамда орын алып отырған осы күрделі кемшілік әр қадамда көрініс тауып отырғаны анық: елімізде барлық дерлік үлкенді-кішілі қазақтар өздерінше іштей мақтана, оны елеулі дәреже көріп, бәсекелесе, аптыға жарыса бір-бірімен көбіне тек орыс тілінде тілдесуге құмар. Бір француз турисі Қазақстан туралы өз әсерлерімен бөлісе келе, қазақтар арасындағы абсурдтық жағдайға қатты таңқалып, олардың қытайлықтарға ұқсайтынын (қазақтарды қытайлықтардан көп жағдайда ажыратуға болады, өйткені этнографиялық ғылым бойынша олар европеоид пен монголоидтың арасындағы өтпелі нәсілдің өкілдері болып саналады), бірақ қандай да бір себептермен барлығы тек орыс тілінде сөйлейтіндіктерін таңырқап атап өткен.
Шын мәнінде, тіл – тек қарым-қатынас құралы ғана емес, адамның ішкі мәдениеті мен азаматтық жетілуінің маңызды көрсеткіші. Ана тілі – ұлттық бірегейліктің бірінші және маңызды белгісі. Ана тіліне деген құрмет өз еліне, оның тарихы мен халқына деген құрметті білдіреді. Ана тілінде сөйлеуге үстірт немесе немқұрайлы қарау адамның азамат ретінде жетілмегендігін аңғартады. Ұлы қазақ жазушыларының терең ойлары ана тіліне деген құрметке ие, оның болашағы үшін уайымға және ұлттық бірегейлікті сақтауға арналған үндеуге толы. Қазақ әдебиетінде ана тілі дәстүрлі түрде ұлттың ең қымбат қазынасы деп аталады.
Көрнекті қазақ ағартушысы, түркітанушы ғалым, ақын, публицист және қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсынов мынадай ойларын ұрпаққа арнаған: «Өз тілінде сөйлескен, өз тілінде жазған жұрттың ұлттығы еш уақытта адамы құрымай жоғалмайды. Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тілі. Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады. Егер де біз қазақ деген ұлт болып тұруды тілесек, қарнымыз ашпас қамын ойлағандай, тіліміздің де сақталу қамын қатар ойлау керек».
Жалынды қазақ ақыны, публицист, жаңа қазақ әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі, ұлттық мәдениетке қосқан үлесі орыс әдебиеті үшін Пушкиннің немесе ағылшын тілі үшін Шекспирдің рөлімен салыстырылатын лирика шебері, философ және гуманист ретінде танымал Мағжан Жұмабаев былай деп жазған: «Тілсіз ұлт, тілінен айырылған ұлт дүниеде ұлт болып жасай алмақ емес. Ондай ұлт құрымақ. Ұлттың ұлт болуы үшін бірінші шарт – тілі болу. Ұлттың тілі кеми бастауы ұлттың құри бастағанын көрсетеді. Ұлтқа тілінен қымбат нәрсе болмасқа тиісті».
Қазақтың ұлы жазушысы, драматург, ғалым-филолог және қоғам қайраткері, ұлттық мәдениетті әлемдік деңгейге көтерген қазіргі қазақ прозасының, драматургиясы мен әдебиеттануының классигі және негізін қалаушы Мұхтар Әуезов мынадай дәйексөздің авторы: «Кімде-кім ана тілін, әдебиетін сыйламаса, бағаламаса, оны сауатты, мәдениетті адам деп санауға болмайды».
Осы ұлы тұлғалар ана тіліне ұқыпты қарауды шынайы мәдениет пен патриотизмнің маңызды белгісі деп санады. Әрине, жүздеген жылдар бойы қиын-қыстау, қатерлі де қайғылы кезеңдерді басынан мол өткерген еліміздегі қазіргі қазақ тіліне төніп тұрған қауіпті жағдайды тарихи құбылыстардан тыс қарауға болмайтыны түсінікті. Үш ғасыр бойы Қазақстан аумағына Ресей империясы, содан кейін «қандықол» коммунист-большевиктер орнатқан Кеңес Одағы қатты әсер етті. Осы кезеңде орыс тілі бүкіл мемлекеттік жүйенің тіліне айналды. Әсіресе қалаларда орыс тілі басым болды. Қазақстанда халықтарды үдемелі түрдегі «интернационализм қазанына» тоғытып араластыру саясаты республиканың демографиялық, мәдени және этникалық құрамын түбегейлі өзгерткен ауқымды әлеуметтік зиянды жоба болды. Осы бағыттағы тұжырымдама ресми түрде «идеалды көпұлтты қоғам» құру ретінде ұсынылды, бірақ іс жүзінде орталық биліктің тарапынан зорлықпен мәжбүрлеу тәсілімен жүргізілген бұл саясат қайғы-қасірет, алапат қырғынға соқтырған қатаң экономикалық «көрсоқырлық» бағдарламасы арқылы жүзеге асырылды. Осы зиянды саясаттың негізгі кезеңдері: қазақтардың дәстүрлі өмір салтын жоюға бағытталған «ұжымдастыру» (1920–1930 жылдар) ауқымды ашаршылыққа душар етті. Жергілікті халықтың шамамен жартысы – 6 миллион қазақтың 3 миллионы жан түршігерлік азаптан бақилық болып, бұл жойқын қасірет демографиялық дағдарысты тудырды.
Халықтарды сталиндік депортациялау (1930–1940 жылдар) кезінде Қазақстан күштеп қоныс аударылған этностар үшін межелі жерге айналды. Мұнда жүздеген мың корейлер, немістер, шешендер, ингуштар, поляктар, Қырым татарлары мен қарашайлар жер аударылды. Екінші дүниежүзілік соғысқа дейін және соғыстың аяғында жер аударылғандар республика халқының едәуір бөлігін құрады. Қазақстан аумағында ірі түзеу-еңбек лагерьлерінің желісі (Карлаг, АЛЖИР, Степлаг) орналастырылды. Олар арқылы КСРО-ның түкпір-түкпірінен миллиондаған тұтқындар өтті, олардың көпшілігі бостандыққа шыққаннан кейін республикада өмір сүруді жалғастырды.
Мазасыз, оғаш қылықтарымен белгілі бірбеткей реформатор, КСРО басшысы Никита Хрущевтің бастамасымен жүргізілген тың игеру науқаны (1950–1960 жж.) кезінде Қазақстанға негізінен Ресейден, Украинадан және Белоруссиядан 2 миллионға жуық «мәжбүрлі еріктілер» мен мамандар тартылып, қоныс аударылды. Қазақстанның этникалық құрамының өзгеруі және оның полиэтникалық аймаққа айналуы Мәскеудің тікелей басқаруымен бірнеше онжылдықтар бойы жүрді. Қазақтар өз Отанында саны аз халыққа айналды. 1959 жылға қарай Қазақстандағы қазақтардың үлесі тарихи ең төменгі деңгейге – шамамен 28 пайызға дейін төмендеді. Республикада «халықтарды араластыру» саяси процесі КСРО-ның ең көп этникалық аймағына айналуына әкелді. Орыс тілі ұлтаралық қарым-қатынастың, іс қағаздарын жүргізудің және білім берудің негізгі құралына айналды. Қазақ тілі тұрмыстық деңгейге дейін ығыстырылды. Ұлттық мектептер жабылып, ал жергілікті халық жеделдетілген түрде орыстандыру мен кеңестендіруге ұшырады. Біртұтас «кеңес халқын» (хомо советикус) құруға бағытталған идеологиялық мақсат депортацияланған және жергілікті этностың көптеген мәдени ерекшеліктерін жойды.
Кеңестік саясат бойынша мәжбүрлі түрде жүргізілген «интернационализм» тұжырымдамасы қазақ халқын ауыр демографиялық шығындарға душар еткендігі – тарихи шындық. Осы құнтсыз интернационализм және тұрақты түрдегі орыстандыру кезеңінде республика Үкіметінің барлық басшылары баяндамалар мен ресми құжаттарды тек орыс тілінде дайындап, жариялады (қазіргі жағдай да бұл тәжірибеден алшақ емес). Қуғын-сүргін және үлкен террор жылдарында Қылмыстық кодекстің «ұлтшылдық» деп аталатын бабы бойынша бірнеше ондаған мың патриот қазақтар атылды. Сонымен қатар қазақ халқының ең білімдар беткеұстар ұлдары – ақындар мен жазушылар С.Сейфуллин, И. Жансүгіров, Б. Майлин және басқа да мыңдаған кінәсіз пенделер осы қатыгез, алмағайып заманның озбырлығынан азапталып, өлтірілген. Қазақтардың көпшілігінің күнделікті өмірде қазақ тілін қолданбауының тарихи, әлеуметтік басты себептері осындай болған.
Қазақ тілінің болашағы оның отбасында, білім саласында, мәдениетте және қоғамдық өмірде қаншалықты сұранысқа ие болатынына байланысты.
Ең бастысы – ана тілін жандандыру үшін, әр қазаққа жігерлі намыс, тілдің күнделікті өмірдегі қасиетті мәнін ұғыну және тілге деген жанашырлық пен сүйіспеншілік, түпкілікті берік ұстаным қажет! Ерекше айта кетер бір жайт – Қазақстан Республикасының Конституциясы бойынша орыс тілі қазақ тілімен тең дәрежеде барлық жерлер мен жағдайда қолданылады деген қате түсінік қалың қауым арасында әлі күнге дейін орын алып келеді. Бұл мүлдем олай емес.
ҚР Жаңа Конституциясының 9‑бабында:
«1. Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі.
2. Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында қазақ тілімен қатар орыс тілі ресми түрде қолданылады» – деп жазылған.
Бұдан түсінетініміз – Конституция Қазақстан аумағында орыс тілін барлық азаматтардың әрқашан және барлық жерде міндетті түрде қолдануын талап етпейді. Сондай-ақ заңда орыс тілі ұлтаралық қатынас тілі болып саналатыны да көрсетілмеген. Сондықтан ешкімнің аталған ұйымдардан тыс жерде кімнен болсын (қазақтан, өзбектен, ұйғырдан, шешеннен немесе басқа ұлт өкілінен) орыс тілінде сөйлеуді, сондай-ақ осы тілде түрлі қызметтер көрсетуді және т.б. талап етуге құқығы жоқ. Сонымен қатар Біріккен Ұлттар Ұйымының (БҰҰ) Бас Ассамблеясында қабылданған «Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясы» құжатының 18-бабына сәйкес, «Әр адамның ой-пікір, ар-ождан және дін бостандығына құқығы бар». Ал құжаттың 19-бабында: «Әр адамның наным-сенім бостандығына және өз көзқарасын еркін білдіруіне құқығы бар» деп жазылған. Осыған сәйкес, егер заңда немесе келісімшартта тікелей көрсетілмесе, әр адам қай тілде тілдескісі келсе, сол тілде тілдесуге құқылы. Тіпті біреумен мүлдем тілдескісі келмесе де өз еркі. Оны басқадай жолмен тілдесуге мәжбүрлеуге ешкімнің қақысы жоқ.
Қазақстанда қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесі жалпылама сөз түрінде емес, іс жүзінде Ата заңымыздың талаптарына сай деңгейге ие болуы мәселесіне қатысты пікір білдіру – шынайы парызым. Бұл ең алдымен жоғары билік өкілдерінің қолданыстағы заңдарға сай саналы ұстанымы мен нақты іс-әрекеттеріне байланысты. Халықтың басым бөлігі биліктің айтқандарына мейлінше назар аударып, саналы ұғынып, содан көбіне билікке қарап бой түзейтіні белгілі. Ел азаматтары билік өкілдерін құрметтейді, оларға құлақ асады және олардың іс-әрекеттерін қайталауға тырысады. Бұған қоса, кей тұста тіпті оны санаға терең салынбайтын қарапайым «еліктеу рефлексі» (рефлекс подражания) әсері деп те қабылдауға болады. Мемлекеттік құрылымдардың жоғарғы лауазымды тұлғалары бастап, төменгі буындағы қызметкерлер қостап, ҚР Конституциясының 9‑бабы 1‑тармағының талабын бұлжытпай орындап, құжаттарды тек мемлекеттік тілде жазып, түгелдей соған сай дайындап және осы тілде сөйлеп, тілдеседі деп сенгіміз келеді. Заң нормасының бұл тармағы 1‑ші реттік нөмірмен берілуі кездейсоқ емес. Демек, заңның бұл тармағын барлық мемлекеттік орган қызметкерлері мен еліміздің азаматтары ең бірінші кезекте бұлжытпай орындауы заңды талап! Әсіресе қазақтар бір-бірімен ана тілінде тілдескені – қасиетті парыз, сырт көзге жарасымды. Сонымен қатар ҚР Конституциясы 3‑бабының 1‑тармағында былай жазылған:
«1. Қазақстан Республикасы қызметінің негіз құраушы қағидаттары: Егемендік пен Тәуелсіздікті қорғау; адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын сақтау; заң мен тәртіп үстемдігін қамтамасыз ету; жалпыұлттық бірлікті бекемдеу; халықтың әл-ауқатын арттыру; жауапты әрі жасампаз отаншылдық идеясын ілгерілету; қоғамдық диалогты дамыту; еңбексүйгіштік, прогресс, білім құндылықтарын бекіту; жоғары экологиялық мәдениетті қалыптастыру; тарихи-мәдени мұраны сақтау; төл мәдениетті қолдау».
Республиканың Негізгі заңы бойынша «…заң мен тәртіптің үстемдігін қамтамасыз ету; …жауапты әрі жасампаз отаншылдық идеясын ілгерілету; қоғамдық диалогты дамыту; …төл мәдениетті қолдау» қағидаттары мемлекеттік қызметкерлердің мемлекеттік тілді ескертусіз және ойдан шығарылған себептерсіз бірінші кезекте кеңінен қолдану міндетін орындауды талап етеді. Әсіресе бұл талап теледидардан сөз сөйлейтін беделді де белгілі ел тұлғалары үшін аса маңызды. Шынайы отансүйгіштік (патриотизм) – бұл өз Отанына, оның тарихына, дәстүрлеріне, тіліне және мәдени құндылықтарына деген сүйіспеншілік. Шынайы патриот өз елінде туып-өскеніне, әрқашан туған жерінің мүдделерін қорғауға дайын болады.
Патриотизм өткенді терең білуге, қазіргі уақытты құрметтеуге және өз елінің болашағы үшін жауапкершілік танытуға негізделеді. Отанға деген шынайы сүйіспеншілік дақпырт сөзбұйдалықтан емес, адал еңбек, азаматтық белсенділік және қоғам өмірін жақсартуға деген ұмтылыстан көрініс табады. Мәдениет, тіл және рухани құндылықтар – ерекше мақтаныш нысаны. Ана тілі халықтың ғасырлар бойғы даналығын, дүниетанымы мен қайталанбас төл болмысын сақтайды. Нағыз патриот тілді сақтау – халықтың өмір сүруінің маңызды шарты екенін түсіне отырып, бұл мұраға барынша ықыласын төгіп, аса ұқыптылықпен қарайды. Отанға деген шынайы, адал сезім тек мақтанышпен емес, сонымен бірге бар мәселелерді көре білуге дайын болуды да білдіреді. Нағыз патриот өз қоғамының кемшіліктерін жасырмайды және оларға бейжай қарамайды. Керісінше, ол қиындықтарды шешуге атсалысуға ұмтылады, тәртіп пен заңдылықты қолдайды, өзге адамдардың құқықтарын құрметтейді, өз міндеттерін адал атқарады, қоғамдық келісімді қолдайды және халық бірлігін нығайтуға ықпал етеді. Мұндай азаматтық ұстаным – кемелденген патриотизмнің ең маңызды көрінісі!
Нақыпбек СӘДУҚАСОВ,
заңгер-құқықтанушы, публицист